كومپيۋتەر نۇسقاسى Компйутер нұсқасы
Қолфон нұсқасын түсіру (Android) | Ассаламу ғалайкұм.
Email:
Құпя:
немесе ел-арнаға мүше болу!

Қолайлы бет | бұгін | кеше | жалпы мәлімет

Еларнаға тіркеліңіздер ...
Қазақтың 1001 ертегісі
СанақКелген (IP)Көрілген (PWs)КомпйутерҚолфон
2019-09-191340442541 %59 %
2019-09-2010832600477 %23 %
2019-09-2116252745 %55 %

Мирас Мұқаш. Аула


Түрі: Абай ақпарат

Жолданған уақыты: 16:00 - 2019/08/14

: PDF Download - Жұктеұ - Скачать - ءتۇسىرۋ


elarna.net Printed Version.


(Әңгіме)

Терезе саңлауынан жұлқына соққан жел ұзын жібек перденің шетін желпілдете көтерді. Лептің күштілігі сонша, қолымдағы кітап парақтары да сусылдап аударылып түскен.

Диванда қағаз қарап, елегізіңкіреп жатыр едім, орнымнан тұрып, үлкен әйнек жақтауын қос қолдап, айқара аштым. Сол заматта еркелей лекілдеген Арқаның ақ самалы сенімен бір аса сағына көріскендей, қойын-қонышты түгел аралап, беті-бастан аймалай жөнеледі.

Кейде оныншы қабаттан төмендегі тірлікті тамашалау да аса қызықсыз емес. Шоқ талдар арасындағы алаңқайда дабырлап, доп қуалап жүрген балаларға көз тігемін. Араларында он-он бірлер шамасындағы менің де екі ұлым жүр.

Өзі, осылардың ойын мәнеріне ылғи таңырқаймын. Бір-біріне ұзақтан алма-кезек пас беруі, одан жылдамдықты біртіндеп үдетіп, тұтастай жылжып алға ұмтылуы, неге екенін, «неміс машинасы» атанған әйгілі Германия құрама командасын еске түсіреді. Бәрінің ұйымдасқан қозғалысы, ретімен шегініп, қорғанулары, әрбір ойыншының допты алып жүру тәсіліне дейін белгілі жүйе, қалыпты тәртіп бар...

Осындайда «қазақ футбол ойнай алмайды» деген сөздің кішкене қисынсыздығын ойлайсың. Әрине, бірден чемпионға айналу арман шығар, бірақ құнттаса, шеберлік деген біздің де елдің қанына біртіндеп сіңер-ау деп үміттенесің. Әйтеуір, мына балалардың ойыны жас кездегі бізге қарағанда көш ілгері тәуір екенін мойындап, тәнті боласың.

Ал біз... Иә, біз де балалық шақта онша жаман ойнамайтынбыз. Телевизия арқылы көрсетілетін әлем чемпионаттарын «теориялық» тұрғыда талай талқыладық. Шуылдап, бір-біріміздің сөзімізді тыңдамай, қызылкеңірдек болып қаншама айтыстық-ау. Әлемдік «форвард» саналған серкелерге еліктедік. Тіпті, соларды түсімізде көруші едік. Әйткенмен, ешбір арнайы жаттықтырушысыз үйренген ойыннан қайбір береке іздерсің, амалсыздан, қарабайыр, қара күшке салатының түсінікті. Жоғары техника, нақты нәтиже қайда-а... Тасыр-тұсыр жүгіріп, допты да, қайдан шықса одан шықсын дегендей, оңды-солды беталды теуіп далақтауымыз көп екен. Ұр да жық қимылдың аяғы өзара жанжалға апарады, одан ­– айғай-шу, қақтығысып, жаға жыртысуға да баратынбыз...

Сөйтіп тұрғанымда көз алдымнан күн сәулесімен шағылыса қызыл-жасыл нұр ойнатқан бармақтай ірі тамшылар төбемнен құйыла жаздап, бытырай шашырап өтті. Мезетте күл-талқаны шыққан әлгі әсерімнің қайда қалғанын да білмей, кілт артқа серпіліп, «е-е, соқыр жаңбыр себеледі-ау» деп ойлап үлгеріп ем.

Одан өз-өзімнен күлдім. Бізден жоғарыда тұратын көрші келіншектің қолындағы шай қалдығын немесе сусынды терезеден шаша салатын әдеті еске түскен. Сол болуы керек... Әйтпесе әзірге біздің Астана... Нұр-Сұлтанға жауынның «ауылы» алыстау секілді еді...

Мамырдың мамыражай сәті ғой. Күн демалыс-тын. Сарша бесін кезі болар. Арасында ұйытқыта соққан майда жел қайың, терегі аралас қалың ағаш жапырақтарын ақырын тербеп, сыбдыр қақтырып қояды.

Сәлден соң ес жиып, ойша сонау Алматыда қалған балалық шақ елестеріне қайта оралдым.

Біз есейген жер алып қаладағы қаптаған қоңырқай ғана аулалардың бірі-тін. Аумағы өте тар. Ығы-жығы, іркес-тіркес салынған бес қабатты жайлардың ортасындағы алақандай ғана мүйіс. Сонадайда тот басқан темір теннис үстелі мен әлде қарағайдан, әлде үйеңкіден жасалған ескі әткеншектер қалқиып тұрады. Ірге тұста жалғыз түп өрік ағашы бар. Оның жемісін қажет қылып жатқан да көп ешкім жоқ, сап-сары болып табан астында жайрап жатушы еді...  ­­

Базбір үлкендердің:

– Е, баяғыда бүкіл Алматыда иісі мұрын жарып, алма мен алқоры сыңсып, жайқалып тұрмаушы ма еді, шіркін! Шетінен үзіп алып күйсектете беретінбіз. Мынау сол ағаштардың әлдеқалай аман қалған жұрнағы да. Желкеңнің шұқырын көрмегірлер жаппай отап құртты ғой бәрін! – деп әлдекімдерге қатты ренжіп, күйініп отыратыны бізге қиял-ғажайып ертегідей естіледі.

Ол­ – аяқ астынан қоғамдық құрылыс ауысып, жұртты бірталай сансыратқан тоқсаныншы жылдардың басы-тын. Алты-жеті жасар кезіміз. Топ-тобымызбен өзімізден сәл ересектеу балаларға ілесіп шұбырып жүреміз. Доп ойнайтын аядай алаң көбіне үлкендерден босамайды. Сондықтан кейде біздей кішіректеу ұлдарға кір жаятын орынды пайдалануға тура келеді. Оның өзінде, кептіру үшін ілген бір жапырақ беторамалын қолына шыбық алып күзетіп тұратын кейбір кемпірлер тепсініп жолатпайды:

– Чуркины дети, другого места не нашли?! А ну убирайтесь отсюда! И так-то пыльно...

Тұс-тұстағы балконнан әлгіні қоштай жөнеліп,бажылдаған тағы біреулер шығады:

– Понаехали тут всякие...

– Надоели они уже... Нужно снести эту общагу к чертовой матери!

Олай дейтіні ­­– көпшілігіміз жатақхана тұрғындарымыз. (Айтпақшы, біздің жай төрт қабатты). Мұнда, негізінен, қалалықтар қатарына кейінде қосыла бастаған қаракөз ағайындар орналасқан. Ауылдағы елдің бір бөлігі ескі үкіметтен тиген мал мен техниканы жекешелендіріп, соны сатып, осында жан-жақтан ағылып көшіп келіп жатқан уақыт. Қала төңірегіндегі шаруашылықтардан сүт, айран, құрт-май, көкөніс әкеліп аула-ауланы аралап саудалау да сол кезден басталды-ау. Тіпті тұтас қой «тушасын» арқалап, сонысын су арзанға беретін кісілер көп кезігетін. Көшпелі өмір салтының кейбір көріністерін де осы жерден көрер ең. Кейбіреу ауланың бір бүйірінде жайратып мал сойып, түтінін бұрқыратып қазан көтеріп жатады. Мұндай жағдайды байырғы шаһарлықтар қайдан жақтырсын, құбыжық көргендей тіксінеді. Біз болсақ, оқу бітіріп қалада қалып, әзірге жеке пәтерге қол жеткізе қоймаған жас мамандардың балаларымыз. Алайда «асфальтта» туып-өскен ұл-қыздар да бізді әлгі «жабайылар» қатарына қосып, тыжырына қарайды.

Тұрмыс ауыртпалығы да осындай сыйыстырмайтын ахуалға еріксіз жеткізетін шығар; әйтеуір, сол шақтарда көпшіліктің көкейінде әлдебір ыза, ашу бар-тын. Жоқ-жітіктеу, жүдеу-жадаулау тұс. Үрпиіңкіреп, қысылып-қымтырылып күн кешкен сүреңсіздеу бір кезең еді.

Ежелден қалалық көршілеріміздің арасында, қалай екенін, бізге жуық жүретін балалар да болды. Әсіресе, менен төрт-бес жас үлкен Малик деген жеткіншек (шын есімі Мәлгаждар сияқты) соңынан көп ертті. Нешеқилы шырғалаңға құмар сол баламен бірге маңайдағы үйлердің егеуқұйрық жортқан небір жертөлелеріне де түсіп көрдік, кептерлер пырылдаған шатырларға да шықтық. Өзінің ештеңеден қорықпайтын жүректілігі, епсектігі таңырқататын. Бірде соған еліктеп бесінші қабаттың төбесі жиегімен жүрмекші болып, биіктен ұшып кете жаздап, қатты үрейленген сәтімді де ұмытпаппын.

Мұндай «ерлігімізді» білсе, ата-анамыз сазайымызды берер еді, әрине... Мен де содан біртіндеп Маликтен алыстау жүруді түйгенім есімде.

Ойыннан қол бостағы ермегім ­– өзіме шақ «Пионер» деген ескі велосипед. Жиі бұзылатындықтан, қолым май-май болып, көбіне соны шұқылаумен уақыт өтетін.

Бір күні ызғытып бара жатқанымда кенет аяқ басқыш істен шығып, айналмай қалды. Көлікті әткеншек діңгегіне сүйеп қойып, кілттерімді шығарып, тағы да әуреге түсіп жатсам, аулада жүретін Тузик деген сұр қанден жүгіре жетіпті. Құлағы селтиіп:

– Ей, Мәдөк, велигіңді әлі жөндемегенсің бе, мұның қалай?! – деп таңданғандай, шұқшиып, педальға – бір, маған екі қарайды.

Жылтылдаған көздерінде ақыл тұнып тұр. (Елдің көбі мені «Мәдөк» деп атайтын).

– Ой, жөндемейін деп жүрмін бе? Енді табаламаған сен қалып па едің! Менде нең бар? Кетсейші жөніңе! – деп қабаржимын іштей.

Ылғи мықшыңдап, велосипед оңдап, қара терге түсіп жататынымды әкемнің байқамағандай болатынын білемін. Бірақ маған оның осы үшін қатты  күйзелетіні де мәлім. Менің де оған жаным ашиды. Мардымсыз айлықтарын екі-үш ай кешіктіріп, зорға берсе, қайтсін. Дегенмен, ол соған да қарамай, тонын сатса да, жаңасын әперер-ақ еді. Бірақ жағдай қазіргідей емес, о кезде қажет дүниеңнің дүкеннен табыла қоюы да оңай емес-ті. Сол себепті ескі-құсқыны ілдебайлай тұруға тура келеді. Ол жағдай Тузиктің санасына жете қоя ма.

Негізі, жаман ит емес. Жан баласына зияны жоқ. Дала кезіп, өз күнін өзі көріп жүрген «бейбақ» қой. Содан ба, оған маңайдағылардың көбі аяй қарайды.

Алайда бұ байғұстың да көрмегені аз. Бірде безбүйрек Маликтің осыны ұстап алып, аузына қырлы стақанмен арақ құйып жіберген кезі де бар. Кәдімгідей тәлтіректеп, мас болды. Осы көрініске маңайдағы ит біткен түгел жиналып, азан-қазан, у-шу болғаны да – бір «тарих». Сол жолы балалардың естері кетіп, тырқылдап, қоймай-қоймай күлгеніне кішкене қынжылған да едім.

Қанден бейшара қиралаңдап кетті-ау, ақыры...

Ішімізде ерекше естияр, мейірбан балалар да жеткілікті-тін. Солардың ішінен өзім аса жақын тартатын Аманды жиі еске аламын. Футболдағы алғашқы «ұстазым» да сол. Ол да бізден төрт-бес жастай үлкен. Өзі керемет ұшқыр, ғажап шабуылшы бала-ды. Әрдайым «пятиэтажка», «общага» болып екіге бөлініп ойнағанда қақпаға «голды» көбірек салатын да ­– осы Аман еді. Кемпірлердің қақпайынан қашып-пыса жүріп, кешке дейін дамыл таппай ойнап, қас қарая көзіміз жылтырап, шаң-шаң болып жатағымызға қарай жылжимыз.

Бүгінгідей емес, доптың да қат кезі. Мұнда да тұрғылықты балаларға жүгінуге мәжбүрсің. Соларды алдарқатып, көңілдерін тауып бірге ойнауға тырысасың. Кейде олар доптарын қорыққандарынан да береді. Өйткені біздің көршілердің саны көп, әрі шетінен өжет, озбырлау-ды.

Аман анда-санда бөлмелеріне ертіп апарып, қолына қағаз-қарындаш алып, ойын схемасын жалықпай түсіндіретін. Допқа тиетін соққы салмағы мен оның ұшу траекториясына дейін көрсетеді. Әрбір нүктеден теуіп, қалаған бағытыңа қарай шыр айналдыратын «фокустарды», финт әдістерін үйретеді.

Анасы және балабақша жасындағы қарындасы Аяулым үшеуінің аядай бөлмесінде көне телевизор, кішкене тоңазытқыш, үстел, төрт орындық, түсі оңған паластан өзге мүлік те жоқ. Қабырғада әкелерінің үлкен суреті ілулі тұратын.

О кісі алыс қалаларға жүк таситын ауыр көліктің жүргізушісі көрінеді. Қызы Аяулым дүниеге келер қарсаңда жол апатынан қайтыс болды.­

– Осында біраз тұра тұрайық. Амандық болса, табысты молырақ тауып күні ертең-ақ жеке үй аламыз, – дейді екен.

Аманның анасы жақын жердегі шағын дәмханада жұмыс істеді. Ыдыс жуады, келіп-кетушілер тарағанда еден тазалайды. Бірақ, қиыны, мұнда да жалақыны уақытылы бермейтіндей. Тек, әйтеуір, күнделікті ас-суды сол жерден айырады. Жұмыстан кейін қол дорбасын аздаған кәуап, туралған нан, кесілген торт, ертеңге қалса бұзылып кететін түрлі салат дегендей азыққа толтырып қайтатын сияқты.

Бүлдіршін қыз түске дейін шешесінің жанында отырады, түстен кейін оған сабақтан келген ағасы қарайтын. Сондай күндердің бірінде Аяулым қатты күйіп қалыпты.

Сөйтсе, Аман мамасы жұмыстан келер қарсаңда токқа шәй қойып, сабақ қарап отырған екен. Енді-енді ғана тәй-тәй басып жүрген қарындасының шәугімнің қасына барып, бауынан тартып қалғанын аңдамапты. Сақылдап қайнаған су сәби қыздың аяғына төгіледі. Сасқалақтаған Аман шырқырап жылаған қарындасын сыртқа алып шыққан соң, жағдайды түсінген үлкендер жеделжәрдем шақыртыпты.

Осыдан кейін кішкене қыздың екі-үш жылдай бір аяғын ақсаңдай басып жүретінін көрдік. Сол жарақаты үшін де Аяулымды мамасы қаладағы балабақшалардың біріне әрең орналастырғанын да білуші едік...

Арада біршама уақыт өткенде біздің аулада ширығып тұратын «әрі отыр, бері отыр» тартысы осы Аяулымға қатысты жалғасқанын көргенім бар. Әлдебір жеті-сегіз жастардағы ер бала өз бетімен құмдақта ойнап отырған бұған: ­­

– Әй, сен кімсің? Саған мұнда ойнауға кім рұқсат берді? Бар, кет! Бұл жерге келуге болмайды саған. Өзіңнің жатақханаңа барып ойна! ­­– дегені.

Анандай жерде қарындасына сырттан қарайлап жүрген Аман лезде жетіп барды да, әлгіні желкесінен бүріп алып бір-ақ серпіді:

– Өзің кет, бар, жоғал! Шаруаң қанша тып-тыныш отырған балада?!

Ондай оқыс қимылды күтпеген анау қатты қорқып кетті білем, бүкіл ауланы басына көтеріп бақырып жылап жіберді. Сол екі ортада, қайдан сап ете түскені белгісіз, баланың шешесі жүгіріп жетіпті. Өзінің сықпыты да біртүрлі үрейлілеу адам екен, шашы алба-жұлба болып Аманға қарай тап берді. Қолына түссе, тура, шайнап тастаудан тайынбайтындай:

– Әй, сұмырай, бері келші, кәне! Ырғайдай болған мойныңды жұлып алайын! Неге тиесің жазықсыз балаға?!

Құдай оңдап, осы кезде біздің жатақханада тұратын қарт ана оның жолын кес-кестеп, арашаға түсті.

– Ой, қой, шырағым! Аптығыңды бас. Мұның не?..

­– Былай тұрыңыз, кәне! Өңкей қайыршы бәле болдыңдар ғой, түге! Осы үйді жатақхананың қасынан алмайық деп қанша қақсадым күйеуіме де... Не сендердің көздеріңді құртып, не өзіміз көшіп тынбасақ күн көрсететін түрлерің жоқ! Жер-жерден қаңғып ­келіп, қағылған-соғылған бәлелер... Қайдан шыққан немесіңдер...

– Қарағым, ауызыңа ие болып сөйле! Астамшылықты доғар. Құдайдан қорық. Жеті атаң осы Алматыда туса да, бұл – қазаққа ортақ жер. Біздің де мұнда күн көруге қақымыз бар. Жоқ, әлде, бұл аймақты тұтастай сатып алып па едіңдер? Ал олай болса, қайсымыз сенің төріңе шығып текеметіңді тілдік, қайсымыз жеп отырған наныңа таластық? Көрсетші маған!

– Кетіңіз, айттым бітті! Жоламаңдар бұл маңайға!

– Қой, шырағым, өйтіп ақымақ болма. Беталды батырма тізеңді. Сендерсіз-ақ тірліктің басқа да тауқыметі оңдырып жатқан жоқ бұл балаларды. Және бұл – уақытша қиындық. Бәрінің де аузы көкке ілігеді ертең. Бұлардың тірлігіне килікпе. Онсыз да халықтың ырыс-несібесін ауыздан жырып, талап жеп жатқан сырт дұшпан көп. Азғантай қазақ түртпектеме бір-біріңді!

Алайда жетесіздеу әйел сөзге тоқтар болмады. Көзі ақиып, одан сайын екіленді:

– Үлкенің бар, кішің бар, баламызға маза бермейтін болдыңдар! Өткенде біздің подъезден велосипед те ұрланды. Сол ұрлық сендерден келмегенде кімнен келді?! Өңкей қарақшы! Сотқа беру керек сендерді шеттеріңнен... Бұл аула жергілікті адамдар үшін салынған. Ойнамасын ешкім. Көшіңдер бұл жерден. Кетіңдер!­

­– Кетсең – өзің кет! Дауа жоқ екен саған. Астапыралла, қазақ пен қазақ баланың арасына түсіп, алақандай аулаға таласты деген не масқара?!.

Бұл кезде Аманның анасы жұмыста болатын. Сонысы жақсы болды ма деп ойлап ем. Әйтпесе, жұлысар ма еді.

Әлден уақытта долы әйел кемсеңдеп жылап тұрған ұлын:

– Өй, көрінгеннен таяқ жеген сорлы! – деп басынан бір періп одан сайын бажылдатып, жұлқи сүйреп, үйіне қарай жөнелді. Шаңқылдаған даусы көпке дейін тыншыған жоқ.

Аман да Аяулымды жетектеп, жатаққа беттеген.

Кешке қарай жатақхана дәлізінде бас қосқан балалар төрт қабатты ойран-асыр қылып түгел шарлап, тығылыспақ, атыспақ ойнаймыз. Ең жақсысы, қанша шуласақ та, бізге өз «территориямызда» ешкім жекімейді, ескерту жасамайды.

Ойнап болған соң, топ бала түн ауғанша әңгімелесер едік. Жас болсақ та, біздің де өзара бөлісер мұңымыз, шертер сырымыз бар...

Бір күні сабақтан келсем, есік алдында тұнжырап Аман отыр. Түрі қап-қара болып түтігіп кеткен. Сөйтсем, олардың бөлмесінің сыртына біреу қосымша аспалы құлып салып, бекітіп қойыпты. Бұл – жатақхана меңгерушісінің ісі-тін. Пәтерақыны дер кезінде төлемеген бөлме иелерін осылай «жазалайтын» тәртіп бар-ды.

– Жүр, біздің үйге барайық. Шай ішейік, – деп едім, Аман көнбеді.

Екеуміз мен үйге кіріп алып шыққан печенье, конфет оны-мұныны талғажау қылып қас қарайғанша отырдық. Бір мезгілде Аяулымды ерткен анасы да келген.

Жағдайды бірден түсінген о кісі түсі сұрланып, екінші қабатқа жедел басып көтерілді де, құлыптаулы есікті бір иығымен, бар екпінімен қағып, бөлмеге бұзып кірді. Қатты ашуланған адамның айрықша қайраттанып кететінін сонда көрдім. Талдырмаш қана келген апай еді. Одан соң, қолындағы заттарын тастай салды да, бүкшиіп отырып, егіліп ұзақ жылады. Сұмдық қорланған сияқты.

Бір аңғарғаным, бұ кісілер жазда да ешқайда бармайтын. Соған қарағанда ешбір ет-жақын туыстары да жоқ-ау деп ойлағаным бар.

Ал біздің өрісіміз кеңдеу-тін. Каникул сайын ауылға, әжеме аттанамын. Жайлауға барып қымыз ішеміз, атқа мінеміз, қарақат, итмұрын тереміз. Суға түсеміз. Әжемнің әңгімелерін естимін... Рахат бір күндер еді.

Қазір ойлап көрсем, аула мен ауылдың арасында өскендіктен бе, Алматыда туғаныммен, нағыз қалалық болып кете алмаппын. Өзі, мұндай «қосмекенділіктің» пайдасы мен зиянын осы күнге дейін аса ажырата да бермеймін...

Баяғыда Аманға ара түскен әженің айтқаны келіп, жатақхананың барлық тұрғыны дерлік өз жайларын тапқан. Көбі Алатау баурайындағы әсем шаһардан біртіндеп еңселі баспана алды. Кейбіреуі ғана ауылдарына кері көшкен.

Қарап отырсам, сол тоқсаныншы жылғы ойын балаларының орта жасы бүгінде қырыққа таяпты. Біздің жайға қарама-қарсы үйде тұрған Біржан деген азаматпен әлі күнге дейін араласып тұрамын. Ірі компания жетекшісі. Жиған-терген акциясын шет елде сақтағысы келетінін айтып қалғаны бар. «Өзің де сөйт», – деп қояды. «Ойбай, ондай қор қайдан болсын бізде!»­ – деп желкемді қасып, күлдім де қойдым.

Ортақ таныстар арқылы Аманның телефонын тауып, хабарласқанмын. Біз секілді оның да Астанаға ауысқанына бірталай болыпты. «Кездесейік», – деп қуанып қалды. Жаңадан салынған үйлерге қымбат жөндеу жүргізіп, ішін жиһазға толтырып беретін қызмет агенттігін ашыпты.

– Мамам зейнет демалысына шыққан. Бірақ әлі жұмыс істеп жүр. Күйлі-қуатты. Аяулым қарындасың да әдемі болып бой жеткен. Күйеуге шықты. Екі баланың анасы. Тұрмыс-жағдайлары жақсы, ­– дейді...

Қызық болғанда, алдыңғы күні сол Аяулымның өзімен де жолығып қалдым. Бір әріптесімді әуежайға шығарып салып, биік ғимараттан шығып келе жатсам, қарсы алдымнан ұшырасқан жас келіншек:

– Мәдөк аға! – деп қол созып, сүйріктей аппақ саусақтарын ұсынып тұр. Қапелімде абдыраңқырап қалдым да, тез танып:

– Ой-и, айналайын, Аяулым! – деп есім шығып жатыр.

Расында да хас сұлуға айналыпты. Мойыл көзі мөлдіреп, ұзын қолаң шашы иығынан төгіліп, жымия күледі.

Қасына еріп жүрген офицер де жайдарылана амандасқан. Жолдасы екен. Авиация капитаны. Сынақшы-ұшқыш көрінеді. Екеуіне:

– Бақытты болыңдар! – деп шын тілектестігімді білдірдім.

***

Төменге терезеден телміргенше, балалардың ойынын аулаға шығып, жақыннан тамашалауды ұйғарып едім. Бірақ ұлдарым мені байқамай-ақ қойсын, көңілдерін бөлмейін деп сыртқарылау, тасалау жерге барып аялдадым.

Сәкіде шошайып бірнеше «жанкүйер» отыр. Көбі – әжелер.

Бір кезде заңғар, алып үйдің жалпақ қабырғасынан алашұбар көлеңке жүгіріп, өткінші жауын бүркіп өтті. Бірақ ойын қызығына берілген ұлдар оны елең қылған жоқ. Қайта, алаңның шаңы басылғанына қуанған секілді.

Осыларды көзден таса қылмай жүрміз дегенмен, бұлардың да өз құпиялары, өмірге деген жеке көзқарастары мен айрықша армандары болатынын түйсінемін.

Бұл буынның бізге қарағанда қақ-соққа, артық әрекетке онша үйірленбейтіні, әрбір қимылының мейлінше дәл, нақты келетіні, анау-мынауға ет-жүрегі елжірей қоймайтыны туралы ойлаймын. Мүмкін, қатыгез заманға сондай мінез де керек шығар. Білмедім...

Иә, өмір салттары өзгеше. Және бұлардың әжелері­ де – қалалық қой...

Кенет шатырлап күн күркіреді де, шелектеп жаңбыр төге жөнелді.

Жұқа ақ пиджактың жағасымен басымды бүркеп, үйге қарай тұра бездім. Әйтпесе, шылқылдап, нөсер астында қалатыным анық. Көңілде «анау ұлдар қайтер екен» деген де алаң бар.

Бір қарасам, ыржың қаққан балаларым да доптарын көтеріп, соңымнан ілесе жүгіріп келеді.

Мен тосыннан жауған жауынды жақсылыққа жорыдым.

(«Қазақ әдебиеті», №31)

Мирас Мұқаш

Abai.kz

كەلۋ قاينارى: http://www.elarna.net/koru_kk.php?tur=51&id=1034305

Пікірлер::

juz dep sifermen jazingiz.