Еларна қолфон нұсқасына ену

Жүктеу-Албомым-Албомдар-Желі
Осы торды сақтаймын! | Осы торды бас бет етемін!

Біздің байланыс: elarna2012@gmail.com


Тәлімгер ғибраты — «Ана тілі» Ұлт газеті



Тіркеліңіздер Кітапхана Қожалар торабы Албомдар Қазақтың 1001 ертегісі

Түрі: Ана-тіл газеті

Жолданған уақыты: 21:14 - 2020/01/22

Нақты Көзі: http://anatili.kazgazeta.kz/?p=55981



«Қариясы бар үйдің қазынасы бар» деген қазақ қашаннан-ақ жасы үлкенді құрметтеп, кішілік ізет танытуды дәстүрге айналдырған. Өнегесі мол бұл дәстүр Абай атындағы Республикалық мамандандырылған дарынды балаларға арналған қазақ тілі мен әдебиетін тереңдете оқытатын орта мектеп-интернатында үнемі жалғасын тауып отырады. Ардагер ұстаздарды ардақтап, құрмет көрсету, мектеп үшін сіңірген еңбектерін ұмытпай, еске алу бұл мектепте міндетті шаралардың қатарында. Соның тағы бір дәлелі, мектеп-интернат түлегі, генерал-лейтенант Әділ Шаяхметовтің ұсынысымен мектепте ұзақ жылдар еңбек ­еткен аяулы­ тәрбиеші Шәрбану Әнәпиеваның 100 жылдығына орай еске алу кеші өтті.

Халқымызда «көзкөргендер аман болсын» деген тіркес бекер айтылмаса­ керек. Аталмыш кешке Шәрбану Әнәпияқызымен бір ұжымда қызметтес болып, шәкірт тәрбиелеген ардақты ұстаздар және апамыздың ағайын-туыстары, шәкірттері қонақ болды. Атап айтсақ, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Орынша Қараба­лина-Казыбаева, «Ы.Алтынсарин төсбелгісінің иегері» Күлжауха Мұхайқызы, «КСРО Халық ағарту ісінің үздігі» Нағима Бекмағанбетова, «ҚР Білім беру ісінің үздігі», «Ы.Алтынсарин төсбелгісінің иегері» Лена Есболқызы, «Қазақ КСР оқу-ағарту ісінің үздігі» Мәриям Алданова, ардагер ұстаз Мұрат Кенжебаев, Шәрбану апайдың інісі Болат мырза – жұбайы Назгүл ханым, Мәнсия Әужанқызы, мектеп-интернат түлегі, апайдың тәрбиешілік тәлімін алған сүйікті шәкірті, генерал-лейтенант Әділ Шаяхметұлы және жұбайы Айсұлу ханым, мектеп-интернат түлегі, ҚР Мәдениет қайраткері, айтыскер ақын Серік Акрамұлы, мектеп-интернат түлегі, Қазақ радиосының дикторы, аталмыш кештің жүргізушілік тізгінін ұстаған Гүлмира Нәлібай, Республикамыздың әр өңірінде биыл және келесі жылы желілік «Абай мектептерінің» ашылуына байланысты тәжірибе алмасу мақсатында Шығыс Қазақстан облысының білім басқармасынан келген қонақтарымыз да осы кештің куәсі болды.
Бұл кешке Шәрбану апайдың көзін көріп, қызметтес болған бірнеше ардагер ұстаздар келіп, тамаша естеліктерімен бөлісті. Апаймен бірге қызметтес болған ардагер ұстаз Орынша Карабалина-Қазыбаева: «Ол кездерде мектеп-интернатқа балалар 1-сыныптан бастап қабылданатын. Ата-анасынан жырақтап көрмеген, мектеп табалдырығын енді аттаған сол кішкентай балапандарды тәрбиешілер өз балаларындай бауырына басатын, өздігінен киінуді, сабақ оқуды, дұрыс тамақтануды, тазалықты, т.б. толып жатқан тәрбиені бойларына сіңіретін. 7-8 жасар балаға әке орнына әке, ана орнына ана болған керемет тәрбиешілердің бірі Шәрбану еді, ол кісілердің балаға сіңірген еңбектері зор еді» деп еске алса, тағы бір ардақты ұстаз Лена Есболқызы: «…Шәрбану екеуміздің сыныптарымыз көрші ­кабинеттерде отыратын. Түстен кейінгі дайындық кезінде Шәрбанудың сыныбынан шыбынның ызыңы естілетіндей тыныштықта сабақ оқып жататын еді балалары, бірақ Шәрбанудың сол балаларға бір айғайлап ұрысқанын көрген емеспін. Еш ұрыссыз бұл балаларды мұндай тәртіпке қалай үйретесің деп таңғалушы едім» деп, ұлағатты ұстаз бойындағы сабырлылық, ұстамдылық қасиеттерін баса айтты. Сол қасиеттерді бүгінгі жас ұстаздар мен тәрбиешілерге үлгі етті. «Бір қарияның кесімді сөзі бір елді тәрбиелеген» қазақ үшін көргені мол, тағдырлары тәлімге толы бұл ұстаздардың әрбір сөзі бір мектеп, әр қимылы бір тәрбие секілді. Шәкіртінің бақытын аялап, өзінің уақытын аямай еткен еңбек пен төккен тердің зая кетпей, Шәрбану апайдың тәрбиесімен өскен Әділ Шаяхметовтей шәкіртінің бүгінде мемлекет қайраткері, генерал-лейтенант дәрежесіне көтерілуін бәрі де мақтанышпен атап өтті. Осы кештің ұйымдастырылуына мұрындық болған шәкірті Әділ Шаяхметов те өз сөзінде ұстазын ерекше махаббатпен еске алып, Абай атындағы мектеп-интернат бас­шысы­ Роза Ербозымқызына және мектеп-интернат ұжымына алғысын біл­дірді. Осындай ұлағатты ұстаздардың ең­бегі туралы жүрекжарды лебіздерді залда отырған шәкірттер де ұйып тыңдады.
Бұл кеште Шәрбану апай туралы­ көзкөргендердің естеліктері мен оқушылардың арнауларынан құралған «Тәлімгер тағылымы» атты кітаптың, ұлы Абайдың 175 жылдығына орай жарық көрген «Абай үні» атты мектеп-интернаттың жекеменшік журналының тұсауы кесілді. Сонымен қатар «Бұлақ көрсең, көзін аш» деген бабалар даналығын ұстанған қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімдері Жанар Абитова мен Динара Орынбеваның жетекшілігімен «Жастар жаққан алау» атты 9 «ә» сыныбының және «Мен балаң жарық күнде сәуле қуған» атты 9 «б» сыныбының оқушыларының шығармашылығынан құралған екі жинақтың тұсауы да осы кеште кесілді. Бұл жинақтар ғұмырының басым бөлігін шәкірт тәрбиесіне сарп еткен ардақты тәрбиешінің өнегелі ісі әлі де жалғасып жатқанының куәсіндей болды.

Динара ОРЫНБАЕВА,
Абай атындағы РММИ-ның
қазақ тілі мен әдебиеті
пәнінің мұғалімі

Нақты қайнары: http://www.elarna.net/koru_kk.php?tur=9&id=1100404
Пікірлер

Көрші сілтемелер