Еларна қолфон нұсқасына ену

Жүктеу-Албомым-Албомдар-Желі
Осы торды сақтаймын! | Осы торды бас бет етемін!

Біздің байланыс: elarna2012@gmail.com

Үш күнгы келушылер санағыКелген адам саны (IP)Көрілген бет саны (PWs)КомпйутерҚолфон
2019-12-0471511308356 %44 %
2019-12-0566971342055 %45 %
2019-12-06345101848 %52 %

БЕЙІМБЕТТІҢ «ҚЫЗЫЛ БҰРЫШЫ» — «Ана тілі» Ұлт газеті



Тіркеліңіздер Кітапхана Қожалар торабы Албомдар Қазақтың 1001 ертегісі

Түрі: Ана-тіл газеті

Жолданған уақыты: 14:07 - 2019/11/14



Ақын Жұбан Молдағалиев айтқандай, «мың өліп, мың тірілген» қазақ қауымының ғасырлар бойы елдігін сақтап көштен қалмай ғұмыр кешіп келуіне ән, күй, өлең, жыр-дастан секілді әдебиет пен өнердің (айтыс, тақпақ, жар-жар, жұмбақ, жаңылтпаш, өтірік өлең) кереметтей сеп жасағаны арғы-бергі тарихтан мәлім. Бұл әдебиет пен өнер халықпен біртұтас, бөле-жара қарауға болмайтын құндылық деген сөз (және біз ашып отырған жаңалық емесі де түсінікті). Олай болмағанда ше, өткен ғасырдың алапат соғыс жылдарында тәулік бойы не апталап нәр татпайтын шақтарда ата, әже, апа, аналарымыз (не басқалар) түні бойы айтатын ертегі, тақпақ, ән, жыр тыңдап таң атырмаушы ма едік. Анау «Қобланды», «Ер Төстік», «Қыз Жібек», «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» дастандарын ауылдың кез-келген жыртық иық, жалаң аяқ балалары судырата жөнеліп, бірі білмегенді бірі түзеп, бірін-бірі толықтырып, жарыса жамырасатын кездер ұмытылар ма, сірә? Кейін ойлап қарағанда, мұның бәрі өткен-кеткенді бажайлап, дүниетанудың алғышарты іспетті екен. Сөйте жүріп небір қиындықтар артта қалды, ашыққан қарын тойынып, киім бүтінделіп, кешегі қарға бойлы қара домалақтар арман қуып, алысқа шарлады, шамасы келмегендер ауылдың түтінін түзетіп, туған жердің түлеуіне атсалысты, әркім қолынан келгенше тырбанды, тіршілік жалғастығы үзілмеді (ең бастысы да осы-тын).

Бертін келе оң-солды танып, әдебиет пен өнерден сусындап жүріп өркендеген ел-жұрттың арғы-бергі тарихын зерделегенде, әріні айтпағанда, Кеңес өкіметі орнаған алғашқы жылдарда қазақ ­ауылдарында көшпелі мәдени ошақтар, қызыл отау, қызыл бұрыш болғаны, біртіндеп олардың орнын клуб, автоклуб, кітапханалар толықтырғаны, үлкен қалаларда театр, кинотеатр, филармония, концерт залдары жұмыс істейтінін біле бастадық. Әсіресе, жаппай кітап оқуға құштарлықта шек жоқ-тын. Соның арқасында жұрттың көкірек-көзі ашылып, сана оянып, руханият ілгеріледі. Соның арқасында қазақтар ішінен ғылым қуған ғалым, ақын-жазушы, өнер өкілдері шықты. Соның арқасында өткенді біліп, Мұхтар Әуезов жас кезінде футбол ойнап, ауылда өзі жазған пьесаны сахналап, Бейімбет Майлин туған жерінде қызыл бұрыш ашып, өзі соған меңгеруші болғанындай (біз үшін қиял-ғажайыппен бірдей) жайларға қанықтық. Кейін іссапармен жол түскенде Абай ауданында Мұхтар Әуезовтің пьесасы қойылған орын, Қостанай облысының Таран ауданындағы Бейімбет Майлин мен Өмірзақ Елубаев туған ауылда әлі бұзылмай тұрған шым­шық­тың ұясындай қызыл бұрыш үйі мен ескі мектепті көріп, тылсым әсерге бөлен­ген шақтар есте (мұндай-мұндайлар басқа да аз емес, біз екеуін ғана атап отырмыз).
Қош, бұларды неге еске алдық, сөзді бұлай бастаудың себеп-салдары неде? Енді соларға келсек, (бұрын да айтып жүргеніміздей) Кеңес өкіметі орнай бастасымен оны қанша жерден жаман десе де, халықты жаппай сауаттандырып, мәдени шараларды кешенді түрде жүзеге асырғаны өтірік емес. Өз республикамызды алсақ, кез-келген ауданнан ­бастап, колхоз, ­совхоздарда клуб, мәдениет үйлері жұмыс істеп, халық таланттары қатысатын драма, көркемөнерпаздар үйірмелері көптеп жұмыс істеді. Солардың арқасында ауыл халқы берісі облыс, арысы астанадан концерт бригадалары, театр труппалары қашан келеді деп сарғая күтпестен, өздерінде бар мүмкіндікке орай рухани талап-тілектері өтелетін болды. Мұның тағы бір жақсы жері, ауыл-селоларда тұратын талантты жастардың ішінде кейін үлкен өнерге жолдары ашылып, бағы жанғандар да аз болмады.
Міне, осындай жағдайда Бейімбет Майлиннің «Гүлденсе ауыл – гүлденеміз бәріміз» дегеніндей, қайда да мәдениет гүлденіп, ауыл өмірі мәнді де мазмұнды, айшықты болуы қалыпты жайт еді. Тіпті, ұжымшар, кеңшарларда міндетті түрде болатын көркемөнерпаздар үйірмесін айтпағанда, халық театры жоқ аудандар сирек ұшырасатын. Клубтар мен мәдениет үйлерін музыкалық сауаты бар, нота білетін мамандар басқаратын. Белгілі композиторлардың баспасөзде нотасымен жарияланатын ән-күйлерін қолма-қол үйрену оларға түк те қиын емес-ті. Бірқатар аудандар мен облыстағы халық ансамбльдері мен халық ­театрлары ­Алматы, Мәскеуде өнер көрсетіп, жүлдегер атанатын. Бұл сөзімізге даңқы күллі республикаға мәлім болған «Ақжар», «Шаян» халық театрлары мен «Сыр сұлуы», «Жайық толқындары», «Қаламқас», «Айнакөл», «Алатау» ансамбльдері дәлел дер едік. Жергілікті ансамбльдер мен халық театрында өсіп шығып, Алматыға шақырылған қызылордалық Төлеу Қосанов, семейлік Баян Сағым­баева сынды дарын иелері қаншама еді. «Ақжар» халық театрының әншісі Ораз Кәкеев, «Сүйгенім менің қалада» сынды талай әндер шығарған «Шаян» халық театрының әншісі әрі композитор (қазіргі Қалдыбек Құрманәлиевтің әпкесі) Зеберше Оспанованың есімдері республикалық радиодан жиі естілетін. Олар көп. Біз есте қалғандарды айтып отырмыз. Жасырары жоқ, жер-жердегі халықтан шыққан тума таланттардың даңқы да кәсіби әріптестерінен кем болмайтын. Сонда бұл не? Оларды не үшін айтып отырмыз? Әлде, зарлана жоқтап, бебеулеген жай ма? Олай емесін біз айтпай-ақ шамалайтыныңызды білеміз. Себеп-салдары түсінікті. Бүгінде солардың жұрнағын таба аламыз ба? Халық ансамблі, халық театры, үлгілі клуб, озат автоклуб, театр дерліктей айшықты мәдениет үйлері бар ма? Бар болса, қайда, қай жерде, қай өлкеде? Бәлкім, әйтеуір бір жерлерде бар да шығар, бірақ, өз басым білмеймін. Айтпақшы…
Ол кездерде кез-келген аудан, ұжымшар, кеңшарларда дала қосы, алыс мал жайылым жер телімі дегендер де болмап па еді? Болғанда қандай! Өйткені, олар көл-көсір егін, төрт түлік мал өсіретін шаруашылықтарда болмай қайда болсын?! Сондықтан, малшыларға мәдени-тұрмыстық қызмет көрсетуді ұйым­дас­тырып, бақылауда ұстайтын жауапты мекемелердің міндеті салмақты да ауыр-тын. Аупартком, ауаткомдар мұны назардан тыс ұстауға хақы жоқ болған­мен, аупарткомда идеологиялық хатшы, аудандық атқару комитеті төрағасының сол мәселемен айналысатын арнайы орынбасары тікелей жауап беретін. Аудандық тұтынушылар одағы, тұрмыс комбинаты, мәдениет бөлімі, дәрігерлік бірлестік бәрі, бәрі. Облыста да солай. Қысқасы, ауыл шаруашылығы еңбеккерлеріне қамқорлықта шек жоқ-тын. Өйткені, мемлекет, қоғам, халық тынысы солармен тығыз байланысты еді. Республика, облыс, аудандық баспасөздер егін шаруашылығы мен малшылардың тұрмысы мен мәдениеті хақында үзбей және кеңінен толғап жазатын. Жетістік-кемістіктерді түгел жіпке тізіп дегендей. Мәселен, негізінен ауыл тұрғындарының қам-қарекетін жазатын, тиражы 500 мыңға жуық «Мәдениет және тұрмыс» журналында «Алтын астық», «Ақ күріш», «Мақта – ел байлығы», «Шопан қамын қауым болып ойлайық», «Бәрі де малшылар үшін», «Мал өсірсең қой өсір», «Киіз үйдің сапасы» сияқты тұрақты айдарлар болғаны да осы айтқанымызға айғақ. Журналдың әр саны іссапарға баратын кемі үш арнаулы тілшінің мақаласы не рейдтік сын материалынсыз шықпайтын. Бұл қатаң тәртіп, өзгермейтін қағида-тын.
О, ұмытып барады екенбіз, әр аудан­дағы мәдениет бөлімінің қарауында аймақтағы егіншілер жұмыс істейтін дала қосы, малшыларға үздіксіз мәдени қызмет көрсететін автоклубтар қанша қажет болса, сонша мөлшерде болатын еді-ау. Аудандық тұрмыс комбинатының құзырындағы жылжымалы автомонша, автошеберхана да солай. Етікші, шаштараз, тігінші, сағат жөндеуші, радио шебері, медбикелер қысы-жазы арнайы көлікпен алыстағы дала қосы, мал жайылымдарға сапарға шығып тұруға міндетті-тін.
Осыған орай, олардың ішінен үздік шыққандар үшін белгіленген «Үздік автоклуб қызметкері», «Қазақстанның мәдениет қайраткері» сияқты атақ-марапаттар болатын. Олар лайықты деп саналған адамдарға жыл сайын бір не екі рет берілетін де, газет-журналдарда суреттері басылып, мақала жарияланатын. Автоклуб меңгерушілерінің ішінде гурьевтік Қаттар Дүйсенәлиев сияқты небір әнші, күйші, термеші, айтыс ақындары аз болмайтын. Бұл жерде бір ғана жаңақорғандық автоклуб меңгерушісі, есімі күллі республикаға әйгіленген Манап Көкеновтің атын атасақ та жетіп жатқандай. Ал, олардың қатары қалың болатын. Алғашқы жұмысын автоклутан бастап, кейін белгілі өнерпаз не композитор атанып, биікке самғаған жампоздар қаншама! Шыны керек, автоклуб меңгерушісі деген кәдімгідей құрметті лауазым-тын.
Осының бәрі – тоқ етерін айтқанда – мәдениет, өнер, әдебиетке қамқорлық, сол арқылы халықтың рухани талабын өтеу үшін алдын-ала міндеттеліп, мемлекет тарапынан қыруар қаржы бөлініп, жоспарлы түрде іске асырылатын шаралар еді. Оларды көзбен көріп, куә болған басымыз енді бүгінде ондайдың бірін таппай, түс көргендей пұшайман боп, әрі-сәрі күй кешуліміз. Пәлен деу қиын. Ауыл дейтін ауылдың ахуалы белгілі. Құдай біледі деп айтайық, қазіргі ауылдың көбінде бірлі-жарым жұрнағы демесе, жоғарыда аталғандай игіліктер жоқ есебі болса керек. Әлде, бар ма? Әуелі дала қосы, қоғамдық мал шаруашылығы бар ма, бар болса, алыс мал жайылымы да бар шығар. Ендеше, ондағы малшыларға көрсетілетін мәдени-тұрмыстық қызмет қалай? Атама дейсің бе? Ә, мейлі, атамай-ақ қоялық. Бірақ, әр ауданда мәдениет бөлімі бар шығар. Облыстарда бар, оны білеміз. Сонда олар немен айналысар екен? Бұл сөзге өкпелеме, ағайын. Білеміз, әйтеуір бірдеңемен айналысатын болуың керек. Енді оны өздерің білесіңдер. Біздің білетініміз, автоклуб деген, оның меңгерушісі деген, әй, жоқ шығар, тегі. Өйткені, олар жайлы сыбыс естіл­мейді ғой. Соны айтшы, қазір автоклуб керек пе? Керек болса, кім үшін? ­Заман басқа дейсің бе? Оны сенсіз де білеміз. Мыңғырып «өсіп жатқан» қоғамдық мал шаруашылығының күйкі халін де білеміз…
Ал, енді осылардың бәрінің басын қосып, жинақтап қарасақ, бұл дегеннің мәдениеттің өзегіне жұлынқұрт түскеннен несі кем? Бүгінгі ауылдарда клуб, мәдениет үйі, халық ансамблі, халық театры, көркемөнерпаздар үйірмесі, автоклуб, олармен бірге тыныстайтын концерттік топ (не бригада) болмаса, солай болмай қайтеді? Өкініп отыр деймісің? Е, жоқ! Қапылып отыр десе сөз басқа. Қапылмасқа әдді жоқ болса қайтейік. Себебі…
Айттық қой сонау, сонау Кеңес өкіметі алғаш орнаған жылдарда Сәкен ­Сейфуллин, Ілияс Жансүгіров, Мұхтар Әуезовтер бірінші мәдениетке мән беріп, Бейімбет Майлин қызыл бұрыш, қызыл отау ашып, қалың қауымның рухани жақтан кенже қалып, кеміс болмауы үшін жасалған іс-шаралардың бісмілләсі неден, қалай басталғанын. Және кейін қалай өркендеп-дамып, бірте-бірте шырқау шыңға қалай көтеріліп, мейманасы тасығанын. Және соның бәрі аққан судай жым-жылас боп, құрдымға кеткенін де. Осы мәз болатын жағдай ма? Сынадай саңлауың болса, мына бейбақ Кеңес өкіметін аңсап, аһ ұрып отыр дей қоймассың, бәлкім. Гәп онда емес, бір кезде еліміздің түкпір-түкпір, бұрыш-бұрышында шешек ата гүлденген мәдениеттің қарадай күйреп, елеске айналғандай болғанында боп тұр емес пе? Әлде, тәуелсіздік алған егемен елді сынап-мінеп отырмыз ба? Құдай сақтасын, ол да емес. Онда не?
Міне, енді мұны сіз боп, біз боп, ортаға салып ақылдасып, ой толғап көрсек қайтеді дейміз де, басқа не болсын. Ол дәуір келмеске кетті, енді кері қайтара алмайсың, босқа арамтер боп қайтеміз десең өзің біл. Бірақ, олай десең, ол сенің пайым-түсінігің. Біздікі басқа. Біздікі текке байбаламдап, жылап-сықтау, ойбайлап шаш жұлу, өнбес дауды қуалау емес. Керісінше, бүгінгі күндерде жалпы жұртқа мәдениет ұрығын қалай сеуіп, қалай ұшпаққа шығуға болар еді? Дәл сонау Кеңес өкіметі орнаған жылдардан бастап қолға алынып, бүкілхалықтық мәнге ие боп, асқақтаған мәдениетке қол жете ме, әлде… Әлде, қажеті жоқ па? Міне, тығырыққа тірелудің әкесі мен көкесі! Ал, ойлан! Сен ойланып біткенше…
Жарайды, күнделікті тіршілікте әдебиет пен мәдениеттің қаншалық маңызды екенін сөз ете отырып, енді қайтып келмеске кетіп, кейінгі ұрпақтарға ертегідей естілуі мүмкін біраз жай-түйді шама-шарқымызша қаузаған болдық. Не үшін? Енді соған келейік. Алдымен бүгінде ешкім ойға ала бермейтін оларды еске түсіріп, жалпақ жұртқа жария етудің түк те оғаштығы жоқ (дейміз). Онан соң, өткенді білу парыз екені рас болса, екібастан солай (дейміз). Егерәкиде, біреу-міреу бәрі өтті-кетті, не пайда дейтін болса, жауап біреу: қалай ойлайсың, бүгінгі қалың қауымға мәдени-тұрмыстық қызмет қажет пе, жоқ па? Әлде, тақиясына тар ма? Әлде, ондайға қағанағы қарқ, сағанағы сарқ боп, кеңірдектен тойып, кекірік атып отыр ма? О, жоқ! Олай емес! Және оған біреу-міреуді жазықты санап, бүйректен сирақ шығарғалы отырған ешкім де жоқ. Және қоғам мен заман өзгеріп, бәрі өзгергенінен хабардармыз, шамалаймыз. Және солай екен деп, мәдени-тұрмыстық шаралардың ұмыт қалғаны дұрыс деп бас шұлғымаймыз. Сыпайылап айтқанда, олай деу дәйістік болар еді. Ғасырлар бойы (өмірбақи) халықпен бірге жасап, рухани азық-тірек боп келе жатқан әдебиет те, мәдениет те бүгін бұрынғыдан әлденеше рет көбірек керек. Ендеше, сол «керектер» қалай өтелуде, ауқымы қалай? Тағы бір тосылатын жер осы! Себебі, әзірше өйт-бүйт дейтін аксиома жоқ. Басы ашық бастау жоқ. Тұғыр тұралап тұр. Тұрлаусыз.
Бұл мәдениет әлемінде түк істелмей отыр, тап-тақыр, көзбен көріп, қолмен ұстағандай дым жоқ деген сөз емесін де (мықтап) ескер. Әйтеуір, басы ашық бір нәрсе, Кеңес өкіметі кезіндегі жоғарыда айтылғандай кешенді шаралардың бүгінде көбі жоқ. Есесіне, ойға көш, қырға көш, қым-қиғаш сапырылыс. Шетінен әйелдерше киініп, әлдеқашан «қатын боп кеткен» еркек артистер, өзбекше билеп, кез-келген телеарнада шапқылап жүрген еліктегіш елпекбайлар… Қаптаған жылаңқы ән, микрофон ұстап, ерні жыбырлайтын әнші-әншісымақ, өйттік-бүйттік деп ауызбен орақ ору. Шетелдіктерге еліктеу-солықтау. Кітап жетпей, оның не екенін де ұмытқан ­болуы бек ықтимал жалпақ елдің түкпір-түкпіріндегі қауым кітап оқымай, ерен жүйріктердің концертін тамашалай алмай, озат шопан, озат мақташы, озат сауыншы деген сөздерді ұмытқалы қашан? Кітап дегеннен шығады, бір не екі мың тиражбен шығатын кітап кімге жетеді? Елімізде «Еңбек ері» деген биік марапатқа ие боп жүргендер кім? Талас жоқ, лайықты тұлғалар. Бірақ, саусақпен санарлық солардың ішінен бір малшы не дихан табыла ма? Мәдениет өкілдері ме? Бір жазушы Ер болып еді. Оны да Елбасының қолын сүйді деп жазғырудай жазғырып әлекпіз. Несі бар. Сүйсе сүйген шығар… Ер болсаң, сенен одан да зоры шығуы мүмкін.
Мәдениет халықпен біте қайнап, шешек ата гүлденіп, ұлттық ауқымда өркен­деуі лазым. Мәдени бағдарламадан үміт үлкен, бірақ, күдік-күмән да мол. Бәлкім, кешенді реформа қажет шығар. Қандай реформа? Оны енді ел сенген билік басындағылар ойлана жатар. Тек Білім министрлігіне келген әр министрдің өзінше жасамақ боп, қолдарынан келмей, өздерімен бірге құрдымға кеткен реформасындай болмай-ақ қойса игі еді дейміз де, қайтеміз.
Бұл енді көп болып ақылдасып, ойланатын-ақ жайлар. Бүгінгі қамқор­лықтан қағыс қалған әдебиет, ақын-жазушы, баспа, басылымдар мен мәдениет, мәдени сала, мәдени ауқым көңілге кірбің ұялатудан зыр қағулы. Жер-жерде жекелеген зәуім сарай, театр, концерттік мекемелер бола берсін, болғаны жақсы, олармен алысқа барсақ, алдан жарылқасын. Бірақ, біздің діттегеніміз – жоғарыда айтылғандай жай-жапсар, әдебиет пен мәдениеттің барша жұртты қамтып, ұшпаққа шығуы, мемлекет тарапынан қам­қорлық жасалуы, басқа да кешенді іс-шаралар керектігі. Ә, иә, бұған дейін қолға алынып, жүзеге асты дейтін, бірақ, нәти­жесі селдір іс-шараларға қыруар қаржы жұмсалғаны да бар екен ғой. Аямастан!
Құдай өзегіне құрт түсетін мәдениеттен сақтасын!..

Зәкір АСАБАЕВ

Нақты қайнары: http://www.elarna.net/koru_kk.php?tur=9&id=1071828
Пікірлер

Көрші сілтемелер