Еларна қолфон нұсқасына ену

Жүктеу-Албомым-Албомдар-Желі
Осы торды сақтаймын! | Осы торды бас бет етемін!

Біздің байланыс: elarna2012@gmail.com

Үш күнгы келушылер санағыКелген адам саны (IP)Көрілген бет саны (PWs)КомпйутерҚолфон
2019-12-0471511308356 %44 %
2019-12-0566971342055 %45 %
2019-12-06345101848 %52 %

ЖАҢАШЫЛ ҒАЛЫМ, ҰСТАЗ — «Ана тілі» Ұлт газеті



Тіркеліңіздер Кітапхана Қожалар торабы Албомдар Қазақтың 1001 ертегісі

Түрі: Ана-тіл газеті

Жолданған уақыты: 14:00 - 2019/11/14



«Арман – Алла мен адамның тіл қатысатын тұсы» тәмсілінің рухани күші, жарық сәулесі ойлы оқырманды шамырқанған шындыққа бастайтыны анық. Арман жан мен тән қалауынан туындап, Алла мен адам байланысын айғақтай түсер бір белгі болса, өлшеулі өмірдегі, баянды ғұмыр, «ниет пен бақ талайына қарай беремін» деген Хақ сөзінің хақтығы. Мұның растығын қазағымның келешегін кемел етуге қызмет етіп жүрген асқақ арман иелерінің өмір жолдарынан көрумізге болады. Солардың бірі әрі бірегейі баянды ғұмыр кейіпкері, ұлағатты ұстаз, тарих ғылымының докторы, профессор Баян Ғаббасқызы Шынтемірова.

«Алты алаштың баласы жиналған жерде ұстаздың орны – төрде» пайымы халықтың ұрпақ тәрбиесі жолында жүрген жандарға көрсеткен құрметі болса керек. Ұстаз туралы жазылған ән мен әңгіме, эпикалық туындыларды саралағанда тақырыбы түрлі болғанымен идеясы бір. Ол ғасыр белестеріндегі ағартушылық жол. Осы жолды даңғылға айналдырып, мектеп қалыптастырып отырған Баян Ғаббасқызын ұстаздар ұстаханасының көрікшісі десек болғандай.
Баян Ғаббасқызының жүріп өткен өмір жолына зер салсақ, қоғамдық сананың өзгеруіне қозғау салған жан екендігін көрумізге болады. Бұл жолда практикалық та, теориялық та еңбегі нәтижелі болғандығын уақыт сыншы дәлелдеп отыр. Тәжірибелік тұрғыдан оқу үдерісіндегі ұстаздық қызметі мен бәсекеге қабілетті жаңа үлгідегі жеке жоғары оқу орнын ашуын айтсақ, теориялық тұрғыдан қоғамдық сананың өзгеруіне ғылыми білігімен қозғау салғанын жазған еңбектерінен оқи аламыз. Әлеуметтанушы ғалым ретінде Баян Ғаббасқызы «Әлеуметтану негіздері» оқу құралында былай дейді: «Модернизация сөзі ағылшын тілінен келген және қоғамның ескі формалардан бас тартып, жаңа талаптарға сәйкес жаңаруы дегенді білдіреді. Модернизацияның екі түрі бар: органикалық және бейорганикалық. Органикалық модернизация елдің жеке өз дамуы болып табылады және осыған дейінгі эволюция арқылы әзірленеді. Мұндай модернизация экономикадан емес мәдениеттен, қоғамдық сананың өзгеруінен басталады».
Демек, бүгінгі таңда республика, жақын шетелдерге өз жетістігімен танылып үлгірген жеке жоғары оқу орнының жылдармен еңсе тіктеп, бой көтеруі қазақ елінің жеке өз дамуы, білім мен ғылым жолындағы өз эволюциясы, дәстүрлі мәдениетімізден бастау алған қоғамдық сананың өзгеруі, жемісі. Ал осының бәрінің қиюласып, үйлесім табуында кейіпкерімнің кісілік қасиеті, ғылыми әлеуеті, баянды ғұмыры бой көрсетіп тұр.
Кеңес одағы ыдырап, нарықтық экономикаға бет бұрған тәуелсіз қазақ елі білім беру ісінде жаңаша ойлайтын жоғары кәсіптік білімді ­кадрлар дайындау міндетін алға қойды. Осы бағытта жүргізілген оң реформалар, позитивті тенденциялар 1993 жылы Қазақстан Республикасының «Жоғары білім туралы» қабылданған заңында көрініс тауып, қоғамда кәсіптік білім берудің альтернативті түрі ретінде мемлекеттік емес жоғары оқу орындары ашыла бастады. Соның бірі 1998 жылы іргетасы қаланған Орал гуманитарлық – экономикалық институты.
Бүгінгі таңда білім кеңістігінде 20 жылдың үстінде қызмет көрсетіп келе жатқан жоғары оқу орны өзінің қысқа тарихында бірнеше рет түлеп, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің жоғары оқу орындарын ірілендіру ­саясатына байланысты оңтайланып, Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университеті деген жаңа мазмұндағы атауға ие болды. Құрамында 4 факультеті бар университет ішінде тарихы, профессор-оқытушыларының ғылыми әлеуеті, студенттер мен магистранттарының контингент саны, оқу ғимараты, спорт залы, жатақханасы т.б. жағынан жетекшілік мәнге ие болып отырған Баян Ғаббасқызы негізін салған Педагогика факультеті.
Факультет тарихына көз салатын болсақ, сонау 1998 жылы алғашқы оқу жылын 4 мамандық, 62 студент, 21 оқытушымен бастаған Педагогика факультеті, 2019-2020 оқу жылын 15 мамандық, 6250 студент-магистр, 97 штаттық профессор-оқытушы құраммен ашып отыр.
Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университеті құрамындағы Педагогика факультеті экономика, білім беру, мәдениет және әлеуметтік салалар үшін жоғары кәсіби, нарықтық ортада бәсекеге қабілетті мамандар даярлап отырған ұжым. Бұл құр мақтан емес, уақытпен дәлелденген, құзырлы орындар сараптамасымен мойындалған көрсеткіш. Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университеті 2018 жылы «Аккредиттеу мен рейтингтің тәуелсіз агенттігі» жүргізген сараптауда 16-орынды иеленсе, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің еңбек ресурстарын дамыту орталығы жүргізген «Кәсіби білім беру ұйымдарының рейтингі – 2018» талдау нәтижесі бойынша Қазақстандағы 101 жоғары оқу орнының ішінде 18-орын алды. Осындай көрсеткішке жетуде университеттің қозғаушы күшіне айналған Педагогика факультетінің үлес салмағы мол. Жыл сайынғы бітіруші түлектердің 80% жұмысқа орналасуының өзі Педагогика факультетінде білім алудың мәртебелі іс екенін көрсетеді. Білімнің салтанат құруы, ұстаздардың еңбегінің ақталуы – осылай болса керек.
Президент Қ.Тоқаев биылғы Тамыз конференциясында ұстаздар алдында сөйлеген сөзінде еліміздің білім жүйесіне, педагогтар мәртебесіне ерекше тоқталды. Онан кейінгі алғашқы Жолдауында да Үкімет алдына қойылған міндеттердің бірқатарын жүзеге асыруда жоғары білім беру жүйесінің рөлі ерекше екендігін баса айтты. Өйткені, әлімсақтан мемлекеттің өркендеу көрсеткіші оның білім, ғылым жүйесінің дамуымен өлшенетіндігі аян.
Жоғары оқу орнында көп жыл жұмыс істеген тәжірибемнен түйгенім университеттің ресурсы оқу ғимараты, спорт залы, жатақханасы, әр түрлі мамандықтарға арналған зертханалары мен интерактивтік тақталы кабинеттері тағы да басқа сапалы білім беруге арналған материалдық-техникалық базасы емес, университеттің ресурсы білім шаңырағының миссиясын жүзеге асыратын профессор-оқытушылар құрамы. Алуан мінезді, спорттың тілімен айтсақ әр түрлі салмақтағы профессор-оқытушылар құрамының тілін тауып, жағдайын жасап жұмыс жүргізу жеке жоғары оқу орнында жеңіл іс емес. Бұл жерде де тұлғаның адами қасиеті, менеджерлік қабілеті безбеннің тепе-теңдігін сақтап отыр. Ұжымның ауызбірлігі, ертеңгі күнге сенімі, ой еркіндігі, жұмыс жемісі т.б. жағдай туғызып отырған басшы бұл мәселеде былай деп ой түйеді: «Ересек адамдардың барлығында дерлік өз «әлеуметтік үйі», яғни қоғамдық жүйеде тұрақты өз орны бар. Оны мәртебе, кәсіп, қызмет, әлеуметтік рөл айқындайды. Ең бастысы «әлеуметтік үй» адамға тәуелсіздік, еркіндік, алдағы күнге деген сенім береді».
Университеттің педагогика факультетін өзінің «әлеуметтік үйі» сезіне білген профессор-оқытушылар құрамы бүгінгі таңда өзіндік әлеуеті бар, сапалы мамандар дайындау ісін және ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізе алатын білікті ғылыми-педагогикалық ұжымға айналып отыр. Олардың құрамында 4 ғылым докторы, 48 ғылым кандидаты, доценттер жұмыс істеуде. «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы», Мемлекет грантының жеңімпаздары, «Білім беру ісінің үздігі», «ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері» медальдары мен төсбелгі иегерлері бар. Осының барлығы ұжымда қалыптасқан жағымды моралдық-психологиялық ахуал тұрақтылығының көрнісі.
«Қоғамды – әлеуметтану зерттейді» тұжыры­мында теория мен практиканы ұштастыра білген Баян Ғаббасқызы әлеуметтану зерттеулерінде жастардың маман ретінде тәрбиеленіп шығуына ортаның әсері туралы өз өмір тәжірибесімен былайша бөліседі: «Әлеуметтену тек білім берумен шектелмейді. Себебі, білім адамды тек теориялық, техникалық жетістікке жеткізеді. Ал қалған өмірге қажетті икемділікті тәжірибе береді. Тәжірибе тәрбиелеу арқасында жинақталады. Мысалы, ешқандай университет өте талантты менеджер, кәсіпкер жасап шығара алмайды, ол жастардың бәріне бірдей білім береді. Ал соңынан, кім қандай ортаға түссе, сондай маман ретінде тәрбиеленіп шығады».
Осындай қағиданы берік ұстанған Баян Ғаббасқызы 20 жылдан астам ұжым басқарып келе жатқан уақыт ішінде жас буын оқытушыларды қанаттандырып, ғылыми дәрежелерге қол жеткізуіне септесіп, білімі мен мәдениеті толысқан маман болып шығуына жан-жақты қолдау көрсете отырып тәрбиелеуде. Пайым мен парасаттылықтың салтанат құруы осындай-ақ болар.
Университетті Прометейдің алау отына теңеу себебін, академик З.Қабдолов, жанам деген жүректерге от беріп, білім мен тәрбиенің шамшырағын қатар жағып отырған профессор-оқытушылар құрамының игі істерімен байланыстырып айтқаны бар еді. Сондай игі істердің бірі Екінші дүниежүзілік соғысы туралы жазылған кітаптың тұсаукесері факультеттің акт залында қаланың ардагер аға-апаларының қатысуымен өтті. Сонда сөйлеген үлкен кісінің бірі «Айналайын, Баян, өзің құрған ұжымның басшысы деңгейінде қалып қоймай, отанасына айнала алған екенсің. Қосағың жақсы, «екі жақсы бас қосса» деген осы» деп Тұяқбай Зейітұлына ризашылығын білдірген. Ол кезде бұл сөзге аса мән бермей үлкен кісінің үстемесі болар дегенбіз де қойғанбыз. Кейін ойланып отырсақ кісі танитын зерделі жүректің сөзі екен. Өмірлік тәжірибе азғантай уақыт ішінде ұжымның ішкі тынысын танып үлгерген ғой.
«Жақсы – жақсыны тартады, жаман – жаманды тартады» деп үлкендеріміз айтып отырушы еді. Кез келген бақытты жанның өмірінің негізі болып тартылыс заңы жатыр. Баян Ғаббасқызы мен ел ағасы, белгілі ғалым Тұяқбай Зейітұлының жарасқан жұптық өмірінде осындай жақсыны-жақсы тартып, табыстырған тартылыс күші жатыр. Студенттік шақтан көзқарас бірлігінің сәйкестігі, кейін отбасылық өмірде тұрмыс пен білім-ғылым жолында шыңдала түсті. Қара ормандай қаулап өскен қазақ жастарын білім-ғылым көгіне қалықтатты, алды ғылым докторлары ­болды. Тарих пен әлеуметтану ғылымында мектеп қалыптастырған Тұяқбай Зейітұлы мен Баян Ғаббасқызының адами қасиеттері – зейінділік, тенденция, білімдарлық. Отбасылық өмірде жарасқан жұптар туралы Ғ.Мүсірепов былай дейді: «Қазақ Құдай қосқан қосағың «жан жолдасым» дейді. Бұл үлкен сөз ғой. Жаны мен жаны үндес, ойы, арманы үйлес, егіз адамбыз дегені ғой». Осы сөзді өзіміз әңгіме қылып отырған ғалымдар отбасына қарата айтсақ қателеспейміз.
Аристотель «өз мемлекетіне қызмет етуді – адамның қасиетті борышы» деп санаған. Ал осы жолда білім мен ғылымды қатар ұстап, мемлекеттің діңгегі әрі баға жетес байлығы, жастарды өз ісінің білгірі етіп шығаруға бар күш жігерін жұмсап отырған Баян Ғаббасқызы басқаратын ұжым еңбегін өз мемлекетіне қызмет етудегі ұстаздардың қасиетті борышы деп неге атамасқа. Білімді ғылыммен ұштастырған ұжым күн тәртібінде тұрған мәселелер төңірегінде дөңгелек үстелдер, тренингтер, конференциялар ұйымдастыру жұмыстарын жолға қойған. Рухани жаңғырумен сабақтасып жатқан шаралардың бірі өңірімізден шыққан көрнекті ғалым академик Қажым Жұмалиевтің туғанына 110 жыл толуына орай өткен «Қажым оқулары – әлем мәдениеті контексіндегі білім жүйесінде жалпыадамгершілік құндылықтарды қалыптастыру мәселелері» және «Қазақтың ұлттық коды – төл жазу» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциялар. Екі конференцияға да арнайы шақыртумен келген еліші және алыс-жақын шетел ғалымдары университет пен факультеттің оқу процесіндегі жүргізіліп жатқан ісіне қызығушылық танытты. Кері байланыс жасап, әріптестік қарым-қатынас орнатты. Мұның бәрі 2007 жылы қазақстандық жоғары оқу орындары арасында он екінші болып Болон процесіне қол қойған білім қара шаңырағының имиджі екені сөзсіз.
Бар саналы өмірін ұстаздық жолға арнап келе жатқан Баян Ғаббасқызы ұжым басшысы ғана емес, факультеттегі жетекші мамандардың бірі. Елде, алыс-жақын мемлекеттердегі ғылыми ортада өз саласы бойынша танылған ғалым. Қазақстан Республикасы «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» грантының иегері. Қазақ руханиятына үлес қосып отырған «Саясаттану негіздері», «Құқық теориясының негіздері», «Қазақстан Республикасы және ТМД елдері интеграциясы тарихы (1991-2005жж.)», «Әлеуметтану негіздері», «Әлеуметтану», «Отты жылдар қаһармандары» т.б. оқу және оқу-әдістемелік құралдары мен естеліктер жинағының авторы.
Жақсы адамның белгісі айналасына жылылық сыйлай білетін жағымды энергиясымен негізделеді деген сөз бар. Бүгінгі әңгімеміздің кейіпкері ұстаз-ғалым, ана, адал жар бір сөзбен айтқанда баянды ғұмыр иесі Баян Ғаббасқызының ел таныған кісілік қасиеті позитивтілік, өзгелермен жақсы қарым-қатынас орната білген көшелі тұлға.

Азамат МАМЫРОВ,
Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық
униерситетінің доценті

Нақты қайнары: http://www.elarna.net/koru_kk.php?tur=9&id=1071824
Пікірлер

Көрші сілтемелер