Еларна қолфон нұсқасына ену

Жүктеу-Албомым-Албомдар-Желі
Осы торды сақтаймын! | Осы торды бас бет етемін!

Біздің байланыс: elarna2012@gmail.com

Үш күнгы келушылер санағыКелген адам саны (IP)Көрілген бет саны (PWs)КомпйутерҚолфон
2019-10-19729232138 %62 %
2019-10-20937296235 %65 %
2019-10-21416150765 %35 %

ӘУЛИЕКӨЛ: АЙДЫН АСТЫНДАҒЫ «АЙДАҺАР» — «Ана тілі» Ұлт газеті



Тіркеліңіздер Кітапхана Қожалар торабы Албомдар Қазақтың 1001 ертегісі

Түрі: Ана-тіл газеті

Жолданған уақыты: 11:21 - 2019/10/10



Қазақ жерінің қойнауы құпияға толы. Жамбыл облысындағы Меркі ауданының Қарақыстақ үстіртіндегі Әулиекөл (Көккөл) көлі талай уақыттан бері тылсым дүниесімен көпшілікті қызықтырып келеді. Аңызға сүйенсек, көлде алып жылан тектес мақұлық тіршілік етсе, ғалымдар су жүйесінің алмасуынан пайда болатынын айтады. Осы құпияларды білмек үшін, Алматыдан Меркіге қарай арнайы жолға шыққан едік.
Көл шекаралық аймаққа жақын және Жамбыл облысы әкімдігінің табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының Меркі ормандары және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мекеме аумағы болып есептеледі. Сондықтан бұл аумаққа арнайы рұқсатпен ғана кіру қажет. Алдымен аталған мекеме басшылығынан рұқсат алдық.
Бізді Әулиекөлге дейін аға орманшы Асхат Жексенбиев бастап барды.

Меркі мен Әулиекөлдің арасы – 150 шақырым. Бұл Асхаттың (суретте) апта сайын ­баратын қызметтік жолы екен. Бір таудың сілемінен асып, екінші тауға тірелгенде алдымыздан Қарақыстақтың ғажайыпқа толы Әулиекөлі көрінді. Қолымыздағы биіктікті өлшейтін құрылғымыз (альтиметр) 2550 м. биіктікті көрсетіп тұрды.
Көл өзінің тұнықтығымен, мөлдір­лігімен таңғалдырды. Біз жеткенде көлдің жағасында жылқылар суаттап жүрді. Асхаттың айтуынша, осы маңайдағы шопандар көл суын ішуге пайдаланбайды және суына шомылмайды. Себеп, сол аңыздардағы үреймен байланысты болса керек. Ал біз суға түсіп көрдік. Суы жұмсақ әрі тасы балшықпен қапталған. Сондықтан тайғақ. Тереңдеген сайын судың кіршеңдігі байқалады. Ары қарай тартып кететіндей әсер болғандықтан, жағасында ғана жүздік.
Көл суының химиялық құрамы және тереңдігі зерттелмеген. Осы сұраққа жауап іздеуге тырыстық. Көл суына­ химиялық сараптама жасату үшін 5 литрлік құтыға жағалаудан су құйып, оны Алматыдағы зертханалардың біріне табыстадық. Зертхана нәтижесі шыққанан кейін, оның қорытындысын білу үшін география ғылымының докторы, профессор София Романоваға жолыққан едік.
Профессор Әулиекөл (Көккөл) көлі суының толық химиялық қорытындысына қарап: «Органикалық және химиялық көрсеткіштерге сай су ішуге жарамды (барлық көрсеткіштері ГОСТ-қа сәйкес). Тұщы су сілтілі болғандықтан, асқазан сөлінің қышқылдығы жоғары адамдарға қолдануға ­болады» ­деген қорытынды ­жасады. Бұл сараптамамыз журналист ­Сапарбай Парманқұловтың «Аңыздардағы көл суының емдік қасиеттерге ие екенін, сосын көл жағасында ашық күндері тұз пайда болатынының бір сыры осында ­жатыр. Көл бетіндегі жыланға ұқсаған ирек толқындар мен шипалы судың пайда ­болуы арасындағы байланысты жергілікті тұрғындар ежелден-ақ байқап, бұл сәтті бос жібермеуге тырысып баққан» деген жазбасын ғылыми түрде нақтылайтын пікір болды.
Әулиекөл Қарақыстақ үстіртінде орналас­қан. Осы жер туралы кезінде өлкетанушы Молдияр Серікбайұлы: «Қарақыстақ – ауыл орталығынан 40 шақырым қашықтықтағы екі тау ортасындағы шұрайлы жайылымдық жер. Қарақыстақтағы «Әулие ошақ» деп аталатын өте биік төбе туралы да аңыз көп. Оның ұшар басында тастан қашалған қазан-ошақ әлі бар. Қысы жылы, жазы салқын, мал өрісіне өте қолайлы болғандықтан Қарақыстақ деп аталған. Маңында Көккөл, Әулиекөл, Сарыкөл деп аталатын бірнеше көлдер бар» деп анықтама келтірген.
Әулиекөл маңы толған аңыз ба дерсің?! Көлге қарсы беттегі Кіші және Үлкен Әулиешоқы туралы да аңыз көп. ­Taraztimes.kz­ сайтынан да (авторы көрсетілмеген) бір аңызды көзіміз шалды.
«Бір жылдары қыс қатты болып, малға қатер төнеді. Осы маңды мекен еткен Қалмақ ханы «малымды қыстан кім аман алып шықса, соған қызым Гүлқақыны беремін» деп жар салады. Сонда мына Әулиешоқының ­басында отыратын Мүшәріп әулие ханға келіп «уәдеңізде тұрсаңыз, малыңыздан бір бас та шығын қылмай, көктемде алдыңызға айдап әкелемін» дейді. Амалы қалмаған хан көнеді. Бірақ «қанша әулие болса да жалғыз өзі қыруар малды аман алып қала алар ма?» деген күдік көкейін тырналап маза бермейді. Болмаған соң, Мүшәріптің не істеп жатқанын біліп келуге өзінің жансызын жібереді. Жансызы Мүшәріптің Әулиешоқы басында жолбарыс, аю, қасқыр сияқты аңдардың ортасында отырғанын, үлкен қазанда қайнап жатқан жас малдың етінен алып, аңдарға кезекпен жегізіп жатқанын айтып келеді. Осыдан кейін ғана Мүшәріптің құдіретіне күмәні қалмаған ханның көңілі орнына түседі. Көктем келеді. Уәделі күні Мүшәріп әулие ханның малын, бір басын да шығын қылмай, айдап келеді. Уәде — Құдай сөзі, хан да уәдесінде тұрады. Айдай сұлу Гүлқақыны үлде мен бүлдеге орап ұзатады. Алайда, көп ұзамай, Гүлқақы қырық күн ауырып, қырық бірінші күні бұл дүниеден өтеді. Сол күннен бастап Әулиешоқының басына бұлт үйіріледі. Қарақыстақта қырық күн бойы селдетіп жаңбыр жауады. Тауды тұмшалаған қалың бұлт пен толассыз жауын әбден әбігерге салған ел «мына топан судан құтқар» деп, Мүшәріпке келеді. Сонда әулие мына Бұрқантөбенің басына шығып, «Қақ айырылғырдың аспаны, қақ айырыл!» деп, қолындағы қамшысымен қорғасындай қара бұлтты бір тартады. Аспан қақ айырылып ашылады».
Жергілікті халық арасында «көлден жыланға ұқсас су тіршілігін көріпті», ­«айда­һар­ көл қасындағы шопанның көзінше малды тартып әкетіпті», «суға түскенде айдаһар жағаға лақырып жіберді», «су бетінде айдаһардың жартылай денесі көрінді», «судан адам естімеген дыбыс шықты» ­дегендей аңызға бергісіз әңгімелер таралған. Тіпті Әулиекөлге зиярат етіп келушілер де көбейген. Олардың көбі дертіне шипа іздеп келгендер. Оны көл жағасындағы аршаға байланған ақ-қызыл шүберектерден байқауға болады. Шүберек байлаудың тағы бір мағынасы, сол жерден судың, бұлақтың бастауы болғандығын білдіреді. Бұл, енді, қай жағынан алып қарасақ та, көлдің қасиеттілігін көрсетсе керек-ті. Атауының да Әулиекөл аталуында үлкен мән бар.
Жергілікті журналистердің айтуынша, КСРО Ғылым Академиясы Жануарлар экологиясы мен эволюциялық морфологиясы институтының аға ғылыми қызметкері С.Клумов көлді мұқият зерттеу­ге кеңес берген. Ал Оңтүстік Қазақстан геологиялық барлау басқармасының геологы Борис Волчков 1976 жылы Көккөлге арнайы келіп, зерттеу жұмыстарын жүргізіп, көлдің тау қуыстарындағы мыңжылдық мұздақтардың еруінен пайда болғанын анықтаған. «Алаш айнасы» сайтының 2015 жылдың 8-науры­зындағы мақаласында ­(авторы Мәншүк Асқарова): «Волчков мұнда бірнеше көмек­шілерімен бірге 1977 жылы шілде айының соңында тағы да келеді. Тәулік бойы қойылған кезекшілік өз жемісін берді. Түн ортасында кезекші бақылаушылар түйенің тұншыға шыққан дауысын естиді. Одан соң қатты ысқырық естіледі. Зерттеу нәтижесі көрсеткендей, көлден шынында да біртүрлі дыбыстар шығатынын айқындап берді. Келесі жолы тағы да ысқырық естілгенде экспедиция мүшелері айқай салады. Жаңғырық дауысты күшейтіп, көл үстін жаңғыртып жібереді. Бірақ ысқырық тоқтамайды. Қайта, үдей түскендей. Бұл дауысты белгісіз хайуанаттың шығарып тұрғаны сөзсіз еді. Бірақ қалай, қайтіп деген сұрақтар жауапсыз қалған-ды… Зерттеушілер тағы бір кереметке куә болады. Күн шайдай ашық боп тұрғанда жаңбыр жауа­ды. Сол уақытта өзен алуан түрге енеді. Күн нұрымен көл беті бірде көгілдір, бірде жасыл, кейде кемпірқосақтың алуан түсіне бөленеді. Бейне бір сиқырлы бояуға енгендей. Бірде судың батыс жағалауынан бір жарым-екі метр жерде кішігірім иірімдер пайда болып, көл суын астынан сіміріп жатқандай болады» дейді.
Ал әлемдегі ауытқушылық бар аймақтар мен тылсым құбылыстарды зерттеумен айналысатын ресейлік ғалымдар ­Роман Фадеев пен Евгений Красновский Әулиекөлдің түбіндегі үңгірлерде атам заманғы ихтиозаврлардың бар екендігіне сенімді. Мұның барлығы аңыздар мен кең таралған ақпараттар.
Шотландияда да осындай көл бар. Оны әлем Лох-Несс деп біледі. Оның танымалдығы өте жоғары. Әрі сол елдегі туризмнің басты көрсеткіші болып отыр. Ал бізде Әулиекөлге турист тарту әлі күнге дейін жолға қойылмаған. Тіпті Әулиекөлдің өзін көрмеген, бармаған жергілікті тұрғындар да көп. Жол қашық және таулардың бір қойнауында. Бүгінде осы киелі мекеннің туризмге сұранып тұрғанын аңғара бастаған жергілікті билік биыл алғаш рет экспедиция ұйымдастырыпты.
Әулиекөлдің пайда болуы мен көлемі, тереңдігі, жалпы ерекшеліктерін білу мақсатында Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Төтенше жағдайлар комитетінің «Қазселденқорғау» мемлекеттік мекемесі мен ҚР Ғылым және білім беру министрлігінің «География ­институты» ЖШС, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, химия және химиялық технологиялар факультетінің ғылыми қызметкерлеріне жолығып, сауалымызды қойғанбыз. Мамандардың пікірінше, көлдің ені, ұзындығы, пайда болуы туралы ақпарат болғанымен, тереңдігі туралы әлі зерттеу жасалмаған екен.
Біз көлді жағалап, биікке өрлеп толық айналып шықтық. 3034 м. биіктікке дейін барып тірелдік. Дәл сол нүктеден көл ­барынша кішірейіп көрінеді. Күн көзіне шағылысқан көк келбеті жақұт тастай жарқырайды. Ал төңірегінде ландшафт өзіне тән ерекшелігімен есте қалды. Алматы маңайындағы тауларда арша жерге жатаған болып өссе, мұнда көкке тіреліп жайқалған. Бейне бір алыстан енді өсіп келе жатқан шырша ма деп қаласыз. Аласа бұталар да байқалады. Биікке өрлегенде маңайынан Астаукөл, Бұзылғанкөл, Жасылкөл көлдері де көрінеді.
Биыл жазда Әулиекөлге (Көккөл) жергілікті билік пен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері «Меркі – Көккөл – Сандық» экспедициясын ұйымдастырған. Меркі ауданы әкімінің сөзіне қарағанда, аймақта былтыр Қазақстан Туристік ­Ассоциациясы өкілдері тарапынан эко және агротуризмді дамыту бойынша үш бизнес-тренинг өткен.
Аталған экспедиция барысында көпшілік Әулиекөлдің тағы бір кереметіне куә болған. Дрон операторы Еркін Жасыбаев­ көлдің үстіне қарай дронын ұшырмақ болып, өзі таңдаған нүктеге жақындаса, құралғысы жұмыс істемей кері бұрылып кете беріпті.
Сапарға шыққан экспедиция мүшелерінің айтуынша, көлдің тағы бір физикалық қасиеті – айдында қоқым, жапырақ жатпайды. Су бетіндегі ультродірілден суға түскен кез келген зат сыртқа шығып кетеді. Мұны көлге барғанда біз де байқап, ерекше қызықтық. Аталған киелі өлкені өз көзімен көріп қайтқан Меркі ауданының басшылығы көлге апаратын жолдың мәселесін жөнге келтіруді жобалауда екен. Болашақта, Лох-Несстен кем түспейтін көл туристер қабылдайтын экотуризмдік аймаққа айналуы мүмкін. Меркі ормандары және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мекеменің аға орманшысы Асхат Жексенбиев бұл аймақтың ұлттық парк ретінде құрылғанын қалайды. Сонда ғана бұл жердің маңызы одан ары қарай артып, туристік орынға айналар еді.

Жанар РАЙЫМБЕКОВА,
Республикалық «Қазселденқорғау» мемлекеттік мекемесінің
төтенше жағдайлардың алдын алу бөлімінің бас инженер-гидрологы:
– Көл – мұздықтар және жауын-шашын арқылы қоректенеді. Көккөл қазаншұңқырының қалыптасуына қарай бөгелген, режимі бойынша ағынсыз көл болып табылады. Максималды ұзындығы – 220 м, ені – 180 м, су айдынының ауданы – 33 мың м². Сел болып, ақтарылу қаупі бар көлдер категориясына жатпайды. Батиметрия жасалмаған.

Виктор БЛАГОВЕЩЕНСКИЙ,
«География институты» ЖШС-нің табиғи қауіптер зертханасының
бас ғылыми қызметкері:
– Әулиекөл теңіз деңгейінен 3470 м биіктікте орналасқан үлкен таудың құлауынан пайда болған. Ол көп жыл бұрын жер сілкінісі кезінде орын алған болуы керек. Құлаған таудың көлемі 150 млн м3 құраған және ол гранитті жыныстан құралған, қозғалу үдерісі кезінде гранитті жыныстар ұсақ топыраққа айналған. Құлаған тау, шамамен, 6480 м қозғалып, 2640 м биіктікте тоқтаған. Құлаған тау жотасы Бұзылғанкөл өзенінің 2640 м биіктікте арнасын бөгеп тастаған, бұл өзеннің сол жақ саласы 2355 м биіктікте орналасқан, сондай-ақ­ оң жақ жотасынан кішігірім сайлардың сағалары кездеседі. Тау жотасының құлауынан барлығы 7 көл пайда болған. Екі ірі көл ақтарылған, үш ең кіші көлдер батпақтанған. Үш орташа көлдер сақталған. Солардың бірі – Көккөл көлі. Ол 2542 м биіктікте оң жақ аңғар беткей мен құлаған таудың қапталы арасында орналасқан. Болжам бойынша, көлдің орташа тереңдігі, шамамен, 10 м, ең терең жері 30 м болуы мүмкін. Көл грунт суларымен және атмосфералық жауын-шашынмен қоректенеді. Көлдің мезгілдік деңгейінің ауытқуы үлкен емес. Шілде айында жасалынған спутниктік түсірілімге қарағанда көлдегі су кемерінен ақ жиектер байқалады. Басқа екі көл әлдеқайда кіші және таяз. Сондықтан оларды планктондар басып қалған, оны көлдің жасыл түсінен байқауға болады. Көккөл көлінде су таза, ашық көк түсті, оның «Әулие» деп аталуы соған байланысты болуы мүмкін.
Бұл мореналық көлге жатпайды, ол тек үйінді көл. Мореналық көлдер болуы үшін оның айналасында мұздықтар болуы керек. Бұл аймақта қазіргі кезде мұздықтар жоқ. Бірақ бұл жерден­ ежелгі мұздықтардың табаны байқалады.

Досжан БАЛАБЕКҰЛЫ

Алматы – Меркі – Жалғыз ағаш –
Қарақыстақ – Әулиекөл –
Алматы

Суреттерді түсірген автор

Нақты қайнары: http://www.elarna.net/koru_kk.php?tur=9&id=1058043
Пікірлер

Көрші сілтемелер