Еларна қолфон нұсқасына ену

Жүктеу-Албомым-Албомдар-Желі
Осы торды сақтаймын! | Осы торды бас бет етемін!

Біздің байланыс: elarna2012@gmail.com

Үш күнгы келушылер санағыКелген адам саны (IP)Көрілген бет саны (PWs)КомпйутерҚолфон
2019-10-211409463247 %53 %
2019-10-221435476533 %67 %
2019-10-237823143 %57 %

«АКМЕТОВ ҮЙІНІҢ» ҚҰПИЯСЫ — «Ана тілі» Ұлт газеті



Тіркеліңіздер Кітапхана Қожалар торабы Албомдар Қазақтың 1001 ертегісі

Түрі: Ана-тіл газеті

Жолданған уақыты: 21:00 - 2019/09/18



Ақын, жазушы, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Сәуле Досжанның «Үлкен үйдегі үрей» мөлтек романы 2013 жылы Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігі Ақпарат және мұрағат комитеті «Әдебиеттің әлеуметтік маңызды түрлерін басып шығару» бағдарламасы аясындағы «Жаңа заман әдебиеті. Проза»­ сериясы бойынша жарық көрген екен. Көбіне-көп алғашқы әсер алдамайды емес пе, шығарманың аяғына шыққанда көрерменін тапжылтпаған фильм көргендей болдық: бірінен соң бірі балалаған уақиға, драматизм, соның барлығын байланыстырған жүйе-желі… Келешекте оны талантты режиссер түсірсе, тәп-тәуір кино туары айқын.
Шартты түрде бөлгенде, автор XX ғасыр басындағы кезең, қырқыншы жылдардағы қан майдан мен бүгінге шейінгі аралықты қамтыпты. Туынды былай басталады: «Қарқаралының ортасында қараша тамдардан салтанаты өзгеше қос қабатты, сыртын ағаш шарбақпен әсемдеп қоршаған үйдің қақпасы құпиялау дыбыспен қағылды. Түнгі тыныштықта анық естілген дыбыстан үй ішіндегілер үдірейісіп қалды. Бөлменің оң жағында болыскей кереуетте жатқан жігіт ағасы басын көтеріп: – Ол кім болды екен екі кештің арасында? – деді наразылау дауыспен. …Әйел ләтта орамалының шетін тістеп тұрып, жүрегі аузына тығылып: – Төрем, бұл кісі – Арслан ғой! – деді күйеуіне, үні іріп шығып. Одан ары «жирек шалдың» тегіне, өзіне қатысты анықтауыш қоса алмады. Оған жүрегі дауаламады. Үшеуінде де үн жоқ. Үшеуінің ойы үш жақта… Әйел мен күйеуі қорқыныштан өліп барады». Жазушы жай-жапсарды толықтай баян ету мақсатында лирикалық шегініс әдісін қолданады…

XIX ғасырдың екінші жартысы мен XX ғасыр басында орыс империясының басқыншылығы қарқынды түрде жүзеге аса бастағаны белгілі. Иен жерді иемденіп, майшелпек еткісі келетіндер көп, әлбетте. Сөйтіп, алаңсыз мал бағып, егін егіп, заман кешкен момын қазақтың өрісі тарылды, ат басына күн туды: «Ақ патшасы жаңа қонысқа көш түзеген переселендерге «ең тәуір, құнарлы жерге» деген айырықша белгісі бар рұқсат қағазды құлаш-құлаш тегін үлестірді. Сол переселендердің соңынан Еділ бойынан, Қазаннан сауда жасап үйренген татар бақалшы саудагерлері ілесіп келді. Сол бақалшы саудагердің бірі – Қарқаралы өңіріне «ақшамен самаурын қайнатқан» деген атпен қалған Акметов деген татар еді. «Переселеннің» соңынан жалғыз-жалпы келген татар бес-он жылда салдырлаған арбасын малайға айдатып, қара басы пәуескемен жүретін көпеске айналып шыға келді». Тері-терсек, жүн-жұрқа, зат-бұйым жиып, Қазан, одан артылса Еуропа асырған Калимулла Акметовке қоң бітіп, малға бөгіп, дәулетті боп, семіргені соншалық өз еркімен қозғала алмай, ханға сәлем бермейтін жағдайға жетеді. Аймаққа аты мәлім Айтуар шеберді алдыртып, қарағайдан қиған жертөлесі бар сегіз бөлмелі, қос қабатты үй салдыртады. Дәл осы тұста жадыға тоқыр мынадай деталь бар: «Ұста кепкен бөренені бір-біріне қиыстырғанда екі араға, жапсарына жылқы қылын салады екен. Бірер тәулік өте әлгі қылды тартып көргенде қыл үзілсе – қуыс қалмағаны. Үзілмей шыға келсе – қуыс қалғаны. Бөренені қайыра көтеріп, қиылысар жапсарын жонып қайта отырғызады. Сонда барып тартқан қыл үзіліп шығады». Жылжып жылдар, сырғып айлар өтеді. Қазақшаға судай, өзі жардай Ғақлия деген қатыны көпеске азды-көпті алты қыз, жалғыз тұяқ – ұл сүйгізеді. Оның ныспысын Арслан деп қояды. Содан не керек, әкесі қыздарын бай-манаптарға ұзатып, атқамінер азаматқа Омбыдағы ­татар саудагерінің қызы – Нұрияны айттырып алып береді. Алайда ол он жыл бойы бала көтермегендіктен, қойдан қоңыр, жылқыдан торы Мүсілімнің Хадишасын тоқалдыққа алады. Акметов арғы өмірге аттанған соң, заң өзгеріп, Ақ пен Қызыл елге қысым қылады. Ал шаруадан шыққан Хадиша ұл туып, Құран аудартып жатып, азан шақырып атын – Тауфиық – Таупан қояды. Күшіне мінген тоқал бәйбішеге доқ көрсетіп, күнде түртпектеп, тыным таптырмайды. «Қырда бұл күндері жұрт дүрлігіп жатыр. Әңгімелерінің атымы ­жаман. «Жер – халықтыкі, мал – батырдыкі. Байлар артық мал-мүлкін кедей-кепшікке бөліп береді екен. Оны «кәпкеске» дейді екен» деп желігіп жүрді. Молданың да күні қараңданды. Мешіттердің есігі тас бекітілді… Жұрт ораза­ ұстап, ­намаз оқудан қорқатын болды». Халық ішінде бай-бағланның мал-мүлкін тартып алып, тәркілеп, өздерін Ібір-Сібірге айдатып жатыр деген сөз тарайды. Арслан отбасы­мен бірге бой тасалауды ойластырады. Бірақ бұған көнгелі тұрған Хадиша­ ма?! Кексе келіншектің көксегені – байы жиған байлықты басып қалу. Амал нешік, саудагер мен Нұрия екі атқа мініп Қазанға қашады. Ізін ала «Аудандық мілисаның орынбасары Төрегелді Тоқпақбай ­баласы жолдас» келіп, үйді тінтіп, іздеген адамы­ жоқ боп шыққан соң: «Акметовке тиесілі жазаны саған қолданамыз» деп, әйелді әбден қорқытып-үркітеді. Қаламгердің Төрегелдіге берген мінездемесі төмендегідей: «Шала сауаты бар кешегі кедейдің бірі еді. Қояндыдағы Ботовтан қалған жәрмеңкеге елден айдап әкелетін мал сатушыларға жалданып жүріп есеп үйренген. Кейіннен Қарағанды жақтағы ағайындарына ­барып азғантай сауат ашқан. Дүрбелең басталғанда елге қайта келіп «бәлшебек» болды. Бес адамның басы қосылған жерде белсеніп шығып, өкіметтің жырын жырлап, кәмөнестердің көзіне түсті. Қарқаралыға келген басшыларының бірі мұның еті тірілігін, орысша сауаты ­барын байқап қалып аудандық мілисаның орынбасарлығына бекітті. Бар тірлігі – ауыл-ауылға «кәмпеске кәмәссиясын» шығарып байлардың мүлкін тәркілеу». Ол кезде Төкеңдей шаласауатты, надан, сатқындардың атқаны тиіп, айтқаны орындалатыны рас-тұғын. Әлекедей жаланған әскерге қарсы тұрар дәрмен қайдан табылсын?! Алаш арыстары да сол арсыз-аярлардың қолынан ажал құшты емес пе?! Түрлі жағдайдан әбден әл-қуаты кетіп шаршаған Хадишада шара жоқ, келіседі. Әзелден-ақ қараны қан қақсатып үйренген әжине жігіт бұл жерде тартынсын ба, белден басты. Әлгі шолақ белсенді әйелді күштеп көндіріп, ақыры екеуі үйленіп ­тынады. Сөйтіп жүргенде ол жүкті болады. Төркіндеп барғанда екі қонып, Таупанды нағашыларына тастап, үйіне қайтады. Бергі беттегі тоқал Заманбек ­деген ұл, арғы беттегі бәйбіше қыз туады. Қос бөлмелі қора-қопсыдағы отындар астында Калимулла Акметов өмір бақи жиған алтын-күмісі жасырынған-ды. Отынқора деген аты болмаса, уақытында жартысы – қонақүйге көтерілер баспалдағы бар асхана, қалғаны – соғым сойып, ет сақтайтын мұзхана-тын. Оны тек баласы ғана біледі. Сол күні-түні ойынан бір шықпай қояды-дағы, татар Қазаннан қазақ жеріне сапар шегеді. Дәп бұл тұста жазушы романды экспозициядағы үшеуінің жүздескен сәтінен бастап сабақтайды. Төрегелді айбалтамен манағы көпестің қарақұсынан ұрып өлтіріп, өлікті арқалап, қора түкпіріндегі сандыққа тығады. Хадиша Ергенбек атты ұл табады. Ал халыққа қырғидай тиіп, обалына қалып, қарғыс алған Төрегелді аттан жығылып, жұлынына зақым келіп, бақиға көшеді. Сол күннен бастап қатынды «ар соты соттайды, ұяты тұншықтырады», құран оқытса да басылмайды: «Таңғы елес оны қайта оятты. «Жүр қырға ­барамыз!» деп шақырды. Маңдайынан сипап, қолынан жетектеп есікке апарды. ­…Сонша ен дәулетке жеткенше армандап, айттырған жерінен айнып келген Үлкен үйінің қақпасынан асыға шыққан ­Хадиша аяқ-аяғына жұқпай жүгіріп елеске еріп Сарыарқаға сіңіп жоғалды». Осымен бірінші бөлім – тамам. Нұрия, Тауфиық, Заманбек пен Ергенбектің ары қарайғы өмірі – беймәлім, дерек жоқ, саудашының жайы – белгілі, Хадиша – зым-зия ғайып болды, демек қаза жетті, Төрегелді – өмірден өтті. Мораль – Жаратушы Жалғыз Иемнің жазасынан ешкім қашып құтыла алмасы сөзсіз. Автор позициясы – анық. Ол – жақсылықтың жаршысы ретінде әді­лет­сіздікке, озбырлыққа, қатыгездікке қар­сы күрес ашып, бел шеше кірісуге әзір…
Сәуле Досжан екінші бөлімді: «Қар­қаралының қырындағы Үлкен үй көптеген жыл бойы иесіз қалқиып тұр еді… Биыл көктемде сол үйдің ішінен ілгектеліп тасталған ағаш терезелері шалқайта ашылып, әйнектерін күн сүйді. Он шақты жыл бойы жабық тұрған дарбазасы да айқара ашылып, содан басталған Қарқаралының жалпақ қара тасы төселген жалғызаяқ жолмен ары-бері үйге көштің дүниесін тасып жігіттер мен келіншектер жүре бастады. Енді біреулері үйдің ішінен әлдебір заттарды сыртқа таси бастайды» деп жалғайды. Сырттағы ошаққа қазан орнатылып, оған шелпек пісіріліп, құран оқылған соң, Аудандық оқу-ағарту комиссариатының бастығы Өсер Шапанбаев бала-шағасымен Үлкен үйге қоныстанады. Нақақтан-нақақ өлтірілген жазықсыз жанның кепиеті соқты ма, қарғыс боп жабысты ма, әйтеуір осы жерге көшіп келгендерді, олардан кейінгі үрім-бұтақ, зәузатына маза бермейді. Оқиға дами, өрістей келе талай жанды жалмаған қырқыншы жылдардың қызыл қырғынына қарай ойысады-дағы, ал басы бүгінгі заманға келіп тіреледі. Ай толып туғанда үйді кезіп жүретін елес – жазушы суреттеуіндегі «ақ киімді адам», «ақ киімді орыс ақсақал», «ақ киімді біреу», «ақ киімді сұлба» Раушан, Әсиқа ана мен Ырыстыны кезек-кезегімен буындырады, сөйтіп, ығын-шығын көп болады: «Терезенің жібек пердесінің артынан ай сәулесі түсіп тұрды. Келіншектің төсегіне ақ киімді орыс ақсақал келіп аяқ-қолын сипалап, қуыршақтай етіп құшағына орап алды. Сәл ыңырсып қарсыласқаны болмаса Раушанның дауысы да шықпады». Мұның себеп-салдарын таппаған жұрт – көріпкел кемпірден көмек сұрауға мәжбүр. Роман финалында екі ақсақал – Шалқарбай мен Мәріпбек «анық көзбен көрмесе де, естігені бар, көрген-білген өмірлік тәжірибесі бар Үлкен үйдегі ғасыр­дың басында болған сұмдықтың шымыл­дығын ашады…». Осылайша, жүгірте-секірте айтып шықтық, бәрін түгел тәптіштеп сөз етуді қажетсінген жоқпыз, себебі қызығы кетер дедік. Тек оқыр­манға ой салу мұратында ырымын ғана жасадық…
Жалпы «Үлкен үйдегі үрейде» үш ­линия бар. Біріншісі – Алаш жұртының басынан кешкен ауыр ахуал, тарихи жағдай: «асыра сілтеу болмасын, аша тұяқ қалмасын» атты советтік саяси науқан, екіншісі – елді дүрліктірген елес, үшіншісі – адамдардың жай-күйі, тыныс-тіршілігі, тұрмысы, сол кезеңнің картинасы. Әр линияның өз функциясы бар. Романда жоғарыда аталған Еділ, Қарқаралы, Қарағанды, Омбы, Қазанмен қатар, Егіндібұлақ жайлауы, Лепсі, Семей үйезі, Түмен, Қорған, Ертіс, Есіл, Целиноград, Жамбыл, Шу, Алматы сынды топонимдер кезігеді. Бұл бір жағынан туындының жағрафиялық тұрғыдан кеңдігін, ауқымдылығын аңғартса, екінші жағынан жазушының қиял ұшқырлығы арқасында алыс-жақынды уақыт-кеңістік категория­лары негізінде көркемдік шешімін тапқандығын байқатады. Қаламгер – жер-су атауларының шығу тегіне жүйрік. Айталық, кітапта «Қырық қыздың ауылы» атты халық аузында қалған ескі мекен ­туралы былай делінген: «Аңыз бойынша бұл бағзы заманда Шыңғыс ханның Бату деген ұрпағының қызы жанындағы нөкерлері – қырық қызымен еліне қайтып бара жатқан жолда арқада қар қалың болып, қыстап шыққан орны деседі. Сол мекенде қанша жасқа келгенін кім білген кәрі терек әлі жайқалып тұр. Қоршаған таудың іші – ық, жел соқпайтындай».
Сюжеттің өрбуіне Зерліқан, Қантай, Ашқанбек, Тасболат, Жақып, Шәли, Ағабек, Ермет, Ақберен шал, Ауғанбай, Халиқ, Домбай қария, Жанатай, Қайрат, Сәнімкүл, Молдахмет, Люда – Лөде, Ақшәйі жеңге, Сағымбай, Шапанбай шал, Көбей, Мерей, Қуаныш, Қымбат, Санат, Перизат, Әйімқан апа, Серік, Қарлығаш Төкеновна, Бұлбұл, Марат, Әсира, ­Жазира, Жұлдызбек аға, Сара, Кәмила, Ұлжалғас апай, Меркүл, Дәмеш апа, Қалима секілді қаһармандар едәуір ықпал еткен-ді. Мұнда гипнологиялық сипат та аз емес. Шығармагер көркем бейнелердің түсінде аян берген тұсын ерекше екпін­мен суреттейді: «…Өсер үйге қасқыр алып келіпті, соның ішек-қарнын тура төсегінің алдына алып келіп ақтарып, сарыала тегенге салып жатыр екен. Бір түсі суық еркек (Мәзімбайға ұқсайды әскери киім киген) келіп: – Өсер, сені военком шақы­рып жатыр, алдыма түс! – деді де қаруын кезеніп үйден айдап алып шықты. Апасы Өсердің бар киімін түйіншекке буып, бас киіміне дейін қалдырмай қолтығына тығып беріп жатыр. Өзі жайшылықта жылауық кемпір ғой, жыламады. Қабағы тас боп қатулы. – Кебініңді алып кет, – дейді. Раушан жылап енесінің аяғына оралып жерде жатыр, маңайы былжыраған жаңағы қасқырдың қаны».
«Үлкен үйдегі үрейде» – готикалық роман­дарға тән ұқсастық, мистикалық сарын басым. Бұл ортақтық – елес, аруақ, Арсланның рухы. Автор көзге көріне бермейтін виртуалды кеңістікті, тылсым әлемді жақсы ашқан. Негізінен, готи­калық романдардың ең ірі өкілі – Теофиль Готье. Готика – XVIII ғасырдың екінші жартысында пайда болған әдеби жанр. Оған тән басқы ерекшелік: таңғажайып уақиға, қорқыныш, үрей, мистика, фантастика, елес, қарғысқа ұшырау. Gothic (ағылш. gothic – готика) – «ортағасырлық» дегенмен ұғымдас, мәндес. XVIII мен XIX ғасырлар тоғысында ол Англия мен Еуропаның біршама елінде өте оқылымды, сұранысқа ие жанрға айналғаны шындық. Готиканы М.Саммерс, Э.Биркхэд, Э.Райло, Э.Бёрк, Д.Варма секілді әдебиеттанушы-ғалымдар зерттеп-зерделеген-ді. М.Саммерс «Готика жолындағы ізденіс» атты кітабында аталған жанрға тән негізгі элементтерді жіпке тізіп береді. Бұлар – қорған, үңгір, үй, әке, қанды қанжар, жел, әйел, адамның бас сүйегі, көз жасы сіңген хат, қорқынышты дауыстар, елес, кемпір, емеурін, ишара,­ махаббат, өлім, үйлену. Егер де, осы белгі-символдарды есепке алсақ, онда аталмыш роман мысалынан готиканың қазақ прозасындағы адаптацияға ұшыраған үлгісін көреміз. Готикалық роман – XVIII ғасырдағы рыцарьлық мәдениет пен барокколық романға деген қызығушылықтан туған әдеби феномен. Оның негізін қалағандардың ең бастауын­да Х.Уолпол тұр. Жазушы-готик 1764 жылы «Отранто қорғаны» туындысын жазады. Оған еліктеп-солықтағандар көп болған екен. Осы жанрдың әсері Э.По да бар. Бұл сүрлеумен Ч.Диккенс те жүріп өтті. Б.Стокер де готикалық стильдің әсерімен вампиризм тақырыбына тыңнан түрен салды. Ол романның атауы – «Дракула». Жаңағы жанр XIX ғасырдың екінші жартысы мен XX ғасырдың басында ерекше­ дамыды. Оған мысал – А.Лемойнның «Жабайы роза» романы. Готикалық роман Стивен Кингтың «ужастик» жанрындағы шығармаларына да негіз болғаны рас. Бір қызығы, фэнтези мен готикалық роман­ның синтезі арқасында әдебиетте «қор­қынышты фэнтези» жанры дүниеге келді. Көп зерттеушінің айтуынша, кезіндегі готика трансформациялана келе, мазмұн жағынан өзгеріп, «діни сарынға ауы­сып­ты».­ Елес, аруақ образы Латын Аме­рика жазушыларының прозасында айы­рықша көрініс тапқанын айта кеткен орынды.
Қаламгер тілі – көркем, бедерлі. Сана­сақ, ерден гөрі, әйел кейіпкер саны ба­сымдау екен. Басты акцент соның ­тағ­ды­рына, басынан кешкеніне беріледі, қаламгердің өзі де нәзік жаратылыс иесі екенін ескерсек, кейде сынға алып, ал кейде жақтасып, жаны ашып тұратын тұстары да аңғарылады. Сәуле Досжан туындыға салт-дәстүр, әдет-ғұрып ­нышандарын да ретін тауып енгізген-ді. Мәселенки: «– Атам қазақ келіні ұл тапса – хан туды, қыз тапса – жан туды деп қуанған. Хан жақын ба, жан жақын ба? Жанымыз көбейсін, артынан ерер іні-сіңлілері көп болсын, – деп, әжесі Әсиқа қуанды. Ырым­дап Науаттың тақымынан әрі-бері өткізіп, Шолпанға бір дамбалын сұрап алып берді. Онысы Науат сияқты балағы­нан бала өрсін дегені». Сонымен, «Үлкен үйдегі үрей» – қарақты көзге айтары көп, композициялық тұрғыдан бас-аяғы жинақы, темпо-ритм-динамикасын жоғалт­паған, аз сөзге едәуір мағына сый­дыр­ған, сюжеті – шымыр, мазмұнды роман.

Р.S.

Түйіндесем, туған топырағы­мызда «Акметовтың үйіндей» қаншама үй, қаншалаған мекен, жер қойнына тапсырылмаған нешелеген мәйіт-сүйек болған десеңізші. Олар біз білмейтін, біз естімеген сыр бүккен, ішіне. Енді, соны ашу – руханиятқа шын жаны ашитын әр кісінің міндеті. Өйткені онда мол мұра-қазына, тауарих бар. Осы тұрғыдан келгенде, әлгіндей міндетті – Сәуле Мағазбекқызы Досжан ойдағыдай орындап шықты дегеніміз жөн.

Әлібек УӘЛИХАНҰЛЫ,
әдебиеттанушы

Нақты қайнары: http://www.elarna.net/koru_kk.php?tur=9&id=1049485
Пікірлер

Көрші сілтемелер