Еларна қолфон нұсқасына ену

Жүктеу-Албомым-Албомдар-Желі
Осы торды сақтаймын! | Осы торды бас бет етемін!

Біздің байланыс: elarna2012@gmail.com

Үш күнгы келушылер санағыКелген адам саны (IP)Көрілген бет саны (PWs)КомпйутерҚолфон
2019-10-211409463247 %53 %
2019-10-221435476533 %67 %
2019-10-237823143 %57 %

Айналамдағы адамдар (Әңгіме) — «Ана тілі» Ұлт газеті



Тіркеліңіздер Кітапхана Қожалар торабы Албомдар Қазақтың 1001 ертегісі

Түрі: Ана-тіл газеті

Жолданған уақыты: 20:42 - 2019/09/18



Айналаңда кім бар, кім жоғын ұзақ жолда ойлайсың, еске аласың. Ұзақ жол ойдың қалтқысы, ой-теңізде жүзіп отырып әрнәрсе есіңе түсіп, әркім көз алдыңды кес-кестейді. Әрине, қасыңда өзіңді түсінетін біреу болса, сөзіңе құлақ салып, өзіңе демеу болса.
Қаладан кеше келдім, бүгін тағы да жолдамын. Ұзақ та емес, қысқа да емес, қаладан келген мен секілділер айтып жүретін әжептәуір жол. Қасыма Тілес-Мкрчянды алдым. Соның көнтақа «Волгасы» шайқатылып, кедір-бұдыр жолда әредік майрампаздай секеңдеп қояды. Жеңіл мінезді жасөспірімдей секеңдеген ескі дөңгелектің кінәсі жоқ, бәріне жол кінәлі. Артымыз бұрқыраған шаң. Жүрген жолда ала шаңды аспанға үйіріп, иір-шиір із қалдырып келе жатқан екеуміз – мынау Тілес-Мкрчян бір кездері бәйгеторы атанып, қазір санаттан шыққан жеңіл көліктің иесі де, мен – қасындағы серігімін. Ол – сөзге жоқ «мылқау», дөңгелек рөлді бұрғанда армяндар тектес үп-үшкір мұрын ұшы дыбыс бергішке тигенше еңкейіп, «бап» дегенде өзі селк ете қалады. Иегі де мұражайдағы қу сүйек адамдікіндей сүп-сүйір. Сонан ғой, Мкрчян атанып жүргені.

– Қанша жер қалды? – дедім ауылдан шықпай жатып шыдамым таусылып.
– Жетеу.
Естіген жауабым осы. Ол да ойсыз емес. «Сыныптас табылмай қалғандай неге жер түбіне мен бара жатырмын? Тұрсынбай-Гардашқа мені неге ертіп келе жатыр екен?» деп ойлап отыр. Жеті шақырым бұлар үшін – Сібір. Өйткені ауыл баласы алысқа ұзамайды. Өмір дегенің бір дөп-дөңгелек қара қазанның ішінде қайнап жатыр. Әйтеуір қара қазанның оты өшпейді. Біз сол қара қазанға тамызық тастап жүргендерді көргенде бір жасап қаламыз.
Ауылға келсем, Тұрсынбай-Гардаш көрген жерде «қыдырмайсың ба-ей» дейді. Ал, қыдырдым. Қой сойып, бас қойғаныңды көрейін. Қой соятын бауыздау құдасы емеспін. Бар болғаны – сыныптаспын. Бірақ он жылың да оңай емес. Он жыл кәрі құда болмаса да, жасамыс құданың мерзімін атқарады. Сыныптас көп біледі, балалық шақтың айшықты беттерін тайға таңба басқандай ғып айтып береді, ең керегі, үш-төрт жылда ауылға бір келген адам бір-біріне үйірсек, әңгіменің ең тәттісі – бала күнгі көз алдыңда қалған ­карикатура-суреттер, қармаққа ілініп қалған жағымсыз іс-әрекеттің ешкім де сотқа бере алмас себебі мен салдарын ашып айту. Оған ешкім де тоқтау сала алмайды, мерзімі өтіп кеткен іс қаралмайды.
– Әре палда (омарта дегені) әре шағып жүрмей ме? – деді Тілес-Мкрчян сақтанып.
– Көреміз. Қонаққа ара тимейді, шақса ауылдағыларды шағады.
Тілес-Мкрчян әзілге жоқ, қабағын түйіп ап, рөлге құлай кетті.
Жолдың жартысын жүрдік-ау деймін. Мынау шошқа баздың орны. Шпанков пен Клава деген ерлі-зайыпты қақолдар осында шошқа бақты, екеуі де қазақшаға судай, кейін атақонысын іздеп, Украинаға көшіп кетті. Шпанков бір рет келгенде араққа сылқия тойып ап, ботадай боздап жылапты дейді. «Шошқа базымның иісін, ауылымның иісін аңсадым» деп, өксігін көпке дейін баса алмай отырыпты. Клава «қауынды сағындым» депті баяу сөйлейтін әдепті әдетіне салып. Кетерінде ел-жұрты екеуіне екі қап қауын арқалатып жіберіпті. Олар да қазір жетісіп жүрген жоқ шығар. Онда да саяси жағдай мәз емес қой. Жол түссе кездесерміз.
Қаладан шыға сала қаланы сағындым. Бір миллион сегіз жүз мың халқы бар Алматыға әбден бауыр басып кетіппін. Ақмешіт Астана боп тұра бергенде… бәрібір қиыр солтүстікке қоныс аударды ғой. «Ер тойған жеріне…». Біздің жақта лас дүниені айдап шығар бір әулекі самал соққанда жаның рақаттанады. Ақмешіт – Ақмешіт қой. Алматы да Алатаудың етегіндегі қоңырқай қала. Қаратау да таулардың атасы, кәрі тас «байқап сөйлеңдер!» деп, қонжиып қарап тұрғандай. Ақмола қалай екен? Қуаласа құйынға да шыдайсың. Адамзаттан сөз артылған ба? Ызыңдаған желді «нұрлы жел» деп атапты. Тілде сүйек жоқ. Тілде мінез бар, бірде маңдайдан сыйпаса, бірде бүйірден ұрады. Тілге тыйым жоқ. Тіл – өрттен де бетер, «өрт – тілсіз жау», тек өрт болмасын, сәбилер өртке оранбасын.
Айналамды Алматыдағы адамдар қаумалай бастады. Өзі, мынау ­жусаны ­жапырылып, қарасорасы тіп-тік боп қақайып өскен туған жерімнің топырағына мен неге тәнті болмаймын? Алматыдағылар да осы туған жерде өсіп-өнгендер емес пе деп, көңілім өз-өзімен қайшылыққа түсе бастады. Анау Оразқұл ағайдың жұмыр басы қылтиып қалды. Топ-томпақ ұрты «дүниедегінің бәрін мен жеймін» дегендей дөңкиіп тұр. Ол кісі Алматыдағы ең үлкеніміз. Жазу ­жазып, аты шыққан азамат. Мен бірде сол кісіге бір әңгіме айттым. Мәскеуден Шерлідегі немере інісіне қыдырып кеп, «сендей қазақтың екі аяғыңды бір етікке тығамын» деп, намысына тиген орысты жақын ағам алқымынан орып жібергенін жеткізгенде селк етіп, «қайтадан айтшы» деді қорқасоқтап. Ағамның айтқанын екі етпеймін. Сот қылмыскерге ату жазасын беріп, кейіннен Мәскеу соғыста болғанын ескеріп, жүрек тұсына қадаған Қызыл Жұлдыз орденін бағалап, өлім жазасын он бес жылға ауыстырғанын естігенде: «Осыны мен жазайыншы, ауылда жазатын нәрсе көп қой» деп, ағай тарпа бас салды. «Сен әлі жассың ғой» деп, қосып қойды. Жазсын. Адам келбеті әмбеге ортақ. Ойлап отырсам, өзімнен мүшел жас үлкен осы кісіге тигізген шапағатым аз емес екен. Талай қаламақысын атыма жаздырып алып бердім. Өзім жас коммуниспін, жалған ақшаның жарнасын да өзім төлеймін. «Мынау жарнаңа» деп, балаға бір сом ұстатуды білмейді. Бұл да біз сияқты коммунистерден құралған партияның уығы босап, шаңырағы шайқалған кез екен ғой. Айналамдағы ең жақыныма балап жүрген осы кісі мен Алаштың атышулы бәйгесіне қосылғанда қарсы боп қол көтерді. Өзімді бағалайтын айналамдағы аты дардай адамдар айтып жүріп, сол бәйгені ақыры алып берді. Оның атағы емес, ақшасы ғой бізге керегі. Қаржысы – қызыл қырман. Жақыным қол көтермесе де, Алаштың азаматымын. Ұзамай сол кісі өмірден озды. Құданың құдіреті, айналамнан алшақ ­кетерден бір жеті бұрын: «Ағалы-інілі боп сөйлесейікші» деп телефон шалды. Мен бара алмайтынымды айттым. Қатты кеттім бе, білмеймін, арадағы бір мүшел жас та ара түсе алмады. Өзі де, аға боп кекілімнен сипап, тайға мінгізген жоқ. Біз өзі, Қали айтпақшы, «аға деген ауруға» шалдыққан жұртпыз. Ағаның жаға болатын кезі жеткен жоқ па? Бұл жағынан тау халықтары алда. Тіл мен мінез шіркін айналаңа қаратпайды. Қызыл тілді қалтаға сап қашанғы жүреміз. Тілсіз қалай күн көреміз?
Міне, қара: «Омарта 3 км» деп, айда­лаға екі тілде жазып қойыпты. «Км»-сі «шақырым» дегені ғой. Мейлі, жақындай түссек болғаны. Бізді құртып жүрген де осы «мейлі» ғой.
Ауылда да ақсақалдар азайып қалыпты. Әкемнің көзін көргендер өмірден өтіп кетті. Хат тасушы Меңбай ғана тірі, кеше барып қолын алдым.
– Әкеңе рақмет! – деді маңдайында бармақтай безі бар шал әрең демалып.
– Атамзаманда өлген әкеме неге алғыс айтып отырсыз? – дедім біртүрлі боп.
Ол түксиіп қалды.
– Неге дейсің, ә?! – деді қайта демігіп. – Оу, мектепте болған кездесуде ардагер әкең немісті қалай қырғанын, Берлинді қалай алғанын айтып кеп… сабақ басталатын уақыт болғанын білдіре алмай тықыршыған зәвушке қарап: «Не, тілегімді айтайын ба? Асығып тұрсың ғой, – депті көзі ақиланып. – Тілегім – Мәркс жасасын, Ленин жасасын, сосын анау пошталион Меңбай жасасын» депті ғой, жазған. Сен соның аузынан түскенсің ғой, – дегенде, әкемді мақтаныш тұтып, төбем Көкке екі елі жетпей қалды.
– Неге әкемді көсемдермен қатар қойдыңыз? – дедім шыдамсызданып.
– Оу, мен күнде түстен кейін кәзит таратамын. Сенің әкең ауданнан шығатын «Өскен өңірді» оқымаса буынып өледі ғой. «Өскен өңірге» әбден шөлін қандырғаннан кейін барып, облыстық «Ленин жолы» мен «Социалды Қазақстанға» үңілетін. Әкең сондай әккі адам еді. Сен соның қалдығысың ғой.
– Бала әкеден бір сүйем кем туады.
– Иә-ә, – деді деміксе де, қалың ернін шүйіріп, бір атым насыбайды әрең салып. Сен, өзің, «Өскен өңірді» жаздырып аласың ба?
Үндей алмадым. Аудандық газет түгілі, республикалық басылымға басымызды ауыртпаймыз. Әлеуметтік желіге әуейі боп жүргеннің бірі – өзіммін. Шал бәрін мойын­датты…
Кедір-бұдыр жол – қиял-теңізде қалтқы боп қалқып келемін. Қайран Алматы, көркің қандай сұлу еді. Дүниежүзіндегі ең әсем қаланың бірі деп текке айтпаса керек. Тек мәшине көп, моторсыз өмір жоқ. Біздің халық намысшыл, белесебет тебуге арланады. Алпауыт Пекинде битше өріп келе жатқан белесебет, түтіні аз жердің өкпесі де таза. Біздің аулада төрт дөңгелекті есіктің алдына әкеп, кірер есікке тұмсығын тіреп қояды, олар әрлі-берлі қозғалақтаған шалдарды басып кете жаздайды. Оның жүргізушілері де сол шалдардың немерелері. «Қой» деп тойтарыс бере алмайды, кекілінен сипаған сідігіне қазақша түсіндіре алмайды, қоғамға қалай тойтарыс берсін дір-дір еткен кірпияздар. Ағалар алқасы деген де бос сөз боп қалды. Адам факторы болғанмен ақсақал факто­ры­нан айырылып қалдық. Бұрын ақса­қал­дар жиылып барып елдің кем-кетігін бірінші басшыға айтып шығушы еді. Бұрын есік алдында мәшине түгілі, адам айнала­сына сақтана қарап, әрең жүретін, өсіп тұрған қызғалдақ пен шыршаны құрмет­тейтін. Қазір төрт дөңгелектің күтімі адам­нан бетер, мотор қызғанша қышқыл түтінді сіміріп жүргеннің бірі – өзіммін. Түтінсіз мотор ойлап тапса ғой басы істей­тіндер. Ащы түтіннен сәл ада, есік алдына тақау саябақта итпен қыдырған кәпір мен мұ­сыл­манды көресің. Баяғы «Итпен қы­дыруға болмайды!» деген тақтайшаның бәрі түбінен жұлынып тасталған. Сол жерде кезінде кілең ағаш атқа мініп, алға шапқан үлкендердің сөзін тыңдап, көзіне қарап, қайсысы өтірік, қайсысы шын сөйлеп тұр деп саралап жүрсем, өзімнен сәл үл­­кендеу бір жігіт кезіккен жерде маған ақыл айтты. «Бұлармен қыдырма, бұлардан түк те ала алмайсың» деді бір тырнағын ішіне бүгіп тұрып. Шынында, тоқсанға тақаған шалдардың сөзі қағазға басқан мөр секілді, пікір қосып, ештеңені өзгерте алмай­сың. Қонаев қай жылы түсіп қап, қай жылы қайта таққа отырды, Әшімов неше жыл мі­ністірлерді бір шыбықпен айдады, Камали­деновтың соңғы сапары неге жүдеу болды – кілең осындай ҚазТАГ хабарлары. Тек бір ғана әйел дәрігері (өздері «гинеколог» деп атайды екен) бозқырау сақалыма шүйіле қарап:
– Осы, саған ақша жинап, бір станок алып берейік те, – деді жып-жылтыр беті түк сезбестен.
– Ақшам жетеді.
Екінші күні осы сөзді тағы қайталады.
– Ақшам жетеді дедім ғой. Бір мекемені басқарып отырмын. Қырғыштың үйде жүзі жатыр. Бірақ, сіздерде… – мен де күлімсірей қарадым. Гинекологтың түсі өзгеріп кетті, өзі шыбық тимес шыңқ етпе екен. Кілең бет-аузы жып-жылтыр адам­дар әңгіме басталмай жатып күлкіге қарық болды да қалды. Күлетіндей сонша не айттым? – «Мұсылманның көркі – сақал-мұрт». Сіздер, ең болмаса, неге мұрт қой­май­сыздар? – дедім. – Әкем Берлинді алған, өзім Ауғанды көріп қайттым, мына­лар­­дың бекінісіне шабуыл жасау маған түк емес.
– Мешает, – деді гинеколог.
«Ә-ә-ә, тамақ ішуге мұрт кедергі келтіреді екен ғой».
– Тұқымға сақал берейін.
– Сен өзіңнен үлкендерге қалай-қалай сөйлейсің?! – деді әйел дәрігері шарт етіп.
– «Ауылыңда қарт болса, жазып қойған хатпен тең» деген екен бұрынғылар. Мен сіздерден хат түгілі, конверт те көре алмай тұрмын.
Жып-жылмағай Коммунистік партия­ның солдаттары сүлесоқ күйде қалды. Бұры­лып кетіп қалдым. Қайтып оралмадым. Әлгі маған ақыл айтқан жігіт солармен бірге жүр. Жағасы жайлауда, төсі қыстауда. Ол да көсенің өзі, солардың санын көбейтіп, сапында жүр. Өзі өмірде сақал-мұрты жоқтар сақалдыларды сыйғызбайды екен…
– Шыда! – деді Тілес-Мкрчян саңқ етіп. – Бір шақырым қалды.
Борпылдақ топырақ таусылып, мәшине дөңгелегі тек бұдыр-бұдыр ғып сызып өтер соры қалың қара жер басталды. Аржағы айқай дала. Бұл жерге менің әкелерім күріш еккен. Сол жердің сорын сумен шайып кетіріп, атыз соғып, ақ маржан өсірген. Оны Қиыр Шығыстан келген кәрістер үйреткен. Қарашы, айналамда солардың кетпенінің табы жатыр. «Күріштің арқасында күрмек су ішеді» деген мәтел сол қысық көз ағайындар еккен егіннен кейін айтылған сөз. Сол кәрістермен де аралас-құралас, құда-жекжат боп кеттік. Ең ғажабы, олар ала­қа­нына сап әлпештеген ұл-қызын қазақша оқытып, қазақша сөйледі. Біздің тұрмыс-салтымызды сыйлады. Тіліңді құрметтеген адам дініңді де құрметтейді. Мұсылман дініне кіргендері дәрет алып, жаназада қатарға тұрды. Тіліңді тамылжытып сөйлеп тұрған адамға ішің қалай жылымасын.
Бір шақырымда тағы бір адам көз алдымнан көлбеңдеп өтті. Осы бұйрабас кісінің кәсібі жазушылық, сүйсініп оқитын ештеңесі болмаса да, көрнектілердің қатарында аты аталып жүр. «Парасат» ордені бар, «Құрмет» орденін алғандар: «Парасатты сізден үйренеміз ғой» деп, асты-үстіне түсіп жатады. Ол кісі отырыс бола қалса шәйнекпен арнайы шәй алдырады. Өзі баптап, өзі құяды. Міне, тағы бір отырыс. Өзіне қарасты жерлес інілеріне бір-бір кеседен құйып берді. Тіпті әудем жерде менің қасымда отырған ауылдас інісіне бір кесе жіберді. Маған мезірет жоқ. Қасындағы менімен сыра-дос жігіт ­сыбырлап еді, «Сен де ішесің бе?» деді түсін суытып. «Ішем!». Шәйнекті еңкейткенде болмашы сарқынды су құйылды да, қақпақ төңкеріліп түсті. «Несібең аз екен» деді түбінде көк шәй жылтыраған кесені ұсынып. «Несібе Алладан» деп, қолымды соза қоймадым. «Қырсығын қара…». «Қырсық қып өсірген өздеріңіз ғой» дей бергенде, қасымдағы жігіт қолтығымнан демеп, «Жүр, кеттік» деді. Шәйнекті қоршап, шәй ішіп, терлеп-тепшігендер тым-тырыс қала берді…
– Жеттік, – деді Тілес-Мкрчян маған жалт қарап. Ол да қиналып келеді. Кедір-бұдырда көлік жүргізу оңай ма, оның үстіне ішіне ит өліп жатқан үндемеске.
Қаз-қатар тізілген ағаш жәшіктер көзге әдемі көрінеді. Қасында ат мінген біреу жүр. Мыржықы «Волга»-ның дөңгелегі қара жерде қылтиып тұрған көк шөпті жапырып, ытқып келеді. Мынау Тұрсынбай-Гардаш қой. Сыныптастары екі жыл әскерге әрең шыдап елге келгенде, ол Тынық мұхитта теңізші-гардемарин боп үш жыл жүрді. Сонан жұп-жуан бұқа мойнымен кеме сүйреткен жігіт Гардаш атанып кетті. Ол бала кезден сауысқаннан сақ, көзі қырағы. Құдай біледі, мәшине ішіндегі мені танып қап атын тебініп, қарсы жүрді. Қасына тоқтаған ескі «Волганың» есігін ашар-ашпастан маған тақап кеп: «Кім шақырды?!» деді кері сиіп. Маған осы жетеді.
Мен сыпайы сөз емес, қырсық сөз іздеп келдім. Қарсы алдымда қырсықтың көкесін көріп тұрмын. Ол ат үстінде, ат мінген адам биік тұрады. Тілес-Мкрчян да бір қыжылы бардай омарташыны басып кете жаздап, ат тұмсығына тақай тоқтаған мәшиненің моторын өшірді.
– Мына… қаладан келгендер, бағдар­шам болмағасын… – деді.
Тағы да шабуыл. Светофорды бағдар­шам деп тұр. Жаным еніп барады. Айта түс, құрдас, маған қазақы тілдің осылай шақ­қаны керек. Мен ережеге ба­ғын­байтын қисық сөз естіп, қырту үшін келдім…
***
– Сені неге ара шақпайды? – деді Тұрсынбай-Гардаш таңғала қарап. Маңдайы тақтайдай жап-жалпақ, ­мойы­ны­ жұмыр бөренедей тұтас, маңдайдан басталған алма беті топ-томпақ, мына кейпіне қарап, әскерден келгесін өзі айдаған шарнирлі «Беларусьтің» тұтас бітімі көз алдыңа келеді. «Беларусь» от алғанда ышқынып оталса, бұл да бір жылда бір күлгенде жан-тәнімен ышқынып қалады.– Кеше анау Жолдыбай-Вермут кеп еді, қып-қызылды ара шағып алғанда даусы ақ арақтан да ащы шықты. Анау мешкей Әбіл-Аппетит қасында. Жаңа балдан жалай бергенде, «менің еңбегіме неге қол сұғасың?» дегендей, бір ара шүйлігіп кеп баж еткізді. Сен, қаның ащы бәлесің ғой, жоламайды.
Төбемде қысқа қанат «АН-2»-лер шүйіліп жүр.
– Қаладан келдік қой, – деп ыржың еттім. Алдыма қойған бір астау балға ағаш қасықты тигізіп ап, жұғынын жалап отырмын. – Тәубе!
– Тәубешілін! – деп, қырлы стақанға ақ арақты меймілдете құйды. – Қойшыға барсаң, қой сояды. Мен бал жалатып, арақ берем.
Мен осы отырысыма разымын. Тәубе­шіл болғанға не жетсін. «Таза адамды ара шақпайды» дегенді Буниннен оқығам. Біз оқымаған не қалды? Адам аңмен соғы­сады, акула балықты қуып жүріп жейді. Тірі жанның соғысы біткен бе? Мен де мынау Тұрсынбай-Гардаштың арасы шақпай аман кетсем болар еді. Жан-жағыма қарасам, қылауы жоқ жап-жасыл дүние. «Табиғат – шіркеу емес – шеберхана, адамзат оның қызметкері» демей ме ­Тургенев «Әкелер мен балаларында». Осыны айтсам ба екен? «Сонда не дегің келеді?» десе, мынау мені жеп қоя жаздап одырайып отырған құрдасым. «Оны аялап, аяқасты етпей сақтауымыз керек…». «Сен маған ақыл үйретейін деп келдің бе, қойдың маңырағанынан қорқатын жанаяр» деп, ­Бунин мен Тургеневке қосып, айдап шығады. Құдай біледі, сөйтеді. Онан да тып-тыныш отырайын. Бала күнімізде «артты қысқан бай болар» деген мәтелге қызығып, бір-бірімізге жиі айтатынбыз. Енді сол мәтелді өзіме-өзім айтып отырмын.
– Алып қой, – деді қабағын шытып.
Тартып жібердім. Жүз грамм ішкен қазақ баласының жүз шаршы метрлік желі болады, ара түгілі жылан шақса да қыңқ етпейді. Екі у, сірә, бір-бірін ала алмайды.
– Сен осы неге мас болмайсың? – деді омарташы таңырқай қарап.
Кеше ішкендікі ме, екі тартқаннан кейін-ақ дыңғырап қалды. Бетінің жылт-жылт еткен қызылы көбейіп, шабақша бүлкілдеп, маған қарай жүзіп келе жатқан секілді.
– Қаным таза ғой.
– Сондай бір бәлең бар. Біз сүндетке отырып жатқанда сені періште кесіп кетті. Қожаның бәкісінен де құтылдың. Әскерге де бармадың. Оқымаған оқуың жоқ. Кілең өмірдің ық жағында жүресің. Жанаяр!
– Зато, қаным таза.
– Тілді бүлдірме! Зато дейсің. Қала­дан келгеніңді білеміз. Сендер тілді бүлдіріп жүрген. Сендер ел басқарып жарытпайсыңдар. Елбасы бір жиналысында: «Қызылордада екі қазақ отырып бір-бірімен орысша сөйлеседі» деп, ішек-сілесі қатып күлді. Мен болсам, айтар едім: «Қызылордада ешкім орысша сөйлемейді, өйткені олар орысша білмейді» деп. Сендер үн-түнсіз тыңдап отыра бересіңдер. Сендерден робот жақсы, басып қалсаң қалбалақтап, айтқаныңды істеп жүре береді. Жапонияда қожайынын боқтаған роботтың сотталғанын білесің бе?
– Неше жыл беріпті? – дедім шыдай алмай.
– Үш ай тоқтан ажыратып қоюға үкім шығарыпты. Адвокат: «Бәленің бәріне роботтың жобасын жасаған программист кінәлі» деп, жеңіл жаза сұрапты. Сендер де кнопкаға бағынған темір-адамсыңдар ғой. Не, сонда ұшып тұрып бір ауыз айтсаңдар, бастарыңды ала ма? Елбасы да Адам ғой. «Яблоко» партиясының мүшесі әнебір кемпір «саған сенбеймін» деп, Путинді алмамен жіберіп ұрып еді, қағып алып, «қандай тәтті алма» деді қарш еткізіп бір тістеп. Нанбасаң, КТК-ның былтырғы 22-ші әпрелдегі хабарын тексеріп көр. Дәл Лениннің туған күні.
Мынауың қалай-қалай сілтейді. Менің жаным екеу емес, мынанікі… Бетіне шұқшиып қарадым. «Мынау мені ұрып жібермес пе екен? Тіл үшін таяқ жеп қайтпасам… Мейлі, «бас жарылса, бөрік ішінде». Бізді құртып жүрген де осы «мейлі» ғой. Қазақтың ұлылығы – шыдамдылығында». Бөтелкені сарқып құйды. «Ақшаға келді ғой» деп, жұмыр бөтелкені аузын арандай ашып тұрған қырлы стақанға еңкейткенде тентек судың «тук» деген дыбысы естілді. Сосын «Тварь»-ді басынан асыра лақтырып жіберді. Жерде­ аунап жатқан жұмыр бөтелкелердің «Воздух»,­ «Синяя гора», «Тварь» деген атаулары көзге түседі. Тек бір «Қазақстан» деген әбден көнерген бөтелкенің атауы шаң-тозаңнан көмескі тартып кетіпті. Ауылдағылар коньяк ішпейді, тек ащы ішіп, ащы сөйлейді.
– Тартып жібер де, тай! – деді ­Тұрсын­бай­-Гардаш. – Бүгін менде дәрет алатын күн, сендерше айтқанда, санитарный день. Бұл күні бұл маңға ешкімді ­жолатпаймын, омартамды моншаға түсірем. Тек, сен, алыстан келгесін ғана артым босап кетті.
Мынау мені қуудан тайынбайды. Бала күннен тірлігіне мәттақам еді. Кітапты гәзитпен қаптап қоятын да ер балдардың ішінде бір өзі-тұғын. Әйтпесе, өмірі трак­тор айдаған бала атын естімеген удай араға жақындап, омарта ұстай ма? Кәсіпкерліктің басқа түрі құрып қалды ма? Иә, біз үшін араның тұмсығы ащы, балы тәтті. Гардаш оқымай қалды. Ньютонның маңдайына түскен алманы сабақта көріп тұр­ғандай ғып айтып, жердің тартылыс күшін дәлелдегенде, «физика-ағайдың» өзі аузын ашып қалған, сосын: «Әй, сен Нью­тонмен бірге жатып па ең?» деп күбір ете қалған.
– Шаруашылығыңды көрейік те. Ит өлген жерден келгенде…
– Мен шақырған жоқпын, – деді қас­қая қарап. – Кәсіпкершілікпен айна­лыс­қалы бірінші рет естіген жылы сөзім. Шөп басын сындырайық, – деді сәл жымиып.
Қаз-қатар тізілген жәшіктердің іші ызыңдаған «АН-2» тектес тік қанаттар. Төртбұрыш жәшік – төртбұрыш түрме секілді. Жер бетінде түрмесіз өмір жоқ, қылмысқа тыйым жоқ. Түрмеде де адал еңбек етіп, адамға жақсылық жасауға болады. Тек оларға тұтқын деп қарамау керек, адамзатты тең санау керек. Қызып қалған пендеңнің қиялы жүйткіп барады. Қарашы, ара атаулының бәрінің сұрқы бірдей, бірақ бұлар да біз сияқты бөлініп, бір-бірін көзге шұқитын шығар. Іштерінде билік айтатын біреуі бар болар, онсыз болмайды ғой. Мейлі, жүзге, руға бөлініп, шабыспаса болды, ол қасиет адамнан артылмай-ақ қойсын. Қиялданып жүріп, мынадан сөз естіп қалар ма екенмін? Қып-қызыл жолдыбайға «Вермут» деп ат қойып еді, өзі де «Вермут» пен «Портвейннің» арасы боп тұр. Дүрдиген ернін тістеніп алып, сол еріннен тақтада тұрған білгіш оқушыдай нақпа-нақ сөз шығарды.
– Араларым бір жетіде бал тышады. Ол кезде ешкімді маңына жолатпайды. Қызғанып, шағып өлтіреді. Сенің қатыныңды қызғанғаныңдай…
Мынау әбден сілікпемді ­шығарды-ау.­­ Бірақ айтқан сөзі майдай жағып, жаным рақаттанып барады. Әр сөзі жанымды самал боп сипап өтуде. Қазақы сөздің ­құдіреті-ай,­ көптен қазақы сөзді естімеп едім, жалпақ тілді сондай сағынып қалыппын. Анау есік алдындағы саябақта қыдырыстап жүрген бетінде қылтанағы жоқ үлкендер сиез бен пленумнан басқа сөз айтпайды, айтпайды емес-ау, білмейді, олардың сүйегіне қазақы сөз сіңбеген. ­Солар қашанғы құл болып қол соғып жүрер екен? Солардың кейінгілерге үйретері бар ма? Көгілдір экранның тәлімі де шамалы, Үкімет адамдары «ң»-ды айта алмай ыңыранып тұрады. Аударма кинода қазақша сайрап тұрған орыс пен негрді көреміз, өзіміз шығарған қазақша кино кейіпкерлерінің тілі шатты-бұтты, былдырлап бірдеңелерді айтып, жаныңды қинайды. Солардың бәрін Тұрсынбай-Гардаштың арасына шақтырып алса ғой. «Айта түс, Гардаш, тағы да айтшы» деп рақаттанып тұрғанымда сыныптасым солдат­ша саңқ етті:
– Тағы бір «Воздухтың» басын кесейін. Омарташыда соятын қой жоқ, біздің ­малымыз осы.
– Гардаш, ырзамын, мың мәрте ырзамын. Қолыңды қандама. Ауаңды жұттық, біздің ауылдың ауасындай ауа бар ма екен жер бетінде.
– Оны сендер білесіңдер. Ішпесең дорбаңа сап жіберем.
Қаз-қатар тізілген жәшік. Ішінде қож-қож еткен қанаты қысқа Жаратқанның жәндігі. Енді бір жетіде еңбегінің дәмін татады, небір гүл мен шөп шырынын таңдап жүріп, денесіне жиған ол адамның тілін үйіріп бал береді, сол сәт тұла бойы жеңілдеп, диқанның алтын күзіндей ­маужырап жүреді. Бір кілә бал беру үшін ара екі миллиондай гүлді аралап шығады екен. Бұны да Гардаштың аузынан естідім. Бал тышқанда ара қызғаншақ боп кетеді дейді. Бұл – тіршілікке тән нәрсе. Еңбегін кім қызғанбайды. Қазір не көп, ұры көп. Олар ақша мен мал-мүлікті қойып, Адам ұрлайтын болды. Адам сататын болды.
Тілес-Мкрчян ұрттаған жоқ, қайтқысы кеп тықырши бастады. Мынаның сөзінен де жалықты, ол болса өзіне келдің-ау, кеттің-ау деп, мойын бұрған жоқ.
– Айтпақшы, кеше ана Жолдыбай-Вермут пен Әбіл-Аппетитке уы жоқ араны жібердім. Шақсын деп, әдейі жібердім. Олар у шашпайды, адамды байқап көреді. Тұмсығы тиер-тиместен екеуі де баж ете қалды. Екеуінің де қаны таза емес. Саған да жібердім. Бірақ… – деп, тосылып қалды.
Басымда қожылдап ара ұшып жүр. Шынында, шағайын десе ыңғайлы жерімді таба алмай жүр-ау деймін.
– Мен қонағымды осылай тексеремін. Араның аузына түспейтіндер ішінара біреу ғана. Соның бірі – сенсің, – деді де, ытқып ішке кіріп кетті. Ілкі сәтте салпылдатып қоңыр дорбаны қолына ұстай шықты.
– Мынау басы кесілмеген «Воздух». Қазіргінің тазасы да, сіңімдісі де осы. Жанаярсың ғой, әйтпесе осы жерде-ақ жайратып тастауға болар еді. Ащыдан қашасың, тәттіге құмарсың. Тәтті табыла берсе…
Сол қолында кішкентай банкі толы бал.
– Қойшыға барсаң қой сойып, балаңа тоқты атайды. Біз бал береміз. Балаңа апарып бер. Әйелің де дәмін татсын. Кілең тәттінің дәмін татқан әйелдер ғой…
Сонда ғана Гардаштың осыдан төрт жыл бұрын жұбайы қайтып, әлі бас құрай алмай жүргені есіме сап ете түсті. Мен өзі туған жердің ауасына мас болып, ара шаққан адамдарды ойлаймын деп, бәрін ұмытып кетіппін. «Құдай жалғыз – мен жалғыз» деп жүрген жайы бар. Бір сәтін салған күні серік боп біреу кезігер. Ауылға жеткесін сыныптастарыма «біреуді таппайсыңдар ма?» деп сұрау саламын. Бәрі, Құдай біледі, Гардашты айтсаң, «Бәледен машайық қашыпты» деп, ат-тонын ала қашады. Буниннің бір кейіпкері теңізде 804 күн жүзеді. Мен Гардаштың қасында тұп-тура үш сағат отырдым, мен үшін кітаптағы 804 күннен бір де кемдігі жоқ.
Ескі «Волга» өкпе ауруы бар адамдай күркілдеп барып оталды. Ол төрт бұрыш жәшіктеріне – құжынаған араның үйшігіне қарай бұрылып кетті. Жұрт сияқты соңымыздан қарап қалған жоқ, қолын да бұлғамады.
Мәшинеге отырғасын әбден ығыры шыққан шопыр Тілес-Мкрчянға:
– Неге біреуді тауып бермейсіңдер?! – деп наз айттым.
Ол біздей мұрын ұшы әп-сәтте қыза­рып, ызалана тіл қатты.
– Оған адам шыдай ма?
Сылқ түстім. Алыстағы әйелімді, балконға қаңғып кеп ұя салған араның ұясына үңіліп, маңдай-пешенесінің дәл ортасынан шағып ап, бір минөтте Адам-карикатура боп шыға келген немеремді ойладым. Гардаштың да маңдай-пешенесін туа сала бір ара оңдырмай шаққан, соның уы әлі тарқамай жүр. Мен бұл жерге әлі келемін. Соңғы сапарым емес шығар, неге сонша «ә» десе «мә» деп, тақпақ айтып отырмын. Енді келгенде бәрін де жолға қоямын, тіпті Украинаға көшіп кеткен Шпанков пен Клаваны да сөз ғып, соңынан іздеу саламын. Олардың Вовка деген баласы біздің сыныптас еді ғой.
Тілес-Мкрчян да жылдамдыққа жыл­дамдық қосып, газды баса түсті. Жолдың кедір-бұдырына көз үйреніп, көңіл тыншыды. Қайтар жол қашан да жеңіл.
– Айттым ғой, оған ештеңе ұнамайды деп… – Ол ішімдегіні айнадан көргендей ызалана сөйледі. – Қасында өзіне ең сенімді серігі – аралары бар. Келген қонақты тексеруден өткізеді. Арақ ішкен адамды ара шақпайды деуші еді. Ана екеуі енді бұл жерге жоламайды… – Шопыр бір қолымен ішін басып, сықылықтай күлді. Тоқтар емес. – Бірақ… қайда кетеді дейсің, ертең-ақ жетіп келеді. Таза ауа жұтамыз деп…
Терезеден басымды шығарып, жүріп өткен жолыма мойын бұрдым. Тап-тұйнақтай Тілес-Мкрчян «не жоғалттың» дегендей жақтырмай қарады. Оның келіп-кетіп тұрар жақындары бар. Жанына жақын аралары бар. Келген қонақтың шаққанын шағып, шақпағаны аман қайтады. Араның уы ем, бойдағы анау-мынау суықты, әсіресе, бел ауруды айдап шығады дейді. Адам­ның өзі таза жүрсе, ауру жоламайды, бар бәле өзімізден. Қайдам, енді келгенде осы­ның бәрін сыныптасымнан сұрап, талқыға салармын. Оған да едәуір мәуліт керек.
Қалалық боп келіп едім, далалық боп шалқып келемін. Омарташы сыныптасым да айналамдағы адамдардың бірі боп, кейін қалып барады.

Қуандық ТҮМЕНБАЙ

Нақты қайнары: http://www.elarna.net/koru_kk.php?tur=9&id=1049471
Пікірлер

Көрші сілтемелер