Еларна қолфон нұсқасына ену

Жүктеу-Албомым-Албомдар-Желі
Осы торды сақтаймын! | Осы торды бас бет етемін!

Біздің байланыс: elarna2012@gmail.com

Үш күнгы келушылер санағыКелген адам саны (IP)Көрілген бет саны (PWs)КомпйутерҚолфон
2019-12-131401443142 %58 %
2019-12-141793576056 %44 %
2019-12-15990219961 %39 %

КІТАП МЕРЕКЕСІ — «Ана тілі» Ұлт газеті



Тіркеліңіздер Кітапхана Қожалар торабы Албомдар Қазақтың 1001 ертегісі

Түрі: Ана-тіл газеті

Жолданған уақыты: 22:56 - 2019/09/11



Алматыда кітапқұмар жандардың бір-бірімен жақын танысып, ой бөлісіп, пікір алмасуына мүмкіндік жасаған, оқырманын сүйікті жазушысымен табыстыратын кітап фестивалі өтті. Биыл алтыншы мәрте өткізіліп отырған «KitapFest»-тің оқырман арасында беделі жыл өткен сайын артып келеді. 

Кітап оқу мәдениетін қалыптас­ты­рып, жазушы мен оқырман үшін ортақ алаң құру мақсатын көздейтін игі шараны «Бауыржан» қайырымдылық қоры ұйымдастырып, Алматы қалалық әкімшілігі қолдау білдірді. Құрамына 26 кітапхана енетін Алматы қаласы орталықтандырылған кітапханалар жүйесі белсенді жұмыс істеп, өз шатырында «Жаңа гуманитарлық білім. 100 жаңа оқулық» жобасы және «Отбасы хрестоматиясы» авторларымен кездесу өтіп, Талдықорғаннан арнайы келген ақын Айнұр Төлеудің «Отқарағы», Шыңғыс Мұқанның «Көшбасшылық» кітабының таныстырылымы өтті.
Шараның ұйымдастырушылары кітап оқу дағдыға айналып келе жат­қанын, әсіресе жастардың қазақ­стан­дық жазушыларға бет бұрғанын айтады. «Әу баста кішігірім кітап алмасу ретінде басталған жобаның қанаты кеңейіп фестивальге айналды. Әлемдік тәжірибеде мұндай фестиваль үш күн, бір апта өткізіледі. Келесі жылы еліміздің Шымкент, Қарағанды, Ақтау, Ақтөбе сынды 18 қаласында ұйымдастырсақ деген арманымыз бар. Биыл Жастар жылы аясында Нұр-Сұлтан қалалық әкімдігінің, қала жастарының қолдауымен еліміздің бас қаласы Нұр-Сұлтанда ұйымдастырдық, өте жоғары деңгейде өтті. Жастардың арасында кітап оқу сәнге айналды, әсіресе өзіміздің жазушылардың еңбегін оқу үрдісі артып келеді. Бұл қуантарлық әрі құптарлық. Біздің ­басты мақсатымыз да кітап оқуды ­насихаттай отырып, оқырманның кітапқа деген құрметі мен сүйіспеншілігін арттыру»­ дейді «KitapFest» жобасының үйлестірушісі Майра Оразмұханқызы.
Фестивальдің мақсаты – кітап оқуға сүйіспеншілікті арттыру, қазақстандық баспа үйлері мен кітап дүкендерін, жазушыларды қолдау дегенімізбен, кітапқұмар оқырман үшін де ұтымды екеніне көз жеткіздік. Осы ұтымды тұсты пайдаланып, баспаның бағасы­мен қалаған кітабыңызға қол жеткізуге мүмкіндік мол.
Қаздай тізілген кітаптарға үңіле түскен көпшіліктің «Атамұра» баспасының өнімдеріне ілтипаты ерекше екені байқалды. «Атамұра» кітап дүкенінің қызметкері Мәдина Мақсұтқызының айтуынша, жастар, әсіресе жасөспірімдер тарихи ­романдарды, шетел әдебиетінің қазақ тіліндегі аудармаларын көп оқиды екен. Сонымен қатар Ә.Нұршайықовтың «Махаббат, қызық мол жылдар», «Ақиқат пен аңыз», Қ.Жұмаділовтың екі томдық «Дарабозы», «Соңғы көші», О.Памуктың «Менің атым Қырмызы», «Сезім музейі» сұранысқа ие екенін жеткізді. Бүгінгі шарада Қыздар университетінің, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің, Т.Жүргенов атындағы өнер академия­сының студенттері көп келгенін, М.Мақа­таевтың «Аманаты», Дулат Исабековтың «Гауһартасы», ­«Бо­на­парттың үйленуі» және т.б. ­шы­ғармаларға қызығушылық жоғары болғанын атап өтті.
Тағы бір байқағанымыз – кітап жанашыры, «Мазмұндама» қорының жетекшісі Шыңғыс Мұқанның айналасына үлкен-кішілі оқырманның көп жиналып, емін-еркін сұхбат құруы. «Сіздің қанша кітабыңыз ­сатылды?» ­деген қызығушылықпен қойылған сауалға «Фестивальдің мақсаты кітап сату емес, кітаппен таныстыру ғой. Кітап дүкенде де ­сатылады» дей келе, жақында жарық көрген «Көшбасшылық» кітабына, «Мазмұндама» қорының жұмыс ­жоспарына тоқталды. Оның айтуынша, көшбасшылық тақырыбы әлемде 7,5 мың кітап болып жазылған екен. «Елдің бәрі ағылшынша білмейді, соның ішін­дегі оқылымы жоғары он кітаптың қай­мағын қалқып алып, әр кітапты маз­мұндап, осы кітапқа бердік. Демек, бір кітапты оқыған қазақ баласы он кі­тап­тың құндылығымен танысады, яғни бір кітапта он кітаптың жүгі бар» деді ол.
Биылғы фестивальдің жаңалығы десек болады, әлем әдебиетінің ең танымал кітаптарын қазақ тіліне аударып шығаратын «Steppe and World» баспасының негізін қалаушы Раиса Сайрақадырқызымен тілдесудің сәті түсті. «Біз, әсіресе балалар әдебиетіне көп көңіл бөліп жатырмыз. «Анна Франктің күнделігі» мектептің оқу бағдарламасына енуі тиіс еңбек. Бұрын қазақ тілінде сөйлемеген кітаптың ресми авторлық құқығын алып, қазақша шығардық. Оқырман, әсіресе жасөспірімдер осы кітапты оқу ­керек. Аударма деген оңай емес. Жұмыс та, жоспар да көп. Мақсатымыз – қазақ тіліндегі сапалы кітаптың ­санын көбейту» дейді Моңғолияда туып, өмірінің жетпіс пайызын Таяу Шығыс пен Еуропада өткізіп, жақында өз еліне келіп жұмысын жалғастыруды көздеген аударма саласының ­маманы Р.Сайрақадырқызы. Бұл істі қазақ елінде жалғастыруына дүкеннен балаларға арналған сапалы кітап таба алмағаннан кейін, өзі іске кіріскен екен.
«Оқуға ұсынамын» қайырымдылық акциясының жұмысын жүргізіп жүр­ген Әлішер Маратұлы өзінің екін­ші топтағы мүгедек екенін, бұл қайы­рым­дылық акциясының түскен әрбір тиыны мүмкіндігі шектеулі жандарға берілетінін, оның өзі сауапты іс екенін меңзеді. «Фолиант» баспасының қызметкері Талғаттың айтуынша, орта жастағы және зейнет жасындағы үлкен­дер немере-шөберелеріне қазақ халық ер­тегілерін алып жатқанын тілге тиек етті.
Кітап фестиваліне алғашқы жылдары мыңнан аса оқырман қатысса, соңғы жылдары олардың саны бес-алты мыңнан асқан. Демек, бізде кітап оқудың озық дәстүрі қалыптасып келеді.

Бағдагүл Балаубаева
«Ана тілі»

Нақты қайнары: http://www.elarna.net/koru_kk.php?tur=9&id=1046854
Пікірлер

Көрші сілтемелер