Нұрәлем Facebook-ке Жазыл Тәңіртау YouTube-ке Жазыл Қазақтың 1001 Ертегісі (PDF)

Жүктеу-Албомым-Албомдар-Желі
Осы торды сақтаймын! | Осы торды бас бет етемін!

Біздің байланыс: elarna2012@gmail.com


Ауғанстандағы «мәңгілік соғысты» аяқтау қажет



Нұрәлем Facebook-ке Жазыл Тәңіртау YouTube-ке Жазыл Қазақтың 1001 Ертегісі (PDF)

Түрі: Егемен торы

Жолданған уақыты: 23:18 - 2021/02/23

Нақты Көзі: https://egemen.kz/article/266568-aughanstandaghy-manhgilik-soghysty-ayaqtau-qadget


Кеңес өкіметі 1989 жылы әскерін шығарғаннан кейін де президент Мұхаммед Наджибулла бастаған коммунистік-ұлтшыл режімге қаржылай қолдау көрсетуді жалғастырды. Бірақ ішкі тұтастықтың жоқтығына байланысты Наджибулланың билігі 1992 жылы Ресей қаржылық қолдау көрсетуден бас тартқан кезде тез құлдырап, азаматтық соғыс басталды. Содан кейін, 1996 жылы Талибан Кабулды және кейіннен елді бақылауға алды.

Талибан билігі 2001 жылға дейін елді билеп тұрды. 11 қыркүйектегі лаңкестік шабуылдан кейін жүзеге асқан АҚШ-тың әскери іс-қимылынан соң аталған режім құлады. Бірақ былтырғы ақпанда АҚШ-тың сол кездегі президенті Дональд Трамптың әкімшілігі 20 жылға жуық созылған соғысты тоқтату мақсатында Талибанмен келісімге келді. Егер Талибан қойылған міндеттемелерді орындаса, соның ішінде террористік топтармен байланысты үзіп, зорлық-зомбылықты азайтса, АҚШ пен оның НАТО-дағы одақтастары 2021 жылдың мамырына дейін барлық әскерін елден шығарады.

Сондай-ақ Талибанның мәмілеге қатыспаған Ауғанстан үкіметімен маңызды келіссөздер жүргізуіне тура келеді. Трамп әкімшілігі ел ішіндегі бейбітшілік келісімі белгіленген мерзімде орындалып, қақтығыстар аяқталып, Ауғанстан террористердің панасына айналу қаупін барынша азайтады деп үміттенген.

Алайда, бұл ниет жүзеге асқан жоқ. АҚШ сарбаздарының саны 2000-ға дейін азайғанымен, Ауғанстандағы қақтығыстар бәсеңдемеді. Керісінше, АҚШ-тың бақылаумен айналысатын агенттігінің хабарлауынша, 2020 жылдың соңғы тоқсанында 2019 жылдың осы мерзімімен салыстырғанда Талибан жасаған шабуылдар саны артқан. Сонымен қатар қыркүйекте Дохада басталған Ауғанстанның ішкі мәселелері жөніндегі келіссөздер іс жүзінде ешқандай нәтиже берген жоқ.

Талибандар АҚШ әскері кеткенге дейін қақтығысты жалғастыруды жоспарлаған секілді. Сонда ғана олар ұзаққа созылған соғыста жеңіске жетуі ықтимал. Бірақ енді АҚШ әскері межелі мерзім ішінде кетпеуі де мүмкін. Президент Джо Байденнің әкімшілігі Талибанның «өз міндеттемелерін қаншалықты орындап жатқанын» анықтау мақсатында келісімді қайта қарап жатқанын мәлімдеді.

Байден әкімшілігі сонымен бірге Американың НАТО-дағы одақтастары туралы да шешім қабылдауы қажет. Қазіргі таңда Ауғанстандағы ұйым жауынгерлерінің саны АҚШ сарбаздарынан едәуір көп. Посткеңестік тәжірибе көрсеткендей, әскер Ауғанстаннан шыққаннан кейін де елдегі және аймақтағы жағдайға әсер ету жоспарын құру керек.

Мәселе өте қиын. Ауғанстан – әлемдегі ең кедей елдің бірі. Бүгінгі таңда Ауғанстан мемлекетінің кірісі АҚШ-тың аймақтағы түрлі қауіпсіздік күштеріне бөлетін қаражаттың үштен бірін ғана құрайды. Азаматтық қауіпсіздік секторына бөлінетін қаржы туралы ештеңе демей-ақ қоялық. (Ал бұл сома Еуропаның беретін қаражатының жартысына да жетпейді). Расында, ХІХ ғасырда Ресей мен Ұлыбритания өздерінің «Ұлы ойынын» ойнағаннан бері Ауғанстан өзінің мемлекеттілігін сақтап қалу үшін сыртқы қолдауға тәуелді.

АҚШ тарапы Әл-Каида және ДАИШ лаңкестерімен күресуге көңіл бөліп,  межелі мамыр айына дейін бірқатар қауіпсіздік мәселесін сақтауға күш салатындай көрінеді. Германияның сыртқы істер министрі Хейко Маас бұл тәсілді қолдайды.

Бірақ мәселе мұнымен бітпейді. Талибан бұл шешімді қабылдамауы мүмкін. Бұл қақтығыстың күшеюіне және халықаралық күштерге қарсы шабуылдардың артуына әкелуі ықтимал. Ауғанстан келісімі жөніндегі АҚШ-тың арнайы өкілі Залмай Халилзад осы мәселелерді бағалау үшін қазірдің өзінде жұмысқа кірісіп кетті.

Талибанның қауіпсіздікті сақтау келісімін қабылдауы Ауғанстан ішіндегі келіссөздердің ілгерілеуіне байланысты. Бірақ ешкімде елдегі билікті бөлу туралы келісімге нақты көзқарас жоқ. Бүгінгі Ауғанстан мен Талибан жоспарлаған Ислам әмірлігі арасындағы алшақтық өте үлкен. Оны бір арнаға тоғыстыру Ауғанстанға қатысты дипломатиялық процесті мұқият жүргізуді қажет етеді.

Осы мақсатта аймақтық державалар, соның ішінде Иран, Ресей және Қытай елдің болашағы туралы барлық келіссөзге қатысуы керек. Бір-екеуі Ауғанстан ішіндегі саяси диалогты жеңілдетуде белсенді рөл атқаруы тиіс. Бұл бағыттағы жұмыс Ауғанстан мен Пәкістан арасындағы түсініспеушілікті шешуді қамтуы қажет. Сонда ғана Ауғанстандағы ұлттық қауіпсіздікке үлкен әсер етеді. Мұның бәрі – негізгі мәселелер. Шынында, қазіргі таңда Ресей осыған қатысты бастаманы қолдап отыр.

Ауғанстандағы «мәңгілік соғысты» тоқтатуға байланысты АҚШ пен әлемнің басқа түкпіріндегі қысым түсінікті. Бірақ Гани атап өткендей, халықаралық күштерді шығару бірден нәтиже көрсетуі екіталай. Жаңа қақтығыстардың басталып кетуіне жол бермес үшін, ең әуелі әскер шығарылғаннан кейінгі мәселеге мән беру қажет. 

Карл БИЛДТ,

Швецияның бұрынғы премьер-министрі және бұрынғы сыртқы істер министрі

 

Copyright: Project Syndicate, 2021.

www.project-syndicate.org

Нақты қайнары: http://www.elarna.net/koru_kk.php?tur=4&id=1359867
Пікірлер

Көрші сілтемелер