Еларна қолфон нұсқасына ену

Жүктеу-Албомым-Албомдар-Желі
Осы торды сақтаймын! | Осы торды бас бет етемін!

Біздің байланыс: elarna2012@gmail.com


Теміртауда қазақ баспасөзі жоқ



Тіркеліңіздер Кітапхана Қожалар торабы Албомдар Қазақтың 1001 ертегісі

Түрі: Егемен торы

Жолданған уақыты: 07:12 - 2020/06/02

Нақты Көзі: https://egemen.kz/article/237567-temirtauda-qazaq-baspasozi-dgoq


Коллажды жасаған Амангелді Қияс, EQ

Хош дейік. Сонда, жобамен алғанда 60 мыңнан астам қаракөз тұратын Теміртауда – әлемге аты кеткен алпауыт кәсіпорны бар аста-төк бай қалада қазақ тілінде шығатын газет деген атымен жоқ көрінеді. Тұп-тура, «Аспаннан киіз жауса да, құлға ұлтарақ бұйырмайды» дегеннің кері...

Қазір ғой, металлургтер қаласында «Новый Темиртау», «Магнитка плюс», «Металлург», «Ве­черняя газета», «Темиртауский рабочий» сынды ресми тілде жарық көретін жеті-сегіз басылым бар. Осы тілде ақпарат тарататын «Сфера» деген телеарна мен «Радио-102» деген радио толқыны да жұмыс істейді. Әлбетте, оқырман, тыңдарман және көрермен қауымның қажетін ашып, орыс тілінде ақпарат тарататын әріптестеріміздің жанкешті еңбегіне құрметпен қараймыз. Тек, осылардың арасында Алаш қайраткері Ахмет Байтұрсынұлы «Халықтың көзі, құлағы һәм тілі» деп әспеттеген газеттің мемлекеттік тілдегі нұсқасының жоқтығы ғана жанға батады...

Тарихына терең сүңгімесек те, бергі, яғни өткен ғасырдың 89-90-жылдарын шолып өтсек, бұл Те­міртауда «Темиртауский рабочий» газетінің іші­нен қалалық «Қазақ тілі» қоғамының ықпалымен «Замандас» деген арнаулы бір бет қазақ тілінде шыға бастапты. Бұл игі істің басы-қасында аталған ұйымның төрағасы Тілеукен Смағұлов деген азамат жүрген екен. Содан араға 11 жылға жуық уақыт салып, 2001 жылдың маусымында қазақ тілінде «Теміртау» қоғамдық-саяси газеті пайда болған.

Қолдағы бар дерекке жүгінсек, қазақ газетінің шығуына қаладағы атқарушы биліктің тікелей қатысы болмапты. Басылым таза жекеменшік негізде жарық көрген. Ал бұл істің бастауында Теміртаудың бетке ұстар зиялы қауым өкілдері Тілеуберді Смағұлов, Қасым Ботанов, Асқар Сәрсекенов, Аманжол Ақын бастаған азаматтардың тұрғаны белгілі. Газеттің құрылтайшысы ақын Қасым Ботанов, ал редакторы журналист Аманжол Ақын болған.

Қаладағы жар дегенде жалғыз қа­зақ газетіне байлығы шойын болып аққан Теміртаудан жетім бұрыш бұйырмай, редакция үш жылға жуық уақыт Қасым Ботановтың жекеменшік стоматологиясын паналаған. Газеттің барлық коммуналдық шы­ғынын ақын­ның тіс емханасы осылайша мойнына алған екен.

Обалы нешік, сол уақыттағы Те­мір­тау қала­сының әкімдігі тарапынан газетке қолдау жасалған. Атап айтқанда, ба­­сылымға жекеменшік болса да, мем­ле­кеттік тап­­­­сырыспен қаржы бөліп отырған. Бұ­ған қоса редак­цияға жеке дара бас­пана алуға қаражат берілген, өзге де мемлекеттік ұйымдарды ұйыстырып, қызметтік қоғам­дық көлікпен қамта­масыз етіпті. Баспасөзге жазылу нау­қандарында да біршама көмек көр­се­тілген екен.

«Теміртау» газетінің бағыты қо­ғам­дық-саяси болған. Аптасына бір рет, 1000 дана тиражбен шығып отырыпты. 2001 жылдың маусымынан бастап шамамен 2010 жылдарға дейін оқырманға адалынан қызмет еткен.

Ақиқатын айту керек, бұл басылым Теміртау қала­сының руханиятын дамытуда тіл, діл және дін мәселесін батыл көтеріп, қоғамдық сананың сілкі­нуіне көп еңбек сіңірді.

Осы басылымда жұмыс істеген, қазіргі уақытта облыстық «Оrtalyq Qazaqstan» газетінде қызмет ететін журналист Қызғалдақ Айтжанова былай дейді: «Мен бұл газеттен 2005 жылы сәуірде кеттім. Одан ке­йін «Теміртау» газеті қаржылық қиын­дықтарға байланысты тоқтап, Те­мір­таудағы ақсақалдар алқасы қо­ғам­дық ұйымының жанынан қазақ тілінде «Құрыш қала» деп аталған газет шыға бастады. Бұл газеттің редакторы Руза Алдашева болды. Бұдан кейінгі газеттердің тағдыры маған беймәлім. Бір білетінім – қалалық әкімдік қазақ тілді газетке қолдау көрсетуді тоқтатқан».

Қаланың бұрынғы басшыларының қазақ газетіне деген ала-құла болған көзқарасын қазір айттың не, айтпадың не, одан енді ештеңе өзгере қоймас. Ал бү­гінгі басшылық бұл турасында не дейді? Осы мақсатта біз «Теміртауда қа­зақ газеті неге жоқ?» деген сұрақты Теміртау қаласы әкімінің әлеуметтік жә­не идеология саласы бо­йынша орын­басары Мирас Құттыбайға қой­дық.

«Біріншіден, мемлекеттік тілді да­мытуда БАҚ-тың орны ерекше, – де­ді Мирас Құттыбай. – Теміртау қала­сында мемлекеттік тілде шығатын га­­­зеттің жоғы да рас. Қазіргідей ақпа­раттық технология тез дамып жатқан уақытта газет шығару деген тиімсіз шаруа деп ойлаймын. Себебі мен өзім газетке жазылмаймын, өзіме керек ақ­па­рат­ты «Оrtalyq Qazaqstan» болсын, «Egemen Qazaqstan» болсын, осы газеттердің сайттарынан оқимын. Сондықтан газет шығару кешегі күн­нің белгісі деп білемін. Екіншіден, газет шығару – ол бизнес. Егер, бизнесмендер тарапынан қазақ тілінде газет ашылып жатса, мемлекеттік грант беруге, қалалық бюджеттен қаржы бө­луге мүмкіндік бар. Үшіншіден, мем­лекеттік тілде қалалық сайт ашылса, нұр үстіне нұр болушы еді».

Теміртау қаласы әкімінің орынбасары осылай деген соң, Қарағанды облысындағы ішкі саясаттың екі тіз­гін, бір шылбырын ұстаған Ерлан Құсайынға хабарласып, осы та­қы­­­рып бойынша пікір білдіруін өтін­дік. «Түрлі тақырыптық сайттар, әлеуметтік желілер, ақпараттық агенттіктер күш ала береді. Ол – анық дүние. Заман талабы. Бірақ газет те көштен қалмауы тиіс деп ойлаймын. Бәсекеге қабілетті, заманауи формат, мазмұнды материал керек. Бірақ Теміртауға газет шығару үшін тікелей бюджеттен қаржылық қолдау жасай алмаймыз», деп тоқ етерін айтты об­лыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Ерлан Құсайын күлбілтеге салмай.

Қарап тұрсаңыз, жоғарыда пікір білдірген екі лауазымды тұлғаның айт­қаны бір жерден шығып отыр. Сөздерінің жаны да бар. Бү­гін­гідей ақпараттық технология аққан жұл­дыз­дай жылдамдықпен дамып жат­қанда, қағаз басы­лым­дарының бары­ның өзі қалт-құлт етіп күнін әрең кө­­ріп жүрген мына заманда жаңа газетке деп бюд­жеттен қаржы сұрау буын­сыз жерге пышақ ұрғанмен бірдей екендігі рас.

Десе де, бұл мәселені таза тұқыр­тып, аяқасты қалдыруға болмайды деген ойдамыз. Ұлттың тілі­нің, ру­ханиятының болашағына алаң көңіл­мен көз жүгірткенде, бұл шетін мәселе турасындағы көз­қарастың шекарасын кеңінен алып ойланбаса болмайын деп тұр. Осы тұрғыдан алып қарағанда, алпыс мың қазаққа бір газеттің ауадай қажет екен­дігін амалсыз мойындайсың...

Теміртауда қоғамдағы өзгерістерге бейжай қара­май, өзінің көзқарасын батыл түрде білдіріп жүретін Қуаныш Тыныбек деген жас журналист жігіт тұрады. Біз осы тақырыпқа байланысты оның да пікірін білген едік. «Осыдан екі-үш жыл бұрын бір кәсіпкерлер ақша табу мақсатында қазақша-орыс­ша араластырып, «Отан-Заман» деген газет шығарды, – дейді Қ.Тыныбек. – Осы газеттің үш-төрт са­нын шығаруға тікелей атсалыс­тым. Тіл мәселесі жайына қалып, ол кісілердің мақсаты тек қана ақша та­бу екендігін байқағаннан кейін, мен осыдан екі жыл бұрын ол басылымнан кетіп қалдым. Қазір бұл газет шығып жатыр ма, жоқ па, оны мен білмеймін. Өз басым бұл басылымды Теміртаудағы ешбір мекемеден көрген емеспін. Есеп үшін үш-төрт данасын шығарып жүруі де мүмкін. Бірақ мен бір адамның ол газетті оқы­дым дегенін естіген емеспін...».

Таяуда Теміртауда тұратын журналист Шолпан Санақбай өзінің фейсбук парақшасында Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбекке жолдаған хатын жариялады. Жанайқайға толы осы хатта мынадай жолдар бар: «Об­лыс орталығына жақын құ­рышты қа­ла Теміртауда бірде-бір қазақтілді газет жоқ. Жалғыз кабельдік арна ТТК-ның қазақ тілді редакциясында бар-жоғы үш адам жұмыс істейді. Өткен жылы бір аралас газет ашылды. Алайда оның ашылғанынан жабылуы тез болды. Себеп біреу – қаржы жоқ. Жарнамадан түскен қаржы газет шығынын өтегенімен, ол жерде еңбек еткен біздердің айлығымызға жетпеді. Елбасымыз Нұрсұлтан Әбіш­ұлы На­зар­баев еңбек жолын бастаған қала үшін бұл үлкен ұят деп ойлаймын. Әрі тәуелсіздік алғанымызға 30 жылға жуықтады. Осыны өзіңіз назарға алса­ңыз екен...».

Ш.Санақбай Теміртау қала­сында мемле­кеттік тілдің ақсап тұр­ғанын қазақ тілінде бірде-бір басы­лымның жоқтығымен тікелей байланыстырады. Мұнысы рас, енді.

Хатының соңын ол былайша аяқ­таған: «Бұл істі қолға алсаңыз, біраз адам жұмыспен қамтылатын еді. Әрі Қазақстан магниткасының 60 жыл­дығы, Теміртау қаласының 75 жылдығы қарсаңында металлургтер қаласына сый жасаған болар едіңіз».

Облыс басшылығы тарапынан бұл хатқа әлі жауап болмаған тә­різді. Осыдан бір апта бұрын ха­бар­ласқанымызда, Шолпан Санақбай әкімдіктен жауап күтіп жүргенін айт­қан болатын. «Аңшының кешіккенінен сүйін» деген. Бәлкім, Теміртауда ту­ған тілдің жантайып тұрған туын тү­зеуге жарайтын жобаның тууына септігі тиер жағымды жаңалық естіліп қалар... Біз де күтейік!

 

Қарағанды облысы,

Теміртау қаласы

Нақты қайнары: http://www.elarna.net/koru_kk.php?tur=4&id=1191698
Пікірлер

Көрші сілтемелер