Нұрәлем Facebook-ке Жазыл Тәңіртау YouTube-ке Жазыл Қазақтың 1001 Ертегісі (PDF)

Жүктеу-Албомым-Албомдар-Желі
Осы торды сақтаймын! | Осы торды бас бет етемін!

Біздің байланыс: elarna2012@gmail.com


Індетпен күрестің жаңа кезеңі: Қазақстанда екі аптадан кейін вакцинация басталады



Нұрәлем Facebook-ке Жазыл Тәңіртау YouTube-ке Жазыл Қазақтың 1001 Ертегісі (PDF)

Түрі: Қазақпарат

Жолданған уақыты: 12:51 - 2021/01/19

Нақты Көзі: https://www.inform.kz/kz/indetpen-kurestin-zhana-kezeni-kazakstanda-eki-aptadan-keyin-vakcinaciya-bastalady_a3742748


Індетпен күрестің жаңа кезеңі: Қазақстанда екі аптадан кейін вакцинация басталады

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Індетпен күресіп өткен 2020 жылдың ізін ала қым-қуыт әлем үрей мен үмітке толы 2021 жылға аяқ басты. Бұған дейін сөйлеген сан сарапшының пессимистік болжамы орындалған сыңайлы, себебі қазіргі таңда індеттің әуресі мен азабын Азияның оңтүстік-шығысынан басқа бүкіл әлем көріп жатыр. Әлемде індетті жұқтырған адамның саны 100 миллионға тақап қалған. Осындай жағдайда «сары» аймақта орналасқан Қазақстан қандай іс-шараларды қолға алып, індеттің бетін қайтармақ? Бұл сұрақтың 2021 жылы жаңадан жасақталған Үкіметтің алғашқы отырысында талқылаған ең бірінші мәселесіне айналуы да заңды еді.

Ұқсас жаңалықтар
Алматыға шетелден келген 31 азамат еліне қайтарылды Коронавирус өңірлерде өршіп тұр: Әкімдер ахуалды қалай тұрақтандырмақ Әскери қызметшілер арасында COVID-19 жұқтыру жағдайы 16% төмендеді

5 облыс пен 1 қала «қызыл» аймақта

Үкіметтің бүгінгі отырысында Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой елдегі эпидемиологиялық ахуалға күн сайын талдау жүргізіліп отырғанын мәлім етті. Министрдің айтуынша, жыл басталғалы «сары» аймақтан «қызыл» аймаққа үш өңір, Қостанай, Павлодар облыстары мен Нұр-Сұлтан қаласы өткен. Ал «жасыл» аймақтан «сары» аймаққа Алматы мен Қарағанды облыстары кірген. Осылайша, 19 қаңтардағы жағдай бойынша «қызыл» аймақта 6 өңір тұр. Олар: Ақмола, Павлодар, Атырау, Қостанай, Солтүстік Қазақстан облыстары мен Нұр-Сұлтан қаласы. «Сары» аймақта үш өңір бар: БҚО, Алматы мен Қарағанды облыстары. «Қалған 8 өңір «жасыл» аймақта» дейді Алексей Цой.

Вирустың мутацияға бейімділігін ескере отырып, Денсаулық сақтау министрлігі тұрақты түрде Қазақстанда коронивирустың анықталуы мүмкін штамдарына күн сайын молекулярлық-генетикалық зерттеу жұмыстарын жүргізіп келеді. Талдау жұмыстары зерттелген сынамалар генетикалық тұрғыда Германияда, Испанияда, Украина, Ресей, АҚШ пен Қытайда анықталған штамдармен ұқсас екенін көрсеткен. Аурудың симптомды және симптомсыз формалары, сонымен қатар вирустың таралуы мен аурудың ауырлығы вирустың қандай да бір генетикалық желіге тиесілі екеніне тәуелді емес. Анықталу жиілігі жоғары мутациялар айқындалды. Зерттелген сынамаларда коронавирустың британдық штамы анықталмаған.

«Жалпы республикада өткен жылдың қараша айынан бастап коронавирус инфекциясын жұқтырған азаматтардың көбейгені байқалады. Қазан айымен салыстырғанда қарашада жұқтыру деңгейі 4,5 есе, қараша айымен салыстырғанда желтоқсанда 1,2 есе өскен. Жұқтыру деңгейінің арту тенденциясы қаңтар айында да сақталуда. Бұған желтоқсан және қаңтар айларындағы мерекелер кезінде халықтың алдын алу шараларын сақтамауы себеп болып отыр. Ал жыл басталғалы 19 күннің ішінде коронавирус инфекциясын 14 625 адам жұқтырды. Жұқтыру деңгейінің артуы Шығыс Қазақстаннан басқа барлық аймақта байқалуда. Осы жылдың 19 қаңтарындағы жағдай бойынша инфекциялық және жан сақтау төсек орындарының толымдылығы 23 және 32 пайызды құрап отыр. Мониторинг мәліметтері бойынша, төсек орындары қорының толымдылығы қадағаланатын деңгейде», - деп атап өтті Алексей Цой.

Екі аптадан кейін екпе басталады

Үкімет отырысында Алексей Цой басты жаңалықтардың бірін айтты. Оның сөзінше, Қазақстанда коронавирус инфекциясына қарсы вакцинаны 1 ақпаннан бастап егу жоспарланып отыр.

«Коронавирус инфекциясына қарсы вакцина егу шаруасын жеделдету мақсатында келесі бағытта жұмыс жүргізілуде: 2021 жылғы 19 қаңтарда Спутник V вакцинасының 20 мың дозасын әкелу жөнінде Қарағанды фармкешені мен РФ тікелей инвестиция қоры келісімге келеді. 20 қаңтарда бұл вакциналарды «СҚ-Фармация» компаниясына арнайы тәртіп бойынша бір рет әкелуге рұсқат беру көзделген. Осыдан кейін халықтың бұған дейін белгіленген топтарына 1 ақпаннан бастап коронавирус инфекциясына қарсы вакцина салу жоспарлануда», - деді Алексей Цой.

Министрдің айтуынша халыққа екпе жұмыстары вакцинаның жеткізілу мөлшеріне қарай салынады.

Контингент келесі тәртіпте белгіленген: бірінші кезеңде инфекциялық ауруханалардың медицина қызметкерлеріне, жедел жәрдем қызметінің мамандарына, жан сақтау бөлімінің, алғашқы медициналық-санитарлық көмек қызметінің, ауруханалардың қабылдау бөлімінің, санитарлық-эпидемиологиялық қызметтің мамандарына, нақтырақ айтқанда 100 мыңға тарта азаматқа вакцина салынады. Екінші кезеңде жалпы білім беретін мектептердің мұғалімдеріне, ЖОО оқытушыларына, ведомстволық медицина қызметінің мамандарына, нақтырақ айтқанда наурыз айынан бастап шамамен 150 мың адамға екпе егіледі. Үшінші кезеңде мектеп-интернаттарының педагогтеріне, балалар мен мектепке дейінгі мекемелердің қызметкерлеріне, студенттерге, созылмалы аурулары бар азаматтарға (сәуірден бастап шамамен 600 мың адам) вакцинациялау жүргізіледі. Осылайша, жыл соңына дейін 6 миллионға жуық қазақстандық азаматқа вакцина салу көзделген.

Министрліктің болжамы: Наурыздың соңында КВИ жұқтырғандар тіпті артады

Денсаулық сақтау министрлігінің болжау жөніндегі жұмыс тобы 2021 жылдың соңына дейін шектеу шаралары күшінде болғандағы эпиджағдайдың дамуына болжам жасаған екен. Алексей Цой соған сүйеніп, індетті жұқтыру деңгейі осы жылдың наурыз айының соңында көп тіркелуі мүмкін екенін айтады. Оптимистік сценарий бойынша тәулігіне 3 мың жағдайға дейін күтілуде, ал төсек қорының барынша қамтылуы 24 мыңға дейін жетуі мүмкін. Дегенмен, аталған сценарий кезінде қатаң карантин талаптарын енгізу жоспарланып отырған жоқ.

Министр сонымен қатар реалистік және пессимистік сценарий бойынша күн сайын 6 және 9 мың адам індет жұқтыруы мүмкін екенін айтады. Ал төсек қорының қамтылуы 45 мыңға дейін жетеді. Яғни КВИ-мен ауыратын науқастарға қолжетімді 52 мың төсектен аспайды, бірақ денсаулық сақтау жүйесіне шамадан тыс жүктеме түсірмей, сапалы медициналық қызметті қамтамасыз ету үшін қатаң карантин талаптарын енгізу қажет болады.

«Бірінші кезеңде 2 миллион адамды вакциналау эпидемияның дамуына оң әсер етеді. Біздің есептеуімізше, 2 миллион адамды вакциналау тіркелген жағдайлардың санын 40 мыңға азайтады. Тиісінше, вакцинамен қамту неғұрлым жоғары болса, КВИ-мен сырқаттанушылық пен өлім-жітім азаяды, шектеу шаралары мен локдаунсыз өмірге оралу ықтималдығы артады. Пандемияның дамуының осы кезеңінде бүкіл әлем өзін-өзі оқшаулау мен карантинге жалғыз балама – вакциналау екенін түсінді», - дейді ол.

Асқар Мамин нақты тапсырма берді

Үкімет отырысында «қызыл» аймақтағы өңірлердің әкімдері жағдай бақылауда екеніне сендіргісі келгенімен, ҚР Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов бұған келісуге болмайтынын айтады.

«Коронавирус инфекциясы таралуының өсуі бүгінде барлық өңірде тіркеліп отыр. Сонықтан, жаңа Атырау облысының әкімі айтқандай, өңірлердегі жағдай тұрақты деген сөзге келісуге болмайды. Әсіресе, бұл Павлодар, Ақмола, Қостанай, Солтүстік Қазақстан облыстарына тікелей байланысты», - деді ол.

Сол себепті Үкімет басшысының орынбасары өңірлердегі эпиедмиологиялық жағдайға қарай карантиндік шектеу шараларын күшейту қажет деп санайтынын баса айтты. «Біріншіден, «қызыл» аймаққа кірген өңірлер әкімдеріне Денсаулық сақтау министрлігімен бірге қосымша карантиндік шараларды қатаңдатуды, екіншіден, «сары» аймақтағы өңірлер эпидемиологиялық жағдайды ескере отырып, карантиндік шектеулерді күшейту бойынша нақты ұсыныстар енгізуді және оған дайындықты пысықтауды, үшіншіден, барлық өңірлер инфекцияны жұқтырған және олармен байланыста болған адамдарды оқшаулау шараларының тиімділін арттыруды қолға алуы керек», - деді Ералы Тоғжанов.

Орынбасарының бұл сөзіне байланысты Үкімет басшысы инфекциялық ауруханалар мен бастапқы медициналық-санитариялық көмек ұйымдарындағы жеке қорғаныш құралдары мен коронавирусқа қарсы дәрілердің қорына ревизия жүргізуді тапсырды.

«Эпидемиологиялық жағдайды ескеріп, өңірлердегі жағдайды тұрақтандыру үшін шұғыл шаралар қабылдау қажет. Осыған байланысты мынадай тапсырма беремін. Бірінші. Денсаулық сақтау министрлігі әкімдіктермен бірге медицина ұйымдарының 1 ақпаннан бастап халықты жаппай вакциналауды бастауға дайын болуын қамтамасыз етсін. Егу пункттерінде вакцинаны сақтауға арналған қажетті жабдық болуы тиіс. Сонымен бірге медицина қызметкерлерін оқыту қажет. Бір апта мерзімде егу пункттерінің әзірлігін және вакцинамен тұрақты қамтамасыз ету мәселелерін шешуді тапсырамын», - деді Асқар Мамин Үкімет отырысында.

Екіншіден, Үкімет басшысы өңірлердің әкімдеріне эпидемиологиялық жағдай нашарлайтын болса, шектеу шараларын қабылдауды, халық пен бизнес субъектілерінің белгіленген санитариялық нормаларын қатаң сақтауын қамтамасыз етуді тапсырды.

«Сонымен қатар бір апта мерзімде инфекциялық ауруханалар мен бастапқы медициналық-санитариялық көмек ұйымдарындағы жеке қорғаныш құралдары мен коронавирусқа қарсы дәрілердің қорына ревизия жүргізсін. Үшінші. Ішкі істер министрлігі әкімдіктермен бірге мониторинг топтарының жұмысын күшейтсін. Ақпарат министрлігімен бірге түсіндіру жұмыстарын күшейту қажет. Өңірлерде бақылау мен санитариялық-эпидемиологиялық нормалардың қатаң сақталуы қамтамасыз етілсін. Ералы Лұқпанұлы, жалпы бақылау сізде», - деді Асқар Мамин орынбасары Ералы Тоғжановқа қарата.

Сонымен қатар, ол қазіргі таңда халыққа жаппай вакцина салуды ұйымдастыру ең маңызды міндет болып саналатындығын баса айтты.

«Өздеріңізге мәлім, отандық вакцина клиникалық сынақтардың III кезеңінен өткізіліп жатыр және де «Спутник V» вакцинасының сапасы аттестациялануда. GMP стандарты бойынша вакциналар шығаратын биофармзауыт құрылысы жүргізіліп жатыр», - деп түйді Асқар Мамин.


Нақты қайнары: http://www.elarna.net/koru_kk.php?tur=3&id=1337964
Пікірлер

Көрші сілтемелер