Еларна қолфон нұсқасына ену

Жүктеу-Албомым-Албомдар-Желі
Осы торды сақтаймын! | Осы торды бас бет етемін!

Біздің байланыс: elarna2012@gmail.com


САРЫ ТОРҒЫН | Қазақ Әдебиеті - QazaqAdebieti



Тіркеліңіздер Кітапхана Қожалар торабы Албомдар Қазақтың 1001 ертегісі

Түрі: Қазақ әдебйеті

Жолданған уақыты: 12:30 - 2020/09/17

Нақты Көзі: https://qazaqadebieti.kz/26288/sary-tor-yn


САРЫ ТОРҒЫН

17.09.2020

12

0

Пит ХЭМИЛЛ

Олар – үш жігіт, үш қыз 34-автобусқа керекті ас-ауқатын және ішімдіктермен бірге қағаз сөмкелерін салып, Флорида штатының Форт Лаудерлейл қаласын бетке алып жолға шықты. Бет алған бағыттары – теңіз қайраңы еді. Нью-Йоркте жанға жайлы көктем өтіп, жаз шыға бастаған шақ. Бұлармен бірге жолға шыққан оқшау жолаушы Винго автобустың алдыңғы жағына барып отырды. Тездете жүрген автобус лезде Нью-Жерси қаласын артқа тастады. Көңілді жастар үнсіз отырған сапарластары Вингоны сөзге тартқысы келгенімен, ол онша ыңғай білдіре қоймады. Шаң-тозаң басқан бетінен оның жасын анықтау қиын еді, ал үстіне ілген қоңыр шинелі мүлде қонымсыз, арбиған саусақтарының ұшы темекіден сарғайып кеткен. Ернін жымырған қалпы құдды айналада не болып жатқанынан хабарсыз жандай түнеріп, әңкі¬-тәңкі күйде отыр. Ымырт үйіріле жолаушылар автобусы Хорд Жонсон дәмханасының алдына дамылдады. Вингодан өзге жолаушылар автобустан түсе бастады. Көңілді жастар жол бойы үнсіз отырған сапарластарының жайын білгісі келді. «Бәлкім, ол теңіз капитаны шығар?», «Мүмкін, әйелінен айырылған жалғыз басты біреу болар?», «Әлде үйіне оралған қарт солдат па?» деген сияқты алуан түрлі ойлар оларға маза бермеді. Автобусқа қайта отырғанда, олардың араларындағы бір жас қыз Вингоның алдындағы орындыққа жайғасып, сөз бастады:


– Біз Флоридаға бара жатырмыз, сіз де сол жаққа барасыз ба?


– Білмеймін…


– Флоридаға бұрын жолымыз түспеп еді, естуімше, ол жақ көркем де келісті жер дейді.


– Солай шығар… – деді Винго сүле-соқ қалпы.


– Сіз сонда тұрасыз ба?


– Иә, мен сол жердегі Жексонил базасында теңіз әскері болғанмын.


– Арақ ішесіз бе? – деді қыз қытқуырлап.


Ол күлімсіреген шырай танытып, қыз берген арақты қолына алып, бір ұрттады да, рақметін айтып, тағы да үнсіз күйге ауысты. Қыз орнына барып отырған соң, Винго қалғып кетті. Таң атысымен олар бір-бірін оятып, таңғы ас ішуге қамдана бастады. Бұл сәтте Винго дәмханаға әлдеқашан барып алған еді. Әлгі жас қыз Вингоны бірге отырып таңғы ас ішуге шақырды, бірақ ол даяшыға бір стақан қара кофе тапсырыс беріп, темекі шегіп, өз ойымен өзі болып отырды. Ал жастар жағы қайраң жағасында көңілді демалған сәттерін әңгіме етісіп жатты. Автобус қозғалғанда әлгі қыз тағы да Вингоның қасына кеп тізе бүкті. Сәлден соң ауыр күрсінген Винго басынан кешкендерін әңгімелей бастады. Ең алдымен ол өткен төрт жылда Ныю-Йоркте түрмеде отырып, жақында ғана босап үйіне келе жатқанын айтты.


– Үйлендіңіз бе?


– Білмеймін…


– Білмегеніңіз қалай?


– Түрмеде әйеліме хат жаздым. Егер шарасыз қалып, басқа біреумен отасу ойы болса, әрі тұрмыстың соққысына шыдай алмаса, балаларымыз «әкеміз қайда?» деп сұрап мазаласа, мені ұмытып, қалаған адамымен отбасын құруына қарсы еместігімді айтып, маған бұдан былай хат жазбауын өтіндім. Бірақ, керісінше, ол төрт жылдан бері менің жолыма қараумен өмірін өткізіп келді. Маған хат жазудан ешқашан жалыққан емес.


– Онда сіз бүгін үйіңізге қайтып барады екенсіз ғой? Неге «білмеймін» дейсіз?


– Иә, – деді ол ыңғайсызданып. – Өткен аптада түрмеден шығатыным туралы естіген соң, жарыма хат жаздым. Егер ол басқа біреумен отбасын құрған болса, оны түсінетінімді, ал мені әлі де күткен болса, тездетіп үйге оралатынымды ескерттім. Біз бұрын Брансуик ауылында тұрғанбыз, ауылға кіре берісте бір үлкен каучук ағашы бар болатын. Әйелім менен күні бүгінге дейін үмітін үзбесе, әлгі каучук ағашының жапырақтарына сары торғын шыт байлап қоюын сұрадым. Сары торғын көрінсе, мен автобустан түсіп, үйге келетінімді, егер көрінбесе, өз жолыммен жүре беретінімді айтқанмын.


– Оу!


Әсерленгені сонша, қатты айқайлап жіберген қыз әрі қарай Вингоның әңгімесін достарына айтып берді. Қатты толқып кеткен Винго оларға үш баласымен, әйелімен бірге түскен суреттерін көрсетті. Осы сәтте Вингомен бірге автобустағылардың барлығы бар болғаны 20 шақырым қалған Брансуик ауылына тезірек жетуге асыға бастады. Тіпті, автобустағылардың бірнешеуі оң жақ терезе қасына жайғасып, каучук ағашы қашан көрінер екен деп тағатсызданып келе жатты. Көңіл-күйі астаң-кестең Винго терезе жаққа қарауға батылы бармай, құдды алда кездесетін сәтсіздікке белін бекем буған кісідей жабырқау күйде отырды. Әне-міне дегенше автобус Брансуик ауылына жақындап қалды. Жиырма шақырым… Он шақырым… Бес шақырым… Сәлден соң… автобустағылар орындарынан атып тұрды да, шыңғырып, айқайлап, тіпті кейбірі жылап та жіберді. Тек жүдеу көңіл Винго ғана әлі үнсіз. Кенет ол да каучук ағашына қаз-қатар байланған сансыз сары торғындарды көрді, көрді де өз көзіне өзі сенбей отырып қалды. Жапан далада жалғыз өскен каучук ағашы сап-сары торғындармен көмкеріліпті. Отыз, жоқ, елу… бәлкім жүз неше торғын болар… Сары торғынға оранған каучук жапырақтары құдды «Сізді күтіп тұрмыз» деп тұрғандай самал желмен баяу тербеледі. Жүздері балбұл жанған жастар әлі де айқайлап келеді. Олар автобустан түсерде Вингоның қолын кезек-кезек қысып жатты.

Ағылшын тілінен аударған

Дүйсенәлі ӘЛІМАҚЫН

ПІКІР ҚОСУ

Нақты қайнары: http://www.elarna.net/koru_kk.php?tur=15&id=1262072
Пікірлер

Көрші сілтемелер