Еларна қолфон нұсқасына ену

Жүктеу-Албомым-Албомдар-Желі
Осы торды сақтаймын! | Осы торды бас бет етемін!

Біздің байланыс: elarna2012@gmail.com

Үш күнгы келушылер санағыКелген адам саны (IP)Көрілген бет саны (PWs)КомпйутерҚолфон
2019-09-181453485241 %59 %
2019-09-191340442541 %59 %
2019-09-206492253078 %22 %

Ұлт руханиятына ашылған кең өріс – "Ақиқат" Ұлттық қоғамдық-саяси журналы



Тіркеліңіздер Кітапхана Қожалар торабы Албомдар Қазақтың 1001 ертегісі

Түрі: Ақиқат журналы

Жолданған уақыты: 11:30 - 2019/05/02



Рақымжан ТҰРЫСБЕК,
филология ғылымдарының докторы, профессор

Тарих таразысы мен уақыт өлшемі арғы-бергі кезеңді, кеше мен бүгін ара қатынасын айқындайтыны анық. Ақиқаты осылай болғанымен, егемендіктің елең-алаңынан бермен қарай ғана ел мен жер, тарих, дәстүр, дін, тіл, тәлім-тәрбие, оның белгі-ерекшеліктері мен мән-маңызы, басқа да құндылықтар қайнары хақында барынша байыпты, жан-жақты, кең түрде айтылып, жазыла бастады.   
«Мәдени мұра» (2004), «Халық тарих толқынында» (2013), «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» (2017), «Ұлы даланың жеті қыры» (2018) сынды бағдарлама мен жобалар жүйесі, мақалалар топтамасы, сөз жоқ, өткен тарихқа құрмет пен тағзым, сондай-ақ ежелгі ескерткіштер мен жәдігерлерді, мәдени-рухани құндылықтарды тану мен бағалау ісінде, қысқасы, Ұлы даланың әлемдік өркениет алдындағы жауапкершілік жүгін біліми арналар мен ғылыми деректер негізінде нақты да жүйелі қарастыруға мол мүмкіндіктер береді. Бастысы, ел тарихы мен даму үрдістерін кең түрде танып-таразылап, жіті айқындайды.
Осы орайлы тұста: «Ұлы даланың жеті қыры» атты тұжырымдамалық мақаланың табиғаты мен тағылымына ден қойсақ, алдымен бізді қоршаған Кеңістік пен Уақыт мәні мен сыры ашылады. Анық аңғарылатын жайт: ұлт мүддесі мен тарихқа, дәстүр мен руханият өрісіне, арғы-бергі кезеңге қатысты айқын бағыт, берік ұстаным екенін терең тануға болады. Бастысы, Ұлы даланың әлемдік тарихтағы орын-үлесін айқындауға, оған қазіргі кезеңнің талап-талғамдары тұрғысынан жаңаша қарап, іргелі ізденістер жасап, осының негізінде соны бағыт, тың көзқарас қалыптастыруға мүмкіндіктер береді, тамырлы тарих бедерін айқындап, руханият өрісіне кең жол ашады. Анығында, бұл еңбек екі бөліктен, әрі бірнеше қосымшадан тұрады. Ұлттық тарих пен елдік ұстанымды арқау еткен еңбектің бастапқы бөлігінде («Ұлт тарихындағы кеңістік пен уақыт») ел мүддесі мен тарихына негізделген материалдық мәдениетке, оның ішінде ежелгі адамдар ойлап тапқан, әр кезде қолданылған көне бұйымдар мен жаңа құралдар, техникалық жаңалықтар мәні кең түрде айқындалып, бүгінмен байланысы көрсетіледі. Оның ішінде Қазақстанда, қазақ ұлты этногенезінің негізгі элементтеріне ден қойылады. Бізде кездесетін мәдени жетістіктер мен тарихи жәдігерлердің Батыс пен Шығысқа, Күнгей мен Теріскейге таралу жолы, мәнді қыры, сипаты ашылады. «Қазақ» этнонимі, ру-тайпалар мәні, әртүрлі этностар сипаты да Ұлы даланың әлемдік тарих пен өркениеттен алар орнына қатысты сөз етіледі. Оның мән-маңызы, қазіргі бағыты мен көрініс-сипаттары ашып көрсетіледі. Бұл тұстан, сөз жоқ, төл тарихымыздың мәні, ондағы оқиғалар өрімі, қоғамдық жағдай, аласапыран кезең, қуғын-сүргін сипаттары кең түрде көрініс береді. Көпқырлы һәм тамырлы тарихымыздың бұрыс-дұрыс тұстары, қилы көріністері біліми-ғылыми тұрғыдан байыпты бағаланады. Бүгінгі бағыты айқындалады.
«Ұлт тарихындағы кеңістік пен уақыт» атты алғашқы бөлімде Еуразия құрлығындағы қазақтардың өмір-тұрмысы, тарихы мен тағдыры көне жылнамалар шежіресімен, материалдық мәдениет мәйектерімен, техникалық жаңалықтармен байланыс-бірлікте көрсетіледі. Олар негізінен бірнеше құрамдас бөліктен тұрады (мысалы, атқа міну мәдениеті, Ұлы даладағы ежелгі металлургия, Аң стилі, Алтын адам, Түркі әлемінің бесігі, Ұлы Жібек жолы, Қазақстан – алма мен қызғалдақтың отаны). Ұлт тарихындағы орны, кеңістік пен уақыт аралығындағы қыр-сыры мен мәнді тұстары да ашылады. Ұлы даланың жаһандық тарихтағы орын-үлесі, сыр-сипаттары да көрсетіледі. Бастапқы тұстан-ақ, атқа міну мәдениеті мен жылқы шаруашылығы – ұлы даладан тарағаны, «Ботай» қонысындағы қазба жұмыстары жылқының Қазақстанда қолға үйретілгені, автокөлік қозғалтқыштарының қуаты – аттың күшімен өлшенетіні қатпарлы да тамырлы тарих тағылымы, уақыт өлшемі негізінде барынша байыпты да дәлелді, жүйелі сөз етіледі.
Сонымен қатар, бүгінгі етіктердің барлық түрі көшпенділер атқа мінгенде киген жұмсақ өкшелі саптама етіктің «мұрагерлері» екені белгілі, деп киім үлгісін, етік мәнін, шалбар сипатын жан-жақты ашады. Сондай-ақ берен сауыт, өткір қылыш, садақ тарту сынды соғыс құралдары да Еуразия көшпенділеріне тән екендігі атты әскер мен сарбаздар сипатымен сабақтастықта жүйелі өріс алады. Бұл жайттар, сөз жоқ, қазақ тарихымен, өмір-тұрмыстағы, дүниетаным арналарындағы, дәстүр өнегелеріндегі эволюциялық көріністер мен тәжірибе тағылымымен сабақтастықта сөз етіледі. Ата тарих мәні, өмір-тұрмыс шындығы кең түрде көрініс береді. Кеше мен бүгін байланысы, қыр-сыры ашылады. Дала өркениетіне тән технология – металлургияның пайда болуымен, тау-кен өндірісінің (алтын, күміс, қола, мыс, мырыш, темір, т.б.) қарышты дамуымен қатар көрсетіледі. Металл өндірудің амал-тәсілдері де тілге тиек етіледі. Қазба жұмыстары, берік металл мәні, тұрмыстық заттар сыры, оның қолданыстағы орны да ел өмірі, кәсібі мен дәстүр тағылымы, тұрмысы төңірегінде жүйелі сөз болады. Дала өркениетіне қатысты мәдениет үлгілері қатарында дүниетаным мен құндылықтар қайнары, жазу өнері мен мифология мәні алдымен аталады. Адам мен табиғат байланысы – «аң стилі» негізінде өріс алып, көшпенділердің рухани әлемін айқындайды.
Егемен Қазақстанның символдарының бірі – жергілікті жануарлар әлемінде сирек кездесетін тұрпаты текті қар барысы екені кездейсоқ емес. Әлемдік өркениетте, білім-ғылым жүйесінде айрықша жарқын жаңалық, сенсация саналған – «Алтын адам» (1969) ғалам ғажаптарының құпиясын, тамырлы тарихтың қырлы-сырлы мәнін, жаңа беті мен соны өрісін ашты. Ал, кейінгі кезеңде жұртшылық назарын аударған – Көне Тараздың жауһарлары, Жетісу жеріндегі «Таңбалы» петроглифтер кешені, Шығыс өңірінің даңқын асқақтатқан Берел мен Шілікті қорымдарындағы археологиялық ескерткіштер, сөз жоқ, тамырлы тарихымыздың бедері, руханият қайнарының кең өрісі. Қорымдағы сән-салтанатты жасау-жабдықтар ежелгі бабаларымыздың зияткерлік дәстүрлерінен де мол хабар береді. Жауынгердің жанынан табылған күміс кеселердің бірінде ойып жазылған таңбалар бар. Бұл – Орталық Азия аумағынан бұрын-соңды табылған жазу атаулының ішіндегі ең көнесі деп айқындалады. Ел тарихы, батырлар болмысы, жауынгер бейнесі мен ерлік мәні, жазу таңбалары да тарих еншісі, өмір өнегесі ретінде аталады. Ата тарихтың ең қымбат қазынасы саналады.
Еуразия халықтары тарихында, әсіресе, қазақ жерінің тәжі мен шоқтығы саналған Алтайдың айрықша мәні бар. Түркі дүниесі, дала өркениеті Алтай өңірін мадақ сезіммен ерекше атайды. Ақиқатында, Атақоныс Алтай қасиеті мол, қасіреті де көп, сартап сағынышқа да толы. Оның үстіне: «Өр Алтай – Түркі әлемінің алтын бесігі» (Ш.Мұртаза). Арда Алтай, Өр Алтайдың табиғаты мен тағылымы, кең өрісі мен өрнекті тұстары, қыр-сыры да мол. Алтай мәні мен табиғаты, оның қыр-сыры, көркем де өрнекті тағылымы арғы-бергі кезеңдер шындығымен, тамырлы тарих шежіресімен байланыс-бірлікте өріс алады. Бастысы, осы өңірде Түркі дүниесі, Ұлы дала төсінде жаңа дәуір басталғаны, отырықшы өркениет өнегесі мен өрнектері болғаны байыпты баяндалады. Бұдан басқа, дала өркениетінің адамзат тарихында өрнекті өрістері көп-ақ. Еске түсірсек, әрине: «Орасан зор кеңістікті игере білген түркілер ұлан-ғайыр далада көшпелі және отырықшы өркениеттің өзіндік өрнегін қалыптастырып, өнер мен ғылымның және әлемдік сауданың орталығына айналған ортағасырлық қалалардың гүлденуіне жол ашты.
Мәселен, орта ғасырдағы Отырар қаласы әлемдік өркениеттің ұлы ойшылдарының бірі – Әбу Насыр әл-Фарабиді дүниеге әкелсе, түркі халықтарының рухани көшбасшыларының бірі Қожа Ахмет Ясауи Түркістан қаласында өмір сүріп, ілім таратқан», деп ұнамды үрдістерін, кеше-бүгін байланысын айқындап, көпке үлгі-өнеге етеді. Маңыздысы, Отырар өңірінен әлемдік өркениетке сүбелі үлес қосқан ойшылдар өнегесі (әл-Фараби, Қ.А.Ясауи, т.б.), ұлт руханиятының көшбасшыларының шығуы айрықша фактор, ерекше құбылыс ретінде мәнді сөз етіледі. Ұлы даладағы көшпелі және отырықшы өркениет өрісіне кең орын беріледі.
Еуразия құрлығында, Ұлы дала тарихында мәдениет және сауда саласы дамыған болса, бұл байланыстың берік те даңғыл желісі – Ұлы Жібек жолы жүйесімен сабақтастық сипатта өріс алғанын аңғарар едік. Бұл ретте, әрине, Шығыс пен Батысты, Солтүстік пен Оңтүстікті, басқа да құрлықтар арасын Жібек жолы жалғап, мәдениет арналарын, сауда-саттық саланы дамытқаны қазіргі кезеңде алыс-жақынға кеңінен таныс. Анығында: «Бұл жол халықтар арасындағы жаһандық өзара тауар айналымы мен зияткерлік ынтымақтастықтың қалыптасып, дамуы үшін орнықты платформа болды. Қазақ жерінің құдіреті мен қасиеті, табиғи байлығы мен топырағының құнарлылығы танымал жемістер мен өсімдіктер дүниесінен де танылады.
Әлемге мәшһүр Сиверс алмасы мен Регель қызғалдақтарының түп-тегі қазақ топырағында, терең тамыры мен әуелгі бастауы, «тарихи отаны» екендігі көңілді кернеп, мақтаныш сезімге бөлейді. Алатау баурайынан, Жібек жолы бағытымен көкті-жерді шарлап, тұтас әлемге тараған алма мен қызғалдақ адамзаттың жүрегін жаулап, қызығушылығы мен құмарлығын арттырып, тіл үйірер дәмділігімен, әсем де хош иісті сыр-сипаттарымен, әсер-ықпалымен баурап келеді. Бұл да ұлт мұратын асқақтатып, ел дамуы өрістерін кеңейтіп, мерейді үстем ететін айшуақ әлем, мәнді-нәрлі ұнамды үрдіс, көркем көріністі көкжиектеріміздің бірі.
Тұжырымдамалық мақаланың «Тарихи сананы жаңғырту» бөлігінде ұлт мұраты мен дүниетанымында, дәстүрі мен руханиятында айрықша мән-маңызы бар тұстарға көп көңіл бөлінеді. Ел мүддесі, тарихы мен тағылымы, даму үрдістері кең орын алады. Негізгісі, ұлттық мұратты асқақтатып, тарихи сананы жаңғыртып, дүниетаным арналарына кең өріс ашу қажеттілігі қозғалады. Бұдан басқа, әрине, арғы-бергі кезеңдердегі өркениет үлгілері мен деректі құжаттар жүйесі әлі де қалың көпшілікке жетпей, ғылыми айналымға толық түспегені назарға алынады. Әлемдік тарихта, мұрағат жүйелерінде «өз іздеушісі мен зерттеушісін» күткені де тілге тиек етіледі. Бұл ретте Елбасы іргелі зерттеулер жүргізу үшін «Архив – 2025» жеті жылдық бағдарламасын жасауымыз қажет деп санайды. Бұл жобаны жүзеге асыру барысында тарихшылардан, деректанушылар мен мәдениеттанушылардан құрылған арнайы топтардың отандық және шетелдік ірі архивтермен өзара жүйелі әрі ұзақ мерзімді ықпалдастықта болып, іздеу-зерттеу жұмыстарын жүргізуіне баса мән беру керек.
Ұлт тарихын байытып, зерттеп-зерделеп, сананы жаңғырту ісінде мектеп жүйесінде атқаратын жұмыстар көп. Осы орайда мақаладағы: «Өз тарихына деген мақтаныш сезімін ұялатып, отаншылдық тәрбие беру мектеп қабырғасынан басталуға тиіс. Сондықтан, мектептер мен барлық өңірдегі өлкетану музейлерінің жанынан тарихи-археологиялық қозғалыстар құру маңызды. Ұлт тарихын санаға сіңіру барша қазақстандықтардың бойында өз бастауларына деген ортақтық сезімін қалыптастырады», деген сөздер бұл бағытты да дамытып, жүйелі жетілдіруді қажет ететінін атап көрсетеді. Жас ұрпақ бойына отаншылдық сезім ұялату ел мен жерді қорғауға, ерлік сипаттарына адалдық танытатын басым бағыттар қатарына жатады. Әрі ел тарихын жіті зерделеп, әр дәуірлердегі ақтаңдақ беттерді қалпына келтіріп, таныс-бейтаныс жайттардың шындығын ашу, деректі құжаттар арқылы ғылыми айналымға түсіру – кәделі де сауапты іс.
Еуразия кеңістігі мен әлемдік тарихта Қазақстан түркі халықтарының байтақ отаны, қарашаңырағы саналады. Алайда, қазақ даласынан әлемнің түкпір-түкпіріне тараған түркі тектес тайпалар мен халықтардың болғанын ойға алсақ, олар да басқа елдердің даму үдерістеріне үлес қосқанын аңғарар едік. Бұл да назарда болар, ойда жүрер жайттардың бастыларының қатарына жатады. Осы жерде Елбасы атап өткендей, «Түркі өркениеті: түп-тамырынан қазіргі заманға дейін атты жобаны қолға алу қажет. Бұл жоба аясында 2019 жылы Астанада Түркологтардың дүниежүзілік конгресін және әртүрлі елдер музейлерінің экспозицияларына ежелгі түркі жәдігерлері қойылатын түркі халықтарының мәдени күндерін ұйымдастыру керек.
Сондай-ақ, Википедияның үлгісінде Қазақстанның модераторлығымен түркі халықтарына ортақ туындылардың бірыңғай онлайн кітапханасын ашу да маңызды». Біздіңше, дала фольклоры мен көне сарындар әуені, өркениеттер өрісі, сөз жоқ, мәдениет мәйегі болса, оны жинап-жүйелеп, жариялап-насихаттап, аражігін айқындап, талап-талғам тұрғысынан зерттеп-зерделеудің қажеттілігі қазіргі кезеңде де анық сезіледі. Жас ұрпақ жаңа технологияға батыл бет бұрды. Кеше мен бүгіннің байланысы мен сабақтастығына мән беріп, еркін ене бермейді.
Ендеше, кәсіби маман мен осы бағытта жүрген ізденушілерге, зиялы жұртшылыққа назар аударған жөн. Заманауи бағыт-талапты, уақыт рухын да ескеру артық емес. Ортақ мұрат, кәделі іс көптің пайдасына қызмет етеді. Негізінен, бұл еңбек ұлт тарихын терең танып-біліп, зерттеп, зерделейді, ел дамуы мен үрдістерін жіті саралап салыстыруды, руханияттың бірегей үлгі-өрнектерін байыпты меңгеру мен насихаттауды кең түрде көрсетеді. Ендеше, мақаланың ұлт мұраты мен тарихын, дәстүр мен таным арналарын, кеңістік пен уақыт мәнін, өркениет өрісінің арғы-бергі кезеңдерін, түркі әлемінің дүниетанымдық қырларын, елдік сананы жаңғырту жолдарын жан-жақты айқындағандықтан, әлеуметтік бағыты дара, мәдени-рухани нәрі мол, тәлім-тәрбиелік тағылымы зор екенін айту ләзім. Маңыздысы, әрине, ұлт руханиятына ашылған кең өріс.

Нақты қайнары: http://www.elarna.net/koru_kk.php?tur=12&id=989709
Пікірлер

Көрші сілтемелер

Ең жаңа мақалалар