Еларна қолфон нұсқасына ену

Жүктеу-Албомым-Албомдар-Желі
Осы торды сақтаймын! | Осы торды бас бет етемін!

Біздің байланыс: elarna2012@gmail.com

Үш күнгы келушылер санағыКелген адам саны (IP)Көрілген бет саны (PWs)КомпйутерҚолфон
2019-09-161515454335 %65 %
2019-09-171646515737 %63 %
2019-09-18815255847 %53 %

Оркестрде «Асқар» әуен, дирижері Әлия мен Әлішер | «Жас Өркен» танымдық порталына қош келдіңіздер!



Тіркеліңіздер Кітапхана Қожалар торабы Албомдар Қазақтың 1001 ертегісі

Түрі: Жас-өркен торабы

Жолданған уақыты: 10:40 - 2019/02/22



Ол мінсіз туынды жазғысы келді. Жазды. Сол шығармаларында уақытты тоқтатқысы келді. Тоқтатты. Жерлес ағасы күйді проза тілінде сөйлеткенде, бұл проза тілінде күй жазды. Жанының нәзіктігін жасырып баққан. Бірақ мінсіз шығармалары өтірік айта алмайтын. Бүгінде сексенге толған қария болушы еді. Болған жоқ. Өзінің сөзін өзі растады. «Құдай Тәңірі бола алмағанда, айғыр құлын бола алмайды» екен.

Қазақ, оның ішінде Алматы Асқардың өзінсіз 80 жылдық мерейтойын атап өтті. Өзі болғанда не болары белгісіз, бірақ сөзінің өзі ауыр соққан. Асқар Сүлейменовтің мерейтойы үш күнге жоспарланған болатын. Үш бөлімді симфония секілді. Еліміздегі оркестрлердің барлығы Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігіне қарайды. Яғни бұл кештің барлығы министрліктің қолдауымен өтті және жазушының туған жері Түркістан мен еліміздің басқа да түкпірлерінде өткен еске алу шараларының қорытындысы секілді бұл кеш. Тағы бір айта кететіні, Түркістан облысының жаңа орталығындағы бір көше бүгінде жазушының атымен аталады.

Асқар – жазушы. Симфонияның бірінші бөлімі. Дирижер – Әлия Бөпежанова.
Абай даңғылы 20/14. Ұлттық кітапхана

Бірінші бөлім конференция форматында кітапханада өтті. Көзкөргендер сөйледі. Сөзін әрқашан тас түйін етіп, қысқа қайыратын Асекеңнің әруағынан ұялды ма, кім білсін, жиынның бас-аяғы тиянақты өткен-ді. Тек бірді-екілі «оркестр» қатарына жаңа қосылғандар тартысынан жаңылысып барып, қайта ілескен. Бірақ симфония шырқы бұзылған жоқ.

Әлия әпке дирижерлік таяғын оң қолына көтере ұстап, жылдам төмен түсірген сәтте оркестр сөйлей жөнелді.

Алғашқылардың бірі болып сөз алған Мұрат Әуезов: «Біздің қатарымыздағы көп жігітті қазақыландырған – Асекең еді», – деп бастады. – Ресейде оқып жүрген кезімізде «Жас тұлпар» деген ұйым құрылып, оған Асқар Сүлейменовтің ықпалы зор болатын. Мәскеуден оқу бітіріп келген қазақшаға шорқақтау бізді бөтенсімей бауырына тартты. Қазақыландырды деп айттым ғой жоғарыда және сол үрдісті сәтті жүргізе білді. Әрқайсымыздың үйіміздің төрінде домбыра ілініп тұрғанын қалайтын. Ғабит Мүсіреповтің Асқарға деген ықыласы өздеріңізге белгілі. Сол ықыластың сөзден бөлек көзімізге басылған тағы бір тұсы болды. Пілдің сүйегінен жасалған ғажайып қылышын Ғабең Асқарға сыйлап еді.

 

«Ой ешкімдікі емес» және ойға тұсау болмайды емес пе? Мұрат ағаның осы бір сөздерін ести сала, ойым Жапониядан бір-ақ шықты. Бүгінде өз сағаттарымен әлемге танымал «Casio» фирмасын білесіз. Міне, сол фирма бір кездері темекіге арналған түтікше шығарумен айналысқан. 1967 жылы «Жапон балладаларын» жазған, өзі темекі түтікшелерін жинаумен әуестенетін Ғабеңнің коллекциясында сол фирмадан шыққан бір түтікшенің болмауы мүмкін емес-ау. Сонымен қатар Ғабит Мүсірепов түтікшелер жинаудан бөлек, ағаш жонғанды ұнатады екен. Біз «Сөз зергері» дейміз ғой, егер жазушы болмағанда Ғабең шын зергер болар еді. Оған дау жоқ. Сондай сұлулыққа жаны құмар, эстет жазушының пілдің сүйегінен жасалған, ғажайып әшекейлі қылышын інісіне сыйлауы, әдебиетте артқан сенімінің үстіне сезім үстейді.

«Casio» фирмасының өнімдеріне байланысты Әлия Бөпежанова Асекеңнің осы брендтің сағаттарын ұнататынын еске алады. «Жетінші палатаның» да бір кейіпкерінің қолында осы фирманың сағаты болатын.

Конференция барысында тарихшы Мәмбет Қойгелді атақты «Бесатар» повесіне керемет талдау жасады.
– ХХ ғасыр басында қазақ әдебиетінде қарсыластық ағым пайда болды. «Бесатар» повесі сол ағымның негізгі туындылары Жүсіпбектің «Ақбілегінің», Мағжанның «Жүсіп ханының», Мұхтардың «Қорғансыздың күнінің» заңды жалғасы, тіпті осы үш арыс айтқысы келген ойының шешімі болды.

Мәмбет Қойгелді тарихшы ретінде «Бесатардың» тарихилығын ғана емес, қазақ жазушыларының арасындағы нәзік үндестікті де ғажап сезінгені аңғарылады. Оның сөз еткен қарсылықты ағымдағы үш шығарманың авторларының екеуі Асқар туған жылы өмірден өтіп кеткен. Алаш зиялылары Әуезовті барын сала қорғап, «сен тірі қалуың керек» деген қатаң ескертпесінің астарынан өз идеяларының шешімін шығаратын Асқардың туатынын сезді ме екен деген сауал туады. Әуезов, Мүсіреповтер сол зұлматты жылдардағы дүниенің барлығын көкіректерін көсіп-көсіп, ашып айтты ма, белгісіз, бірақ Асқардың «Бесатары» көпшіліктің көкірегіндегісін дөп басқан.

Асекеңнің жерлесі, режиссер Сатыбалды Нарымбетов: «Асекеңді түсіну үшін оған дейінгі бүкіл әдебиеттен хабарың болу керек. Ол әлемдік деңгейдегі Джойс сынды жазушылармен иық тірестіретін жазушы», – десе, Смағұл Елубай өз кезегінде Асқар Сүлейменовті «Абай мен Махамбеттің тоғысынан шыққан. Абайдан кемеңгерлікті, Махамбеттен өрлікті алды», – дейді.

Айқын идеяға құрылған шығармаларда сюжет пен көркемдік әлсіз тартады. Өйткені идеяға көлеңке түсіріп, оны туындының үшінші, тіпті төртінші қабатына жасыруы мүмкін. Ал жазушы үшін сол идеяны жеткізу маңызды. Сондықтан саналы түрде көркемдік пен сюжеттен, тіпті белгілі бір деңгейде психологиядан баз кешіп жатады. Тарихи шығарма жазудың да қиындығы осында. Жазушы тарихи факторлармен жұмыс істей жүріп, кейбір кездерде әдебиетті тарих алдына тізе бүктіреді. Бірақ бұл екі әңгіменің де Асқарға қатысы жоқ. Ол тарихи оқиғаны өнер деңгейінде суреттеп шықты. Идея үшін әдебиетті негізгі құндылығынан айыру – Сүлейменнің баласының ісі емес. Белгілі бір сыншылар: «Асқар «Бесатарды» сыртынан қарап тұрып емес, ішіне түсіп жазды», – деген пікір айтады. Меніңше Асқар өз сөзіне қарсы шыққан емес. Ол Чехов көзқарасындағы адам. Шығармасындағы ешбір кейіпкерді жақсы көрмейді. Ешқайсысына жаны ашымайды және өмірлеріне араласпайды. Өйткені «өнердің өз өткені, өз бүгіні, өз логикасы мен динамикасы бар» және ол өмірден биік. Асқар жазған мінсіз туындының формуласы – осындай.

Қарапайым оқырман мен кейбір сыншылардың Асқар тақырыбында жарыса айтатын сөзі бар. «Оқылуы қиын. Түсініксіз. Ауыр жазады». Қарапайым оқырманға өкпе жоқ, сыншыларға жол болсын. Тіпті мүйізі қарағайдай, жұртты аузына қарататын жасқа жеткен бір журналист ағамыз: «Асқарды оқыдым. Анаша шегіп отырып жазған ба, қалай?» – деген сөзі тіпті таңдандырды. Асқар шығармашылығынан үңіле оқысаң түсінбейтін сөйлем тауып беріңізші. Әрине, ол оқырманға зәру емес, бірақ сыншылардың осындай сөздері одан тіпті алыстатады. Асқардың күрделілігі тілінде емес, ойында, тіпті арыға кетсек кейіпкерлерінің психологиялық тереңдігінде жатыр. Сонымен қатар оның шығармаларына жазу кезіндегі көңіл-күйі сіңген. Мұны бүгінгі ғылымда «мәтін энергиясы» деп атап жүр. Дәл осы Асқар тіліне қатысты санадағы ойлар жазушы Өміржан Әбдіхалықтың сөзімен түйінделгендей болды.

«Асқар тілінің қиындығы жоқ. Ол – өнердің өз тілі». Сонымен Асқар Сүлейменовтің 80 жылдығына орай ұйымдастырылған конференция біздің санада осындай шешім тапты.

Асқар – драматург. Симфонияның екінші бөлімі. Дирижері – Әлия Бөпежанова.
Абай даңғылы 107. М.Әуезов атындағы әкемтеатр.

Асқардың 80 жылдық мерейтойына жиналған оркестрлік құрам симфонияның екінші бөлімін М.Әуезов атындағы әкемтеатрда ойнады. Театрдың бірінші қабатынан жазушының көрмесі ашылып, кітаптары, қолжазбалары, көзілдірігі мен ескілікте қойылған қойылымдарының афишалары ілінген. Дирижер Әлия Бөпежанова: «Асекең дүние жинамаған ғой», – дейді қайта-қайта. Алыстан Айтотымның қызы, Асқар Сүлейменовтің аяулы қарындасы Жұлдызай апамыз да келіпті.

Бүгін театр сахнасында «Адасқақ» повесінің желісімен жазылған «Біржанның соңғы әні» атты пьеса қойылмақ. Режиссері Әубәкір Рахимов. Бұл сим-фонияның екінші бөлімінің шешуші сәті. Театрдың үшінші қабатында кішігірім конференция өткізіліп, Асқардың өзі қызмет еткен әкемтеатрдағы кездерінен естеліктер айтылды. Төрге орнатылған үстелде Қазақ сахнасының қайраткерлері Есмұхан Обаев, Сәбит Оразбаев сынды тұлғалар отырды. Қазақстан театрлар ассоциациясының президенті Асхат Маемиров аға көргенін, жол көргенін аңғартып, Асекең жайында қысқа ғана баяндамамен кешті ашып берген.

Десек те осындай жиналыстар кезінде кейбір үлкен кісілерге таңданбасқа шараң қалмайды. Естелік екен деп көзкөргеннің бәрін айта беру де орынсыз емес пе?.. Жә, біз айтар сөз басқа.

Құлаққа таныс, жағымды қоңырау соғылып, жиналғандарды залға шақырды. Көрермендер арасында жастар көп. Көңілге қуаныш сыйлайтыны да – осы.

Бұл қойылым осыдан 5-6 ай бұрын жарыққа шығып, театрда үздіксіз жүріп жатқан. Бұрын көрген емеспін. Бірақ көргендер: «Асқар тілі сахнаға келіңкіремейді екен», – деген пікір білдірген еді. Тағы да сол тілге сүріну. Асқардың тілі – шығармасының табалдырығы ғана. Ал біздің көбіміздің сол табалдырығынан ары үңілуге бойымыз жетпейді.

Шымылдық ашылмас бұрын 2-3 адамға сөз берілді. Сол айтылған сөздер ішінде ең есте қалғаны Асекеңнің қарындасы Жұлдызай апамыздың сөзі болса керек. Дәл ағасына тартқан шалт мінезі бар екен. Созақтың кемпірі сахнаға тың көтеріліп: «Асқарды Айтотым жалғыз қалар болды деп ренжіп отырушы еді. Бірақ артынан үш бірдей перзенті ерген адамды қалай ғана жалғыз дерсің. Әлішер, Қаракөз және кенже қызы Әсмә. Үшеуі де әкелеріне немере сыйлады. Үш перзенті мен санауға бір қолдың саусақтары аздық ететін немерелерін былай қойғанда Асқар ағамның артында халқы бар екен. Осы сөзді ағам қайтқанда Айтотым да айтып еді», – деп бар жақсы сөзін аяқтап болып бұрыла бергенде дирижердің ымдауымен кері бұрылып, микрофон алдына қайта келді де:
– Алтыншаш жеңге! Жеңгемсіз ғой енді. Сізге ағама тұяқ тауып бергеніңіз үшін алғысым шексіз. Әлішер мен Қарагөзді сыйладыңыз. Бірақ Айтотым: «Ұлға серік керек», – дегенде: «Тұрқым бұзылады», – деп құлақ аспадыңыз ғой», – деп адуын кемпір кері бұрылып жүре берген. Жұрт ду ете қалды. Бірақ «ду еткен жұрт па еді, жоқ жүздер ме еді?»

Қойылым басталысымен Асқар өз әлеміне тартып әкетті. Алғашында Асқардың оралымды диалогтарын түсініп үлгермей жатқан халық, сәлден кейін-ақ көңіліне ұнап кеткен сөзге шапалақ соғып отырды.

Көрермен мәдениетінің төмендігі дерсіз. Жоқ. Асқар диалогтарын түсініп отырған көрермен деңгейі төмен емес. Бүгін Асқар сөйлемдерінің жігін жіктеп түсініп отырса, театрда сахна жабылмай шапалақ соғуға болмайтынын да түсінері сөзсіз. Оқырман, тыңдаушы мен көрерменнің сұранысына жұмыс істемей, санасын өсіру деген осы шығар. Иә, бұл үш топты да биік деңгейдегі өнер ғана өсіре алады.

Қойылым, Біржанның рөлін сомдаған Бекжан Тұрыстың ауырып жүргеніне, Абай мен Ақанның рөлін сомдайтын негізгі актерлердің болмауына қарамастан, өте әсерлі шықты.

Асқар шығармашылығын жоғарыда Чеховпен салыстырған едік. Кейіпкерлеріне жаны ашымайды дедік. Шығарманың негізгі кейіпкері Біржанды автордың Абайға да, Ақанға да жығып беруі соның айқын дәлелі. Қазақтың аттан жығылуы айып болмаған күннің өзінде, сөзден жығылуы өліммен тең. Оны басқа-басқа Асқар жақсы біледі. Бір шығармада Біржанды, «қазақтың Біржанын» екі рет өлтіру қай жазушының қолынан келер?

Сүлейменов пен Чехов шығарма-шылығының тағы бір ұқсастығы – тыныштығында. Сахнадағы актерлер, шығармадағы кейіпкерлер қанша айқай көтеріп жатса да, оның барлығы дарияның астыңғы иірімдеріндей болып, беті тынық күйінше қалады. Бірақ екі автор екі түрлі тыныштық жасады. Чехов қарапайым, күнделікті диалогтар арқылы, Асқар философиялық диалогтар арқылы тыныштық тапқан.

Асқар – күйші. Симфонияның үшінші бөлімі. Дирижер – Әлішер Сүлейменов.
Қабанбай батыр көшесі 110. Абай атындағы опера және балет театры.

80 жылдыққа арналған симфонияның үшінші бөлімі опера және балет театрының сахнасында ойналды.

Біз үш бөлімді симфония деп отырғанымыздың барлығы жазушының мерейтойына арналған іс-шаралар екені түсінікті шығар. Ал сол әр шараға келген әрбір адам мерейтой оркестрінің бір-бір мүшесі. Бұл мүшелердің арасында басынан аяғына дейін жүрген Асекеңнің күйеубаласы мен қызы – Досхан мен Қарагөз, досы Мұрат Әуезов сынды тұлғалар бар. Мүмкін сол оркестрдің көзге көрінбес мүшесі болып Асекеңнің «Миледиі» Әсмә да болған шығар. Айтпақшы, жақында ғана Асекең мен Әлия әпке немерелі болған.

Іс-шараның үшінші бөліміне қазақ әдебиетінің қариясы Әбдіжәмил Нұрпейісовтің өзі келіп қатысты. «Дирижер» сөзі француз тілінен аударғанда «бағыттаушы, ұйымдастырушы, басқарушы» деген мағына берсе, олар екеу: Асекеңнің ұлы Әлішер Сүлейменов және аяулы жары Әлия Бөпежанова.

Сонымен симфонияның негізгі үш бөлімінің соңғысында сахнаға шынында да дәстүрлі симфониялық «Құрманғазы» оркестрі шықты. Асқар сүйген күйлер мен әлемдік классиканың інжу-маржандары ойналып, көрермен нирваналық күйге түскен. Асқардың өз даусы тыңдалып, көпшілікке таныс емес жазушының суреттері көрсетілді. Десек те қай дүние «әттеген-айсыз» өтіп жатыр?

Бастысы «Кәрі домбыраға» ешкім қол соқпады. Шертілмей қалды. Сахнаға шақырылған айрылмас «қос домбыраның» бірінің құлақ күйі келмей, шешіліп төгіле алмай қара терге түссе, екінші домбыраның нағыз өзіндік үнін халық ести алмады. Дирижер де қолындағы таяқшасын біресе сол, біресе оң қолына ауыстырып әлек болған. Соңыра «жас домбыраның» сахнаға көтерілуі жөн болғанмен, жол болды ма?..

Ех… «Ауыл» деп сөз бастасаң көпшілікке кежегең кері тартып тұрғандай көрінесің ғой. Бірақ сол ауылдан жусан секілді тамыр ұзартқан сайын «жол мен жөннің» не екенін ұмытып бара жатыр екенбіз…

Асқар – …Симфонияның төртінші бөлімі. Эпилог орнына. Дирижер – автор.
Беймәлім Алматы көшелері.

Асқар Сүлейменовтің 80 жылдығына арналған «үш бөлімді симфониялық» кешінен кейін төртінші бөлім біздің санада ойналды. Бәлкім сол кештердің куәсі болған барлық көрерменнің санасында. Әркім өз санасының дирижері.

Асқар шығармашылығынан лиризм аңқымайды. Дегенмен шығарманың терең қабаттарына сүңги келе оның лирик екеніне көзің жетеді. «Жетінші палата», «Қара шал», «Ақ кемпір».

Оның кейіпкерлерінің барлығы, тіпті ондағы жан-жануарға дейін кемеңгер. Ол осылай өнерді өмірден бөліп алды.

Асқарды толық түсініп, «жазуы қиын» деген жалған қоршауды құлатпайынша бізге әдебиеттен жаңа өріс табу қиынға түсетін шығар. Әрине, бұл қазақ әдебиетінде ештеңе жазылмайды деген сөз емес.

Асқар туралы аңыздардан, «бүй депті» деген сөздеріне тамсанып қана қоюдан, «дос болып едік» деген естеліктерден кетіп, оның өнеріне шын үңілетін сол кезең және сол ұрпақ келді деп білемін. Оған Алматы куә.

Саф өнердің үлгісін көрсетіп, сыни мақалалары мен шашылып түскен тіркестері арқылы сол өнердің жалпы формуласын сызып беріп, болашақ әдебиеттің қандай болу керектігін түсіндірді. Осы тұрғыдан келгенде жоғарыда «Асқар» деп сызықша артынан көп нүкте қалдырдық. Теңіздегі кемелерге жол көрсетуші альбатрос дейміз бе, әлде жәй ғана «гений» дейміз бе, атау өзгергеннен маңыз аз емес пе? Сондықтан әркім өз санасындағы дирижерлығымен өзі қалаған анықтаманы қойып алсын. Бірақ «бірегей тұлғаларға сын есім жүрмейтіні» тағы бар.

P.S. Өздеріңізге белгілі, мақала соңына бір ғана адамның аты тіркеледі. Автор сол. Бірақ мұндағы ойлардың барлығы дерлік жеке синтезден туған ойлар емес, әдебиеттегі ортамен араласа келе қалыптасқан-ды. Яғни мұнда кемі оншақты адамның пікірі мен ойы тоғысқан. Иә, ой солардың барлығыныкі һәм ешкімдікі емес.

Досхан ЖЫЛҚЫБАЙ

«Ақ желкен» журналы, №1
Қаңтар, 2019

Нақты қайнары: http://www.elarna.net/koru_kk.php?tur=10&id=955151
Пікірлер

Көрші сілтемелер