Еларна қолфон нұсқасына ену

Жүктеу-Албомым-Албомдар-Желі
Осы торды сақтаймын! | Осы торды бас бет етемін!

Біздің байланыс: elarna2012@gmail.com


Ең биік бес шыңды бағындырған ұйым | «Жас Өркен» танымдық порталына қош келдіңіздер!



Тіркеліңіздер Кітапхана Қожалар торабы Албомдар Қазақтың 1001 ертегісі

Түрі: Жас-өркен торабы

Жолданған уақыты: 13:00 - 2020/06/30

Нақты Көзі: http://zhasorken.kz/?p=33780



Елімізде «Қазақ география қоғамы» атты ұйым бар. Әлеуметтік желідегі парақшаларына назар аударсаңыз, олардың тобына қосылғыңыз келіп, аңсарыңыз ауып-ақ кетеді. Себебі олардың жұмысы әлемге саяхат жасауға, биік шыңдарды бағындыруға, экспедицияларға қатысуға ынтаңызды оятады. Әлемдегі ең биік шыңдарды бағындырған қазақстандықтар туралы естісеңіз, олардың көпшілігіне «Қазақ география қоғамы» септігін тигізген. Қазақстандағы әйгілі альпинистер де осы қоғамның мүшесі. Біздің сауалдарымызға ұйымның директоры Төлеген Тастанбеков пен менеджер Дәулет Омаров жауап берді.

– «Қазақ география қоғамын» құрудағы мақсат қандай еді? 10 жыл ішінде сол мақсаттардың қайсына жеттіңіздер?

– Қоғамды құрғандағы негізгі мақсатымыз – география және табиғатқа қатысты ғылымға қолдау көрсету, ғылыми жетістіктерді насихаттау, ғылыми зерттеулердің нәтижесін іс-тәжірибеге айналуына көмектесу, әлемді тану мақсатындағы саяхаттарды дамыту. «Қазақ география қоғамы» он жыл ішінде бірқатар жұмысты атқарды. Осы жылдарда саяхат, ғылыми зерттеу, мәдениет, табиғатты қорғау салалары бойынша біраз жетістікке жеттік. Ол жетістіктерімізді мақтанышпен айта аламыз. Мысалы, Оңтүстік полюске қазақстандықтардың алғашқы экспедициясын ұйымдастырдық. Автокөлікпен 108 сағаттың ішінде 2400 шақырымды жүріп өтіп, рекорд жаңарттық. 736,5 келі ет пен 687,5 келі лағман әзірлеп, Гиннес рекордын тағы бір жаңарттық. Жер шарын велосипедпен айналып шықтық. Велосипедпен тағы бір экспедицияда 50-ден астам қаладан, 7 мемлекеттен өтіп, 5830 шақырымды еңсердік. Солтүстік полюсті шаңғымен бағындырдық. Бұл да солтүстікке алғашқы экспедициямыз болды. Ел тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай Оңтүстік полюске екінші мәрте саяхат жасап, Винсон шыңына (4892 метр) шықтық. Айта берсек, мұндай жетістігіміз көп.

– Бұлармен бірге ғылымизерттеу экспедицияларын да ұйымдастырдыңыздар. Олардың нәтижесі, ғылыми жаңалығы қандай болды?

– 2017 жылы біздің қоғамның қолдауымен Солтүстік Қазақстанда археологиялық қазба жұмыстарын жүргіздік. Осы жұмыстың нәтижесінде қолға алғаш үйретілген жылқылардың сүйегі табылды. 2016 жылы Оңтүстік полюсте қазақстандық ғалымдар суға қатысты ғылыми зерттеу жүргізіп, ол жердің суы мен мұзының ерекше екенін тапты.

– Тағы бір ауқымды жобаларыңыз – «7 шың + 2 Полюс» халықаралық альпинистік бағдарламасы. Бұның мақсаты қандай? Бағдарлама толығымен орындалды ма?

– «7 шың + 2 Полюс» «Жұлдызды жетілік» сияқты танымал халықаралық ұйым. Басты мақсаты – барлық құрлық пен полюстердің шыңдарын бағындыру. Олардың қатарында Оңтүстік Америкадағы Аконкагуа, Солтүстік Америкадағы Денали, Африкадағы Килиманджаро, Еуропадағы Эльбрус, Австралиядағы Косцюшко, Азия құрлығындағы Эверест бар. Қазақ география қоғамы осылардың ішінде тек екеуіне әзірге қол жеткізбеді. Олар – Денали мен Эверест шыңдары.

– Енді елімізге оралсақ. Қазақстанда экспедиция өткізудің мүмкіндігі қандай? Отандық туризмді дамытуға қосып жатқан үлестеріңіз бар ғой?

– Қазақстанда жылына 50-ден астам экспедиция ұйымдастырамыз. Оның ішінде халықаралық экспедициялар да бар. Экспедицияның негізгі мақсаты – зерттеулер жүргізу, жаңа жерлерді табу, табиғатты қорғау және экологиялық тур. Қазақстандағы туризмді дамыту жоспарымызға этникалық және «жабайы» туризм көмектеседі, себебі еліміздің аумағында табиғаттың көп бөлігіне адам аяғы тимеген, «бұзылмаған» күйі тұр.

Шетелдік туризмді Қазақстанның мәдениеті қызықтырады және біздің кең даламыздан түз тағыларын көруге болады. Бұл жерде әңгіме қорықтар туралы, көптеген елде жабайы жануарлар адамдардан қорықпайды, бұл шын мәнінде ауыр факт. Себебі жыртқыштың аты жыртқыш, залалы тиюі мүмкін.

– Әлемнің биік шыңдарында еліміздің көк туын желбіретуге атсалыстыңыздар. Бүгінде қанша туымыз биіктерге қадалды?

– Иә, «Қазақ география қоғамы» бағындырған шың көп. Сол тізімде Килиманджаро, Винсон, Косцюшко, Эльбрус, Агонкагуа бар. Олардың ішіндегі ең қиынға соққаны – Винсон шыңы, өйткені ол Оңтүстік полюсте орналасқан. Ал ең жеңілі Косцющко шыңы болды. Бұны бағындыру Шымбұлаққа серуендеуге барғанмен тең, бірақ Австралия құрлығында орналасқаны үшін 7 шыңның тізіміне енді.

– Биік шыңдарда дағдарыстар болмай қоймайды. Табиғаттың тосын мінезі тағы бар. Мұндай қиындықтардан сіздердің командаларыңыз да өткен болар? Қиындықтан қалай шықтыңыздар? Қазір күліп еске алатын бір-екі мысалды айтып берсеңіздер. 

– Иә, көптеген қызықты жағдай болды, біз оларды ұзақ уақыт бойы айтып жүретін шығармыз. 2016 жылы Винсон шыңын бағындыру үшін Оңтүстік полюске қазақстандықтардың алғашқы шаңғы экспедициясын ұйымдастырдық. Экспедиция құрамы үшін ауа райы қолайсыздық тудырды. Себебі олар бір уақытта ыстықпен және суықпен күресті, күн мен түнді алмастырып алды. Себебі Оңтүстік полюсте жарты жыл күндіз, жарты жыл түн боп тұрады. Бағытымыздан бір қадам қате бассақ, адасып, басқа жаққа кетіп қалуымыз мүмкін. Сол үшін бізге үнемі компас қажет болды. Бірде біздің жігіттер газды жылытқышты өшіруді ұмытып кеткендіктен абайсызда шатырды өртеп алды. Ал ол жерде киім жайылып тұрған болатын. Бағымызға орай, бәрі жақсы аяқталды, қосалқы шатырымыз бар еді. Бірақ жайылып тұрған киімдерден айырылып қалдық (күліп).Ал 2019 жылы велошабандоздарымыз Лондоннан Нұр-Сұлтанға дейінгі жолды жүріп өтті. Олар жердің басқа бөлігінде табиғаттың қолайсыздығына қарсы тұрды. Лондоннан Берлинге дейінгі жолда ауа райының небір «мінезін» кездестірді. Лондонда олар таулы қыраттағы жолдармен жүрді. Голландияда қатты жел соғып, суық циклон жауып тастады. Бельгия мен Берлинде ұдайы жаңбыр жауып тұрды. Ал ТМД елдерінде күн ыстық болды. Дөңгелектердің тесілуі олар үшін үйреншікті жағдайға айналып кетті. Бірақ ең жаман нәрсе – жол бойындағы көліктермен қатар жүру. Сонымен қатар, біздің қатысушылар қонақүйлерде немесе жатын орындарында түнемеді, шатырда тұрып, далада жуынды. Саяхаттың ең керемет тұсы да осы еді.

– Жас ғалымдарды тәрбиелеп, білімін ұштап, оларды ғылыми зерттеулерге қызықтыру – тағы бір мақсаттарыңыз. Бұл бағыттағы жұмыстарыңыздың нәтижесі қандай?

– Жас ғалымдар мен талантты жастарды қолдау – «Қазақ география қоғамының» мақсаттарының бірі. 2016 жылы бізге Дінмұхаммед Майлыбай есімді 10-сыныптың оқушысы келді. Ол NASA-ның жанындағы мектепте тегін оқу грантын ұтып алды. Біз жас талантқа астрономия саласында оқуына көмектестік. Дінмұхамед астрономиямен сабақтас ғылымдардың дамуына үлес қосуды армандайды. Біз бұл көмегіміз арқылы болашағымызға да қолұшын бердік деп ойлаймыз.

– Жасөспірімдерді табиғатпен достастыру үшін жасап жатқан шараларыңыз да бар. Мәселен, оқушылардың жазғы лагері. Бұл тұрақты ұйымдастырылып тұра ма?

– Лагерь жас зерттеушілерге саяхат негіздерін үйрету үшін ұйымдастырылған болатын. Онда біз жас таланттарды шатыр жинауға, тауға өрмелеуге, от жағуға және тағы да басқа жаттығуларды жасауға баулыдық. Өкінішке қарай, қазір жоба жабылды.

– Орындалмай тұрған армандарыңыз қандай? Болашаққа құрған жоспарларыңызбен бөліссеңіздер…

– Иә, 2020 жылға көптеген сапар, экспедиция мен жоба жоспарланған едік. Өкінішке қарай, әлемдік пандемияға байланысты біз олардың бәрін бірдей жүзеге асыра алмаймыз. Бірақ биыл қоғаммен жұмыс істеуге, яғни көп байқау өткізіп, адамдармен байланыс жасауға күш жұмсайық деп шештік. Осылайша, биыл жобаларды жүргізу үшін, ұйымдастыру үшін үлкен байқау ұйымдастырдық. Онда әр адам жасына және жынысына қарамастан археология, мәдениет, саяхаттар мен экспедициялар саласындағы жобаларын ұсына алады. Бұл байқау адамдарға KazGeo жобаларының қалай жүзеге асырылып жатқанын көзімен көріп, қиялдағы саяхаттарына шығуға мүмкіндік береді. Жарысқа қатысушыларды қабылдау әлі де жалғасып жатыр.

– Әлемді әбігерге салған төтенше жағдай табиғатсыз бір күнін де өткізе алмайтын саяхатшылар үшін өте қиын болғаны түсінікті. Сіздердің командаларыңыз карантин жағдайында қандай жұмыстар атқарды?

– Шын мәнінде, карантин бізге табиғатты қорғаушылар ретінде пайдалы болды. Біз жануарларды бақылап отырып, әртүрлі қорықтарға жануарлардың оралғанын көрдік. Мысалы, Үлкен Алматы көлінде қар барысын, тауешкіні байқадық. Ал Іле Алатауында «Қызыл кітапқа» енген ақ аюлар байқалды. Алматы қаласында ауаның ластануы да күрт төмендеді. Сонымен қатар, Алматы әкімдігімен бірге тыл ардагерлерін Жеңістің 75 жылдығымен құттықтадық. Өрт сөндіруші, полиция, медицина қызметкері сияқты мамандардың жұмысының маңызын көрсеткіміз келетін әлеуметтік шара өткіздік.

– Әңгімеңізге рақмет! Бағындырар биіктеріңіз көп болсын!

Дайындаған Асылан ТІЛЕГЕН

«Ақ желкен» журналы, №6
Маусым, 2020

Нақты қайнары: http://www.elarna.net/koru_kk.php?tur=10&id=1210912
Пікірлер

Көрші сілтемелер