Нұрәлем Facebook-ке Жазыл Тәңіртау YouTube-ке Жазыл Қазақтың 1001 Ертегісі (PDF)

Жүктеу-Албомым-Албомдар-Желі
Осы торды сақтаймын! | Осы торды бас бет етемін!

Біздің байланыс: elarna2012@gmail.com


Шығыс Еуропаның шырқы неге бұзылды? – Астана Ақшамы



Нұрәлем Facebook-ке Жазыл Тәңіртау YouTube-ке Жазыл Қазақтың 1001 Ертегісі (PDF)

Түрі: Ақжол мақалалары

Жолданған уақыты: 09:45 - 2021/04/08

Нақты Көзі: https://www.astana-akshamy.kz/shyghys-europanyng-shyrqy-nege-buzyldy/


Шығыс Еуропаның шырқы неге бұзылды? – Астана Ақшамы

Әлем бейне бір алып қара қазан сияқты. Кейде о жер, бұ жерінен тесіп бүлкілдеп қана қайнаса, кейде аяқ астынан ақ көбігін аспанға атып, бұрқ-сарқ етіп, ернеуінен асып кетердей жұлқына жөнелетіні бар. Біз «қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған» бейбіт заманды аңсап, тыныштыққа қаншалық талпынғанымызбен, бірде беті, бірде асты қайнап, ешқашан толас таппайтын қара қазанның ішіндегі айқас сап тыйылып, суыған сорпадай тыншыған емес. Тіпті соңғы жиырма жылда қарулы қақтығыстар мен қантөгістер үдей түскендей. Мәселен, Таяу Шығыста Ирак халқы ширек ғасырға жуық қанды қырғыннан зардап шексе, кейін Ливия, Сирия елдерінде болған сұрапыл соғыс ондаған мың адамның жанын жалмап, сан мың тұрғын босқынға айналды. 30 жылға созылған Қарабақтағы қырқыс та өткен жылдың соңында Әзербайжан мен Арменияның 10 мыңға жуық солдатын сұлатып барып әзер басылып еді, енді, міне, Қырымның қырқысы мен Донбасстың дауы тағы басталды.Сәуір туғалы әлемнің назары Украинаға ауды. Себебі соңғы күндері Украинаның шығысындағы кикілжің қайта күшейіп, АҚШ пен Еуроодақ Украина мәселесіне байланыс­ты Ресейге жаңа санкциялар салды. Сонымен қатар Украина­ның НАТО-мен барған сайын жақындасып, әскери жаттығулар өткізуге дайындалуы, Түркиядан ұшқышсыз ұшақтарды сатып алып, оны Ресеймен шекаралас өңірлерге орналастыруы Ресейді шұғыл шешімдерге апарды. Қырымдағы әскери базасын қауырт дайындыққа көшіріп, Украинамен шекаралас өңірлерге ауыр құралдары мен әскерлерін топтай бастады. Кешеден бері Ресей шекараға мұздай қаруланған 4000 әскерін жеткізгені белгілі болды. Ал The New York Times басылымы өткен аптада Ресейдің Украина шекарасына шамамен 40 мыңға жуық әскер жібергенін жазған еді. Украина Қарулы күштерінің бас қолбасшысы Руслан Хомчак та Ресейдің шығыс шекарасына жақын жерге 28 батальон, 40 мыңға жуық әскер орналастыр­ғанын мәлімдеп, бұл Ресейдің Украинаға және тұтас Еуропаға қатер төндіріп отырғандығының дәлелі деп мәлімдеді. Сонымен қатар әлеуметтік желілерде Ресей Брянск, Воронеж облыстарына, сондай-ақ Қырымға үстемелеп қосымша әскер жіберіп жатқандығы туралы хабарламалар пайда бола бастады. Дегенмен Ресей Қорғаныс министрлігі бұл ақпаратты растаған жоқ. Тек Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков Ресей қарулы күштерін өз аумағында өз қалауы бо­йынша орналастырады және бұл жайт ешкімді алаңдатпауы керек деп мәлімдеді. Сонымен қатар Песков Ресей әскерінің ­Украинадағы қарулы қақтығысқа ешқашан қатыспағанын және қатыспайтынын да атап өткен еді.
Украина Қарулы күштерінің бас қолбасшысы Руслан ­Хомчактың айтуынша, Ресей «Батыс-2021» жаттығуларына дайындық аясында Украинаның шекараларына тағы 25 қосымша батальондық-тактикалық тобын жіберуді жоспарлап отырған көрінеді.
Ресейде 1 сәуірде әскери қызметке шақыру басталған болатын. Осы жағдайға байланысты Украинаның Сыртқы істер министрлігі «Ресейдің Қырым мен Севастопольде өз қарулы күштеріне шақыру науқанына байланысты наразылығын білдіреді» деп мәлімдеді.
Украина аумағында өтетін әскери оқу-жаттығуға байла­нысты НАТО елдері Еуропадағы әскери техникаларын Украинаның шығысына таси бастаған. Кешеден бері Украина НАТО қарулы күштеріне өз кеңістігін бүкілдей ашты деген ақпарат тарады. Бірақ бұл ресми түрде расталған жоқ.
Украина да қолда бар қаруын сайлап, Луганскіге 120 миномет пен бронотехникаларын қойып, қауырт соғыс дайындығына көшті. Луганск соғыс қолбасшылық штабы да қарсы тарапқа жауап қайтаруға дайын отырмыз деп мәлімдеме жасады. Осы жағдайға байланысты Ресей Сыртқы істер министрі Сергей Лавров Украинаның Донбасс аймағында жаңа соғыс әрекеттеріне баруы Украинаның өз басына шоқпар болып тиюі мүмкін деп ескертті.
Украинадағы жағдайдың ушығуына байланысты өткен аптада АҚШ қарулы күштерінің Еуропада тұратын қолбасшылығы да жағдайды бақылау режимін ең жоғары деңгейге көтерген. Вашингтонның мұндай қадамға баруына Ресейдің 23 наурызда аяқталған әскери жаттығулардан кейін өз әскерін қайтарып әкетпегені себеп болған.
6 сәуір күні Украинаға АҚШ-тың ұлттық гвардиясы резервінен берілген 50 бронотехникасы мен С-130 ұшақтары жетті. Пентагон мұнымен шектелмейміз, тағы да қосымша күш жібереміз деп отыр. Украинаның шығыс шекара аймағында Қазір АҚШ-тың барлаушы дрондары көбейді. Бұл дрондар Донбасстағы, Луганскідегі, Қырымдағы, Қара теңіз жағалауларындағы жағдайларды бақылауына алып, НАТО қарулы күштеріне мәліметтер беріп отырады.
Өзін тәуелсіз елміз деп жариялаған Украинаның Донецк пен Луганск облыстарында да жағдай тұрақсыз. Осыдан бір апта бұрын дәл осы аумақта атыс болып, 4 украин сарбазы қаза тапқан еді. Осы оқиғадан кейін АҚШ мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен Украина Сыртқы істер министрлігінің басшысы Дмитрий Кулебамен телефон арқылы сөйлесіп, АҚШ Украинаның егемендігі мен аумақтық тұтастығын қолдайтынын айтқан.
Наурыздың ортасында АҚШ сенаторлары АҚШ-тың Украина­мен қауіпсіздік саласындағы серіктестік туралы заң жобасын ұсынды. АҚШ Конгресі Сенатының халықаралық істер жөніндегі комитетінің қа­рауына енгізілген бұл құжатта Киев­ке жылына 300 млн доллар әскери көмек және Украин әскери офицерлерін даярлауға жылына 4 млн доллар бөлу қарастырылған. Жақында АҚШ президенті Байден де Украина­ны қолдайтынын, Киевтің өзін қорғауы үшін Украинаға қуатты құралдар беретінін мәлімдеді.
Екінші жағынан, Украина мен Түркия арасындағы әскери және техникалық ынтымақтас­тық екіжақты қатынастар тарихында бұрын-соңды болмаған деңгейде дамыды. Ұшқышсыз ұшақтарының кереметін Қарабақ соғысында дәлелдей білген Түркия қазір Украинаға да байрақтарын сата бастады. Ал Украина Түркиядан сатып алған ұшқышсыз ұшақтарын Қара теңізде сынақтан өткізгеннен кейін, оны Ресеймен шекараласатын аумаққа орналастырған.
Сейсенбі күні Украина президенті Владимир Зеленский НАТО-ның бас хатшысы Йенс Столтенбергке жазған хатында «НАТО-ға кіру – Донбасстағы (Шығыс Украина) соғысты тоқтатудың жалғыз жолы, бұл аумақты соңғы жылдары сепаратистер басқарып келеді, сондықтан НАТО Украинаны әскери одаққа қабылдау қадамын тездету керек» деп атап көрсеткен. Сонымен қатар Украина президенті Донбасс­тағы жарылыс салдарынан соғыс тоқтаған 2020 жылы шілдеден бері жарылыстан 28 украин сарбазының қайтыс болғанын, тек соңғы 10 күн ішінде 8 жауынгердің мерт болғанын айтты.
Сарапшылар жағдай ушыға берсе, Ресей мен Украина арасында көлемді қақтығыс туып, бұрын перде артында тұрған Ресей ашық айқасқа шығып, Украина мәселесін тіпті ушықтырып жіберуі мүмкін деген пікір айтса, кейбір сарапшылар бұл реткі қақтығыс Украинаның шынайы азаттығына айналуы мүмкін деген болжам жасайды. Әйткенмен соғыстың екі жаққа да оңайға соқпайтыны анық. Украина НАТО мен АҚШ-қа арқа сүйегенмен, Грузия мәселесіндегі сияқты жеме-жемге келгенде екеуі де тайқып кетіп, Украина­ның Ресейге төтеп беруі қиынға соға ма деген қауіп те жоқ емес. Дегенмен Украина президенті Зеленский АҚШ президенті Байденмен телефон арқылы сөйлескен кезде Ақ үй басшысы Украинаның жалғыз еместігін ескерткен еді.
Қысқасы, Украина жағдайы ушығып тұр. Алпауыт елдердің араласуымен жасалған Минск келісімі де бос сөзге айналып, Шығыс Еуропаның шырқы қайта бұзылды.

 

Нақты қайнары: http://www.elarna.net/koru_kk.php?tur=7&id=1385344
Пікірлер

Көрші сілтемелер