Нұрәлем Facebook-ке Жазыл Тәңіртау YouTube-ке Жазыл Қазақтың 1001 Ертегісі (PDF)

Жүктеу-Албомым-Албомдар-Желі
Осы торды сақтаймын! | Осы торды бас бет етемін!

Біздің байланыс: elarna2012@gmail.com


Жолдар жөнделіп, жылы аялдамалар көбейеді – Астана Ақшамы



Нұрәлем Facebook-ке Жазыл Тәңіртау YouTube-ке Жазыл Қазақтың 1001 Ертегісі (PDF)

Түрі: Ақжол мақалалары

Жолданған уақыты: 02:45 - 2021/02/23

Нақты Көзі: https://www.astana-akshamy.kz/zholdar-zhondelip-zhyly-ayaldamalar-kobejedi/


Жолдар жөнделіп, жылы аялдамалар көбейеді – Астана Ақшамы

Нұр-Сұлтан қаласы Көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасының биылғы бюджеті 25 млрд теңгені құрап отыр. Бұл қаржы жолдар құрылысы мен көлік инфрақұрылымын дамытуға бағытталады. Соның ішінде жолдарды салу мен жөндеуге республикалық бюджеттен 4 млрд теңге, жергілікті бюджеттен 4,2 млрд теңге қарастырылған. Қалалық мәслихаттың құрылыс, экология, көлік, сауда және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мәселелері жөніндегі тұрақты комиссияның отырысында осыны мәлімдеген аталмыш басқарманың басшысы Жансұлтан Сапарбаев бұл бағыттардағы жұмыстармен таныстырды.

ТҰРҒЫН АЛАПТАРҒА БАСЫМДЫҚ БЕРІЛДІ

– Биыл жүзеге асырылатын 14 жобаның үшеуі бойынша тиісті жұмыстарды толығымен аяқтау­ды жоспарлап отырмыз. Атап айтқанда, Баянтау көшесі – №14 көшеден бастап №41 көшеге дейін­гі аралықта, №27 көше – Тұран даңғылынан Бейсекова көшесіне дейін және №24 көше – Тұран даңғылынан Қабанбай батыр даңғылына дейін жөнделеді. Қаржы министрлігіне қосымша 26 миллиард теңге бөлу туралы өтініш бердік. Сол жақтан жауап күтіп отырмыз, – деді Ж.Сапарбаев.
Жалпы алғанда жолдарды орташа жөндеу 67 көшеде жүргізіледі. Соның ішінде 40 көше тұрғын алаптарда орналасса, қалған 27 көше қаланың орталығында орын тепкен. Оған 5,5 млрд теңге бөлінген. Бұған қоса, Үкімет резервінен қосымша 10 млрд теңгеге сұраныс жіберілді. Егер ол қанағаттандырылса, орташа жөндеу 163 көшеде жүргізіліп, тұрғын алаптардағы 114 көше жөнделмек.
Аудандарға бөлгенде, Алматы ауданында 25 көше (тұрғын алаптарда 16 көше), Байқоңыр ауданында 18 көше (тұрғын алаптарда 12 көше), Есіл ауданында 8 көше (тұрғын алаптарда – 3) және Сарыарқа ауданында жөнделетін 17 көшенің 10-ы шет аймақтарда орналасқан.
Сондай-ақ осы жылы Сейфуллин көшесін – Бейсековадан бастап Абайдың 150 жылдығы көшесіне дейінгі аралықта жөндеу жұмыстарын жалғастыру жоспарланды. Бұл – қаладағы ірі жобалардың бірі. Жоба құны 8,7 млрд теңгені құрайды. Өткен жылы бұл сомадан 2 млрд теңгеге жуық игерілді.

КӨПІРЛЕР ҚҰРЫЛЫСЫ ҚАЛАЙ БОЛАДЫ?

– Осы күндері Есіл өзені үстімен өтетін Тәуелсіздік даңғылы бойындағы көпір құрылысының жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленіп жатыр. Жоба осы айда дайын болады. Содан соң мұны мемлекеттік сараптамаға жібереміз. Егер сәуір айының аяғында, мамырдың басында оң шешімін алсақ, уақытты оздырмай іске кірісеміз. Биыл апатты болып танылған «бүкір» көпірді қалпына келтіруді аяқтауды да жоспарлап отырмыз, – деді Ж.Сапарбаев.
Тағы бір маңызды жоба – Күйші Дина көшесін – Жұмабаев даңғылынан бастап Абылай хан даңғылына дейінгі аралығының құрылысын аяқтау. Қалалық мәслихат депутаты Алмагүл Сегізбай осының жайын сұрады.
– Алматы ауданының әкімі Бектенбай Есполовтың есебін тыңдағанымызда, ол бұл жоба бойынша проблема туындағанын айтқан еді. Бұл жөнінде сіз не айтасыз? – деген сұрақ қойды депутат.
Баяндамашы осы жобаны бастап, жауапсыздық танытқан мердігерді сотқа бергендерін, құқықтық мәселе шешілген соң, көше құрылысын аяқтау мәселесі пысықталатынын айтты.
– Тиісті жұмыстарды аяқтау шамамен алғанда 500 миллион теңгені құрайды. Жобалық-сметалық құжаттама дайын, ол ескірмейді және түзету енгізуді қажет етпейді, – деді Көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасының басшысы.ЖҰМАБАЕВ ДАҢҒЫЛЫ НЕГЕ ЖАРЫҚТАНДЫРЫЛМАҒАН?

Қалалық мәслихат хатшысы Ерлан Каналимов Жұмабаев даңғылының бір бөлігін жарықтандыру мәселесін көтерді.
– Бұл даңғыл баяғыда салынып, тапсырылды. Бірақ Момышұлы даңғылынан бастап «Сарайшық» шағын ауданына дейінгі аралығы қап-қараңғы. Алматы ауданының әкімдігіне хабарласқан едім, сол жақтан бұл аумақ балансына берілмегені жөнінде жауап келді. Кезінде аталмыш көше бойынша бағдарлама әкімшісі Көлік және автомобиль жолдары басқармасы еді. Балансқа алу керек қой, бұл жұмысқа не кедергі? Әлі есімде, Жұмабаев даңғылы 2008 жылы пайдалануға берілді. Міне, арада 13 жыл өтті. Бірақ «баяғы жартас – бір жартас». Жолдың осы аралығында жиі апатты жағдайлар туып жатады. Жол полициясы бұл туралы хабардар, – деді хатшы.
Белгілі болғандай, дәл қазір Жұмабаев даңғылының осы бөлігін аудан әкімдігінің балансына беру үдерісі жүріп жатыр. Осы орайда мәслихат хатшысы мұны тездетуді сұрады.

ЖЫЛЫ ПАВИЛЬОНДАР ЖЫЛУ ТАРТПАСА ЖАРАМАЙДЫ

Сондай-ақ Көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасының басшысы биыл бас қалада 20-дан астам жылы аялдама орнату жоспарланып отырғанын мәлімдеді. Осы уақытқа дейін төрт ауданның әрқайсысында үш жылы аялдамадан орнатылған. Сонда барлығын қосқанда 12 болды. Осы айдың аяғына дейін сегіз жылы павильон ашылмақ. Ал жыл аяғына дейін тағы 20 жылы аялдама салынады. Осылайша қалада олардың саны 40-тан асатын болады. Яғни, әр ауданға 10-нан келеді.
Бірақ жылы аялдаманы орнатып қана қоймай, оған жылу қосу да керек. Ал осы жағына келгенде проблемалар жоқ емес. Осының жайын мәслихат депутаты Владислав Сергеев сұрады.
– Неге жылы павильондарға жылу беру үшін көп уақыт кетеді? Жолаушылар кейде соны бір жарым айға дейін күтеді, – деді депутат.
Жансұлтан Сапарбаев жылы аялдамалар биылғы 1 қаңтардан бастап аудандар әкімдіктерінің қарауына берілгенін айта келе, басқарма оларды орнатумен ғана айналысатынын жеткізді. Оның айтуынша, жылы павильондарды аумақтарға орнатуды да әкімдіктер шешеді.
– Ал жылы аялдамаларды жылуға қосу жүйесі бірден табылмайды. Сондықтан оларды ашу біраз уақытты алады. Мысал үшін «Керуен» сауда-ойын-сауық орталығы аумағын алайық. Мұндағы жылы аялдамаға жылуды маңайындағы тұрғын үйден тарту жоспарланған. Бірақ ПИК төрағасы бұған рұқсат бермеді. Сол себептен басқа амалдарды іздестірдік. Қорытындысында уақыт жоғалттық, – деді Ж.Сапарбаев. Осы орайда депутаттар жылы аялдамаларды орнату жұмысында шет аймақтарға басымдық беруді, олардың санитарлық жағдайына көңіл бөлуді ұсынды.
Басқарма басшысы өз баяндамасында бағдаршамдарды орнату жұмысы қалай жүргізіліп жатқанын да айтты. Оның айтуынша, былтыр қалада 20 бағдаршам орнатылса, осы жылы соның 21-ін орнату жоспарланған.

Нақты қайнары: http://www.elarna.net/koru_kk.php?tur=7&id=1359116
Пікірлер

Көрші сілтемелер