Нұрәлем Facebook-ке Жазыл Тәңіртау YouTube-ке Жазыл Қазақтың 1001 Ертегісі (PDF)

Жүктеу-Албомым-Албомдар-Желі
Осы торды сақтаймын! | Осы торды бас бет етемін!

Біздің байланыс: elarna2012@gmail.com


Полиэтилен пакеттен қашан құтыламыз? – Астана Ақшамы



Нұрәлем Facebook-ке Жазыл Тәңіртау YouTube-ке Жазыл Қазақтың 1001 Ертегісі (PDF)

Түрі: Ақжол мақалалары

Жолданған уақыты: 02:45 - 2021/02/20

Нақты Көзі: https://www.astana-akshamy.kz/polietilen-paketten-qashan-qutylamyz/


Полиэтилен пакеттен қашан құтыламыз? – Астана Ақшамы

Көпшілік қажетін тасып, қоқыс жинауға керек қылар, полиэтилен пакеттер әйелдерді ана болу бақытынан айырып, еркек кіндіктіні бедеулікке душар етеді. Қалайша дейсіз ғой… Жауабын хирург, «Ұлы Дала» компаниясының негізін қалаушы, эколог Мирас ­АББАСОВ айтып береді.

СУ ІШЕМІН ДЕП У ІШПЕ!

Елдегі полиэтиленнің 15 пайызы ғана өзімізде өндіріледі. 85 пайызы – импорт. Ал оның ыдырауы үшін 1000 жылдан аса уақыт қажет. Бір ғана астаналық полигонға күн сайын 50 мың килограмм полиэтилен тасталады. Ең өкініштісі, оның 10 пайызы ғана қайта өңдеуге жіберіледі. Бұл – өте қорқынышты көрсеткіш. Экология көрген қорлықты талайдан бері естіп-ақ жүрсіз. Бәлкім, сіз үшін бұл жауыр болған тақырып шығар? Дегенмен табиғаттың жағдайы жаныңызға батпаса, денсаулығыңызға, өміріңізге төнген қауіп ойландырса керек.
Полиэтиленнің өте ұсақ бөлшектері айналаңызда ұшып жүруі де әбден мүмкін. Тіпті ауа арқылы ағзаңызға еніп кетеді. Қысқатолқынды пештен қорғанып, ішер асыңызды полиэтиленге сеніп тапсырғанда пакет еріп, 150-ге жуық канцероген түзеді де ауаға, асқа таралады. Арты – айықпас дерт. Себебі ағзаға орныққан соң, ешқашан шықпайды, күн өткен сайын ұлғайып, ракқа айналады. Ол ол ма?! Канцерогені, яғни бисфенолы бар тағамды жеген ер адам белсіздікке ұшырайды. Ал әйелдер өмір бойы ана болу бақытынан айырылады. Мұны бірреттік пластик тәрелкеге ыстық тамақ салып, пластик стақанға құйылған буы бұрқыраған шай немесе кофе өңешіңізден өткенде ескерерсіз.
Ақ қағаз алу үшін, ағашқа балта шабылатынын мен айтпасам да білесіз. Ауасыз өмір сүре алмайтын адам баласы оны ақ параққа айыр­бастауда. Бұлай жалғаса берсе, талдың бәрі түбімен жойылып, таза ауа аппараттағы арманға айналады. Әлемнің озық елдері ақ қағаздан еріккеннен бас тартып, электронды жүйеге көшіп жатқан жоқ. Оның орнына қоңырқай түсті, қайта өңдеуден өткен макулатураны немесе электронды жүйені таңдайды. Ал өмірімізге орнығып алған полиэтиленнен біржола бас тарту мүмкін бе? Оның баламасы қайсы? Экопакет. Биоөнім. Бұларды жаппай қолданысқа енгізуге кімдер кедергі?

БАЛАМАСЫ – БИОПАКЕТ

Елорданың іргесінде 5 жылдан бері биопакет өндірумен айналысатын кәсіпорын бар. Онда азық-түлік сақтауға, қоқыс жинауға арналған пакеттер өндіріледі.
«Астанаға көшіп келгенімде қаланы қоқыс жайлап бара жатқаны жаныма батты. 5-ақ минут қолданатын полиэтиленді пакеттер 400-500 жылдай жеті атаңды танығанша жойылып кетпейді. Өздігінен шіріп кетпей, жанына жуықтаған тіршілік атаулысын өлтіріп тынады. Содан 2015 жылы ешкімге залалсыз 2-3 айда өздігінен шіріп кететін биопакет шығаруға бел будым. Компаниядағы барлық техниканы Қытайдан алдырдық. Сатып алған техникалардың тілін түсіну үшін арнайы маман қажет болды, ол да үлкен қаражатты талап етті. Сондықтан шығын шығармай техникалық құралдарды түгелімен YouТube желісі арқылы өзіміз жинап, іске қостық. Жеке кәсібімді жолға қою барысында кедергілер де көп болды. Таныстарымның арасынан райымнан қайтарғысы келіп, ­Қазақстанда экопакет өндірісін қолға алу тым ерте, оны халық тек 2050 жылы қолданады дегендер болды. Қарызға да баттым. Дегенмен айтқанымнан қайтпай, кәсібімді аяққа тұрғыздым. Жағдай оңалды. Міне, қоқыс қалдықтарын табиғатты ластамайтындай қылып өңдейтін цехтың ашылғанына 5 жылдан асты, жұмыс қызу жүріп жатыр» дейді «Ұлы Дала» компаниясының негізін қалаушы Мирас Аббасов.

ЖҮГЕРІДЕН ЖАСАЛАДЫ

«ТМД елдерінде осыған ұқсас өндіріс жоқ. Биопакеттер құрамында өсімдік шикізатының болуымен ерекшеленеді. Біз шикізатты Испания, Германия және Франциядан алып келеміз. Құрамы – түрлендірілген картоп крахмалы, жүгеріден алынған полисүтті қышқылы, целлюлоза ацетаты және пластификатор. Мұның зияны жоқ па? Осы сұрақты өзімізге де қойдық. Толықтай тексеруден өтті, шикізат 100 пайыз табиғи өнім болып табылады. Жалпақ тілмен айтқанда, жүгері қайнаған суда қалған қалдықтардан пакет жасап шығарамыз. Крахмал ерігенде полиэтилен сияқты жағымсыз иіс пен зиянды қоспалар шығармайды және олар полигонға жеткізілген сәтте табиғатқа еш залал келтірмей еріп кетеді. Біз шикізатты еуромен сатып аламыз, тасымалдау шығындары бар. Сол себепті валюта бағамдарына тәуелдіміз. Сондықтан бір полиэтилен пакеттің құны 5 теңге болса, біздің пакет 27 теңге» деді ол.
Өздігінен ыдырайтын пакет өндірісі 3 кезеңнен тұрады. Әуелі Испаниядан тасымалданатын жүгері түйіршіктері арнайы құрылғыға түсіп, балқиды, қамырға ұқсас күйге енеді. Құрылғыдан шыққан соң созылып, ісінеді де, артынша ақырындап суи бастайды. Жоғары температура мен қысым жағдайында түйіршіктерден пластикалық полимерлік қабықша түзіледі. Пакеттің көлемі, қалыңдығы, пішіні мен ені енгізіліп, бумаларға оралады. Одан кейін өнімнің сыртына арнайы логотип пен пакетті шығарушы жайлы ақпарат жазылады. Ең соңында қос құлағы мен жан-жағы тігіліп, биопакет кесіліп, дайын өнім болады. Одан бөлек арнайы тұрмыста қолданылатын тағам жасайтын, сұлулық салондарына қажетті қолғаптар өндіріледі.

САПАСЫ СЫН КӨТЕРЕ МЕ?

«Микротолқынды пешке салсаңыз немесе күйдірсеңіз, биопакет күйген қантқа айналады. Егер күнге қойып қойсаңыз, бірнеше күннен соң пакет газет сияқты қытырлап қалады. Бұл сахарозадан және крахмалдан жасалған зат қой. Тіпті жұмыс барысында қуырылған картоп, кейде саңырауқұлақ немесе бауырсақтың иісі сезіледі. EXPO кезінде акция жасап, пакеттерімізді таратқан едік. Сонда көптеген адамдар біздің пакеттеріміздің иісін бауырсақтың иісіне ұқсатыпты. Шетелдік қонақтар «сендер пакетті де бауырсақтан жасайсыңдар ма» деп таңқалғаны бар. «Қазақстанда жасалған ғой, сондықтан қазақылықтың иісі шығады» деп қалжыңдадым сол кезде. Расымен, бауырсақтың иісі сезіледі. Бұл жағымды иіс кемірушілерді де еліктіреді екен. Сондықтан зауытта Молибден мен Қара атты қос мысық бар. Төртаяқты экобелсенділер зауытта кемірушілерден қорғайды. Біздің пакеттердің еш зияны жоқ, бірақ қолданыс мерзімі ұзақ емес. Дегенмен өте шыдамды, 17 кг салмақты көтере береді» дейді кәсіпкер.
Бұл биопакеттер 140 күнде өздігінен жойылып, тіпті топыраққа сіңген соң тыңайтқыш қасиетке ие екен.
«Назарбаев университетінің ғалымдарымен бірге зерттеу жүргіздік. Экопакеттерді жерге көміп, топыраққа сіңіп кеткенше күттік. Содан кейін топырақты тексеру орталығына жібердік. Нәтижесінде пакеттердің топыраққа ешқандай залал келтірмегенімен қоймай, оған тыңайтқыш есебінде пайдасын да тигізіпті. Топырақ құнарлана түскен. Дәл сол пакет көмілген топырақты бау-бақшада қолданып, егін ексеңіз, өнімді болатынына көз жеткіздік» деді ол.
Биополимерден тауар өндіру ісі әлем бойынша қарқынды дамып келеді. Жақында Белоруссия, Молдова мен Мәскеуде биополимерден тауар өндіретін кәсіпорындар ашылды. Десе де, экобелсенді барлық биопакеттер 100 пайыз қауіпсіз дегенге келіспейді.
«Қазіргі таңда сауда орындарда биопакет атын жамылған оксополиэтиленнен жасалған ресейлік тауарлар, яғни пакеттер сатылымда жүр. Бағасы арзан. Оның құрамында өте ұсақ бөлшектерге ыдырататын арнайы қосынды бар. Бұл – ескірген технология, оған ЕО-да тыйым салынған. Алайда Ресейде дамыған, сондықтан олар бізде заңмен реттелмегендіктен осал тұсымызды біліп алып, ашықтан-ашық жеткізіп отыр. Саудагерлер де соны экопакет деп сатады, себебі бағасы арзан. Ол – синтетикамен аралас биополимер. Оның да иісі жағымды, жұмсақ, әдемі, табиғи өнімге ұқсас. Бірақ табиғи жолмен, яғни өздігімен ыдырап кетпейді. Оны полигондарға тастап, қайта өңдеу керек немесе өртеу керек. Өртегенде залалы өте ауыр. Өкінішке қарай, әлемдегі 150 биополимер түрінің 90 пайызы қайта өңдеуді, қосымша жұмысты талап етеді. Бұл – табиғи өнімнен алшақ дүние» деп тарқатты жоба жетекшісі.

СҰРАНЫС ҚАЛАЙ?

Кәсіпорын айына 5 миллион биополимерлі өнім шығаруға қау­қарлы. Пандемияға дейін күніне 25 мың экопакет өндірсе, қазір 5 мың өніммен шектеліп отыр. Ал өнімдерінің 90 пайызы экспортталады екен. Көбіне сұраныс шетелден түседі, Ресей, Қырғызстан, Израиль, Украина мен Грузияға тасымалданатынын жеткізді М.Аббасов.
«Біздің цехта тәулік бойы жұмыс істейтін полиэтилен өндіретін өндірістердегідей үлкен жұмысбас­тылық жоқ. Тауарды сатуға еріктілер көмектеседі. Біз b2b сайты арқылы жұмыс жасаймыз, оған қоса өнімдерімізді Kenmart, Galmart, «Рамстор» дүкендерінде сатып алуға болады. Galmart, Bambino, GreenWay, Magnum сынды т.б. ірі компаниялар пакетке тапсырыс беріп отырады. Негізгі тұтынушыларымыз – эко-дүкендер, органикалық тағамдар, бет күтімі мен табиғи өнімді қолдануды сәнге айналдырған қарапайым адамдар. Ақша үшін полиэтиленді пакет өндірісін қолға алып, табысқа тез жетуге болады. Бірақ ол – табиғатқа, ұрпақ болашағына жасалған қасірет пен қастандық. Тура жолдан таймай осы ісімізді дөңгелете береміз» дейді ол.
Кәсіпорында 15 қызметкер бар. Соның ішінде 12-сі – мүмкіндігі шектеулі жандар. Кәсіпорын түскен табысының бір бөлігін оқушылар мен студенттер арасында экологиялық шаралар өткізуге арнауды әдетке айналдырыпты. Тағы бір бөлігін ағаш отырғызуға арнайды. Онымен де шектелмей пакетөндірушілер бөтелкелердің пластик қақпағын жинап, Қарағандыдағы әлеуметтік экокәсіпорынға жеткізеді екен. Одан түскен қаржы ауыр дертке шалдыққан балалардың емі мен жергілікті жануарлар үйіне тапсырылады. Қоғамда бүтін бір қайырымды кәсіпорынның барына қуандым, азын-аулақ табыс тапса да, қиналғанға көмек беруі – нағыз ерлікті іс.
Елімізде де жүгері өсіріп, шырышынан Испания сияқты биологиялық пакет жасауды неге қолға алмасқа?! Ырыққа көнбей жер-көкке қаптап өсетін кендірден қорап пен себет шығаруды неге дамытпасқа? Сапасымен қоса саны артса, полиэтилендей дүкендерде тегін таратылса, халық іздемей-ақ табады. Ал керісінше полиэтиленді пакеттің бағасын арттырсақ, жаһанды жайлаған улы өнімнен бас тартуға болады.

Наима НҰРАЛЫҚЫЗЫ

 

Нақты қайнары: http://www.elarna.net/koru_kk.php?tur=7&id=1357657
Пікірлер

Көрші сілтемелер