Еларна қолфон нұсқасына ену

Жүктеу-Албомым-Албомдар-Желі
Осы торды сақтаймын! | Осы торды бас бет етемін!

Біздің байланыс: elarna2012@gmail.com


Қазақты танытқан қаламгер – Астана Ақшамы



Тіркеліңіздер Кітапхана Қожалар торабы Албомдар Қазақтың 1001 ертегісі

Түрі: Ақжол мақалалары

Жолданған уақыты: 13:30 - 2021/01/12

Нақты Көзі: https://www.astana-akshamy.kz/qazaqty-tanytqan-qalamger/


Қазақты танытқан қаламгер – Астана Ақшамы

Заманымыздың заңғар жазушысы, ғұлама ғалым, қоғам қайраткері, филология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Ғылым академиясының академигі Мұхтар Омарханұлы Әуезов атындағы көше Әлия Молдағұлова көшесінің қиылысар тұсынан басталып, Амангелді Иманов көшесіне барып жалғанады. Ұзындығы 3 шақырымдай. Көше қаланың ескі бөлігінде орналасқан. Бұл ауданда зәулім үйлер, хай-тек стиліндегі құрылыстар жоқ, әйтсе де ХІХ ғасырдың сәулет ескерткіштері мұрты бұзылмай сол күйі сақталған. Ол байырғы Ақмоланың осыдан жүз жыл бұрынғы өмірін көз алдыңа әкелгендей. ХХ ғасырдың басында көше «Октябрь» болып аталған. 1997 жылы оған ұлтымыздың біртуар ұлы Мұхаңның есімі берілді.

Мұхтар Әуезов Шығыс Қазақстан облысының Абай ауданындағы Бөрілі деген жерде 1897 жылы 28 қыр­күйекте дүниеге келді. Семейге апаратын күрежолдан сегіз шақырымдай қиғаштау жерде бұйығы жатқан осынау шағын ауылға өткен жылдың қыркүйек айында «Нұр-Сұлтан-Жидебай» велошеруі кезінде арнайы бұрылып барып, тағзым еткен едік. Бөріліге кіреберісте бала Мұхаңның ескерткіші орнатылып, мұражайы ашылыпты. Мұражайға қарсы қырқаның бетінде әкесі Омархан мен анасы Нұржамалдың кесенесі тұр.

Соқпақты-соқтықпалы жол

Мұқаңның әкесі Омархан мен атасы Әуез де осал емес, замандастарының алды болған. Ұлы Абаймен сырлас, ауылдары іргелес, аралас-құралас тіршілік кешкен. Әуез – Құнанбайдың кіші әйелі Нұрғанымның туған інісі. Әуез атасы Абайдың қағаз бетіне түскен туындыларымен танысып, пікір алмасып отырған екен. Мұхтардың Абай мұрасына қызығушылығын оятқан осы атасы көрінеді.
Ескіше сауаты бар, араб, парсы, түркі әдебиетімен таныс Әуезді Абай «Әуке аға», «Үлкен қожа» деп сыйлап өтіпті. Мұхтар дүние есігін ашқанда, Әуезовтердің шаңырағына шілдеханаға Абай да барған деген дерек бар.
Он бір жасында М.Әуезовтің әкесі Омархан қайтыс болып, ол қалада тұратын немере ағасы Қасымбектің тәрбиесіне көшеді. Бала Мұхтардың білім-ғылым жолындағы ұзақ сапары осылай Семей шаһарынан басталыпты. Алдымен Семейдегі орыс гимназиясында бес жыл, мұғалімдер даярлайтын семинарияда төрт жыл оқиды. 1917 жылы семинарияда оқып жүрген кезінде халық аңызы бойынша «Еңлік-Кебек» пьесасын жазады. Бұл қазақ ұлттық драмасының қарлығашы еді. Осы пьесасы мен 1921 жылы жазылған «Қорғансыздың күні» атты алғашқы әңгімесі арқылы өзінің жазушылық ерекше дарынын айқын танытты.
Семейде, Орынборда әртүрлі қызмет істей жүріп, «Алаш» партиясының көсемдері Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, басқа да белгілі әдебиет, мәдениет қайраткерлерімен жақын танысып, араласты. Алашордашыл бағытты ұстанған аға буын өкілдерімен, кейінгі жастармен бірге ұлт бағының ашылуын аңсап, туған жұртына деген қамқорлығы арта түсіп, ұлттық бағытқа бет бұрады. «Абай» журналын шығаруға атсалысты. «Оян, қазақ» деп ұран тастаған қозғалыс, олардың демократиялық идеялары Әуезовтің өмірлік мақсат нысанасын белгілеуіне тірек болды.
1923-1928 жж. Ленинград университетінде оқып, тіл мен әдебиет факультетін бітіреді. Одан кейін Ташкентте Орта Азия мемлекеттік университетінің аспирантурасында шығыс фольклоры бойынша маманданды. Ленинградта оқыған соңғы жылында екі тамаша повесть жазып бітірді: «Қараш-қараш» пен «Көксерек».
1928 жылы «Хан Кене» драмасын жазды. Алайда бұл трагедия тек алты жылдан кейін ғана, 1934 жылы театр сахнасында қойылды. Мұнда Кенесарының, Наурызбай батырдың, қазақ, қырғыз билерінің реалистік бейнелері жасалып, тарихи шындық пен көркем шындық табиғи бірлік тапқан. Шығарма қоғамда қызу пікірталас туғызды, оны сахналауға уақытша тыйым салынды.

Алашшыл Әуезов

М.Әуезов саяси белсенділігі үшін 1930 жылы 16 қыркүйекте Алаш қозғалысының көсемдерімен бірге түрмеге қамалды. Тұтқындау кезінде оның бірталай заттары мен қағаздары тәркіленді. Ол қағаздар бүгінге дейін табылған жоқ.
Голощекин «Мұхтар алашшыл, оңшыл, сәдуақасовшыл, қазақ ұлтының астыртын ұйымына қатынасып, Қазақстандағы кеңестік науқандар мен шаралардың мазмұнын бұрмалау мақсатын көздеді. Өкімет мекемелері мен жерге қоныстандыру мекемелерін, мәдени-ағарту және оқу орындарын, баспасөзді өздерінің ықпалына қаратып, жаулап алуға ұмтылған. Орта Азия басшыларының қозғалысына жетекшілік жасап, сондай қозғалысты Қазақстанда да ұйымдастыруға әрекеттенген. Кеңес өкіметін құлатуды алдына мақсат етіп қойған» деп, Әуезовті жауапқа тартып, айып таққан.
Екі жылдан кейін А.Байтұрсынұлының ақылымен өкіметке «идеологиялық айыбын мойындап» ашық хат жазып, 1932 жылы қапастан босап шықты. Бірақ түрмеден шыққан соң да, шартты түрде тағы үш жылға кесілді.
Бірақ саяси қызметтен бас тартып, бірыңғай зерттеуге ойысқан кезде де ол қудалаудан құтыла алған жоқ. Ондаған жылдар бойы оған ұлтшылдық, байшылдық идеяларды жақтаушы деген кінә тағылып келді.
1937 жылғы қуғын-сүргіннің екінші легінен Мұхтар Әуезов аман қалды. Алайда жұрт одан сырт айналды. Театр репертуарынан пьесалары алынып тасталды. Өзі жұмыстан қуылды. Сол қиын-қыстау кезеңде жазушы Абайдың бейнесіне ден қойды.
Қазақтың заңғар жазушысы артына мол әрі бай мұра қалдырды. Елдің оқу-ағарту ісіне, драматургия саласына сіңірген еңбегі ұшан-теңіз. Қаламгердің көптеген көркем әңгімесі, тұңғыш пьесалары Семейде жазылып, Семейде сахналанды.
Әуезовтің қаламынан отыздан аса драмалық шығарма туды. Жеке пьесалардың нұсқаларын қосса, елуден асып жығылады. Ол драматургиядағы жанрлық формалардың бәрін қамтыды: трагедия, комедия, драма да бар.

Әлем және «Абай жолы»

«Қазақ жазушыларынан, әрине, Абайды сүйемін. Менің бала күнімнен ішкен асым, алған нәрімнің барлығы да Абайдан…» дейді ұлы Мұқаң.
Қаламгер «Абай жолы» роман-эпопеясында қазақ қоғамының жарты ғасырлық әлеуметтік, тұрмыстық, моральдық, отбасылық ғұрпын, тірлігін мейлінше қанық, айқын әрі дәл бейнелейді. Жазушының бұл мұрасы роман жанрының жоғары талаптарына сай келе отырып, қазақ көркем прозасын барынша биікке шығарды. «Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясы – әлемдік деңгейде «ХX ғасырдағы ең үздік шығармалардың бірі» (Луи Арагон) деген жоғары бағаға ие болды. Заңғар жазушының басқа да прозалық шығармалары, пьесалары қазақ әдебиетінің шоқтығы биік шығармаларының қатарында.
Алайда «Абай жолы» оңай жазыла салған шығарма емес. Әуезов кесек туындыны дүниеге әкелу үшін талай мұрағатты ақтарып, қаншама адаммен сырласып, ұйқысыз түндер өткізді. Роман жарық көргеннен кейін де қайта-қайта қудаланып, сынға ұшырады. Бірақ жазушы еш мойымады.
Әуезовтің «Абай жолы» эпопеясын жазуға 30 жыл уақыты кетті. Он тоғыз жасынан Абай туралы жазуды ойға алып, он жеті жыл үздіксіз ізденіп, он екі жыл ішінде жазып шықты. ­Әуезов алғашқыда екі кітаптан тұратын «Абай» (1942, 1947), одан кейін мұның жалғасы ретінде «Абай жолы» (бұл да екі кітаптан тұратын, 1952, 1956) романын жазды. Осы төрт томнан тұратын «Абай жолында» қазақ қоғамының алуан түрлі топтары кең қамтылып, сан қырлы тұтас галерея жасалды.
Алғашқы екі кітаптан тұратын «Абай» романы үшін жазушыға 1949 жылы КСРО мемлекеттік сыйлығы табыс­талды. Ал төрт томдық «Абай жолы» роман-эпопея­сы басылып шыққаннан кейін, 1959 жылы Лениндік сыйлықтың лауреаты атанды. Кейіннен роман-эпопея бірнеше тілге аударылды.
Үлкен ғалым, педагог ­Әуезов қазақ әдебиеті тарихын зерттеу, әдебиет кадр­ларын даярлау жөнінде шексіз көп еңбек сіңірді. Абайтану ғылымының негізін салды, көп томды «Қазақ әдебиеті тарихының» қазақ фольклорына арналған томының (1960) негізгі авторы және редакторы болды. Қырғыздың «Манас» эпосы туралы монография жазды.
Жазушы 1961 жылы 27 маусымда Мәскеу қаласындағы ауруханада операция кезінде қайтыс болды. Алматы қаласында жерленген. Замандастары Мұхтар Әуезовті елгезек, бауырмал, ізгілікті, сырбаз адам деп сипаттаған.

P. S.   Заңғар жазушы қайтыс болғаннан кейін Қазақ КСР ҒА Әдебиет және өнер институтына, Қазақтың мемлекеттік академиялық драма театрына Мұхтар Омарханұлы Әуезовтің есімі берілді. Бүгінде М.Әуезов атындағы көше Бішкекте, Минскіде, Алматыда, Қарағандыда, Павлодарда, Өскеменде бар. Алматы қаласының бір ауданы қаламгер есімімен аталады. Оның есімімен Минскіде, Байқоңырда, Шымкентте және Семейде жоғары оқу орындары және еліміздің бірталай қалаларындағы кітапхана, мектептер, басқа да мекемелер аталады. Туғанына 100 жыл толуына орай мерекесі ЮНЕСКО шешімімен дүниежүзілік деңгейде аталып өтті. Шығармалар жинағының 50 томының 36 томы жарық көрді (1998-2008).

Нақты қайнары: http://www.elarna.net/koru_kk.php?tur=7&id=1333967
Пікірлер

Көрші сілтемелер