Бұрын Қылмыстық кодекстің 367-бабының 2-бөлігінде көзделген «айтарлықтай мөлшерде пара беру» қылмысы үшін ең жоғары санкция 5 жылға дейін бас бостандығынан айыруды көздесе, қазіргі жаңа редакцияға сәйкес, жазаның жоғары шегі 7 жылға дейін ұзартылды. Бұл туралы «Antikor ortalygy» алаңында өткен брифингте Нұр-Сұлтан қаласы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің басшысы Шыңғыс Қабдула айтты.
«Жыл соңында ҚР ДСМ бұрынғы вице-министріне қатысты қылмыстық іс сотта қаралды. Сонымен қатар бюджет қаражатын жымқыру фактілері бойынша «Горький атындағы орыс театры» РМК, Астана аймақтық электр желілік компаниясы, Нұр-Сұлтан қаласының Полиция департаменті, «Сергек», «Астана халықаралық әуежайы» АҚ лауазымды тұлғаларына қатысты көп эпизодты істер, Экономикалық тергеу департаментінің тергеушісінің кінәсіз адамды қылмыстық жауапкершілікке заңсыз тарту фактісі бойынша істер аяқталды» деді Нұр-Сұлтан қаласы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің басшысы. Оның айтуынша 47 тұлға әкімшілік және тәртіптік жауапкершілікке тартылған, оның ішінде 23 басшы бар. «Жаңа редакцияға сәйкес, жазаның жоғары шегі 7 жылға дейін ұлғайтылды, бұл жағдайда автоматты түрде ауыр құқықтық салдары бар санатқа яғни шартты түрде мерзімінен бұрын босатуға тыйым салу және қауіпсіздігі төмен қоныс-колониясында жазаны бірден өтеудің мүмкін еместігі көзделген» деді ол.