Еларна қолфон нұсқасына ену

Жүктеу-Албомым-Албомдар-Желі
Осы торды сақтаймын! | Осы торды бас бет етемін!

Біздің байланыс: elarna2012@gmail.com


Қала жайлы да, қолайлы болуы шарт – Астана Ақшамы



Тіркеліңіздер Кітапхана Қожалар торабы Албомдар Қазақтың 1001 ертегісі

Түрі: Ақжол мақалалары

Жолданған уақыты: 03:15 - 2020/10/17

Нақты Көзі: https://www.astana-akshamy.kz/qala-zhajly-da-qolajly-boluy-shart/


Қала жайлы да, қолайлы болуы шарт – Астана Ақшамы

Кеше елорда әкімдігі урбанистика орталығы және QazUrban қауымдастығымен бірлесіп, алғаш рет онлайн режимде Халықаралық урбанис­тер форумын өкізді, онда елорданың жаңа мастер-­жоспары таныстырылды.

Astana Hub алаңында ұйым­дастырылған «Нұр-Сұлтан – жайлы қала» атты шараға қала әкімі Алтай Көлгінов пен урбанистика саласындағы қазақстандық және халықаралық сарапшылар қатысты. Бас қаланы жайлы ортаға айналдыру жұмыстарына тікелей жұмылдырылған тұлғалар елорданы дамытуға кедергі болатын сәулет және урбанистика саласындағы өзекті мәселелерді талқылады.

Форумның басты жаңалығы – Нұр-Сұлтан қаласының жаңа мастер-жоспарының таныстырылымы болды. Бұл жоспар қаладағы халық санының артуы және урбанизация үдерістеріне орай Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың 2017 жылғы 17 сәуірдегі тапсырмасына сәйкес жасалған болатын.

Оны елорданың урбанистика орталығының басшысы Елнар Базыкен лондондық Space Syntax Limited компаниясының директоры Эд Пархэммен бірлесіп, форумға оффлайн қатысқан 30, ЗУМ арқылы онлайн қатысқан 130-дай адамға слайдтар арқылы таныстыр­ды. Сондай-ақ жоспарды қаланы жоспарлаудың заманауи тетіктерін қолдана отырып жүзеге асыру жөнінде толық ақпарат берді.

ХАЛЫҚ КӨБЕЙІП,ШАҺАР ҰЛҒАЙЫП КЕЛЕДІ

Жиында алғаш сөз алған қала әкімі Алтай Көлгінов аталған жоспардың маңызына тоқталып өтті.
– Осыдан 10 жыл бұрын елорданың бас жоспарына түзету енгізгенде қаладағы халық саны 2030 жылға таман ғана 1 млн 200 мыңдай болады деп болжаған едік. Алайда бұл межеге біз ерте жетіп алдық. Енді урбанистика трендтеріне сүйене отырып, тағы бір он жылдан кейін халық саны бұдан екі есе көбейетінін болжап отырмыз. Сондықтан бұған біз инфрақұрылымды дайындауымыз керек. Бала саны артар болса, әрине, жаңадан мектептер салу керек болады. Мәселен, оқу жылы аяқталғанда мектептен 60 мың бала түлеп ұшады, бірақ қыркүйекте мектепке содан 4 есе көп бала келеді. Мектептердегі бала санының тым көптігі білім сапасына әсер етеді. Қалада үш ауысымды 8 мектеп бар. Бала саны тым көп 22 мектеп жұмыс істеуде. Бұл жүктемені азайтпасақ, олар да 3 ауысымға айналуы мүмкін. Сонымен қатар тұрғын үйлер құрылысын жүргізіп, халықтың жайлылығы үшін қоғамдық кеңістіктер – скверлер мен парктер ашу қажет. Былтыр ұзындығы 87 км үлкен айналма автожолды салып бітірдік. Транзиттік көлік ағыны осы айналма жол арқылы өтетіндіктен бұл қала ішіндегі көлік қозғалысына түсетін жүктемені біршама азайтты. Қалада 10 жыл бұрын 250 мың көлік болса, қазір оның саны 100 мың, әрине бұл ресми тіркелгендері ғана, тіркелмегендері бұдан көп болуы мүмкін, – деді әкім.
Ол сондай-ақ қаладағы қолайлылық пен жол инфрақұрылымын дамыту үшін орталықтарды біріктіруде көпірлер салу жоспарымен бөлісті. Сонымен қатар тұрғын үй құрылысы, соның ішінде қолжетімді баспана жайын айта келе, құрылыс көлемі жыл сайын арттырылып отырғанын жеткізді. Былтыр 1 млн 700 мың шаршы метр тұрғын үй құрылысы жүргізілсе, биыл 9 айдың өзінде оның көрсеткіші 1 млн 900 мың шаршы метрді құрады. Осылайша қолжетімді баспана сегменті 3 есеге өсті.ӘЛЕУМЕТТІК МАҢЫЗЫ ҮЛКЕН

«Нұр-Сұлтан – жайлы қала» мастер-жоспарын жасауға негізінен жауапты қалалық урбанистика орталығы болды. Оның басшысы Елнар Базыкеннің айтуынша, олар мастер-жоспарды қала әкімдігі және лондондық Space Syntax Limited компаниясымен бірлесіп, бір жыл бойына жасаған. Оны жасау барысында урбанистер Сингапур, Токио, Берлин және Лондон қалаларының тәжірибесіне сүйенген.
– Мастер-жоспар 2030 құжаты – түрлі топтар мүдделерін ескере отырып жасалған қаланың кеңістік жағынан дамуының әлеуметтік-экономикалық стратегиясы. Оған әлеуметтік инфрақұрылым, экономиканы, қала мен көлік инфрақұрылымын дамыту, жаңа тұрғын үй салу, коммерциялық жылжымайтын мүлік нысандарын орналастыру, экологияны жақсарту жатады. Ол базалық талдау, енгізу есебі, қала стратегиясы және мастер-жоспардан тұрады. Соның аясында жайлы, тұрақты және сау қала құру деген 3 нақты мақсат қойылды. Жайлы қала дегеніміз – бірінші кезекте адамдарға арналған қала. Екінші, тұрақты қала деген – экологиясы таза қалау құру, ғимараттарда энергия қолдануды азайту, қалдықтарды өңдеу, көмір қышқылды газ бөлінуін қысқарту, биоалуандылықты арттыру. Үшіншіден, сау қалаға айналу үшін тұрғындар спорт алаңдары мен вело жолдарды күнделікті пайдалануы қажет. Сонымен қатар жаяу жүргіншілер жолын белсенді қоғамдық көлік үлесімен 50 пайызға теңестіру осы бөлімде қарастырылады. Өткен ғасырда қалаларды автокөліктер ыңғайына қарай салса, 21 ғасырда қаланың бірінші кезекте адамдарға қолайлы болуы қарастырылады. Мұндайда көліктер екінші орынға ығыстырылады, – дейді Елнар Базыкен.
Қайта жобалау жұмыстары аясында көшелер абаттандырылып, көшелер желісі өзгертілді. Мәселен, Қосшығұлұлы, Абай, Бейбітшілік көшелері мен Еуразия орталығы аймағында өзгерістер болды. Бүгінде қалада ескі және жаңа ғимараттар арасында байланыстылық жоқтығы көп айтылады. Шаһарда тұрғын үйлер мен бизнес субьектілерін жобалаған кезде жүргіншілер жолының ағыны ескерілуі керек. Мастер-жоспарда соған балама болатын үлгілер ұсынылды. Қала құрылымында қоғамдық кеңістік аса маңызды саналады. Биыл 150-ге жуық аула мен 54 қоғамдық кеңістік абаттандырылды. Алайда мамандардың айтуынша, оларды тек абаттандыру аздық етеді, сондай-ақ қоғамдастықтар құру арқылы оларды басқару да керек.
Асхат САДУОВ, урбанистика саласындағы тәуелсіз сарапшы:
«Жүргізілген жұмыстарға көңілім толады. Адамдар жаяу жүретін жерлер, көшелер тұрғындарды жаяу жүруге ынталандыруы керек. Себебі медициналық тұрғыдан зерттеулер нәтижесі де соны көрсеткен, яғни жаяу жүргіншілерінің жағдайы жасалмаған қаладағы халықтың денсаулығы төмендейді, артық салмақ қосатындар мен тыныс алу жолдары аурулары көбейеді. Яғни, қала автокөлікке тәуелді болса, ондағы тұрғындар денсау­лығы да нашар деген сөз. Осы жағынан бүгінгі таныстырылған елорданың мас­тер-жоспарының артықшылықтары көп деп санаймын».

БҮГІННЕН БОЛАШАҚҚА…

Урбанистер қаланың қазіргі кейпін сипаттап, ондағы кемшіліктерді ашып айтты және оны 2030 жылға қарай осы мастер-жоспар бойынша өзгерту жолдарын көрсетті. Сонымен мамандар сипаттаған ағымдағы жағдай қандай?
Қазір Нұр-Сұлтанда көшелер «белсенділігі» төмен, жаяу жүргіншілер үшін жағдай жасалмаған. Бірнеше басты көшеге тәуелділік бар. Өзен көпірлерінің саны аз болғандықтан жолда кептеліс­тер көп. Жаңа салынып жатқан құрылыстардың тығыздығын реттеуде теңгерімділік сақталмаған. Қолжетімсіз аудандардағы биік ғимараттар жол қозғалысына кедергі келтіріп, кептеліс туындатады. Қоғамдық көліктердің қатынау жиілігі төмен, оларды ұзақ күтуге тура келеді. Жаяу жүргіншілерге арналған көшелер желісі жоқ, үлкен, арнайы бөлінген жүргіншілер кеңістіктері айналасындағы көшелер желісінен оқшауланған. Қоғамдық кеңістіктер басқарылмайды, қалада арнайы шаралар мен оқиғалар өткізілмейтін, тиімсіз ашық, үлкен кеңістіктер көп. Сонымен қатар климатқа бейімделу деңгейі нашар, яғни көшелер кең, ғимараттар биік, көлеңке болатын құрылымдардың жоқтығы адамдарды жел мен күннің ықпалынан қорғамайды.
Осыған орай құжатта қаланы дамытудың үш қағидаты қарастырылған. Олар – қала құрылымы, мобильділік, инфрақұрылым. Біріншісі, адамдар ауқымына сай көшелерді урбанизациялау, көшелерді жылдың кез келген мезгілінде адамдар жүруге қолайлы болатындай етіп жобалау. Екінші, көліктің алуан түрлері жүретіндей қозғалыс бағыттарын көбейту, аралас түрдегі көшелер санын арттыру. Үшіншісі, жаңғыртылған энергия көздерін ашу жұмыстарын инвестициялап, дәстүрлі энергия тұтыну көлемін азайту.
Форумда CTS көлік агенттігінің басшысы Бекмырза Игенбердинов пен «Көркемтелеком» (Сергек) компаниясының басшысы Әсет Ахметов қоғамдық көліктер мен бағдаршамдар, жолдағы қауіпсіздік, сонымен қатар қала инфрақұрылымын дамыту бойын­ша мәселелерге тоқталды. Онлайн байланысқа шыққан Мәскеу қаласынан Стрелка КБ жобасының жетекшісі Андрей ­Елбаев, Мәскеудің қоғамдық көлікті дамыту саласындағы блогер-урбанисі Аркадий Гершман, Қазан қаласынан «Проектная группа 8» атқарушы серіктесі Дмитрий Смирнов, мәскеулік Қолданбалы урбанистика орталығының негізін салушы Святослав Мурунов өз елдеріндегі қалалар урбанизациясы мен елорда урбанизациясындағы кемшіліктер мен ерекшеліктер туралы баяндады.

 

Нақты қайнары: http://www.elarna.net/koru_kk.php?tur=7&id=1282165
Пікірлер

Көрші сілтемелер