Еларна қолфон нұсқасына ену

Жүктеу-Албомым-Албомдар-Желі
Осы торды сақтаймын! | Осы торды бас бет етемін!

Біздің байланыс: elarna2012@gmail.com


Шарманов шарапаты – Астана Ақшамы



Тіркеліңіздер Кітапхана Қожалар торабы Албомдар Қазақтың 1001 ертегісі

Түрі: Ақжол мақалалары

Жолданған уақыты: 02:30 - 2020/10/17

Нақты Көзі: https://www.astana-akshamy.kz/sharmanov-sharapaty/


Шарманов шарапаты – Астана Ақшамы

«Төрегелді – қазақтың «төре» (қоғамдағы ақсүйек қауым, әділдігін, төрелігін тура айтатын жан) және «келді» сөздерінің бірігуінен құралған ныспы. Баласын адамгершілік қағидасының биігінен көргісі келетін қазақ халқы жаңа туған сәбиге осы есімді нышандап беретін болған». «Есімдердің мағынасы» анықтамалығында дәл осылай жазылған. Осыдан тура тоқсан жыл бұрын Ұлы дала Ұлытауының Төреқонған деген жерінде туған тұла бойы тұңғыштарына әкесі Шарман мен анасы Нәзипа осы есімді тауып қойған. Төрегелді аты затына сай азамат болып өсті. Қазір атақты академик Шармановты берісі қазақ, әрісі әлем таниды. ҰЛЫТАУДАН БАСТАЛҒАН ҰЛЫ ЖОЛ

«Елдің атын ер шығарады, ердің атын ел шығарады». Жаугершілік заманда үш жүздің басын қосқан қасиетті Ұлытау аймағы бүгіндері Шарманов есімімен де асқақ. Бозбала кезінде болған бір қайғылы оқиға оның бүкіл өмір жолын айқындап берді. Әйтпесе, кім біледі, бүгіндері майталман музыканттардың, әйгілі әншілердің қатарында аты аталып жүруші ме еді?! Себебі әке өнегесімен домбыра, мандолин, сырнай, скрипка секілді аспаптарды шебер меңгерді. 8-сыныпта оқығанында Алматыда өткен пионерлер слетіне қатысып, әкесі жасап берген қылқобызбен өнер көрсетіп, бірінші орынды иеленіп қайтқаны да бар.
Ауыл балалары жалаңаяқ қыр кешіп, ойын қуып, ұзақ күнді далада өткізеді. Бала Төрегелдінің де олардан еш айырмашылығы болған жоқ. Балалық шағы Жеті қыз деген өзеннің жағасында өтті.
«…Соңымнан ерген жалғыз қарындасымды қасымнан тастамайтынмын. Үш-төрт жас шамасында далада екеуміз ұйықтап қалып, өкпесіне суық тиіп, сырқатқа шалынды, ақыры содан түзелмеді. 1946 жылы мен он алты жасқа толар тұста бақилық болды. Әлі есімде, далада ұлып тұрған боран, тек жылай бердім. Ауылда оны емдейтін дәрігер жоқ, кішкене ғана фельдшерлік пункте бір жер аударылып келген неміс емші болды. Оның қолынан ештеңе келмеді. Бала жаныма алғаш жарақат салған өмірімдегі осы қайғылы жағдай адам жанын арашалауды өмірлік мүдде етуіме, сан қилы мамандықтың ішінен ізгілігі жағынан ең жоғары тұрған дәрігерлік мамандықты таңдауыма бірден-бір себепші болды» деп жазады академик естеліктерінің бірінде.
Мектепті үздік бітіргеннен кейін Алматыға аттанды. Жолы болып, оқуға түсті. Бірінші курстан кейін Қарағандыда медицина институты ашылып, «елге жақын болайын» деген оймен соған ауысты. Институтты қызыл дипломмен аяқтап, аспирантураға қабылданды. Оны аяқтаған соң, ата-анасының ұйғарымымен, өзінің жүрек қалауымен алтын бесігіне оралып,Ұлытау аудандық орталық ауруханасының бас дәрігері болып қызмет етті. Жары Күлзия рентгенолог болды.
«Қарапайым аудандық ауруханадан еңбек жолымды бастағанымды мақтаныш етемін. Сол жерден үлкен тәжірибе алып шықтым. Үлкен өмірге туған ауыл жұртшылығының батасын алып аттануымыз кейінгі құт-берекеміздің қайнар көзі болғаны хақ» дейді қазір өзі бұл туралы.
Иә, туған ауылы қанатын қатайтып, орда бұзар отызында ғылым кандидаты атанады. Өлкелік патология ғылыми-зерттеу институтына зертхана меңгерушісі болып орналасып, белгілі ғалым Бахия Атшабаровтың тәлімін көреді. Қырықтың қырқасына шықпай жатып, докторлықты қорғайды. Осының бәрінің артында қажырлы еңбек жатыр.

ҚОНАЕВТЫҢ ҚАЛАУЛЫСЫ

Отыз сегіз жасында Ақтөбе медицина институтының ректоры қызметіне тағайындалады. Бұл қызметті үш жылдай атқарды. Сол кезде оқу орнында жұмыс істейтін ұлты қазақ ұстаздар мен қарагөз студенттер айтарлықтай көбейді. Мәселен, оның алдында оқытушы қазақтардың саны бар болғаны 16 пайыз болса, Шарманов 60 пайызға жеткізді. Олардың одақтың орталық қалаларында аспирантурада оқуға жағдай жасады. Осылайша 37 пайыз қазақ студенттері де 63,5 пайызға жетті. Ректор жоғары оқу орнының маңдайшасындағы жазуды қазақшалап, домбыра оркестрінің құрылуына мұрындық болды. Бұл жағдай шовинистік пиғылдағы кейбіреулерге ұнамады. Сол үшін институт басшысы «ұлтшыл» атанды.
Ректордың іскерлігі туралы естіген республика басшысы оның кандидатурасын министр қызметіне лайық көреді. Дінмұхаммед Қонаев Шарманов туралы Ақтөбе облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Николай Журиннен сұрайды. Сол кезде: «Беделді, өршіл, дарынды және қайратты басшы, бірақ нағыз ұлтшылдың өзі» деген жауапты естиді. Қазақстан компартиясы Орталық комитетінің бірінші хатшысы «Бізге керегі де сол» деп Шармановты Денсаулық сақтау министрі қызметіне тағайындайды.

ҰЛТТЫҚ МЕДИЦИНАНЫҢ МАҚТАНЫШЫ

Төрегелді Шарманов министр қызметін он бір жыл атқарады. Сонда бітірген ең бір үлкен ісі – 1978 жылы Алматыда Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының алғашқы медициналық-санитарлық жәрдем жайына арналған конференцияны ұйымдастырады. Сол кезде әлемнің 140 елінің дәрігер мамандары алып Одақтың басқа жерінде емес, тура Алатау баурайында бас қосады. Қонақтардың арасында Иран ханшайымы Пехлеви мен АҚШ сенаторы Эдвард Кеннеди де болды. Нәтижесінде әлемдік денсаулық сақтаудың «Ұлы Хартиясы» аталатын декларация қабылданды. Бұл тарихи құжат көптеген дамыған және дамушы елдердің медицина саласындағы бағытын айқындап берді. Мәселен, Бразилия Конс­титуциясының кейбір баптары осы құжаттан алынады. Алматы декларациясы отандық денсаулық сақтау ісінің де алға басуына алғышарт жасады.
Алайда Шарманов жолы үнемі теп-тегіс болған жоқ. Аталған конференция басына абыроймен қатар ауыртпалық та әкелді. Сонда айтқан батыл ойлары өзіне соққы болып тиді. Министр қызметінен босаған соң, қудалау үдей түсті. Сол кезде елден жырақ кетіп, үш жылдай Мәскеуде тұрып, еңбек етуге тура келді. Бұл уақытта бүкілодақтық «Тағамтану мәселелері» журналының бас редакторы және Мәскеу қаласындағы Дәрігерлердің біліктілігін жетілдіру институтының тағамтану кафедрасының меңгерушісі қызметтерін атқарды.
Осыдан он жыл бұрын академиктің 80 жасқа толуына арналған ғылыми-практикалық конференция ұйымдастырылды. Сонда Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының сол кездегі төрағасы, белгілі ақын Нұрлан Оразалин мерейтой иесіне ұлттық медицинаның мақтанышы деген бағасын берді. Бұл – табылған сөз, лайықты баға.

ТӘЖІРИБЕЛІ ТАҒАМТАНУШЫ

Әрине, жұрт қазір Шармановты Қазақ тағамтану академиясының президенті ретінде таниды. Бұл салаға келгеніне де жарты ғасыр болып қалды. Өлкелік патология ғылыми-зерттеу институтында дәл осы мәселемен айналысқан. Министр кезінде және Мәскеуден қайтып оралған соң да КСРО Медицина Ғылым академиясының Тағам институты Қазақ бөлімшесінің директоры болды. Кейін бұл мекеме тағамтану академиясына айналды. Ал оның іргетасын Шармановтың өзі қалады. Негізгі ғылыми еңбектері де тағамтану физиологиясына арналған.
Бүгіндері ол ұлттық сусынымыз – қымызды насихаттап, оның пайдасы туралы егжей-тегжейлі айтып жүр. Қазақ тағамтану академиясы бие сүтінің негізінде қантсыз балмұздақ, шоколад т.б. жалпы саны 15 түрлі тағам шығарады. Үшінші ғарышкеріміз Айдын Айымбетов аталған академия дайындаған «Дастарқан» бағдарламасын сынақтан өткізді. Оның құрамына қазақтың ұлттық тағамдардан жасалған ас мәзірі кіреді. Аталмыш бағыттағы еңбегі үшін былтыр Төрегелді Шармановқа ғылым мен техника саласындағы әл-Фараби атындағы Мемлекеттік сыйлық берілді.

АТАҒЫНАН ҰЯЛАТЫН АКАДЕМИК

«Қазақстан ғалымдары» атты энциклопедиялық жинаққа сенсек, Шарманов – 500-ге жуық ғылыми еңбектің, соның ішінде 21 монографияның, 12 кітаптың және 40-тан астам өнертабыстың авторы. Алайда өз еңбегімен алған атаққа ұялатын академикті көріп пе едіңіздер? «Қазір көбінесе, «академик» деген атақты есіміме қосып айтуға ұялатын дәрежеге жеттім. Ғылымда жарты ғасырдан асатын уақыт бойы үздіксіз еңбек етіп, иеленіп келе жатқан абыройыма нұқсан келетіндей болып көрінеді. Бұрын академик атағын иеленген тұлғалар ғылымда өз саласының дамуына қомақты үлес қосып, асқар таудай еңбек етіп немесе ғылыми ерен жаңалық ашып, ілуде біреу ғана қол жеткізетіндей жағдайда болса, қазір азын-аулақ ғылыми еңбекпен-ақ «академик» атанып жүргендердің саны молайып отыр­ғандығы таңғалдырады» дейді Төрегелді Шарманов.

ӘЛЕМГЕ ӘЙГІЛІ ҒАЛЫМ

Ал мұндай сөзді Қазақстан ғылым академиясының ғана емес, Ресей медицина академиясының академигі атанған адам, яғни қос мемлекет мойындаған ғалым айтып отыр. Қос мемлекет деппіз-ау, Шармановты бүкіл әлем біледі деп айтсақ, артық кетіп қалмаспыз. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының атынан оған әлем медицинасына қосқан елеулі еңбегі үшін Леон Бернард атындағы медаль тапсырылды. Кейіпкерімізге бұл медаль мен Алматы қаласының Құрметті азаматы атағынан асқан марапат жоқ.

ТОҚСАН ЖАСЫН ТОЙЛАМАЙДЫ

Алдағы бір-екі күнде Төрегелді Шарманов тоқсан жастың төріне шығады. Бірақ осы жасқа келгенше мерейтойларын аста-төк болып тойлағанын өз басым естімедім. Тойға өзі де құмар емес. Күні кеше ғана «Ана тілі» газеті арқылы халыққа сөзін арнады.
«…Коронавирус пандемиясы қаншама асыл азаматтарымызды келместің кемесіне әкетіп жатқанда, мына жақта дүркіретіп мерейтойды тойлап жату – барып тұрған әбестік деп білемін. Карантин біткен екен деп босаңсуға еш жол берілмеуі керек. Әлем бойынша бұл қауіпті індеттің екінші толқыны ақырын қанатын жайып келе жатыр. Мына күрделі әрі қауіпті кезеңде тойшылдығымызды, дарақылығымызды тоқтату керек. Ең қымбаты – халықтың ыстық ықыласы, тілекші болуы, шынайы жанашырлық танытуы. Маған халықтың ықыласынан асқан марапат жоқ. Бәрің де маған қымбатсың, сау жүргендерің мен үшін аса қатты маңызды…» деп жазды онда академик. Осы орайда оған жүзге жетіңіз деген тілекті айтқымыз келеді.

Нақты қайнары: http://www.elarna.net/koru_kk.php?tur=7&id=1282155
Пікірлер

Көрші сілтемелер