Еларна қолфон нұсқасына ену

Жүктеу-Албомым-Албомдар-Желі
Осы торды сақтаймын! | Осы торды бас бет етемін!

Біздің байланыс: elarna2012@gmail.com


Ел экономикасын жаңғыртудың жаңа кезеңі – Астана Ақшамы



Тіркеліңіздер Кітапхана Қожалар торабы Албомдар Қазақтың 1001 ертегісі

Түрі: Ақжол мақалалары

Жолданған уақыты: 02:30 - 2020/10/15

Нақты Көзі: https://www.astana-akshamy.kz/el-ekonomikasyn-zhangghyrtudyng-zhanga-kezengi/


Ел экономикасын жаңғыртудың жаңа кезеңі – Астана Ақшамы

2020 жылғы 1 қыркүйекте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Парламент палаталарының бірлескен отырысында жарияланған «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Қазақстан халқына Жолдауы еліміздің қарқынды дамуының алдағы жолын айқындап берді.
Әсіресе, әлемді әбігерге салған пандемия кезінде Қазақ елінің алған бағыты мен ұстанған жолынан жаңылмауы үшін ауыз толтырып айтуға болатын ауқымды ұсыныстар жасалып, тиісті тапсырмалар берілді. Осылайша аталған Жолдауда маңызды стратегиялық, әлеуметтік, экономика салаларына баса назар аударылды.

Жолдаудың II-бөлімінде «Жаңа жағдайдағы экономикалық дамуға» қатысты өзекті мәселелер көтерілді және оны шешудің нақты жолдары айқындалды.
Сондықтан Жолдауда «Еліміздің жаңа экономикалық бағдары басты жеті қағидатқа негізделуі керек» делінген. Олар төмендегілер:
1. Игіліктер мен міндеттердің әділ бөлінісі;
2. Жеке кәсіпкерліктің жетекші рөлі;
3. Әділ бәсекелестік, кәсіпкерлердің жаңа буыны үшін нарық ашу;
4. Өнімділікті көбейту, экономиканың ауқымдылығын және технологиялық сипатын арттыру;
5. Адами капиталды дамыту, жаңа үлгідегі білім саласына инвестиция тарту;
6. «Жасыл» экономиканы дамыту, қоршаған ортаны қорғау;
7. Мемлекет тарапынан дәйекті шешімдер қабылдау және сол үшін қоғам алдында жауапты болу.
Бұл ретте бәсекеге қабілеттілігімізді көрсететін артықшылығымызға және нақты мүмкіндіктерімізге сүйенуіміз керек деп атап өтті Президентіміз.
Қазақстан алдында тұрған аса маңызды міндет – өнеркәсіпті дамыту, өз өнімдерін өңдеу және инвестиция тарту бойынша жұмыс күшейтіледі.
Бәсекелестіктің, шағын және орта бизнестің өркендеуі – табиғи ресурс­тарға тәуелділікті төмендету арқылы экономиканы күшейту; азаматтардың бастамаларын дамыту; халықтың өмір сүру сапасын арттыруға жағдай жасау сияқты үш бірдей маңызды міндетті орындауға мүмкіндік береді.
Шағын және орта бизнес (ШОБ) күрделі кезеңді бастан өткеруде. Шын мәнінде, пандемияның зардабы осы салаға ауыр тиді.
Экономиканың шеккен зардабын еңсеру үшін 700 мыңнан астам кәсіпкерге салық жеңілдіктері берілді.
Шағын және орта бизнесті қолдау үшін мемлекет салық жеңілдіктерін жасаумен қатар төлемдерді кейінге қалдырды және жеңілдік шарттары мен несиелерді қайта қаржыландыруға мүмкіндік берді. Тиісті мемлекеттік органдармен бірге ШОБ-қа берілген барлық несиелер бойынша пайыздық мөлшерлемені 6 пайызға дейін мемлекеттік субсидияларды қамтамасыз ету бойынша жұмыс жүргізіледі. Субсидиялау Төтенше жағдай жарияланған сәттен, яғни 2020 жылғы 16 наурыздан бастап 12 айлық кезеңді қамтиды.
ШОБ-тың жалпы ішкі өнімдегі үлесі 2025 жылға қарай 35 пайызға дейін, ал жұмыспен қамтылғандардың саны 4 млн адамға дейін көбеюі керек. Бұл осы саланы дамытуға бағытталған жұмыстардың басты нәтижесі болмақ.
Жолдаудың әр бөлігі, әр сөйлемі Қасым-Жомарт Кемелұлы іске асырып жатқан «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасымен тығыз астасқанын байқауға болады. Жолдау қазақстандықтарды мазалаған ең көкейкесті мәселелерге құрылып отыр. Солардың бірден-бірі – еңбек өнімділігін арттыру, адами капиталды күшейту, жаңа үлгідегі білім саласына инвестиция тарту.
Адами капиталының бәсекеге қабілеттілігі – отандық экономикамыз­дың өзекті проблемасы. Бұл – тек қана кәсіби біліктілігі жоғары қадрлардың тапшылығы ғана емес, сонымен қатар еңбек өнімділігі деңгейінің аздығы.
Адами капиталдың маңызды құрамдас бөлігі – бұл еңбек, оның сапасы мен өнімділігі. Өз кезегінде еңбек сапасы халықтың менталитеті мен өмір сүру сапасына байланысты. Қазақстандық өнімнің энергия тұтынуы өсімге байланысты тиімді өндірісі бар елдерге қарағанда екі есе немесе үш есе өсті. Ал еңбек өнімділігі дамыған елдермен салыстырғанда бірнеше есе төмен. Төмен өнімді және сапасыз жұмыс күші жинақталған қазақстандық адами капиталын едәуір азайтады, оның сапасын төмендетеді.
Басты мәселенің бірі – еңбек өнімділігін арттыру болып табылады. Өйткені халықтың материалдық әл-ау­қаты мен мәдени дәрежесін көтеру, жеке адамның жан-жақты дамуы үшін қолайлы жағдайлар жасау осы проблемамен өзектес.
Сонымен еңбек өнімділігін арттыру дегеніміз – ол заманға лайықты жаңа технологияларды елімізге жеткізіп игеру, адамдардың бәсекелестік қабілетін арттыру, еңбек тәжірибесін шыңдау, білім мен денсаулығын нығайту, қоғамның алдыңғы легінде жүріп отыруы тиіс ғылымды дамыту, қоғамда әркім өзінің қабілеті мен еңбегіне сәйкес игілік көре алатындай әділетті қарым-қатынастар мен заңдарды орнықтыру, еңбек сіңірмей байитын жемқорлыққа жол бермеу деген сөз. Аталған міндетті жүзеге асырудың қиындығы да – осында. Ол кешенді әдіс-тәсілдерді қалыптастыруды қажет етеді.
Сондықтан алдағы жылдары басты міндеттерді жүзеге асыруда экономиканы жедел индустрияландыру және инновациялардың негізінде ғана еңбек өнімділігінің шұғыл артуына қол жеткізіледі. Бұл міндетті жүзеге асыру адами капиталды дамытудың негізгі құрамдарын ойдағыдай орындауға тікелей байланысты.
Жолдау барлық қазақстандықтарды, оның ішінде ЖОО-ның ғалымдары мен профессор-оқытушылар және студенттер құрамын бейжай қалдырған жоқ. Сондықтан да, экономикалық даму жолдарының бірі – адами капиталдың негізгі компоненттеріне тоқтала кетейік.
Жалпы, капиталдың бөлігі бола отырып, адами капиталы білім беру, денсаулық сақтау және әлеуметтік қамсыздандыру шығындарын білдіреді.
Адами капиталдың өсуіне не әсер етуі мүмкін? Мемлекет тарапынан бұл, ең алдымен, білім мен біліктілікті арттыруға, денсаулық сақтауға, тұрғын үйді жақсартуға және басқа да өмір сүру жағдайларын жақсартуға жұмсалатын шығындардың ұлғаюы.
Адами капитал кең мағынада экономикалық дамудың, қоғамның және отбасы дамуының қарқынды өнімді факторы болып табылады, оның ішінде жұмыс күшінің білімді бөлігі, білім, интеллектуалдық және басқарушылық жұмыс құралдары, қоршаған ортаны қорғау және өндірістік қызмет адами капиталдың тиімді және ұтымды қызметін қамтамасыз етеді. Адами капитал дамуының индексін есептеу кезінде халықтың өмір сүру деңгейі, сауаттылығы, білімі, өмір сүру ұзақтығы және жан басына шаққандағы үлесі қарастырылады.
Адами капитал – білім және ғылым мен инновациялық экономиканы дамытуда маңызды рөлге айналып отыр. Ендеше адами капиталдың негізгі факторы білім мен ғылымда жатыр. Соңғы жылдары әлемдік тәжірибе көрсеткендей, жоғары білімде жетекші бағыттардың бірі – академиялық ұтқырлықты дамытуда екендігін атап өтуіміз керек. ТМД елдерінің арасында Қазақстан бірінші болып мамандарды бакалавр-магистр-доктор Phd жүйесі бойынша үш деңгейлі дайындауға көшкенін атап айтуымыз орынды деп есептеймін.
Қ.Тоқаев Жолдауының бір бағыты мемлекет дамуының негізі ­болып ­саналатын білім мен ғылым мәселелеріне арналғаны қуантады. Мемлекеттің, әсіресе технологиялық салалар ­мен экономикалық білім салаларын­да табыстары, еңбек сапасы мен елдің адами капиталымен анықталады. Бірақ адами капиталды қалыптас­тыру, пайдалану және дамыту ­инвестициялау процестерінсіз мүмкін емес. Инвестиция – адами капиталды көбейту­дің маңызды шарты, өйткені адами капитал экономиканың мемлекеттік секторында да, жеке секторда ­да маңызды.
Сонымен адами капиталды дамыту, ең алдымен, жаңа үлгідегі білім сала­сын инвестициялау, қызметкерлерді оқыту, еңбекті қорғау, кәсіпорын төлейтін ­ерікті медициналық сақтандыру, компания қызметкеріне медициналық және басқа әлеуметтік қызметтерді ­төлеу сияқты бюджеттің шығыс баптары болып табылады.
Президент Үкіметке жыл сайын Қазақстан ғалымдарына әлемнің жетекші ғылыми орталықтарында 500 ғалымның тағылымдамадан өтуді, сондай-ақ «Жас ғалым» бағдарламасы аясында зерттеу жүргізу үшін жас ғалымдарға 1000 грант бөлуді ұсынды.
Мемлекет басшысы педагогтарды әлеуметтік қорғау мәселесіне ерекше назар аударды. Бүгінде бұл көтерілген мәселенің жай ғана сөз емес, іс жүзінде жүзеге асып жатқандығының куәгеріміз. Мәселен, 2019 жылы Мемлекет басшысы Үкіметке педагог мәртебесін және мұғалімдердің еңбекақысын арттыруды, отандық ғалымдарға ерекше назар аударуды, білім беру саласын жан-жақты қолдауды тапсырған болатын. «Мұғалім мәртебесі туралы» заң қабылданды, 2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап мұғалімдердің еңбекақысы 25 пайызға көтеріледі. Білім беру гранттарының саны едәуір өсті, педагогтардың қоғам алдындағы жауапкершілігі артты. Білім берудің әлеуетін арттыру, оның ішінде жалақы мөлшері алдағы уақытта да арта береді. Бұл мақсатқа алғашқы 3 жылда қосымша 1,2 трлн теңге бөлінеді. Мұның өзі педагог кадрларға деген мемлекеттің ерекше назары білім сапасына оң әсер етері сөзсіз.
Жоғары білім беру саласының алдында кәсіби білім берудің бүкіл жүйесін еңбек нарығында сұранысқа ие білікті мамандар қалыптастыру міндеті тұр. Яғни, жасампаз шығармашылық кәсіби мамандарды дайындап, ел игілігіне қызмет істеуге жұмылдыру.
Қазіргі кезде адами капиталдың барлық компоненттері бойынша жұмысты күшейту өте маңызды. Бұл бірінші кезекте, білім беру, денсаулық сақтау және еңбек нарығын дамыту мен әлеуметтік қорғау жүйесін ұрпақтың өсуіне тікелей ықпал етумен бірге, экономиканың әлеуетін көбейту арқылы өндіріс көлемінің артуына, сол арқылы ұлттық табыстың молаюына әсер етеді.
Президент Жолдауында ­денсаулық сақтау саласын да назардан тыс қалдырмады. Енді Президент атап ­көрсеткендей, зейнетақы қорындағы қаржыны емге жұмсап жатсақ құп болар еді. Ұлт денсаулығын сақтау үшін бұл – үлкен мүмкіндік. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорында (БЖЗҚ) жинақтары бар зейнеткер­­лер – жинақталған соманың 50 пайызына дейін пайдалана алады (шамамен 178,4 мың адам), 30 жастағы азаматтар үшін «жеткіліктілік шегі» 2 млн 518 мың теңгені құраса, 59 және одан үлкен жас үшін – 5 млн 586 мың теңге. Медицина қызметкерлерін ынталандыруға 150 млрд теңге бөлінеді, 2023 жылы дәрігерлердің жалақысы еліміздегі орташа жалақыдан екі есе артық болады.
Сонымен қатар бірқатар медицина ұйымдарының инфрақұрылымдарын салу және қамтамасыз ету бойынша жұмыстар жүргізіледі. Мемлекет халықтың орташа өмір сүру ұзақтығын 75 жасқа ұлғайтуды қолға алады.
Азаматтардың әлеуметтік ­әл-ауқаты ең алдымен баспана мәселесіне тікелей байланысты. Халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету – мемлекет алдында тұрған ең өзекті мәселенің бірі. Осы орайда Үкімет тарапынан қабылданған бірқатар мемлекеттік бағдарламалар жүзеге асырылуда. Президенттің тапсырмасы бойынша ел тұрғындарының зейнетақы жинағының бір бөлігін пайдалану мәселесі пысықталды. 2021 жылдың өзінде БЖЗҚ-ның 700 мың салымшысы өз жинағының бір бөлігін тұрғын үй алуға жұмсай алады. Баспана мәселесі елордамызда да басымды бағытқа ие болып отыр. Бүгінгі таңда Нұр-Сұлтан қаласында жалпы көлемі 3,5 млн шаршы метрді құрайтын тұрғын үй құрылысы жүргізіліп жатыр. Әлеуметтік қорғау жүйесінің өзекті мәселесі – әлеуметтік маңызы бар тауарлар бағасын тұрақтандыру. Елордада тұрақтандыру қоры құрылып, бөлшек сауда желілеріне жеңілдікпен несие беру жұмыстары жүргізілуде. Осы мақсаттарға 3,6 млрд теңгеден астам қаражат бөлінген. Осылайша нарық қатысушыларына қолдау көрсетіліп, әлеуметтік маңызы бар өнімдер бағасы тұрақтандырылуда.
Қорыта келе, Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың Жолдауында атқарылатын іс-шаралардың жоспарын егжей-тегжейлі баяндағанын көреміз. Сонымен еліміздің экономикасын жаңғыртудың жаңа кезеңіне әсер ететін басты факторларға – еңбек өнімділігін арттыруға, ШОБ-ты дамытуға және адами капиталды күшейтуге айрықша тоқталуы елдің келешегіне деген қамқорлықты білдіреді.

Марат ЖҮКІБАЙ,
экономика ғылымдарының
кандидаты, профессор

Нақты қайнары: http://www.elarna.net/koru_kk.php?tur=7&id=1280425
Пікірлер

Көрші сілтемелер