Еларна қолфон нұсқасына ену

Жүктеу-Албомым-Албомдар-Желі
Осы торды сақтаймын! | Осы торды бас бет етемін!

Біздің байланыс: elarna2012@gmail.com


Той туралы ой – Астана Ақшамы



Тіркеліңіздер Кітапхана Қожалар торабы Албомдар Қазақтың 1001 ертегісі

Түрі: Ақжол мақалалары

Жолданған уақыты: 09:00 - 2020/09/17

Нақты Көзі: https://www.astana-akshamy.kz/toj-turaly-oj/


Той туралы ой – Астана Ақшамы

Енді бұрынғыдай болмайды дейді. Ал бұрын қандай болып еді? Есіңізде болса, тойды айтқан уақытынан екі-үш сағат кешіктіріп, ерте келген елді зарықтырып бастайтынбыз.

Кеш түсіп, түн түңілдірігін түргенде думан басталатын. Келген соң, тізіліп төрде тұрып тілек айту парыз. Екі қолды бос қойған соң, тамақ жемек ләзім. Ақыры келген соң тұяғымыз тысырлап антрактіде билеген жөн. Егер аяқ ауырып, тізе қалтырап, биге жарамасақ қызып алған жұрттың қисалаңдағанына қарау тағы қызық. Кей асабаның оспадарсыз әзіліне де құлағымыз үйренді. Құдашалардың құдашасымен танысып, әңгімелесу де осы тойда. Айтатыны жоқ, әсіресе, жап-жас балалардың шешесіндей әйелдерді биге шақырып, «Қызыл өрікке» басқанын да осы тойда көрдік. Ол ол ма, шалдар да құлдыраңдап, жас қыздарды ортаға алып, бір жасап қалатын. Кейде бетті басамыз. Өйбу, не қадір, не қасиет?! Содан келіп тойы құрысын деп «қарғадық». Құдай «әумин» деді ме, індетін жіберіп, осы тойдан да қағылдық. Өмір тоқтап қала ма? Екі карантиннің ортасында шағын қауыммен беташар, келін түсірер, қыз ұзату, құдалық өтті. Жақын отырған ағайындары болмаса алыстағылар бұл тойдан да қағылып жатыр. Ол түгіл өлгенге «бауырымдап» жете алмай, мына індет тіпті қысып жіберді. Оның да жақсылығы жоқ, ағайынның арасы алыстап, бауырымыз суып барады. Бізге керегі осы ма деп ойға тағы қалдық.
Той қашан да халықтікі болатын. Ағайынға көмегім деп той болмас бұрын ортаға малын салатынбыз. Абысын-ажын шүйіркелесіп, тойдың боладысын жаңалық қылып жеткізіп, желпініп жүретінбіз. Жас келіндер осындайда бір көрініп қалайын дегендей қол қусырып қызмет көрсетіп, үлкендердің батасын алатын. Ағайынмен сағынысып көрісіп, әулеттің ержетіп қалған балаларының «айналайын» деп бетінен сүйетінбіз. Ақсақалдар төрді толтырып, жасы кіші қонақты күтіп, әулеттің бауырмалдығын, барлығын, көргендігін көрсететін. Міне, қазақтың тойы осындай болатын. Жұрт жақсылыққа жеткендігін, өсіп-өнгенін осы тойында дәлелдейтін. Кешкісін жастар бас қосса, күндіз қарттары жиналып келіннің беташарын көріп, батасын беріп тарқасатын. Заманы бір құрдастар, әңгімесі жарасатын қатарластар өз ортасында болып, өз арасында болатын артық қылықтарын сырт көзге білдірмейтін. Құстың сүтінен басқаны дастарханға қою міндет емес еді. Бірақ «бір тойым бар» деп жүрген той иесі тартынып қалмайтын.
Кейінгі тойлардың сценарийі қатты өзгерді. Банктен қарызданып алған ақша қалтаға түскен соң, әркім өзінше шалықтады. Жұрттан қалмаймын деп, бары да жоғы да тойдың түбін түсірді. Үлкенді-кішілі қалаларымызға зәулім тойханалар қатар салынып, бұл кәсіптің көрігін әбден қыздырдық. Даңғыраған залдарды толтырған тойшылдардың саны бес жүзден кемі кем. Қырық жыл бұрын дәмдес болғандарды да бір көрудің есебін тойда келтіретін болды. Өтіс-қатысы аз алыс жамағайынды да тойханаға жинап алатын болдық. Тойымызды театрландырып, шақырмаған әншіміз-бишіміз қалмады. Оны алдын ала айтып анау келеді, мынау келеді деп құлақтандырып, жұртты желпіндіріп қоямыз. Сонымен онсыз да кеш басталған, жартылай жаңартылған салт-дәстүрін жырымдап жасап, жартылай ойын, жартылай кәнсерт… ақырында даңғаза шудан басымыз ауырып тойдың соңын көбіміз күтпей тараймыз. Қайран Құрманғазының күйі ет табақ тартуға ғана жарады ма деп алдымызға келген астың қалғанын қалтамызға салып аламыз.
Қарап отырсаңыз, тойдың соңында қалып, кеш бойы аяғынан таусылып жүргендер ғана сол әулеттің шын тілеулес жанашыр­лары, етене жақындары екен. Санай келгенде кейде жиырмаға да жетпейді. Міне, осы «жиырма» нағыз тойымыздың құрметті қонақтары. Қалғаны өміріміздегі қуанышымызды бөлісудің аса қажеттігі шамалы жандар. Жыл он екі айда бас қосып бірге сыйласпағандардың, тойдан кейін тілекші болатындарына күмәнім бар. Тіпті, шын қалағанның өзінде тірлік деген мына дүние, артып-асып бара жатпаған мына дәулет, одан қалды уақыт ешкімге артылдырмай қол-аяғымызды матай береді. Барыңа да жоғыңа да көнетін, қай кезде де қасыңнан табылатын ағайының ғана бір кесе шәй ішсе де сынамай, сәлемін бұлдамай өзіңмен бірге жасай береді.
Бұдан шығатын нәрсе, аңсарымыз басқаға аумай, жанымызға жанашырмен, ет-жақынымызбен сыйласып, мына тірліктің қызығын да солармен бөлісе білу екен. Егер дос-жаран жинасаңыз да төріңіздің сыншысы болмай, қазан басында ас әзірлеп, жоғыңызды бітеп тұратыннан болсын. Басқасы тойымыздың қадірлі қонағы емес.
Қызды-қыздымен бар құпия­ны айтайын. Кейде осы тойды желеу етіп, аса құрметтілерімізді де шақырып жатады. Жік-жаппар болып оның айналасында құрақ ұшырып жүрген той иелерін көріп кейде қысыламыз да. Келген қонақ той иесінің көңіліне қарап, соларды шаттандыруға, ізгілігімен нұрланып солармен бірге қуанып жүрсе қандай керемет. Алайда кейде басқаша болып жатады. Тойға келдің бе, бар тілегің, құрметің, қуанышқа ортақ риялығың, той иесіне арнағаның. Одан басқасы шақырылғандарға да шақырғандарға да салмақ.
Қазақтың тойы болсын, дәулеті тасығандар зәулім сарайларда жасасын, өйткені ортасы, өлшемі бөлек. Ал ұлан-асыр той жасап, кедейдің байға жетеміз деуі әурешілік. Байлықпен, барлықпен теңесетін жер той емес. Той тек әулеттің қуанышы. Оны бәсекеге салып, жұрттан қалмаудың амалына айналдыру бекершілік.
Карантиннен кейінгі түзелетін нәрсе тойымыз болуы керек. Той тоқтамасын, жастар бас қосып отау көтерсін, сәби дүниеге келіп, қазақтың әрбір шаңырағын шаттыққа бөлесін. Бәріміздің де арман-тілегіміз осы емес пе? Ендеше тойдың қадірін кетіріп жіберген кім? Ендігі тойдың мәнді өтуіне барын салатын кім? Ол сіз бен біз. Ұл-қыз өсіріп, осылардың қуанышын көреміз деген сіз бен біз!

Нақты қайнары: http://www.elarna.net/koru_kk.php?tur=7&id=1261917
Пікірлер

Көрші сілтемелер