Еларна қолфон нұсқасына ену

Жүктеу-Албомым-Албомдар-Желі
Осы торды сақтаймын! | Осы торды бас бет етемін!

Біздің байланыс: elarna2012@gmail.com


Көшелер қалай көркейеді? – Астана Ақшамы



Тіркеліңіздер Кітапхана Қожалар торабы Албомдар Қазақтың 1001 ертегісі

Түрі: Ақжол мақалалары

Жолданған уақыты: 01:00 - 2020/09/17

Нақты Көзі: https://www.astana-akshamy.kz/kosheler-qalaj-korkejedi/


Көшелер қалай көркейеді? – Астана Ақшамы

Биыл елордада 150 аула абаттандырылып жатқаны белгілі. Болашақта аулалар ғана емес, тұтас көшелер түрленеді. Бұл жұмыс қаланың мастер-жоспары мен дизайн-кодына сәйкес жүргізіледі. Нұр-Сұлтан қаласының Сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасы тиісті эскиздерді көрсетіп, шаһарды көркейтудің жоспарларымен бөлісті.

Өзгерістер негізінен қаланың ескі бөлігі – оң жағалауда орын алады. Жаяу жүргіншілердің жайлылығы үшін, жалпы алғанда қала тұрғындарына қолайлы жағдайларды тудыру мақсатында бірқатар жұмыстар қолға алынады.
Көркейтілетін көшелер мен ажарландырылатын аумақтар тізімі әзірленді. Мәселен, Бейбітшілік көшесі жаяу жүргіншілерге жайлы бола түседі. Онда автобус жолағы – bus line енгізіледі. Сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасының басшысы Нұрлан Ұранхаевтың айтуынша, барлық көшелерді жобалау жұмыстары осы жылдың соңына дейін аяқталады. Одан кейін бұл жобалар мемлекеттік сараптамаға жіберіліп, қаржысы есептеледі.
– Әрине, көшелерді көркейту бойынша алда атқарылар жұмыс көп. Қаланы тұрғындарға қазіргіден де жайлы ету үшін ұсақ-түйекке дейін бәрін ескереміз. Адамдарды тартатын, халық демалатын, жылдам тамақтанатын орындарды жасаймыз, – дейді басқарма басшысы.
Жаңа қоғамдық кеңістіктер Ж.Омаров көшесінде, Республика даңғылынан бастап М.Әуезов көшесіне дейін пайда болады. Нақты айтқанда, Республика, 10 мекенжайы абаттана түседі.
– «Технопарк» аумағын да көркейтуді жоспарлап отырмыз. Жоба бойынша нақты шешімді әлі қабылдаған жоқпыз. Сол аумақтағы ескі тұрғын үйлер сүріліп, жаңа әлеуметтік баспаналар салынатын шығар. Саябақ пен шағын бақ та бой көтеруі мүмкін. Қазір жобаның тиімділігі бойынша есептеулерді жүргізіп жатырмыз, – дейді Н.Ұранхаев.
«Евразия» сауда үйі аумағы да түрленеді. Адамдар көп жүретін бұл аумақ бойынша бірнеше эскиз жасалды. Абай даңғылы мен Ш.Қосшығұлұлы көшесі де көркейеді. Бұл жоба бірінші кезеңнен өтіп жатыр. Мақсат – тұрғындар алысқа сабылмас үшін барлық жағдайды үйлерінің маңайында тудыру.
Бір атап өтерлігі, қазір қала көпірлері­нің асты да көркейтіліп жатыр. Бұл жұмыс та мастер-жоспарға сәйкес жүргізілуде. Таяуда ғана Л.­Гумилев ­атындағы Еуразия ұлттық университеті маңайындағы көпір астында Әлжан Жармұхамедов, Геннадий Головкин, Зарина Диас сынды белгілі спортшылар бейнеленген граффити пайда болды. Тұрғындар бұл демалыс орны үшін ризашылығын жеткізіп жатыр. Триатлон-парк пен Президенттік саябақтың арасының қосылуы да халықты қуантып отыр.
Оң жағалауға келсек, қалада салынып жатқан үлкен жаңа мешіттің маңайында жайқалатын саябақтың эскиздері дайын болды. «Нұржол» сулы-нулы желекжолын болашақта қысы-жазы тұрғындарға жайлы ету жоспарланып отыр. Үш жыл бұрын бұған қатысты Біріккен Араб Әмірліктері елінің инвесторларымен әңгіме жүргізілген. Тиісті жобаға сәйкес желекжол бойы шатырмен жабылуы тиіс.
Нұрлан Ұранхаев кейбір көшелер жаяу жүргіншілерге ғана емес, көлік иелеріне де жайсыздық тудыратынын жасырмайды.
– Бізде автөкөлікпен тіке тартатын жолдар жоқтың қасы. Сондықтан бағдаршамнан бағдаршамға дейін жүруге тура келеді. Бұл жағынан сол жағалауда жағдай жақсырақ. Оның жолдары ойлас­тырылып салынды. Ал оң жағалау кеңес заманында бой көтерді. Сол себептен кейбір көшелер автокөліктерге тарлық етеді. Осыны да қалай реттесек екен деп ойлап жүрміз, – дейді басқарма басшысы.

Нақты қайнары: http://www.elarna.net/koru_kk.php?tur=7&id=1261795
Пікірлер

Көрші сілтемелер