Еларна қолфон нұсқасына ену

Жүктеу-Албомым-Албомдар-Желі
Осы торды сақтаймын! | Осы торды бас бет етемін!

Біздің байланыс: elarna2012@gmail.com


Тәсіл мен мазмұн өзгеру керек – Астана Ақшамы



Тіркеліңіздер Кітапхана Қожалар торабы Албомдар Қазақтың 1001 ертегісі

Түрі: Ақжол мақалалары

Жолданған уақыты: 08:30 - 2020/09/15

Нақты Көзі: https://www.astana-akshamy.kz/tasil-men-mazmun-ozgeru-kerek/


Тәсіл мен мазмұн өзгеру керек – Астана Ақшамы

Мектеп – білім берудің іргетасы. Коронавирус індетінің салдарынан дүние жүзіндегі білім алушылардың басым көпшілігі қашықтан оқуға көшті. Демек, жұмыстың тәсілі мен мазмұнында түбегейлі өзгеріс болып жатыр. Сондықтан қазіргі таңда білім жүйесі санитарлық талаптарды сақтай отырып, білім алудың тиімді тәсілдерін қарастыруға да ерекше көңіл бөліп отыр. Бұл туралы президент Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауда ерекше тоқталды. Жолдауда айтылған тапсырмалардың орындалуына одан әрі жұмыла еңбек етеміз дейді бізбен сұхбатында Нұр-Сұлтан қаласы білім басқармасының басшысы Шолпан Қадырова.– Президент өзінің Жолдауында «Қашықтан оқыту ісін ұйымдастыруда Үкіметтің жіберген қателіктерін жақсы білеміз. Ашығын айтқанда, әлі күнге дейін нақты бір онлайн-платформа жоқ. Мұғалімдер, оқушылар және ата-аналар күндіз-түні «WhatsApp»-тан бас көтермейтін болды. Толыққанды оқу үдерісі үшін қажетті барлық функциялары бар бірыңғай онлайн білім беру платформасын шұғыл әзірлеу қажет» деген еді. Мемлекет басшысы меңзеген қателік неден кетті деп ойлайсыз?
– Нұр-Сұлтан қаласында онлайн оқуға дайындық уақытылы басталды. 4-тоқсанда жасалған оқыту іс-әрекеті жанданып, мектептер қыркүйекке дайындалды. Қалай дейсіз ғой? Мектептегі 100 мұғалімді он-оннан бөліп, оған мектептің информатик мұғалімін бекітіп, басқа пән мұғалімдері үшін оқу семинарларын ұйымдастырды, ол басқа пән мұғалімдеріне өте пайдалы болды. Мектептердің көпшілігі Classroom-мен жұмыс істейді, ол өте тиімді. Classroom тегін, тапсырманы жүктеу тегін, класрумдағы medgoogle жұмысты әрі қарай жандандыруға мүмкіндігі бар, ол конференция жасауға өте тиімді, әрбір оқушыны көре алады, қадағалай алады, кері байланыс бере алады. Бізде платформалар бар, бірақ соны тиімді қолдануда педагогтардың АКТ сауаттылығы жетіспей жатқаны байқалды. «Bilimland», «Daryn online» және телевизиялық сабақтар оқушының білім алуына ықпал етіп отыр. Қателік кімнен кетті деген сұраққа жауап беру қиын, дегенмен қателік осындай жағдайға алдын ала елдің дайын болмауы. Әрбір отбасындағы әлеуметтік қиындықтар, ата аналардың ескі көзқарасын да кедергіге қосуға болады. Бірақ тығырықтан шығудың мүмкіндігі бар екеніне көз жетті. Басты қателік көпшіліктің IT технологияны уақытылы меңгере алмай жатқанында деп білеміз. Ол үшін компьютерлік сауаттылықты көтеретін іс шаралар әлі де көп болуы тиіс. Сол шараларды жандандырудамыз. Қателік халықты жоғары заманауи қашықтық бағдарламаларымен оқытпағаннан да болып отыр. «Жасанды интеллектің» жоғары дамымағаны кедергі болып отырғанын жасырып қала алмаймыз. Жалпы, адамдардың ойлау деңгейін, өмір сүру қалпын, ой, іс-әрекет бәрін smart технологияларға, жаңалыққа жаттықтыру керек.
– Білім саласындағы бас­ты мәселе – ұстаздар жалақысы делінген Жолдауда. 2021 жылы 25 пайызға өседі. Елордалық мұғалімдердің жалпы әлеуметтік жағдайы, әсіресе жас мамандарға қалай көңіл бөлініп отыр?
– «Педагог мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасының Заңы әлеуметтік кепілдіктер жиынтығын қамтамасыз етеді, оның ішінде жас мұғалімдерге – жыл сайынғы 56 күнтізбелік күнге еңбек демалысы, жылына бір рет тегін медициналық тексеруден өту, жас мамандарға (жалғызбасты және үйленбеген) жатақханадан орын беріледі. Тәжірибелі мұғалімдер арасынан жас мамандарға тәлімгерлер де бекітілген. Көптеген ұйымдар «Жас мұғалімдер мектебін» ұйымдастырды, оның мақсаты жас мамандарға жан-жақты көмек көрсету. Педагогтардың жұмысын кеңінен насихаттау мақсатында жас мұғалімдер «Адал Bilimastana» жобасына қатыса алады. Мұнда бірегей оқыту және оқу тәжірибесі бар, әр түрлі әлеуметтік жобалар жүргізетін және ең жақсы тәжірибе ұсынатын мұғалімдердің қызметі туралы бейнематериалдар жасалады. Бұл өз кезегінде педагогтарды өз ісінің шебері болуға, үздік болуға ұмтылдырады.
– 2025 жылға қарай 6 жасқа дейінгі балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен және оқытумен 100 пайыз қамтамасыз ету де міндеттелді. Биыл жаңа мектептер ашылды. Бұл оқытумен қамту мәселесін шешіп отыр ма?
– Әрине, 6 жасқа дейінгі балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен және оқытумен 100 пайыз қамтуымыз керек делінген. Балалардың басым бөлігі балабақшада дайындық топтарында қалып отыр. Бүгінгі күні даярлық сыныптарында 2000-дай бала білім алуда. Биылғы жылы жаңа мектептердің де қатары көбейді, өткен жылы 117 мектеп болса (жекеменшік мектептермен бірге), осы жылы 122 болып отыр. Соның ішінде биыл № 89, 90 жаңа мектептері қосылып отыр. Бұл мектептердің ашылуы үш ауысымдық және тығыздылық мәселесін шешуге үлкен септігін тигізіп отыр.
– Елордада балабақшада орынның жетіспеуі әлі проблема сияқты. Қазір қанша бала кезекте тұр? Бұл мәселе болашақта қалай шешілмек?
– Елорданың қарқынды дамуына байланысты мектепке дейінгі білімнің қол жетімділік мәселесі әлі де өзекті. Себебі балалардың туу көрсеткішінің өсуі, балаларды қамтуды жүзеге асыру бойынша қабылданған шараларға қарамастан, бұл мәселені толығымен шешу мүмкін болмай отыр. Бүгінгі таңда елордамызда әртүрлі типтегі 410 мектепке дейін­гі ұйым бар, оның ішінде 94-і мемлекеттік, 275-і жеке меншік (оның ішінде 265-і мемлекеттік тапсырыспен), 3-еуі ведомстволық. Осыған қарап, 2017 жылмен салыстыр­ғанда желі 119 балабақшаға көбейгенін көруге болады. Ай сайын кезекке шамамен 4000 баладай тұрады. Олардың ішінде 2003 бала, яғни 50 пайызы ғана балабақшаға жолдама алады. «Индиго» порталында электронды кезекке тіркелгендер: 0 жастан 6 жасқа дейін – 55 989; 1-6 жас – 50 233; 3-6 жас – 5 980 бала.
– Жолдауда «Балалар үйір­месі» қызметін қайта қалпына келтірген жөн деп үйірмелерге баса мән берілді. Бұл бағытта қандай бағдарлама бар? Қосымша білім беру ұйымдарының жұмысы күшейтіле ме?
– Өзіңіз айтқандай, Мемлекет басшысы «Қазақстан жаңа шындықта: іс-қимыл уақыты» Жолдауында спортқа, жас ұрпақтың шығармашылық әлеуетіне мейлінше назар аудару керектігін, бұқаралық спорт, дене шынықтыру және, әрине, балаларға басымдық беру керектігіне көңіл бөлді. Сондықтан білім беру ұйым­дары жанындағы қосымша білім беру ұйымдарының желісін кеңейту қажет деп санаймыз. Жаңа оқу жылында мектептерде қосымша білім беру ұйымдарының 6 филиалы және ұлттық құндылықтарымызды мектеп, қоғам және отбасы арқылы нығайту мақсатында ұлттық өнерді дамытуға бағытталған жобаларды ашу жоспарланды. Бұл «Шығыс» балалар мен жасөспірімдер орталығы» жанында 350 баланы қамтитын «Арқа Alan» ұлттық спорт түрлері орталығы» және № 2 өнер мектебі жанында 300 баланы қамтитын «ArtTumar» қолөнер орталығының ашылуы. Сонымен қатар «Шығыс» балалар мен жасөспірімдер орталығының, қаланың әр ауданында 1040 баланы қамтитын «Балалар мен жасөспірімдердің дене шынықтыру клубтары» құрылымдық бөлімшелері, сондай-ақ 72 мектепте 3650 баланы қамтитын ұлттық спорт түрлерін дамытуға бағытталған «AltynUrpaq» жобасы бастама алады. Қабылданған шаралар оқушыларды қосымша білім берумен қамтуды ұлғайтуға мүмкіндік береді.
– Шолпан Маратқызы кәсіби білім берудің беделін көтеру жөнінде де жолдау­да жақсы айтылды. Қазір қызыл дипломды маманнан гөрі, еңбек нарығында кәсіби маманға сұраныс көп, бірақ жастардың бұл саланы таңдауы аз сияқты. Қалай ойлайсыз?
– Меніңше, бұлай біржақты қарауға болмайды. Керісінше жұмысшы мамандығын таңдаған жастарымыздың қатары көбейіп келеді. Қазіргі таңда елордада техникалық және кәсіптік білім беретін 35 колледж бар. Онда 25 мыңнан астам жас білім алуда. Мамандарды даярлау 77 мамандық және 122 біліктілік бойынша жүзеге асырылады, оның ішінде мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша 13 687 (53,3 %) студент оқып жатыр.
Мемлекеттік білім беру тапсырысы қаланың индус­т­риялық-инновациялық даму басымдықтарын ескере отырып, елордаға кадрлардың қажеттілігін назарда ұстайды. Биыл оқу жылында мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша 4652 орын болса, оның ішінде жұмысшы мамандықтар саны 1572 орынды құрайды. Бүгінгі таңда жұмысшы мамандықтар бойынша 5000-дай жас білім алуда. Осыған қарап жыл сайын жұмысшы мамандығы бойын­ша білім алушылар саны артқанын көреміз. Білім басқармасымен мектеп оқушыларын жұмысшы мамандықтарға қызығушылықтарын арттыру үшін біршама жұмыстар жұмыстар атқарылуда. Мысалы, қаладағы 37 мектепте 1400 оқушыны қамтыған 10 сыныпқа 8 мамандық бойынша кәсіптік оқыту курстары арқылы бейіндік оқыту жүргізіледі. Бейіндік оқытудың теориялық бөлімі мектептерде, практикалық оқыту колледждер базасында өтеді. Жыл са-йын Білім басқармасы мектеп түлектері үшін техникалық және кәсіптік білім беретін оқу орындарының «Мамандыққа көзқарас» көрме-фестивалін өткізеді, сондай-ақ мектеп оқушылары мен ата-аналар қауымын шақырумен Ашық есік күндері өткізіледі.
Колледждер студенттері мен кәсіпорындардың жас мамандары арасында WorldSkills Kazakhstan өңірлік чемпионаты өткізіледі, онда чемпионатқа кәсіби бағдарлау мақсатында мектеп оқушылары шақырылады. Қалалық чемпионатты өткізу шеңберінде 8-11 сынып (17 жасқа дейінгі) оқушыларының қатысуымен JasSkills чемпионаты өткізілуде.
– Қазір мектептерде жоғары сыныпта «Кәсіпкерлік негіздері» пәні оқытыла бастады. Ал бұл пәнді оқытатын маман қаншалықты дайын?
– Кәсіпкерлік және бизнес негіздері курстары бойынша елордада 2019 жылы 49 педагог, 2020 жылы 30 педагог, жалпы, 79 әр түрлі пән мұғалімдері оқытылған болатын. Осы жылы онлайн форматта ZOOM платформасы арқылы оқыды. Кәсіби тренерлер 10-11 сыныптар бағдарламасын толық түсіндірді. Олар «Атамекен» ҰКП сайтында барлық бейнесабақтар контентін дайын­дады. ҚМЖ жазуда және сабаққа дайындық кезінде тренерлер тарапынан курстан кейінгі қолдау жүргізіледі. Педагогтарда қандай да бір сұрақтар, мәселер туындаған жағдайда конференциялар өткізеді, сондай-ақ осы пәнді оқыту барысында педагогтарға көмек және қолдау көрсету үшін телеграм каналда чат және http://atameken.co сайты ашылды.
– Қазіргі уақытта елорда мектептерінде қашықтан оқытудың жағдайы қандай?
– Өздеріңіз білетіндей, жаңа оқу жылы 5-11 сыныптар үшін қашықтан басталды. Ата- аналардың өтініші негізінде 1-4 сыныптар үшін барлық санитарлық талаптарды сақтай отырып мектептерде кезекші сыныптар ашылды. Барлық мектептер қажетті жабдықтар, дезинфекциялық құралдармен қамтамасыз етілді (кіреберіс есік алдына дезинфекциялық кілемше, туннель, тепловизор, санитайзер, ылғалды жууға арналған жабдықтар). Бүгінгі таңда елорда мектептерінде 3000-нан астам кезекші сыныптар жұмыс істейді, ондағы балалар саны 35 000, бұл жалпы бастауыш сынып оқушыларының 40 пайызын құрайды. Ал қашықтан оқу 5-11 сыныптарда арнайы сабақ кестесіне сәйкес, әр сабақ 30 минуттан өткізілуде. Барлық мектептер «Bilimland», «Daryn online» платформалары арқылы сабақтарын жалғастырып жатыр. Kundelik.kz жүйесі арқылы үй тапсырмаларын беріп және кері байланыс қызметтерін атқаруда. Ең бастысы, оқушылар және педагогтар компьютерлік құралдармен және интернетпен қамтамасыз етілді.

 

Нақты қайнары: http://www.elarna.net/koru_kk.php?tur=7&id=1260293
Пікірлер

Көрші сілтемелер