Еларна қолфон нұсқасына ену

Жүктеу-Албомым-Албомдар-Желі
Осы торды сақтаймын! | Осы торды бас бет етемін!

Біздің байланыс: elarna2012@gmail.com


Ережеге өзгеріс енгізіле ме? – Астана Ақшамы



Тіркеліңіздер Кітапхана Қожалар торабы Албомдар Қазақтың 1001 ертегісі

Түрі: Ақжол мақалалары

Жолданған уақыты: 02:00 - 2020/07/30

Нақты Көзі: https://www.astana-akshamy.kz/erezhege-ozgeris-engizile-me/


Ережеге өзгеріс енгізіле ме? – Астана Ақшамы

Қазір бүкіл әлемде, соның ішінде елімізде де індетпен күрес мәселесі өзекті болып отыр. Осы орайда қауіпті індет иттер мен мысықтардан адамға жұғуы мүмкін бе? Нұр-Сұлтан қаласы мәслихатының құрылыс, экология, көлік, сауда және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының отырысында мәслихат депутаты Қарақат Абден осы сауалды тиісті мамандарға жолдады. Аталмыш отырыста бас қалада қаңғыбас иттер мен мысықтарды ұстау және жою ережелері қаралды.

– Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ақпаратына сәйкес, иттер мен мысықтар COVID-19 індетін таратушы болып саналмайды. Бірақ пандемияның алдында Ауыл шаруашылығы министрлігі бізге жіберген хатында олар вирусты тасымалдаушы екені көрсетілген, – деп жауап берді бұл сауалға «Астана ветсервис» кәсіпорнының директоры Данияр Абдулов.
Оның жауабына қарағанда, бұл мәселе әлі толық зерттелмегенін айтқан Қарақат Жақсылыққызы кәсіпорын жұмыскерлерінің арасында вирусты жұқтыру жағдайлары болды ма деп сұрады.
Кәсіпорын директоры өзі екі рет және алты жұмыскер індетпен ауырғанын, қаңғыбас иттер мен мысықтарды аулау бөлімінің басшысы осы аурудан қайтыс болғанын жеткізді.
Қазір ел өңірлерінде қаң­ғыбас иттер мен мысықтарды тәлімбақта ұстау тиісті ережеге сәйкес 3-14 күннен аспайды. Нұр-Сұлтан қаласында ғана бұл мерзім 60 күнге созылған. Одан кейін иелері табылмаса, жануар­лар жойылады. Қарақат Абден елордада осыған тым көп уақыт берілген деп есептейді. Әріптесі Аман Аюпов та осы пікірді қостайды.
– Егер ит жоғалса, иесі арнайы тәлімбаққа келіп, мұны жеткізу керек. Иті туралы барлық ақпаратты қалдыруы тиіс. Соған сәйкес жануар табылғанда оған хабар жіберіледі. Оған көп уақыт керек емес, екі ай күтудің қажеті жоқ. Мәселе иесінде болып тұр ғой. Былтыр иттер мен мысықтарға чип орнату мәселесін қараған едік. Мен онда өз пікірімді айтқанмын. Қазір де қоғамымыз бұған дайын емес сияқты. Бұл мәселеге келгенде әлі де ойлана түсуіміз керек тәрізді, – деді А.Аюпов.
Данияр Абдуловтың айтуынша, 2017 жылға дейін бас қалада да қаңғыбас иттер мен мысықтар тәлімбақта 3-14 күннен артық ұсталмайтын. Бірақ үш жыл бұрын жануарларды қорғау ұйымдары оларды ұстау мерзімін 60 күнге де­йін созу мәселесін көтеріп, ақыры дегеніне жетті.
– Қазір біз 600-дей ит пен мысықты ұстап отырмыз. Иелері алып кетуге келмесе, еріктілер жануарларға жаңа иелерді іздейді. 60 күн сол үшін керек. Шынын айтқанда, біздегі иттердің 90 пайыздан астамы – қандендер. Оларды жұрт ала қоймайды. Бір айда 20 ит қана жаңа иелеріне тапсырылады. Бюджеттен иттер мен мысықтарды ұстауға бөлініп жатқан қаржы жеткілікті. Бірақ ел өңірлерін айтпағанда, иесіз жануарларды 14 күннен аса уақыт ұстайтын әлемде бірде-бір мемлекет жоқ. Зооволон­терлер ТМД елдерінде, Ресей мен Беларусьте қаң­ғы­бас иттерді аулаған соң ұрық­сыздандырып, бостан­дыққа жіберетінін айтады. Бірақ бұл да тиімсіз. Себебі аш иттер топтанып, адамдарға шабуылдайды. Сіздермен келісемін, Нұр-­Сұлтан қаласына қатысты тиісті ережеге өзгеріс енгізіп, қаңғыбас иттер мен мысықтарды тәлімбақта ұстау мерзімін 60 күннен 14 күнге қысқарту керек, – деді «Астана ветсервис» директоры.
Нұр-Сұлтан қаласы Қалалық орта сапасы және бақылау бас­қармасының басшысы Төлеген Құлышевтің сөзінше, осы күндері елордада қаңғыбас иттер мен мысықтарды аулаумен төрт бригада, барлығы 8 адам айналысады. Оларға арнайы көліктер берілген. Бұл мәселе бойынша тұрғындардан өтініштер «iKomek-109» қыз­меті және «Астана ветсервис» кәсіпорнының (иесі анықталмаған жануарларды ұстау мен жою осы мекемеге жүктелген) байланыс орталығы арқылы қабылданады. Осы жылдың басынан 3 мыңнан аса өтініш келіп түскен.

Нақты қайнары: http://www.elarna.net/koru_kk.php?tur=7&id=1230245
Пікірлер

Көрші сілтемелер