Еларна қолфон нұсқасына ену

Жүктеу-Албомым-Албомдар-Желі
Осы торды сақтаймын! | Осы торды бас бет етемін!

Біздің байланыс: elarna2012@gmail.com


Бабалар армандаған бас қала – Астана Ақшамы



Тіркеліңіздер Кітапхана Қожалар торабы Албомдар Қазақтың 1001 ертегісі

Түрі: Ақжол мақалалары

Жолданған уақыты: 02:15 - 2020/06/30

Нақты Көзі: https://www.astana-akshamy.kz/babalar-armandaghan-bas-qala/


Бабалар армандаған бас қала – Астана Ақшамы

Бүгінгі күндей жайнап, жарқыраған астанамызды Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев өзі таңдап, өзі негізін қалап, өзі іргетасын салып, туған халқына, ұрпақтарына мәңгілікке мұра ретінде қалдырып отыр. Ол – ақиқат. Қайнаған қазанның ішінде, тарихи оқиғалардың эпицентрінде белсенділікпен тыңғылықты жұмыс істегендіктен болар, жаңа елордамыздың тәй-тәй басқан әрбір қадамы, Астана қаласының негізін қалаушы, оның бас архитекторы Н.Ә.Назарбаевтың жанқияр­ лық еңбектері жүрегімде сақталған, күні кешегідей көз алдымда.

…1999 жылдың 19 мамырында қаланың оңтүстік-шығыс аймағында жаңа саябаққа ағаштар отырғызу жұмыстары ұйымдастырылды. Дәл сол күні Нұрлан Балғымбаев басқарған Үкімет отставкаға кетіп, орнына Қасым-Жомарт Тоқаев бастаған жаңа Үкімет құрамы сайланды. Жаңа бақты салуға Елбасы өзімен бірге жаңа тағайындалған Үкімет мүшелерін, министрлерді, Парламенттің қос палатасының депутаттарын, қала басшыларын ертіп келді. Нұрсұлтан Әбішұлы өз қолымен жас тал отырғызып, оған су құйды. Сәлден кейін Президентті журналистер қауымы қоршап алып, сұрақтар қоя бастады. Мен қала басшысының баспасөз хатшысы ретінде бұл брифингті жүргізіп тұрдым.
Елбасы жаңа саябақтың жас астанамыз секілді жасыл желекке бөленіп, адамдар демалатын, балалар асыр салып ойнайтын құтты мекенге айналатынын тілге тиек етті. Кенеттен журналистердің бірі тосын сұрақ қойды: «Саябақ қалай аталатын болады? Оның аты бола ма?»
– «Әрине, болады. Сендер ұсыныс жасаңдар» деп Мемлекет басшысы әлгі сұрақ қойған журналиске қарады. Сауал қойғанмен, ондайды күтпеген бауырымыз жауап қатуға мұршасы болмай, абдырап қалды. Пауза болдырмау үшін әңгімеге мен араластым: «Нұр-аға! Сіз бірінші талын отырғызған саябаққа «Жерұйық» деген ат лайық сияқты? Солай атасақ қалай болады?».
Елбасыға ұсынысым бірден ұнады: «Дұрыс ұсыныс».
– Біздің абыз бабамыз, философ, жиһанкез, аты аңызға айналған Асан қайғы осы Сарыарқаны таңдап, «Жерұйық» жер деп атаған. Мен қолдаймын. Мен қолдаймын, – деп Нұр-аға екі мәрте қайталады.
Президент менің идеямды, ұсынысымды қолдады! «Еуразия» сауда орталығының жанындағы саябақ сол сәттен бастап «Жерұйық» деп аталды. Бұл мысал біздің Президентіміздің өзіндік сипатын, оның демократияшылдығын, кез келген игі бастаманы, идеяны қолдайтынын дәлелдейді.
Бір қарағанда жай ғана елеусіз жағдай секілді. Шын мәнінде, бұл мысал біздің аса құрметті Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев туралы көп нәрсені аңғартып тұр.
Нұрсұлтан Назарбаевтың саяси көрегендігі, батылдығы және қай істе де терең ойлайтындығы туралы айтқанда, Сәбит Мұқановтың «Аққан жұлдыз» атты романындағы бір эпизод еріксіз еске түседі.
«Абылай хан жетпіс жасқа келгенде ауырып қалады, өзіне сенімді Бұқар жырауды шақыртады.
– Орындалмаған армандарыңыз бен ниеттеріңіз бар ма? – деп сұрады қарт данышпан. Абылай өкіне отырып, былай деді:
– Көп қан төгілді, егер мен оны төкпегенде, онда оны менің жауларым төгер еді;
Менің халқым Жер-анаға бетімен бұрылып үлгермеді, мен қала тұрғызып үлгермедім;
Халықты біріктіріп үлгермедім, онда жікшілдер көп болып шықты…».
Осы диалог болған уақыт пен қазіргі уақыт арасына параллельдер жүргізуге бола ма екен? Парасатты сана мұндайдың әбден мүмкін екендігін айтады. Мүмкін, Абылайдың ежелгі армандарының Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың нақты істерінде көрінуінің себебі осы шығар. Себебі ол өзінің ерен де ерекше қабілетімен, көрегендігімен, күш-жігерімен, парасаттылығымен және үлкен стратег басшы ретінде сан ғасырлық тарихи бар өз халқын тұңғыш рет біртұтас ел ретінде біріктіре алды және Есіл өзенінің жанынан, су жаңа елорда – Астана қаласын тұрғызды. Абылай ханның арманын жүзеге толығымен асырды.
Өз тарихында бүгін біз тұратын қаланың атауы бірнеше рет өзгерді: 1830-1832 жылдары – Ақмола; 1832-1961 жылдары – Акмолинск; 1961-1992 жылдары – Целиноград; 1992-1998 жылдары – Ақмола, 1998 жылдан бастап Астана деп аталса, 2019 жылы Нұр-Сұлтан қаласы болып өзгерді.
Қазір біздің астанамыз мінсіз және бірегей. Оңтүстік пен солтүстікті, шығыс пен батысты біріктіретін жолдар тоғысындағы астана Еуразия жүрегі болды. Ол уақыт өткен сайын таңғаларлықтай өзгеріп отырады. Мұнда дүние жүзінің үздік архитекторлары орасан зор жобаларын жүзеге асыруда, астананың қайталанбас бейнесін жасауда өздерінің керемет ой-жоспарларын жүзеге асыруда.
Астананың атауын өзгертуге байланысты тағы да бірнеше мысалдар айта кеткім келеді. Менің ойымша, Ақмола облысының (Ақмола облыстық орталық болған) бұрынғы әкімі Андрей Браунның «Менің өмірім» кітабынан алынған еске алулары өте қызықты: «Нұрсұлтан Әбішұлы бізде жиі болатын. Осы жолы да тікұшаққа отырып, қаланы және оның аймағын бірнеше рет айналып шықты, қаланы тұщы сумен қамтамасыз ететін ­«Вячеслав» су қоймасын қарап шықты. Ерейментау тауларына қонды. Табиғат сұлулығына тамсана отырып тау бөктерлерінен ұзақ жүрді, таудың керемет таза ауасымен тыныс алды. Сәлден кейін Нұрсұлтан Әбішұлы осы келуінің құпия­сын ашты:
– Астананы ауыстырмақ ойым бар, міне, сол үшін әр жерге бір барып қарап жүрмін. Сенің қалаң барлығынан да қолайлы: Қазақстанның орталығы, ірі темір жол торабы, мұнда барлық жақтың жолдары тоғысады, оңтүстіктен де, батыстан да, барлық облыстармен әуе байланысы да бар. Барлық баптар бойынша, ең дұрысы осы жер. Министрліктер мен ведомстволарды жайғастыру да басқа жерге қарағанда, осы жерде жеңіл болады деп ойлаймын, өйткені бұл жерде өз уақытында өлке басшылары орналасқан болатын. – Ол әңгіменің соңында бұл туралы әзір тіс жармауымды ескертті.
– Мәселе әлі шешілген жоқ, барлығын жақсылап саралау қажет. Парламент келісімі мен қаражат қажет.
Кейін ресми шешім шықты, Парламент астананы ауыстыруға келісім берді және министрліктер мен ведомстволарды жайғастыру бойынша жұмыстар басталып та кетті. Бұл кезең мен үшін, әрқашан тіл табысып отыратын қала әкімі Аманжол Бөлек­баев үшін және біздің көмекшілеріміз үшін жауапты әрі қиын кезең болды. Барлық министрлер, басқа да республикалық басшылар жақсырақ, үлкенірек, қала ортасынан және Президент резиденциясына жақынырақ ғимараттар сұрай бастады, сұраныстарын қанағаттандырмасаң өкпелейді. Кейінірек астананы көшіру жұмыстары бойынша Фарид Галимов министр болып тағайындалды. Біздің жүгіміз айтарлықтай жеңілдеді, ол барлық мәселелерді оңтайлы шешті. Ал жалпы, астананы көшіру стратегиясын Президенттің жеке өзі белгілеп отырды».
Ақмолаға басқа ел президенттерінен алғашқылардың бірі болып Қырғызстан президенті Асқар Ақаев келді. Бұл Нұрсұлтан Назарбаевтың Ақмола қаласының атауын өзгерту жөніндегі идеясын саралап жүрген кез еді.
Ақаевтың Ақмолада болу бағдарламасы қысқа еді. Қырғызстанның болашақ елшілігі орналасатын ғимараттың алғашқы кірпішін қалағаннан кейін, «Еуразия» университетінде студенттермен және оқытушылармен кездесу өтті. Ақаев өзінің сөзінде Кеңес өкіметі ыдырағаннан кейінгі егемен елдердің экономикалық даму мүмкіндіктері, орта және жоғары білім және т. б. мәселелер туралы айтты. Сөзінің соңында былай деді:
– Ұшақта отырғанда Нұрсұлтан Әбішұлы өзінің құпиясымен бөлісті: болашақ астанаға «Қазақстан» атауын бергісі келеді. Дүние жүзінде мұндай мысалдар бар, мысалы, Бразилияда мемлекет пен астананың атауы бір, 1960 жылы президент Кубичектің шешімі бойынша жаңа астана салынды – Бразилия қаласы, қала орналасатын жер ретінде елдің ең кедей, құрғақ ауданы таңдалды.
Осы уақытта Назарбаев оған мынадай ілікпе сөз айтты:
– Асқар, енді мен саған құпиямды айтпайтын боламын!
– Кешірім өтінемін, Нұрсұлтан Әбішұлы, бірақ осындай оңтайлы жер және сіздің идеяңыздың маған ұнағандығы соншалықты, тіпті мен айтпасқа шыдамадым.
Астананы ауыстыру туралы түбегейлі шешім қабылданар кезде оның қаншалықты мойындалғандығын анықтау қиын екендігін дүниежүзілік тәжірибе көрсетіп отыр. Біраз уақыт өткеннен кейін ғана осы қадамның дұрыс-бұрыстығы анықталады. Король екінші Филипп өзінің әкімшілік аппаратын Мадридке мамыржай жылдары жай ауыстырған жоқ. Ол Бургас, Вальядолид және Дон Кихоттардың отаны Толедо секілді астаналық қалаларын тастап, мемлекет орталығын көшірді. Үндістан өз астанасын Калькуттадан Нью-Делиге көшірді. 1923 жылы Түркия астанасын Стамбулдан – Анкараға, Пәкістан 1971 жылы алты миллион халқы бар қала Карачиден тұрғыны жеті жүз мың Исламабадқа ауыстырды. Қытай өз астанасын алты рет өзгертті. Сонымен қатар, әлі бірде-бір мемлекет өзінің астанасын ауыстырғаннан кейін бұрынғы астанасына қайта оралған емес. Бір ғана ерекше жағдай – екі ғасырдан кейін Ресей астанасының Петербургтен Мәскеуге ауысуы.
1996 жылдың қаңтар айында Азия, Африка және Еуропаның жетекші архитекторлары астана бас жоспарының жобасын талқылау үшін жиналды. Олар астананың территориялық дамуының құрылыстық тұжырымдамасын қарап, өздерінің ескертулерін айтты. Астананың ең үздік бас құрылысы байқауында Малайзия мен Латын Америкасында бірқатар жобаларды жүзеге асырған танымал жапон сәулетшісі Кисё Курокава жеңіп шықты. 1998 жылдың 10 маусым күні тәуелсіз Қазақстанның елордасы ретінде Астана қаласының халықаралық тұсаукесері дүркіреп өтті. Мен соның жуан ортасында болған куәгерлерінің бірімін.
Думан-той бағдарламасына сәйкес, астананың тұсаукесеріне келген президенттер «Мемлекет басшылары аллеясының» бірінші талдарын отыр­ғызды. Президентіміз болашақ «Отан қорғаушылар» монументінің тасын қалады. Ал түнде тұсаукесер тойының шарықтау тұсында Нұрсұлтан ­Назарбаев ғарышкер Талғат Мұса­баевпен сөйлесіп, ғарышта ұшып жүрген оған былай деді: «Сен бір табан жақын жүрсің ғой. Алла Тағаладан біздің жас елордамыз – Астана қаласы мен туған халқымызға сәттілік тіле. Жаратушы иеміз бізге оң батасын берсін» деп тілек айтты. Сол сәтте бүкіл әлем, барлық қазақстандықтар ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен ғарышкер Талғат Мұсабаевтың дуэтпен айтқан өлеңін естіді. Ол бір мезгілде бүкіл жер шарында және ғарыш кеңістігінде айтылған жеңіс өлеңі болды. Дәл осындай керемет оқиға бұрын-соңды еш жерде ешқашан болған емес.
Астана күні құтты болсын! Өсе бер, өрлей бер, елорда!

Сәдібек ТҮГЕЛ,
ҚР еңбек сіңірген қайраткері,
Астана қаласының тұңғыш
баспасөз хатшысы, жазушы

Нақты қайнары: http://www.elarna.net/koru_kk.php?tur=7&id=1210641
Пікірлер

Көрші сілтемелер