Еларна қолфон нұсқасына ену

Жүктеу-Албомым-Албомдар-Желі
Осы торды сақтаймын! | Осы торды бас бет етемін!

Біздің байланыс: elarna2012@gmail.com


Қазақ баспасөзі және мүддесі – Астана Ақшамы



Тіркеліңіздер Кітапхана Қожалар торабы Албомдар Қазақтың 1001 ертегісі

Түрі: Ақжол мақалалары

Жолданған уақыты: 02:15 - 2020/06/27

Нақты Көзі: https://www.astana-akshamy.kz/qazaq-baspasozi-zhane-muddesi/


Қазақ баспасөзі және мүддесі – Астана Ақшамы

Қазіргі таңда бүкіл әлемде қағаз газет-­журналдардың таралымы азайып, бұл сала бұрын-соңды болмаған қиыншылықтарды басынан кешуде. Мысалы, АҚШ-тың өзінде ғана соңғы үш жылда қағаз басылымды редакциялар санының үштен бірі қысқарған. Түстіктегі көршіміз – Ресейде де мерзімді басылымдарды шығаратын баспалардың шығыны артып, газеттерді тарату қиындап кетті.

Бізбен көршілес Өзбекстанда қағаз газет сататын дүңгіршектер азайған. Өзбекстан президенті Ш.Мирзиёев елде газет пен кітап оқуды насихаттау үшін шетелдік әріптестеріне кітап сыйлауды дәстүрге айналдырды. Қазақстандағы ахуал да осыған ұқсас. Қазақ баспасөзін шығару, тарату, оқыр­манға жаздыру және т. б. мәселелер күн тәртібінен түспейтінін көзбен көріп отыр­мыз.
Соңғы кездері бұл мәселе жиі-жиі талқыланып, бұқара мен биліктің назарына ұсынылды. Бір құптарлығы, Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева жаңа қызметіне кіріскеннен бастап қазақ тілді БАҚ басшыларымен жүздесіп, мәселенің мәнісіне терең бойлады. Демек, біздің қоғамда қазақ баспасөзінің бүгіні мен болашағына қатысты бір жағымды өзгеріс болары анық. Ақпарат саласының тізгінін бірнеше жыл қолына ұстаған Дәурен Абаевтың ҚР Президенті Әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары болып тағайындалуы да осынау күрмеулі түйінді тарқатуға септігін тигізетініне үміт зор.
Шындығына келсек, қазақ баспасөзі қай заманда болсын мемлекеттік идеологияны, саясатты жүргізу мен насихаттаудың бірден-бір құралы болып келеді. Ендеше, мемлекеттің өзі оны қолдауы керек емес пе? Өйткені бұл – бүкіл өркениетті елдерге тән құбылыс. Ғаламтор қағаз бере алмайтын көп нәрсені ұсынатын шығар, алайда газеттер ешқашан жойылмайды. Өйткені сапалы журналистиканы, барынша терең сараптама мен сауатты ақпаратты алғысы келетін әрбір оқырман теледидар мен ғаламторды емес, газетті қалайды. Осы тақырып бойынша төменде бірқатар медиа-сарапшылардың ой-пікірін жинақтаған едік.

Сәуле МЕШІТБАЙҚЫЗЫ,
ҚР еңбек сіңірген қайраткері, халықаралық «Qazaqstan dauiri» газеті мен республикалық «Мөлдір бұлақ» балалар журналының бас директоры:

Тың бастамалар ұсынсақ…

– Мені қазақтың дәстүрлі басылымдарының тағдыры толғандырады. Қазақ баспасөзі – мемлекеттік саясатты дұрыс жүргізуде Елбасының бірден-бір қолдаушысы әрі көмекшісі. Президенттің бас­тамалары мен көзқарасын халыққа жеткізіп отырған, насихатын күшейтіп отырған – қазақ басылымдары. Мен тек газеттерді ғана айтып отырмын. Бұл қатарға журналдарды, телеарналарды да қосу керек. Менің бұған алып-қосарым жоқ. Бұл әлі күнге маңызын жоймай отырған мәселе екенін кімнен жасырамыз?..
Қазақстан тәуелсіздігін алғаннан кейінгі кезеңде мемлекеттік емес ақпарат құралдары, солардың арасында қазақ тілді БАҚ та көбейді. Әйткенмен, қазақ баспасөзі қоғамдағы құбылыстарға, билік пен халық арасындағы жаңа қарым-қатынастарға ескі көзқараспен қараудан арылмай отыр. Қазақша газеттер ауыл, тіл, мәдениет, ұлтаралық қатынастар, өткеннің жетістіктері тақырыптарына жиі оралып отырады. Бірақ адамды амбиваленттік күйге түсіретін мұңды сарынға көбірек бой алдырады. Өзгелерді қайталаудан асып, тың идеялар көтеру аз. Кейбір басылымдар билікті сынауды меңгерді. Сонысымен бұқара алдында едәуір беделге ие болып, таралымын қанағаттанарлық мөлшерде сақтап отыр.
Иә, тәуелсіз газеттердің таралуына елеулі тосқауылдар болып отыратыны рас. Бірақ таралымның аздығын осы себеппен ғана түсіндіруге болмайды. Бұл жерде нені, қалай жазып жүрміз, халыққа не керек деген сұрақтардың басын ашып алу маңызды болып табылады, әрине.
Баспасөз халыққа арналады. «Қазақ баспасөзі халық ұғымына ауыл тұрғындарын сыйғызады. Бұдан ауылдағы сауаты мен мәдениеті төмен бұқараның мүддесін көздеу алдыңғы лекке шығады» деп сынайтындар бар. «Қазақты ауылға қайтара­йық», «мал басын арттырайық», «ауылға апаратын жол сала­йық», «ауызсу жеткізейік» деген сияқты мәселелер қазақ тілді газеттердің ұранына айналғанын да іліп әкететіндер бар. Бұған жауап, сөз басында айтқанымыздай, қазақ баспасөзінің оқырмандары ауылда. Қазақтың арқасүйер тірегі де ауыл. Ауыл көркеймей, ел экономикасының қарыштап дамуы да күмәнді. Осындай жағдайда ақшаның астына көмілген өзге тілді БАҚ ауылға емес, жаһанға көз салып, ғаламдық жаңалықтарды тықпалап әлек. Олардан ауыл-аймақ туралы сараптама мақала оқу қиын. Өйткені олар мұндай «кәкір-шүкірмен» айналыспайды. Олай болса ауылдың жырын қағанағын жарып шыққан қазақ газет-журналдары толғамағанда кім толғайды?

Президентке зор үміт артамын

Бигелді ҒАБДУЛЛИН,
танымал басылымдарға жетекшілік жасаған
журналист:

– Қазір Қазақстанда іс жүзінде журналистика жоқ деуге болады. Менің БАҚ-тағы әріптестерім бұған ренжімейтін шығар. Өйткені бұрынғы «Время», «Караван», «Centrаl Asia Monitor», «Свобода слова» газеттері, «Ratel» порталы», бұрынғы журналистер жоқ. Олардың бәрі «шеттетілген» немесе басқа салаға кетті. Қазір өзім Facebook-те ғана жазамын. Әрине, шынайы және сапалы журналистикамен салыстырсақ, бұл жер баланың ойыны сияқты. Әділдік үшін айтар болсам, ғаламтордағы сайттар мен әлеуметтік желілердің қоғамға ықпалы артып келеді. Қазақстанда сөз бостандығының жоқтығына шенеуніктер мен министрлер кінәлі емес, бірақ бұл – апаттың көкесі. Елде шынайы демократия­лық саяси реформалар болмай, БАҚ-тағы демократия, сөз бостандығы, БАҚ-ты қолдау туралы айтудың керегі жоқ. Менің бір үмітім бар, ол – Президент Қасым-
Жомарт Тоқаев. Жазушының отбасында өскен ақылды, интеллигент тұлға. Ол – Батыс құндылықтарын, соның ішінде БАҚ-тың қоғам мен әлемдегі рөлін жақсы білетін және түсінетін либералды көзқарастағы адам. Меніңше, Президент өзінің министрлері мен әкімдеріне қарағанда прогрессивті деп ойлаймын.

Шәмшидин ПӘТТЕЕВ, «Қазақ газеттері»
ЖШС бас директоры:

Тілді тірілтетін – баспасөз

– Әлемдік тәжірибеден мәлім жайт, газеттерге жазылу ісі, негізінен, мемлекеттік қолдаудың арқасында жүзеге асады. АҚШ пен Канадада, Еуропа елдерінде газет-журналдарды оқырманға тасымалдау шығындары мемлекеттік бюджет есебінен қамтылатын болғандықтан, жазылу бағасы әлдеқайда төмен. Дамыған мемлекеттер тіл саясатына құйылған қаржылық шығындарды ұзақмерзімді стратегия деп қана емес, мемлекеттік даму үдерісіндегі аса маңызды инвестиция санайды. Ал бұл саясатты жүргізудің ең маңызды құралы – мерзімді баспасөз. Сондықтан да Англияда көптеген жылдар бойы мерзімді басылымдарға жазылу үшін төленетін пошта алымдары өте төмен деңгейде сақталып, ағылшын газеттері қосымша құн салығынан босатылған. Голландияда әр студент мемлекет есебінен бір журналға бес жыл бойы тегін жазылуға құқылы. Францияда жастарды газет-журнал оқуға ынталандыру үшін олардың мерзімді баспасөзге тегін жазылуын қамтамасыз ететін мемлекеттік бағдарлама осыдан он жыл бұрын қабылданған. Бұл салаға қомақты қаражат бөлуде Франция Еуропалық Одақ елдерінің ішінде көш бастап тұр: мемлекеттік бюджеттен мерзімді баспасөзге бөлінетін қаржы жылына 1,4 миллиард еуродан асады. Мерзімді баспасөзге қолдау білдіретін елдер қатарында Швеция да үлгі бола алады. Бұл елде таралымы шағын, жарнамадан түсімі аз газет-журналдарға арналған тікелей мемлекеттік инвестициялар бар. Мұндай газеттерді жабылып қалудан сақтау үшін олардың жалпы шығынының 20 пайызына дейін мемлекет есебінен жабу механизмі жасалған. Дамыған мемлекеттерде газет-журнал оқу мәдениеті қалыптасқан әрі жоғары кәсіби деңгейдегі мерзімді баспасөзді шығару ісі мемлекет тарапынан қамқорлыққа алынған, бұған қоса, газет-журнал тарату ісі жолға қойылған. Сол сияқты басқа еуропалық елдерде, АҚШ-та немесе Жапонияда мемлекеттік тілдің қағажу көруі деген мәселе жоқ, сонда да бұл елдер мемлекеттік тілдегі баспасөзді ақпараттық саладағы ұлттық қауіпсіздік пен ұлттық экономиканың мүддесі үшін жан-жақты қолдап келеді. Яғни Қазақстан сияқ­ты тәуелсіздігіне әлі отыз жыл толмаған, мемлекет тілінің толыққанды қуаты іске аспаған жас мемлекетте бұл салаға екі-үш есе артық көңіл бөлу керек деген сөз. Сонда ғана мемлекеттік тіл саясатын жемісті жүзеге асыруға әрі мерзімді баспасөзді күшейту арқылы ақпараттық саясатты мемлекет мүддесі үшін тиімді пайдалануға болады.

Журналист және  жұртшылық

Ғалым ҚОЖАБЕКОВ

Журналистер – жұмыр жердегі жақсылықты жаңғыртып, жамандықты жаншып жазатын жанкешті «жауынгерлер»! Жалпақ жұртымыздың жалынды, жебелі жазушы-жорналшысының «жазғаны – жақұт, жегені – жантақ» жайлы жүрекжарды жазбасы журналистің жағдайын жете-жеріне жеткізгендігінде жалған жоқ.
Журналистер – жылжып жатқан жылдардың жылнамасын жүргізуші. Жер-жаһандағы жақсы және жаманды жіліктеп жазушы, жақсылықтың, жасампаздықтың жақтаушысы.
Журналистер – жұртшылықтың жанайқайын жүйенің жетесіне жеткізуші. Жұмысшының жағдайын жақтаушы, жабырқаған жанға жәрдемші, жолынан жаңылғанды жөнге жетелеуші. Жоғалғанның жоқтаушысы, жігері жасығанның жебеушісі.
Журналистер – жүргенде «жемтігі» жілігіне жабысатындар, жұп-жұмыр, жып-жылы жазғанымен жан-жағын жарықтандырушылар, жазғанымен жан сарайын жұбатушылар, жазғаны жарияланбай жатса жаны жабырқайтындар, жазғанымен жанұясының жай-күйін жайландырушылар.
Журналистер – жұртшылыққа жедел жаңалықты, жалаулаған жақсылықты, жантүршігерлік жамандықты жеткізетіндер, «жау жағаға жармасатын» жағдай жарияланса, жұмысқа жата-жастана жегілетіндер.
Журналистер – жанкешті журналисте жайбарақат жұмыс жоқ, жан-жағындағы жүргеннің, жүзгеннің, жөтелгеннің, жөнелгеннің, жеңгеннің, жеңілгеннің, жылағанның, жығылғанның, жетістіктің, жөнсіздіктің… жалпы «жыбырлағаннан» жұрнақтап жүріп жаназығын жинайтындар.
Журналистер – жаны жайсаң, жүрегі жомарт, жолынан жығылмайтын жандар.
Жалпы, журналист жолы – жан-жақты жарқын жол!

ШЕБЕРЛІК ПЕН ШИКІЛІК

Қоғам тынысын, дүние бүлкілін көркем тілмен, байыпты сөзбен салмақтап, саралап жеткізу – қалам ұстаған барлық журналистің міндеті, абыройын асқақтатар қабілет өлшемі, шеберлігінің көрінісі. Салмақтай отыра, жеделдік пен ұшқырлық таныту да қарымды журналистен күтілетін қасиет. Егемен елдің қазіргі журналистикасының аяқ алысы мен даму деңгейін аңдап жүргенге оның барлық кем-кетігі мен артықшылығы анық білінеді. Кәсіби мереке қарсаңында саланың сыны мен сырын ұққан танымал тұлғаларынан «Қазіргі қазақ журналистикасының ең басты үш кемшілігі мен басты үш артықшылығы неде?» деп сауалнама алған едік. Сынды түзеп, озық тұсымызды еселей түссек, ұтарымыз көп болары сөзсіз.

 

Дархан МЫҢБАЙ,
ҚР Мәжіліс депутаты:

Кемшіліктері:

– Интернетте иман жоқ. Ақпарат атаулы аузы-мұрнынан шығып жатқан дәуір. Ал сөз ұстағанның сауаттылығы, шеберлігі құлдилап барады.
– Журналистердің табысы жеткілікті деңгейде емес.
– Елдің көңілін, қоғамның назарын аударатын фактіні зерттеу, талдау, зерделеу кем, келте, шала.
Артықшылықтары:
– Цензура жойылған. Тәуелсіз еліміздің журналистерінің өз дәстүрі қалыптасып келеді.
– Экономикасы дамыған елдің журналистері ғана ақпараттық кеңістігіне ие бола алады. Қолда барға қанағат еткендіктен журналистер әзірге бай, қуатты болуға тырысуда.
– Қазіргі талғамы биік оқырман мен көрерменнің таңдау құқығына қол салмай, оның азаматтық көзқарасының қалыптасуына мүмкіндік жасауды мойнына алған БАҚ қана заманауи ортаны қалыптастыруға ықпал ете алады. Кәсіби жағынан шебер, ақпарат іздеу үшін көп тілді де, технологияны да меңгерген журналистер көбейіп келеді.

 

Шархан ҚАЗЫҒҰЛ,
публицист, Қазақстан
Журналистер одағы астаналық филиалының төрағасы:

 

Кемшіліктері:
– Біріншіден, бірді-екілі газеттер болмаса, көпшілігі халыққа шынайы ақпарат тарата алмай отыр.
– Екіншіден, қазақ тілді БАҚ халық мінбері деуден гөрі, билік рупоры дегенге көбірек ұқсайды.
– Үшіншіден, қазақ бұқаралық ақпарат құралдары әлі күнге дейін журналистік (редакциялық) сұрау жасауды түбегейлі меңгерді және оны жүйелі де тұрақты сүрлеуге сала білді деп айту қиын.
Артықшылықтары:
– Біріншіден, қазақ журналистикасы – мемлекеттік тілдің қолдану аясын жан-жақты кеңейтудің әзірше жалғыз құралы.
– Екіншіден, қазақ тіліндегі БАҚ ұлттық құндылықтарды дәріптеу ісінде орасан зор еңбек етіп келеді.
– Үшіншіден, қазақ журналистикасы адам туралы жазуды және адами жазуды әзірге ұмытқан жоқ.

 

Оралхан ДӘУІТ, ҚР Журналистер одағының мүшесі:

Кемшіліктері:
– Табандылық жоқ. Мәселені бір мәрте жазады да, қайтып оралмайды.
– Жеделдік жоқ, ақпарат кешігіп беріледі немесе өздері кешіктіреді. Бұл ақпараттың маңыздылығын жояды.
– Жазған дүниесі бойынша көп ізденбейді. Мамандармен пікірлеспей, өз білгенімен жазып шығады.
Артықшылықтары:
– Барлық саланың проблемасы жазылып жатыр. Журналистер қалам тербемейтін тақырып жоқ.
– Журналистика саласында жастар көбейді. Кезінде қырық жастан асқанда ғана әрең жұмысқа кіретін аты дардай мемлекеттік басылымдарда бүгінде көбінесе жастар еңбек етуде.
– Шетел тілін білетін журналис­тер көбейіп келеді, олар шетелдік басылымдардың жақсы тәжірибе, үлгілерін біздің журналистикаға енгізуде.

 

Әріп емес, бейне қарайтын ұрпақ назары үшін күрес

Бибігүл ЖЕКСЕНБАЙ, Бас редакторлар клубының президенті, Ақпарат және қоғамдық даму министрінің кеңесшісі:

– Қазіргі журналистиканың артықшылығын да, кемшілігін де айту қиын. Өйткені құндылықтар өзгеріп, заманауи талаптар күшейіп жатыр. Ұзақ уақыт медиа салада жұмыс істеген адам ретінде үлкен өзгерістер көз алдымызда ғана емес, өз өмірімізбен қабаттаса болып жатыр. Қазіргі уақыттағы бұқаралық ақпарат құралдарымен осыдан 5, 10 немесе 20 жыл бұрынғы деңгейді салыстыру да қиын. Медиа бәсекелестік те, БАҚ пен оқырмандардың, көрермендердің, тыңдаушылардың арасындағы байланыс та өзгерді.
Кәсіби журналиске қойылатын талаптар да барынша артты. Бірнеше ғасырлар бойы журналис­тердің барлық күш-жігері мақалалар жазуға бағытталған-ды. Мақала және оның түрлері – репортаж, очерк, фельетон, эссе, басқа да жазбалар оқырмандарға сатылатын негізгі өнім болды. Ақпарат тек қосымша ретінде қарастырылып, оларға басылымның мардымсыз бөлігі арналатын. Жас журналистер ақпарат бөлімінде тәжірибе жинақтап, сосын ғана салиқалы сараптамалық бөлімдерге өтетін.
Қазір керісінше, кез келген БАҚ-тағы ең өтімді тауар – ақпарат. Ақпарат неғұрлым қысқа болса, соғұрлым тұтынушысы көп. Күн өткен сайын өскелең ұрпақ ұзақ мәтінді оқығаннан гөрі, тез қабылданатын бейнебаян, графика, анимацияға бет бұрды. Оқырман тіпті тек тақырыпты ғана оқитын заманға келіп жетті. Тақырыптан барлық ақпарат, ой, мәселе – барлығы бірдей көрініс табуы шарт болып отыр. Сондықтан тақырып қою шеберлігіне сұраныс жоғары.
Интернеттің күшеюі – дәстүрлі медианы да «аңшыға» айналдырды. Тұтынушы үшін күрес БАҚ-ты белсенді әрі шапшаң қимылдата бастады. Дәстүрлі медиа бастапқыда әлеуметтік желіге мұрнын шүйірсе, енді олармен санаса бастады.

 

Нақты қайнары: http://www.elarna.net/koru_kk.php?tur=7&id=1209075
Пікірлер

Көрші сілтемелер