Еларна қолфон нұсқасына ену

Жүктеу-Албомым-Албомдар-Желі
Осы торды сақтаймын! | Осы торды бас бет етемін!

Біздің байланыс: elarna2012@gmail.com

Үш күнгы келушылер санағыКелген адам саны (IP)Көрілген бет саны (PWs)КомпйутерҚолфон
2019-11-111849557649 %51 %
2019-11-121795452839 %61 %
2019-11-1330865646 %54 %

Өмір жолы – өнеге – Астана Ақшамы



Тіркеліңіздер Кітапхана Қожалар торабы Албомдар Қазақтың 1001 ертегісі

Түрі: Ақжол мақалалары

Жолданған уақыты: 01:45 - 2019/11/07


Өмір жолы – өнеге – Астана Ақшамы

Өмірімен де, тамаша еңбек жолымен де өзгелерге үлгі бола білген, жаны жайсаң жан – біздің Қуаныш Алпысбеков ағамыз. Ол туралы қаншама тебірене айтып, толқып жазсақ та, оның бүкіл болмысын дөп басып бере алмаспыз. Қуаныш аға жайлы ақтарылар сыр мен айтар әңгімеміз таусылмақ емес.Мен Алпысбеков ­Қуаныш ағамен 2009 жылдары Астана қалалық Ардагерлер кеңесінде қоғамдық жұмыс­тармен айналысып жүргенде танысқан едім. Сол жылдары ол елордадағы Ардагерлер кеңесінің төрағасы қызметінде болатын.
2010 жылы Ұлы Отан соғысының 65 жылдығын атап өтер алдында ­Алпысбеков Қуаныш ағамыз Ұлы Жеңіске үлес қосқан астаналық және Ақмола облысынан шыққан майдангерлерді еске алу мақсатында кітап шығарсақ деп, сол кездегі Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетовке барып осы ойын айтады. Әкім бірден құптап, қаражат жағынан көмек беруге келісімін береді.
Міне, осы сәтте Қуаныш ағамыз кітап шығару тапсыр­масын маған жүктеген еді. Алғашқы таныс­тығым сол күннен басталды. Ол кісіге менің қасымда орыс тіліне аударатын тағы бір әріптесім бар екенін айтып, жұмысқа кірісіп те кеттік, ол белгілі журналист-­аудармашы Раиса Агибаева болатын.
Қуаныш ағамыздың кішіпейілдігі мен мәдениеттілігі шынында да өзгелерден ерекше. Әрбір айтқан сөзі жүрегіңде ұялап тұрады. Жаны ерекше таза.
Адам мәдениеті жоғары болған сайын, оның айналасындағы адамдармен қарым-қатынасы да сыпайы болады екен. Әдептілігінің ерекшелігі сол ол өзінің басқа адамды ұнатпайтынын немесе оны өте жақсы сыйлайтынын көпшіліктің алдында білдіртпейтін. Жұмыс бабында қандай келеңсіз жайлар болып қалса да соны елемегендей, өзгелерге сездіртпейтін.
Өз ісіне адал, жауапкершілігі жоғары болғандықтан, ол ұжымға да сыйлы болды. Басшы ретінде ұйымдастырушылық қабілеті жоғары, кез келген мәселені шешу барысында әділ, болаттай берік мінезі мен принципшілдігі әркез ұжымды алға жетелеп отыр­ды. Әрі Қуаныш ағамыз адамның еңбегін ерекше бағалайтын.
Қандай жағдайда, қандай ортада болсын, ол кісінің табиғи болмыс-бітімі, мінез-құлқы адамдармен ара қатынасы бізге ерекше үлгі болды.
Қашанда елмен, жұртпен бірге жүріп үйренген жан кез келген ортаны баурап алады екен-ау! Соның өзінде сөзге келеңсіз килікпей, ерекше сырбаздығымен, мәдениеттілігімен, орынды әңгімесімен, айтар ойының нақтылығымен бізді өзіне баурап алатын.
Алпысбеков Қуаныш ағамыз еңбек жолында көптеген жауапты әрі лауазымды қызметтерде болған. Қоғам және мемлекет қайраткері. Қайда еңбек етсе де, барлық қызметтік міндеттерін мүлтіксіз, абыройлы атқарған парасатты жан. Жоғары ла­уазымды басшылықты сеніммен қалай атқарса, қарапайым жандардың да үміттерін ақтауға тырысқан. Алғысты көп алған ардақты азамат.
Еңбек жолына қысқаша тоқтала кетсек. Теміржол институтын бітірісімен, 24 жасында сол кездегі Целиноград, қазіргі Ақмола облысының Есіл стансасына жолдама алады. Төменнен басталған қызметі, біліктілігіне орай бірден жоғары қыз­метке көтеріледі. Ерейментау теміржол стансасының бастығы болады. Ақмола облыстық комсомол комитетінің бірінші хатшылығына ұсынылады.
Ал 1978 жылы КОКП Орталық Комитеті жанындағы Қоғамдық ғылымдар академиясына оқуға жіберіледі де, Целиноградтағы (қазіргі Нұр-Сұлтан қаласындағы) Совет аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы, қалалық атқару комитетінің төрағасы, Ақмола облысы әкімінің орынбасары қыз­меттерін атқарды. Шынын айту керек, ол кезде бірінші басшылыққа қазақ азаматтары алынбайтын да, сайланбайтын да. Осы қызметтерге Алпысбеков Қуаныш ағамыздың ұйымдастырушылық қасиетін бағалай білген, сол кездегі Целиноград (Ақмола) облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Николай Эфимович Кручинаның ұсынысы болатын. Ағамыз­дың осы қасиетін сол кездегі республика басшысы да білген екен.
Өзінің бір жазған естелігінде Дінмұхамед Қонаев орнынан алынар алдында онымен кездескені, ол сол кездесуде оған Қостанай облыстық партия комитетінің хатшысына ұсыныс жасап, бұйрыққа қол қойғаны жайын­да жазады. Мен сол кездесуде Димекеңнің ақжол тілегін естіген соңғы кадрларының бірі болдым деп мақтанышпен еске алады. Шынында да, ­Дінмұхамед Қонаев басына қиындық түсіп тұрған кездің өзінде Қуаныш ағамызға жаңа қызметке сәт-сапар тілеп, батасын берген еді.
Иә, қарапайым ауыл баласы Алпысбеков Қуаныш ағамыз – Қазақстанның ірі астықты аймақтарының бірі Қостанай облысының екінші хатшылығына тағайындалады. Ол облыстың өнеркәсіп құрылыс және байланыс саласын басқарады. Оған қоса ауыл шаруашылығын өркендетумен бірге егін шаруашылығының қыр-сырын меңгеріп, облыс диханшыларының Қазақстанның қамбасына миллиард пұт астық тапсыру жоспарын артығымен орындауға және Қостанай облысының еңбеккерлерін үлкен жетістікке алып келуіне сол кезде оның да ұйым­дастырушылық қабілеті мұрындық болған еді.
1994 жыл Алпысбеков Қуаныш ағамыз үшін есте қаларлық жыл болды. Ерейментау, Вишнев және Сілеті аудандары бойынша Қазақстан Республикасы Парламентіне депутаттыққа кандидат болып тіркелді. Сайлау кезінде екі аудан бойынша ұтылса да, Ерейментау ауданының сайлау­шыларының толық дауыс беруі арқасында ол бәсекелестерінен озып шығып, республиканың ең жоғары заң шығарушы және өкілетті органы Парламенттің мүшесі болды.
Халқының мүддесін өз мүддесінен артық қоятын, адалдық, бауырмалдық, адамгершілік сынды асыл қасиеттерді бойына жинай білген ол, халық қалау­лыларымен бірге талай істі атқарды. Депутаттармен бірге қызмет атқару ­Алпысбеков Қуаныш ағамызға үлкен міндет жүктеді. Сол үрдістен шығуға тырыс­ты әрі нәтижесі болды да.
Оның бастамасы бойынша туған ауылында тоғыз жылдық оқу орны бар заманауи сәулетті мектеп салынды. Бұған дейін ауылда төрт жылдық қана мектеп болған. Бұл жайлы өзінің естелігін Қуаныш ағамыз: – Сол кездегі облыстың әкімі Сергей Кулагин екеу­міз мектеп ашылғанда, салтанатты лентаны қиып тұрғанымызда, мектеп оқушылары мен ауылдастарымның жүзінен қуанышты көргенім мен үшін үлкен бақыт болған еді, – дейді.
Дегенмен, Қуаныш ағамыз осы қуанышқа жету үшін екі жыл бойы талай кабинеттің есігін тоздырып, талай басшылардың алдына барған еді. Туған жеріңе көмек көрсету, әрине, ол – әркімнің парызы. Соның бірі ауылға су тарту болатын, ол шаруаны да кезінде Қуаныш ағамыз араласып шешіп берген.
Ерейментаулықтардың да сауалын орындап, Бөгенбай батыр атындағы мектептің оқу корпусының құрылысына қажетті қаржының бөлінуіне ықпал еткен.
Оған қоса Ақмола облысының көптеген ауылды мекендеріне ауызсудың жеткізілуіне де атсалысқан. Ол ол ма, республиканың бюджетінен еліміздің автокөлік жолдарын жаңадан салуға және күрделі жөндеуден өткізуге қаржы бөлгізуге, инвестиция тарту жолында көп жұмыс атқарған.
Алпысбеков Қуаныш ағамыз отбасына яғни тәрбиелі ұрпақ тәрбиелеу мәселесіне де ерекше көңіл бөлген. Болашақ ұрпағымызға тек тәрбие мен білім берумен шектеліп қана қоймайды, өмірде адал болып, балаларды еңбекқорлыққа да үйретуіміз керек, – дейді ол.
Соның бір дәлелі – «Немерем Елнұрға 7 хат» деп жазған кітабы. Ол жеті бөлімнен тұрады. Немересіне арналған кітап та ол өзінің өткен өмірі мен еңбек жолы арқылы, Ернұрға бастан өткергенін айта отырып, өзінің ұрпағын еңбекке баули отырып, олардың өмірге деген көзқарастарын қалыптастыру мақсатын қоя­ды.
Бір сәт кітап жолына үңілсек: – Елімнің, тіпті қоғам өміріндегі бір дәуірге жүк болатындай тарихи оқиғаларды бастан кешіре отырып, әртүрлі қызметтерде жүріп, талай орындарға қоныс аударғанымызға қарамастан жан жарым ­Тыныштық екеуміз түрлі қиындықтар мен қызықтарды, сәттілік пен сәтсіздіктерді бастан кешірсек те, екеуміз бақытты өмір кештік.
Өмір жолымызда өзімізбен араласқан адамдармен достық қарым-қатынаста болдық. Халқымыздың заңғар тұлғалармен, елге сыйлы адамдармен жүздескенімізге осы күні өте ризамыз. Құдайға шүкір, балаларымыздың қиындықтарын көрген емеспіз, – дейді.
Қазақ «Отан – отбасынан басталады» деп тегін айт­паған ғой. Отбасы – адамзат қоғамының ең шағын Отаны. Бізде отбасы екі түрлі қызмет атқарады, оның бірі – дүниеге ұрпақ әкелу, екіншісі – дүниеге келген сәбиді жетілдіріп, оны тұлға ретінде қалыптастыру, – дейді өз әңгімесінде Алпысбеков ­Қуаныш ағамыз.
Шынында да, дүниеге келген сәби жаңа өркен жайған жас ағаш тәрізді емес пе? Жерге отырғыз­ған жас көшет те қашан тамыры тереңдеп, жапырағы жайқалып, саялы ағаш болып өскенше мәпелеп күтуді, оған үзбей қарауды керек етеді.
Осы мәселемен негізінен Алпысбеков Қуаныш ағамыз­дың жан жары ­Тыныштық тәтеміз араласқан екен. Олар – бір ұл, бір қыз тәрбиелеп, бес немере сүйіп отырған бақытты отбасы. Иә, отбасы ошағы әрдайым Тыныштықтың қолында болды. Жалпы барлық үйдегі шаруаны дөңгелету де оның мойнында еді. Тіпті отбасының үлкендерін құрметтеу, жан жары Қуаныш ағаны күтіп-баптау, қала берді балаларына деген аналық қамқорлық көрсету, олардың сабағын қадағалау, өз жұмысымен қатар оның мектептегі ұстаздық қызметі, тіпті келген қонақтарды қарсы алып, күту сияқты барлық жауапты шаруа Тыныштық тәтейдің құзырында болды.
Қазақ ғұрпындағы ата-­ананың алған ерекше биік орны, оның елі мен балалары алдында алған қадір-қасиеті! Ананың ақ сүтін, әкенің адал борышын ақтау – сенің тәрбиелеген балаларыңның міндет, парызы.
Осы қасиеттер арқылы әркім өз отбасын сақтап қалады. Бұл жерде «Немерем Елнұрға 7 хат» деп жазған кітабынан үзінді келтіре кетсек: – Біздің балаларымыз – Жанар мен Талғат өнегелі болып өсті. Оларды біз Тыныштық екеуміз мақтан тұтамыз. Солардың арқасында кү­йеу баламыз Рашидті және аяулы келініміз Баянды құшағымызға алып, мәпелеп отырмыз.
Олардың мықты отбасы, өзара сыйластық пен келісімде өмір сүріп жатқандарына тәубә деп, қуанамыз. Алланың бергені болар, біздің отбасында балаларымызға қатысты қиыншылықтар болған жоқ, – деп жазыпты Қуаныш ағамыз.
Алтын асықтай балалары Талғат пен Жанардан: Фатима, Маржан, Мағжан, Ажар, ГауҺар және Елнұр деген немере көріп отыр. Ұлдары Талғат бүгінде жеке кәсіппен айналысады. Ал қыздары Жанардың мамандығы – дәрігер.
Иә, бала үшін де әкенің орны бөлек. Сондықтан да Қуаныш ағамыз бен Тыныштық тәтеміз өз балаларына ерекше қымбат. Балалары Талғат пен Жанар әке-шешелерін ерекше ардақтайды. Әкесі – отбасының ең басты мүшесі, отағасы әрі ақылшысы болса, отбасының ошағы олардың аналары – Тыныштықтың қолында, осыны балалары мен немерелері ерекше бағалауда.
Сөз соңында айтарымыз, бүгінгі мақаланың кейіпкері халқы алдында абырой мен беделге ие болып, саналы ғұмырын ел болашағы үшін сарп еткен Алпысбеков ­Қуаныш ағамыз биыл мерейлі 75 жасқа толып отыр.
Адамның кім екенін танытатын – өмір жолындағы еңбегі.

Ғалия БАЛТАБАЙ,
журналист,
«Құрмет» орденінің иегері

Нақты қайнары: http://www.elarna.net/koru_kk.php?tur=7&id=1068829
Пікірлер

Көрші сілтемелер