Еларна қолфон нұсқасына ену

Жүктеу-Албомым-Албомдар-Желі
Осы торды сақтаймын! | Осы торды бас бет етемін!

Біздің байланыс: elarna2012@gmail.com

Үш күнгы келушылер санағыКелген адам саны (IP)Көрілген бет саны (PWs)КомпйутерҚолфон
2019-10-211409463247 %53 %
2019-10-221435476533 %67 %
2019-10-23000 %100 %

Клара ЖҰМАБАЙҚЫЗЫ: Әбіш әлемін керексінген елге ризамын – Астана Ақшамы



Тіркеліңіздер Кітапхана Қожалар торабы Албомдар Қазақтың 1001 ертегісі

Түрі: Ақжол мақалалары

Жолданған уақыты: 02:00 - 2019/10/10


Клара ЖҰМАБАЙҚЫЗЫ: Әбіш әлемін керексінген елге ризамын – Астана Ақшамы

Биыл Президент Қасым-Жомарт ­Тоқаев Ақтаудағы сапарында облыс әкіміне Әбіш Кекілбайұлы музейін сапалы және уақтылы бітіруді тапсырып, өзінің Твиттеріндегі парақшасында «Мерейтойды біз тұтас ел болып, жоғары деңгейде атап өтеміз» деп жазған болатын. Қазанның 10-12 аралығында Қазақстанның халық жазушысы, мемлекет және қоғам қайраткері Әбіш Кекілбайұлының 80 жылдығына орай Маңғыстауда Әбіш Кекілбайұлы атындағы мәдени орталықта тарихи-өлкетану музейі мен жазушыға арналған ескерткіш ашылады. Біз айтулы оқиғаның алдында қазақ көшін жаңа астанаға бастаушылардың бірі болып келген, осында жиырма жылға жуық қайраткерлік, жазушылық ғұмырын өткізген, бас қаладағы пантеонда мәңгілік тыныс тап­қан ұлы жазушының зайыбы Клара ЖҰМАБАЙҚЫЗЫМЕН сұхбаттасқан едік.

– Жуырда Алматыда жазушыға құрмет көрсетілді, әсеріңіз қандай?
– Алматыда 1963-1973 жылдары тұрған үйімізге ескерткіш-тақта қойды, көшеге атын берді, конференциясы жоғары деңгейде өтті. Мұндай ескерткіш-тақта ең әуелі елордадағы Нұрсая-1 кешеніне қойылғанын өздеріңіз білесіздер. Әбдіжәміл ағамыз сөз сөйледі, бұрын олар өте жақсы араласты ғой. Әбіштің қатарындағы көп жігіттер үлкендермен жақсы араласты, үлкендер оларды бауырына тартты. Ғабең, Сәбең, Әбу Сәрсенбаевтармен бірге сұхбат құратын. Осы Әбең үлкен ұлымыздың кіндік атасы еді, үй арасы жақын, анамыз өте бауырмал кісі, Әбеңді келген сайын маңдайынан сүйетін, кеше Әбең соны есіне түсіріп, көзіне жас алды.
– Басқа жұртта, мысалы, орыстарда белгілі адамдардың жесірлері естелік кітап жазып жатады, ондай жоспарыңыз жоқ па?
– Мен дәрігермін, анамыз сөзге өте шебер еді. Әбіш екібастан солардың қонақтарын күтіп жүргенде маған сөз де тимейтін. Әбіш кеткелі, амал жоқ, сөйлеуге тура келіп жүр. Оның үстіне Әбіштің қатары аз қалды, соғыс кезінде туғандар аштық, жалаңаштық, қиындықты көп көрді ғой. Жұмекен, Асқар, Қалихан, Сайын, Төлен, Қажығали бар, жиі бас қосатын, әңгімелері таусылмайтын. Бәрі еске түседі, бірақ кітап жазатын ойым жоқ.
– Әбіш ағаймен 51 жыл ғұмыр кешіпсіздер, есте қалған қызық оқиғаны айтып беріңізші.
– Мектепте бірге оқыдық, мені аудан орталығында фес­тивальде ән салып тұрған кезімде алғаш көрген. Ол комсомол хатшысы болды, мені қарауына алды. Үзіліс­те де елдің бәрі аузына қарайтын, сол кездің өзінде ақын еді. Арық келген, шашы дудыраған қара бала, оған мән берген жоқ едім, тағдыр табыстырды ғой. Ол Алматыда, мен Ақтөбеде, ол кезде жұмысқа жолдамамен барады. Соған байланыс­ты сәуір айында некеге тіркеліп қойғанбыз, оқу бітіргесін мені Балқашқа жіберді, мен Әбішті күттім, ешкім хабарласпайды, поштаға барып телефон шалдым, «оқуды бітірдім, керек болсам алып кет, керек болмасам не ауылға, не Балқашқа кетем» дедім, сөйтсем, оқуды жаңа бітірген, шешесін көшіріп алған, ақшадан қысылып жүрген кезі екен. Өзінің профессоры Қабдоловқа барып: «Ақтөбеге бір билет, қайтарға екі билет алып беріңіз» депті, ол кісі көмектесіп, бізді түн ортасында 17 жігіт қарсы алды. Бәрі бойдақ. Арасында Асқар Сүлейменовтің қарындасы мен өзінің қарындасы, Қайрат Жұмағалиевтің шешесі бар, микроавтобуста келе жатсақ, әлгі жігіттер жоқтау өлең айтады. «Мұнысы несі» деп таңғалдым, сөйтсем, бойдақтар Әбішті өздерінен бөлініп кетті деп қалжыңдап келе жатқандары екен. Мамам ауылдан келген кісі, жастармен еркіндеу кіріп келе жатыр­мыз, бір кезде: «Тоқта! Адыраңдап қайда бара жатырсың?» деп мамам айқай салды. Зәрем ұшты. Тоқтап қалдым. Содан, «қайда келдім» деп ал кеп жыла. Кейін мамамызбен мінезіміз үйлесіп, үйренісіп кеттік.
– Енеңіз қазақ әдебие­тінің классигін өмірге әкеліп қана қоймай, қазақтың талай дарабоздарына шай беріп, бауырына тартқан мейірбан ана болған дейді. Мінезі қандай еді?
– Ауызды кісі еді, көп сөйлемейтін, сөйлесе сені не аспанға шығарып, не жерге тығатын. Келдім, ертесіне «қазан-аяқ сенікі, не істесең де өзің біл» деді. Қонақ көп келетін, кісі келсе, мамам қуанады. Обалы не керек, төрт баланы да өзі бағып-қақты, мен бір күн де жұмыстан қалған емеспін. Қайтыс боларында қолымнан үш рет сипап, «Клара, ризамын» деді. Ол Абайдың шешесі Зере секілді еді, Әбіштің жолдастары келсе бәрі «мама» деп құшағына кіріп, маңдайынан сүйгізетін. Бірде мамамды елден келген абысыны екеуін бірдей киіндіріп, Қыз Жібектің 1000-ыншы қойылымына апардым, оюлы бешпенті, басында кимешегі бар, ол кезде ондай киінетіндер сирек, Әбіштің анасы деп бәрі келіп амандасты. Сонда мамамның қуанғаны ғой: «Жалғызымнан көрген рахатым!» деді. Сол сыйлы ақсақалдардың әрқайсысының төрінде отырды, риза болып кетті. Ері әскерге кеткенде Әбіш үш жасар бала екен, өмірден өтерінде «Әбішімді ренжітпеңдер» деп тапсырып кетті.
– Анасының тілеуіне жазушы ерте көзге түсіпті, студент кезінен-ақ аты ауызға ілігіпті.
– Әбіш үйдің шаруасына жоқ еді, барлық шаруа менде. Бала да, үлкен кісі де. Ол жазуын жазады, қонаққа барады, жолдастарымен кездеседі. Ешуақытта біреумен таласып, айтысып-тартысқан адам емес. Басынан көп қиындық өтті, көреалмаушылық та болды. Ол оқуды бітірмей жатып көзге түсті. 2-курста жастар ұйымының бастығы болды. Сол кезде студенттер Әуезов­ті көргісі келеді. Әбіш соны ұйымдастырып, бір сағат баяндама жасайды, біраз академик, жазушы келген жиында Әуезов: «Мына баладан адам шығады екен» депті. Сол алғашқы естіген мақтауы. Оқуды бітірген бойда «Қазақ әдебиетіне», «Лениншіл жасқа» кірді. Жазушылар Одағына қабылданды, «Алтын шуақ» шықты, «Соғыс пен бейбітшіліктің» екі томын аударды. Сол кезде аяқтан шалушылар болды, бірақ ол ешқашан ешкімге ештеңе айтқан емес. Тек еңбектенумен болды. Шығармалары жазылып жатқанда орысшаға аударылып жатты, орысшадан шетел тілдеріне аударылды.
– Жазушының соңында аяқталмай қалған мың беттік роман қалғаны рас па?
– Осы туралы жақында газеттен оқыдым, бірақ Әбіш ештеңе қалдырмады. 2005 жылы инсульт алды, денсаулығы нашарлады, есте сақтауы мен көзінің көруі де бұрынғыдай емес. Бұл мың беттік роман жазылған жоқ, басын бастады, бірақ оны да қалдырған жоқ.
– Сонда қолыңызда жарияланбаған ештеңе қалмады ма?
– Жоқ. Әбіштің бір мінезі – ешуақытта бірдеңе жазып, бітірейін деп жатырмын деп алдын ала айтпайтын, бітіріп, теруге бергенде бір айтатын. Әбілхайыр хан туралы романды жазғанда Өзбекстан, Шымкент, Қызыл­орда, Ақтөбе, Оралға барды, ханның бейіті Торғай мен Ақтөбенің ортасында жатыр, әуелі ескерткішін қойдырып, сосын барып жазуға кірісті.
– Балаларыңыздың ішінде шығармашылыққа жақыны қайсысы?
– Әбіш анасына тартқан, анасы сөйлегенде төгіліп тұратын. Әбішке тартқаны үлкен бала еді, ақылды, әкесінің барлық шаруасын жасайтын, ерте кетті. Абылым ақылды. Кіші баланың баласы атасы туралы шығарма жазып, Санкт-Петерборда 1-орын алды, биыл актерлік оқуға түсті.
– Ел үшін Әбіш ағамыз әлем классиктерімен қатар тұра алатын, бір сөйлемімен қара сөздің құдіретін танытар жазушы, сөйлеп кетсе тарих қойнауларынан сыр ақтарар шешен, мемлекеттің адал жүріп, ақ сөйлеген жауапты қыз­меткері, ал үйде қандай еді?
– Кейде шаршап, біреуге ызаланып келеді, ондайда үндемей жайлап шайын беру керек. Әйел оттың басындағы берекені келтіріп отырса, ер-азаматтың орны да жоғары болады. Киімін өзім сатып әкелем, шақ болса қалады, шақ болмаса ауыстырып әкелем, өзі киінбейді, көйлегінің түймесін салып, галстугын байлап, бәтеңкесінің бауын байлап жіберем. Ыдыс жуып жатсам «Әй, Клара, қайдасың?» деп күтіп тұрады. Бала сияқты, ақкөңіл адам үйдің домофонының кодын білмейтін. Бірде жиналыстан шығып, үйге келіп кіре алмай тұр дейді. Артынан Қуаныш Сұлтанов келіп: «Әбеке, неғып тұрсыз?» десе, «өй, әлгі біздің Клара код дей ме, бірдеңені шығарып, үйге кіре алмай тұрмын» депті. Сонда сол кодты мен ойлап тапқандай көреді. Денсаулығына алаңдаймын, қанты бар, диетаға отырады. Соған «енді үйленсем дәрігерге үйленбеймін» дейтін. Дәрігерлер шақырса, барғысы келмейтін. Демалысты білмеді ғой, жұмыстан шығып, кітапханаға баратын, сағат 10-дарда келіп, шайын ішіп, таңғы 3-4 ке дейін оқитын. Артық дүние жинамаған адам. Алматыға барсақ, бір жәшік кітап алатын. Оқып барып жинап қоятын.
– Дүние жимаған деп отырсыз, көлік те айдамады ма?
– Инструктор болып жүргенде азғантай уақыт «Волга» айдағаны бар, ол кезде Фурманов-Пастерде тұрдық, бір жолмен жүріп үйге келеді. Бірде Фариза көлікке отырыпты, келгесін ойбай салды, «енді машина айдама, рульге отырма» деп. Әбіш ойланып кетеді, көшеде келе жатқанда ауаны сызып келе жатады. Сөйтіп жүріп, екі трамвайдың ортасына түсіп қалғаны бар.
– Абыл атасының кітаптарына бас-көз болып отыр екен…
– Иә, архиві бар. Кітап­ханада Әбіштің кабинеті ашылғанда үйден бір кітап бермедік. «Атамның оқығаны, жазған-сызғаны бар, бермеймін, шашылып кетеді» деп, қазір атасынан қалған қолжазбалардың иесі – Абыл.
Президенттің өзі сізбен кездесіпті, соған тоқталсаңыз…
– Тамызда Президент Қ.Тоқаев Ақтауға іссапармен келіп, дөңгелек үстел ұйымдастырды. «Музей мен ескерткішті уақытында бітіру керек, биылғы жыл Әбіш жылы, тек Ақтауда емес, Қазақстанда аталып өтіледі, өзім бақылаймын» деді, сол сөзіне риза болдым.
– Ағамызға қатысты «әттеген-ай» дейтін өкінішіңіз бар ма?
– Өкініш жоқ. Әбіштер Тәуелсіздік жылдарында көп еңбек сіңірді, күндіз-түні жұмыстан бас алмады. Тілдің жайына қатты алаңдағанын білем, «кеше қаңғырып келгенде төрден орын беріп, есікте өзіміз отырып, жарты нанды бөліп жегенде енді еңіреп сіздерден тіл сұраймыз ба?» деп ашынып сөйлегені бар мінберден, сөйтіп қазақ тілінің қолданыс аясы 30 пайыздан 70 пайызға көтерілген еді. Әбіш құрмет көрді, атақтар алды, еңбегі еленді, қаншама жақсы сөздер естіді. Тек денсаулығы болмады, оның үстіне азамат болған баласының қайғысы ішіне түсіп кетті.
– Ол кісі балажан ба еді?
– Әбіштің мінезі жұмсақ, балаларға ұрсып көрген емес, маған да бір ауыз қатты сөз айтып көрген емес. Әбіш балаларының ешқайсысын сүйрелеген емес, тіпті қай сыныпта оқитынын да білмейтін. Балаларының бәрін жақсы көрді, кіші қызы Сәулетті ерекше көретін. Абылды өте жақсы көрді.
– Достарынан ше?
– Алматыда Жұмекенді жақсы көретін. Сайынды, Қайрат Жұмағалиевті… Астанаға келгенде Мырзатай, Өмірбек Бәйгелді, Равиль Шырдабаев, Төлен, Қажығали, Оралбаймен жақын араласты. Баласы қайтыс болғанда Кенжеғали Сағадиев Әбіштің қасынан табылып, көңілін аулайтын.
Бірде бір жиында жазушының Маңғыстау­дың таулары, үстірті, шағылы, әулиелері туралы әңгімесін тыңдаудың сәті түскен, бұл күнде Маңғыстау да, Әбіш ағамыз да қазақ елінің жау­һарына айналып отыр.
– Әбіштің Маңғыстауға деген ықыласы бөлек еді. 3-4 сыныпта геологтарға аудармашы болып, екі жыл еріп жүрген. Маңғыстаудың әр тасын көрген сайын тұра қалып қарайтын. Бертінде қаншама жазушылар мен ел азаматтарын Шопан ата, Шақпақ ата, Бекет ата, Қараман ата, өзінің атасы Сисем атаның басына апарып, әулиелердің бәрін көрсеткен, тоқтаған жерге киіз үй тіктіріп, қонақасы беріп, таң-тамаша қалдырған. Тамшылы дейтін жерде екі сағат сөйлеп, жердің тарихын айтқан, сол кезде Зейнолла Қабдолов қасындағы Сұлтановқа: «Апырмай, Қуаныш, мен мына баланы оқыттым деу­ге ұялып тұрмын» деген екен.
– Әңгімеңізге рахмет, Клара апай!

 

Жадыра ШАМҰРАТОВА

Нақты қайнары: http://www.elarna.net/koru_kk.php?tur=7&id=1057945
Пікірлер

Көрші сілтемелер