Еларна қолфон нұсқасына ену

Жүктеу-Албомым-Албомдар-Желі
Осы торды сақтаймын! | Осы торды бас бет етемін!

Біздің байланыс: elarna2012@gmail.com

Үш күнгы келушылер санағыКелген адам саны (IP)Көрілген бет саны (PWs)КомпйутерҚолфон
2019-10-211409463247 %53 %
2019-10-221435476533 %67 %
2019-10-237823143 %57 %

Өткеннен сыр күмбірлеткен – Астана Ақшамы



Тіркеліңіздер Кітапхана Қожалар торабы Албомдар Қазақтың 1001 ертегісі

Түрі: Ақжол мақалалары

Жолданған уақыты: 01:00 - 2019/10/10


Өткеннен сыр күмбірлеткен – Астана Ақшамы

Кеудесі сылдырлаған сырлы ағамен Астана қаласы ардагерлер кеңесінің кеңсесі жайғасқан мекенде таныстық. Жасы келсе де «сырлы аяқтың сыры кетсе де сыны кетпеген» ел ағасының жүріс-тұрысы ширақ, сөзі нақ, ойы айқын. Әу баста, «үлкен адам ойы шырмалып мардымды не айтар екен дерсің» деп ардагерлер кеңесінің қызметкері Амангелді Әшіровке «жүздессек болды, бір бес-он минут тілдесіп қалайын…» деген ойымның, «ә…» дегеннен быт-шыты шықты. Оның үстіне бүгінгі газет-журналдарды оқитын, аға ұрпақтың өткен жолы мен тындырған ісіне марқайып назар аударар оқырмандарымыз, әсіресе, жастарымыз аз ғой деп көңілсіз келген едім.Қара қол сөмкесінен төрт-бес кітапты бірінен соң бірін алдыма жайып салды. Менің аты-жөнім Еркін Дәуешұлы деп бір қойды да, іле әңгіме желісін жаңағы кітаптарға ауыстыра жөнелді. Авторы, шығарушы-демеушісі де – өзі. Олай-бұлай бұлтаруға, жанама сұрақтар қоюға менде де мұрша болмай жаңағы кітаптарды парақтай жөнелдім. Жүйелілік пен бірізділік байқалатын, айтар тұшымды ойлары аңғарылып қалған, кейбірі, тіпті, он жеті жыл зерттеумен жарық көрген дүниелердің тарихы әуперімде мені таңғалдырып та, қызықтырып та жетелеп әкетті. Олар жайына кейінірек тоқталып, өмір өзенінен еріксіз ағып емес, асау толқындарды бұғақтап өз ырқына көндірген кейіпкердің өзіне бұрылайық.
2019 жылдың 8 қазанында 80 жастың сеңгіріне шыққалы отыр­ған Еркін Дәуешұлы – Ақмола облысының табиғаты көркем, стратегиялық даму мүмкіншілігі мол Ақкөл ауданындағы Амангелді ауылының тумасы. Қарапайым отбасынан тәрбие алған, кейін мұғалім, мектеп директоры, Сілеті аудандық партия комитетінің үгіт және насихат, Ақкөл аудандық оқу бөлімдерінің меңгерушісі болды. Уақытпен бірге мосқайып бүгінде зейнеткерлікке жеткен оны қоғаммен біте қайнасып, одан қол үзбеген нағыз ұлттық қанықтағы патриот деп таниды. Еңбек жолын алғаш осы ауданда бастаған оның араласуымен қазақ мектептері мен балабақшалар біртіндеп ашылып, бүгінде мектеп саны 7 таза қазақ, 14 араласқа жетті.
Зейнетке шыққанға дейін осы өңірде жоғарыда айтып өткендей, жауапты қызметтер атқарған оның айтары аз емесіне тізілген кітаптары айғақ. Тіпті, өзі де қаламды жанына қалай серік етіп алғанын байқамай да қалған іспетті.
2002 жылдан бері Астана қаласының тұрғыны. Басшы-ағартушы-ұстаздық қызметтегі еңбек өтілі елу жеті жыл Е.Дәуешұлы әлі де белсенді қызмет етуде. Астана қаласындағы «Шарапат» әлеуметтік қызмет көрсету орталығында штатқа кіргізілген тұңғыш психолог болып, 2016 жылға дейін күйзеліске түскен жандардың жанына жалау бола білді. Одан соң да қарап отыра алмай, «Кеудесі жақсылардың алтын сандық» дегеніндей, ардагер идеолог қолына қалам алып, ұлттық идеология жайлы, тарих қойнауындағы «мені кім жарыққа алып шығар екен» деп сарғайып күтіп жатқан осы өңірдің небір тұлғаларының ерлікке пара-пар қызметі жайлы қалам тартып, бірқатар баспасөз ұжымдарымен тығыз байланыс орнатты. Олардың қатарында республика деңгейіндегі «Астана ақшамы», Ақмола облыстық «Арқа ажары», аудандық «Ақкөл өмірі», «Ардагер айнасы», ел газеті «Егемен Қазақстан» редакциялары бар. Айтуынша, «ЕҚ» газетінде «Әліппе неден айып­ты болды?» тақырыппен көлемді мақала жарияланып, көп кешік­пей сол кездегі білім ми­нистрі­нің «әліппені оқытамыз» деген хабарын естіп, соған менің де бір кішкене болса да септігім тиген болар деп қуанғаны бар. «Астана ақшамы» газетінің құрметті тілшісі. Өзімізге таныс Қазақстан Журналистер одағының куәлігін де құжаттары арасынан көзіміз шалып қалды.
Тарихтың төрінен лайықты орнын ала алмай жүрген – солтүстіктің бірнеше облысын Ресейдің құрамына өткізбеуге жанын салған аңыз тұлға Жұмабек Тәшенев, жерлестері генерал Сағадат Нұрмағамбетов, қазақ әдебиетінің, жалпы көркемсөздің майталманы, жақ пен тілге сүйенген шешені, мәдениет пен өнер профессоры Тұрсынбек Кәкішев жайлы топтама жинақ, ал он жеті жылдан бері тынбай ізденіп, жан-жақпен хабарласа жүріп тағы бір жерлес жазушы-шежіреші Жайық Бектұров жайлы 2013 жылы «Жаны жайсаң, Жайық аға» атты кітап шығарды.
Мәшһүр Жүсіп жолын қуған шежіреші-зерттеуші, сталиндік қуғын-сүргіннің зардабын тартқан Жайық Бектұровтың өмір жолы сипатталған бұл кітапты мектеп бағдарламасына енгізу жөнінде ұсыныс білім министрлігіне сұранып-ақ тұр. Осы кітапты басшылыққа ала отырып, өз өңірінің ер есімін жас ұрпақ санасында қалдыру мақсатында оның туған айы – қазан айын әр жыл сайын «Жайық Бектұров айы» деп жа­рия­лаған ақкөлдіктер ендігі уақытта осы үрдісті дәстүрге айналдырса игі.
Қазақ жерінің қай пұшпағында болмасын репрессияға ұшырамаған азаматы кемде кем. Солардың бірі өзінің туған ауылы Амангелдіні 1938-1945 жылдары басқара жүріп, жаланың құрбаны болған Бәуке Құлмағамбетовті де кейіннен ақтап алуға көп күш салып, куәлік қағазын қызы Қапанға тапсырып әулет алғысына бөленді. Және де осы іздестіру жолындағы еңбегін тайға таңба басқандай етіп, «Ауылымды сағындым» /2009 ж./, «Бір ғасыр» /2011 ж./ атты деректі кітап етіп шығарып, оны да тегін таратып береді.
Ол оқу-ағарту саласында, мемлекеттік тіл саясатының дамуына, жас ұрпақтың патриоттық тәрбие алуына ісімен де, сөзімен де тікелей араласуымен қоса, республикалық және жергілікті баспасөз беттерінде әлеуметтік мәселелерге қатысты проблемалық мақалалар жариялап тұрады. Бұл тұрғысында Еркін Дәуешұлы былай деп ойын жалғады.
– Газеттер арқылы туған елім Амангелді ауылының мәселесін көтеріп отырамын. Өткен жылдың аяғында «Арқа ажары» газетінде «Келешегің не болады, Амангелді?» деген көлемді мақала шықты. Шындық басшыларға ұнамайды, сонда да соның бәрі халық үшін керек деп табандылық танытамын. Келешек ұрпақ тату-тәтті, бай-бақуатты болсын. Сол жолда еңбегімді аямаймын. Қанша өмір сүремін, сонша орын алған келеңсіздікпен күресуге дайынмын. Қазір Сағадат Нұрмағамбетовтің ауылы даңқты жерлесіміздің атына сай болуы үшін тұрғындарымен бірлесе біраз шаруа атқарып жатырмыз. Өзімді ширақ реалист сезінетін маған қандай іс болсын алға тартып, ілгері қадам жасауға құлшындыратын менің отбасым – 56 жыл қол ұстасып келе жатқан жан жарым Хамила мен балаларым. Өмірге деген құлшынысым да, осы жасымда титтей де болса қоғамға пайда тигізсем деген ние­тім де – ынтымақты отбасымның арқасы.
Отбасы жайлы сөз бол­ғанда ол алдымен қосағын ерекше ілтипатпен тілге тиек етеді. «Зайыбым Хамила Құлбекқызы екеуміз 1963 жылы отбасын құрдық. Қарағанды педагогикалық институтының түлегі, екеуміз де білім саласының үздігіміз. Еңбек өтілімізді қосқанда барлығы – 114 жыл.
Алты бала тәрбиелеп өсірдік. Бәрі де жоғары білімді. Бір баламыз – кәсіпкер, төртеуі – жоғары лауазымды қызметте, тағы бірі – ЖОО-да ұстаз. Бәрінің де жоғары ғылыми-атақ шені бар.
Немере – он, шөбере – біреу. Біреуі Нью-Йоркте бас консулдың орынбасары, екіншісі – Малайзияда қызметте, үшіншісі – Мәскеуде халықаралық қатынастар институтында, қалғандары да өз қалауымен білім алып жатыр» дейді Еркін Дәуешұлы.
Елбасының арнайы Жарлығы­мен белгіленген биылғы маусым айында алтыншы рет өткізілген отбасылық құндылықтарды насихаттайтын Астана қалалық
«Мерейлі отбасы» байқауындағы 70 отбасының ішінен жүлделі екінші орынды Дәуешұлының отбасы жеңіп алды. Немересі Ибраһим, шөбересі Алара ерекше көзге түсті. Манағы үстелдің шетінде жеке қойылған қоңыр қызғылт барқытпен тысталған фотоальбомның ішіне жасырған сыры осы екен.
Салауатты өмір салты – оның ежелгі досы. Жас ұлғайған адамда, әрине, ыңқыл-сыңқыл болады, тіпті, өмірге қауіптісі де қатар жүреді. Бәрі көбіне адамның өзін-өзі күтуіне, «сақтансаң сақталарсың» дегенді естен шығармауына байланысты. Таңғы алты жарымнан тұрып қарапайым жаттығулар жасап, салқын сулы ормалмен денені ысқылап, іле-шала скандинавалық қос таяқпен орталық демалыс саябағының ішіндегі жаяу жолмен оң мың қадам бір шақырым өлшемімен 6,5 километр жүріп өтуі әдетке айналған. Одан соң бес күн ата-әжесінде болатын немересін гимназияға шығарып салып, таңғы шәйға отырады. Енді бірде «Жастар» сарайындағы бассейнде малтып жүргені. «Тәні саудың – жаны сау». Жылына екі рет зайыбы Хамиламен емдеу-­сауықтыру шипажайына барады. Ал бос уақытының бәрінде кестеленген ойларын ақ қағаз бетіне түсіруден жаңылмайды.
Ұлағатты педагог Еркін Дәуешұлының 2011 жылы жарыққа шыққан «Бір ғасыр» атты кітабы назар аударарлық дүние екен. Отбасылық асыл мұра десе де болады. Бұл кітапта автор өз әкесі Дәулетбектен /Дәуеш/ басталған отбасылық өмір арқылы толық бір қоғамның – бір ғасырдағы басынан өткен саяси, экономикалық, әлеу­меттік жағдайын көрсетуді мақсат етіпті. Әулеттің басы 1909 жылғы әкесі Дәулетбек пен 2009 жылғы немересі Ибраһимнің арасы жүз жыл. Осылайша, пәлсапалық тұрғыда ой тарамдаған автор ғасыр арасындағы қол жеткен жетістіктерімен қоса, өкінішті жайттарға да тоқталады. Қазақ елінің қарышты қадаммен алға жылжуымен қатар салт-дәстүрді сақтауы, өнер, білім жолындағы табысы, әттеген-ай дегізетін олқылықты да қадап-қадап көрсетіп, «немерем мен айтайын, сен тыңда» дейді. «Өткеніңді білмесең, болашақтан үміт күтпе» деп, қазақ елінің жүрегі Астана қаласында 2009 жылы дүниеге келген немересі Ибраһимге қарата ұлағатты аталық әңгіме қозғайды. «Жеті атасын білмеген жетім» деген. Бұл тұрғыда Ибраһим немересі қазыналы атасының қазынасына ие болды.
Иә, сексеннің сеңгіріне кім шықпайды. Әңгіме, кім қалай сол жасын көтеруінде. Бұл тұрғыда ардагер Еркін Дәуешұлының жолы дара. Әр күнді бос өткізбейтін ардагер еңбекқорлығын әулеті мақтанышпен өнеге тұтса, елі оны көптің мұңын мұңдап, жоғын жоқтайтын арқалы азамат деп құрмет тұтады.

Майра ШӨКЕН,
Қазақстанның құрметті журналисі

Нақты қайнары: http://www.elarna.net/koru_kk.php?tur=7&id=1057929
Пікірлер

Көрші сілтемелер