Еларна қолфон нұсқасына ену

Жүктеу-Албомым-Албомдар-Желі
Осы торды сақтаймын! | Осы торды бас бет етемін!

Біздің байланыс: elarna2012@gmail.com

Үш күнгы келушылер санағыКелген адам саны (IP)Көрілген бет саны (PWs)КомпйутерҚолфон
2019-07-14457388527 %73 %
2019-07-15525205545 %55 %
2019-07-16372242649 %51 %

Ертөре ОРАЗАЙ: ЗАМАНҒА БЕЙІМДЕЛЕ АЛМАСАҚ, ЖОҒАЛТАРЫМЫЗ КӨП | Қазақ газеттері



Тіркеліңіздер Кітапхана Қожалар торабы Албомдар Қазақтың 1001 ертегісі

Түрі: Қазақ газеттері

Жолданған уақыты: 12:21 - 2019/07/11




Бүгінде білім іздеп, шетел асып жатқан жастардың қарасы қалың. Солардың бірі – АҚШ Мемлекеттік Департаменті қаржыландыратын Эдмунд Маски атындағы грант иегері Ертөре Оразай. Ол Алматы облысы Райымбек ауданы Нарынқол ауылында 1977 жылы дүниеге келген. 1995 жылы Нарынқол орта мектебін үздік бітіріп, Абылай хан атын­дағы Қазақ халықаралық қаты­настар және әлем тілдері универси­тетін тамамдаған. Еңбек жолын әртүрлі шетелдік компанияларда аударма­шылықтан бастаған. 2003 жылы аталған грантты жеңіп алып, Халықаралық қатынастар саласында магистрлік дәрежеге оқуға АҚШ-қа аттанады. 
Ертөремен сұхбаттасып, Құрама Штаттарда білім алу ерекшелігі, халықаралық қатынастар жайлы сұраған едік.

– Неге Эдмунд Маски атындағы грант? Неліктен «Болашақ» бағдар­ламасы емес?
– Әуеліде оқуға «Болашақ» бағдарламасы бойынша тапсырғым келді. Құжаттарымды жинап, дайындалдым. Құжат қабылдайтын кеңсеге келсем, қызметкер бірден: «Кепілдікке қоятын жекеменшіктегі пәтер немесе үйің бар ма?» деп сұрады. Ол Алматыда немесе кез келген ірі қалада болуы керек екен. Әке-ше­шемнің шалғайдағы қарапайым ауылда тұратын үйі жарамады. Бұл жағдай маған ауыр тиді. Сөйтіп, «Болашақтан» үміт үздім. Ол кезде 22 жастағы жас маманмын. Университетті енді тамам­дағанмын, жекеменшігімде баспанам­ жоқ.
Тоқтап қалмай, талпынысымды ары қарай жалғастырып, іздендім. Шетелде білім алуға мүмкіндік беретін басқа да бағдарламалар бар екенін естігенде, қуанып, дереу құжаттарымды тапсырдым. Өзіме Америка Құрама Штаттары қатты ұнағандықтан осы Эдмунд Маски атын­дағы стипендияға ден қойдым. Бұл грантты жеңіп алу оңай болмады. Үміткерлер саны көп. Бүкіл Қазақстаннан 17 студент қана ірік­теліп алынатын. «Ер кезегі үшке дейін» де­мекші, үшінші мәртеде жолым болып, жеңіп алдым.
– Іріктеу кезеңі қалай өтіп еді?
– Жалпы іріктеу бір жылға созылатын үш кезеңнен тұрады. Бірінші кезеңде барлық қажетті құжаттарды жинап, ағылшын тіліне аударып, алға қойған мақсатымыз туралы көлемі екі беттен тұратын шығарма жаздық. Екінші кезеңде ағылшын тілін қаншалықты жетік білетіндігіңді айқындайтын TOEFL тестін тапсырдық. Айта кету керек, мұнда тек сөздік қор және грамматиканы білу емес, есту арқы­лы түсіну қабілетіңіз бен дұрыс жаза білу, сыни пікір айта білу сияқты мүмкіндіктеріңіз де сыналады.
Үшінші кезеңде бес адамнан тұра­тын комиссия мүшелерімен бетпе-бет әңгімелесуден өттік. Онда маманды­ғыңызға, мақсатыңызға қатысты түрлі сұрақтар қояды. Соларға жауап беру арқылы стипендияны жеңіп алуға лайық адам екеніңізді дәлелдеп шығуыңыз керек.
Нәтижесінде Техастың Texas A&M уни­верси­тетінің жанынан ашылған АҚШ-тың қырық бірінші президенті Джордж Буш атын­дағы Мемлекеттік Басқару Мектебіне оқуға жіберілдім. «Атадан мал қалмаса да тал қал­сын» демекші, Америка Президенттері қыз­меттен кеткеннен кейін осылай мектеп ашып, келешек ұрпаққа білім беретін жақсы мұра қалдырады екен. Бұл – өте қуантарлық жайт.
– Америка Құрама Штаттары несімен ұнайды?
– Абылай хан атындағы университеттің 2-курсында оқып жүргенде арнайы іріктеуден өтіп, америкатану курсын оқыдым. ­Фулбрайт бағдарламасы бойынша АҚШ-тың маңдайалды профессорлары дәріс беретін курс мен үшін өте қызық болды. Құрама Штаттардың тарихы, мәдениеті мен әдебиеті, саяси құрылымы туралы пәндерді ерекше қы­зы­ғушылықпен оқыдым. Оған қоса ағыл­шын тілінде еркін сөйлеп, жазуыма едәуір көмектесті.
Оқу барысында профессорлармен достық қарым-қатынаста болдық. Осы күнге дейін байланысымызды үзбей келеміз. Сабақтан тыс кезде, демалыс күндері оларға әсем қаламыз Алматының көрікті жерлерін, саябақтарын аралатып, мәдени ошақтарды зиярат етуге септігімді тигізу, бар білгенімді айтып, түсіндіру арқылы қолымнан келгенше көмегімді көрсете білдім. Ауылдық өмірге қызығатындарын қала сыртындағы қарапайым ауыл тұрғындарының үйіне апарып, қазақтың дастарқанынан дәм татқыздым. Олардың да біздің елге, мәдениетке, табиғатқа деген қызығушылығы бар екенін байқап, сапарларының сәл де болса қызықты өтуіне септігімді тигізуге тырысып жүрдім. Бірде бір топта оқитын Мұрат есімді досым сондай шетелдік профессорды қой сойып, қонақ қылды. Дастарқанға табақ тартылғанда сол қойды өзім қалай сойып, ет жаймалағанымды ағылшын тілінде түсіндіріп бердім. Профессор таң-тамаша қалған еді.
Сондай достық лебіздің арқасында болар, Америка тарихынан дәріс бер­ген тарих ғылымының докторы Доналд Марти ақсақал­мен байланысты үзбей электронды пошта арқылы хат-хабар алмасып тұратынбыз. 2003-2005 жылдар аралығында Техаста­ магистратурада оқып жүр­генде сол кісі Индиана­ штатына ша­­қырып, бір апта бойы қо­нақ қылды, отбасымен та­ныс­тырды. Ол күн­дерді­ ешқашан ұмытпаймын.
– Магис­тратурада­ зерт­теу тақыры­быңыз қандай болды?­
– Сол стипендия­ға­ тапсырған 2003 жылы эссемде тақырыбымды «Қақтығыс­тарды реттеу» деп белгілегенмін. Оқу барысында қақтығыстардың шығу тарихы,­ оларды шешу және қақтығыстардан кейінгі кезең қызығушылығымды оятты. Құпия қоғамдардың жоспарын есепке алмай-ақ қойғанның өзінде үстіміздегі ғасырда қақтығыстар немесе олардың шығу қаупі айтарлықтай арта түсті. Жалпы қауіпсіздік мәселелері, халықаралық ынтымақтастық, білім беру саласындағы жаңартулар, жаңа технологиялар өте қызық.
– Халықаралық қатынастар маман­дығын АҚШ-та оқудың ерекшелігі неде?
– АҚШ екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі әлемдік аренада алпауыт мемлекет ретінде орнығып, жаңа әлемдік тәртіп орнатуда­ белсенді ойыншы бола білді. Әлем екі полюске­ бөлінген болса, соның біреуінің тізгінін ұстаған жетекші мемлекет болып қана қоймай, әртүрлі сценарийлерді жасап, жүзеге асыра білген мемлекет. Мен бұл жерде бейтарап көзқараспен қараймын, тек қана фактілерді келтіргім келеді. Ірі халықаралық ұйымдар сол АҚШ жерінде немесе соның бастамасымен құрылғандығы әлемге аян. Яғни сол саяси технологияларды ойлап тауып, халықаралық қатынастар ғылымындағы теорияларды дүниеге әкелген де сол америкалық ғалымдар. БҰҰ, Дүниежүзілік банк, Халықаралық Валюта Қоры сияқты ірі халықаралық ұйымдардың штаб пәтерлеріне құшағын аша білген ел, әрине, қызықтырады әрі сондай ұйымдарды тереңірек зерттеуге де мүмкіндік береді.
Ерекшеліктерге келер болсақ, маман тап­шылығы деген ұғым мүлдем жоқ. 1995 жылы Алматыда оқып жүргенімде «Халықаралық қатынастар теориясы» пәнінен КОКП тарихынан зейнеткер жасына жеткен кісі сабақ берген. Ал Буштың мектебінде бізге дәріс берген оқытушылардың қатарында бұрынғы Төтенше және өкілетті елшілер (2001-2004 жылдары АҚШ-тың Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Ларри Наппер «Амери­каның қазіргі заманғы дипломатиясы» курсын оқыды), бұрынғы әскери генералдар, Мемлекеттік Департамент қызметкерлері де болды. Осындай мамандар өз тәжірибелерімен бөлісіп, бастан өткен оқиғаларды мысалға келтіре отырып дәріс берсе, оқу процесі әлдеқайда қызықты болады.
– Америкалық университеттегі білім жүйесі қандай?
– Қысқа қайырып айтар болсам, еркін, таңдамалы, шәкірттер­дің сұранысына, қажеттілігіне негізделген. Еркін дегенім, студент­тердің сабақтан қалмай, кешікпей, қаздай тізіліп отыруы міндетті емес. Бастысы­ – олар қамтылған тақырып­тарды толық түсінсе, түсінбе­гендерін профессорларынан қабылдау күндерінде келіп сұраса, ізденсе болғаны. Таңдамалы дегенім, айталық ұзын саны 20 пән оқытылуы керек болса, оның жартысы міндетті, екінші жартысы таңдамалы, яғни 5-6 баламадан әркім өзінің болашақ мамандығына қажеттірек деп санағанын таңдайды. Шәкірттер қажеттіліктеріне негізделген дегенім, шәкіртке болашақ сарапшы маман, ертең бір керемет жаңалық ашатын адам деп қарайды. Сол себептен де олардың профессорлық-оқытушылық құрамнан тағайындалған 1-2 кеңесшісі болады. Ол кеңесшілер – тек қана диссертация жазу кезінде емес, оқу басталған күннен студент оқуын бітіріп, дипломын алғанша барлық мәселелер бойынша көмектесетін адам.
АҚШ – ғылыми-зерттеулерге бөлі­нетін қа­ражат көлемі бойынша алдыңғы қатарда тұрған мемлекет. Оқыту жүйесіндегі ерек­ше­ліктер жетерлік. Мысалы, қазір біздің білім ошақтары да қолданып жүрген «академиялық ұтқырлық» деген ұғым сол батыстан келген.­ Ол бойынша университеттер әлем бойынша­ өздеріне серіктестер іздейді. Сөйтіп, шәкірттерін басқа университеттерде (басқа елдің университеттерінде де) бір семестр ­немесе бір жыл оқуға жібереді. Бұл олардың білім-ғылымға деген қызығушылығын арттыра түсетіні анық.
Тағы бір айта кететін нәрсе, оқып, зерттеп жатқан сала бойынша білім тек қана теориялық тұрғыдан қаралып қоймай, практика жүзінде де сыналады. Ол іс жүзінде болмаса да, симуляция, ойын түрінде де жүзеге асады. Мысалы, менің мамандығым бойынша оқу барысында БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің отырыстарын өткізу, Президентке Сыртқы Істер министрі болып ұсыныстар жазу, журналистермен баспасөз конференцияларын өткізудегі қиындықтарды мүмкіндігінше шынайы келтіре отырып ойындар өткізіп, сол бойынша да бағаланғанбыз. Ойынға профессорлық-оқытушылық құраммен ғана шектеліп қоймай, маман-сарапшыларды қатыстырып, барлығын видеотаспаға жазып, артынан талдау жасау да ерекше әсер береді. Осыдан кейін теория мен практиканың қатар жүргені қаншалықты маңызды екенін түсіндік. Жұмыс берушілер лайықты, білікті мамандар даярланғанын қаласа, еліміздегі университеттер мен барлық білім ошақтарымен бірлесе жұмыс атқарулары керек. Себебі бүгінгі студент­ – ертеңгі маман.
Жалпы білім беру саласы терең өзгерістерді бастан кешіруде. Сандық технологиялар, неше түрлі мессенджерлер, бейнекөріністерді әркім түсіре алуы, оны жедел көптеген адамға тарата білуі сияқты өзіміз бастан кешіріп отырған өзгерістер білім беру стандарттарын жаңартуға мәжбүрлеп жатыр. Уақыт өткен сайын осыдан 10 немесе 20 жыл бұрынғыдай төрт немесе бес жылға созылатын, барлығын бір ғимаратқа жинап алып оқытатын әдіс ескіргендігін көріп келеміз. Ұзақтан оқу, яғни қай қалада тұрсаңыз да білім алу үшін басқа жаққа көшіп барудың қажеті де төмендей түсуде.
Ең алаңдататыны – жаңа дағдыларды қажет ететін жаңа мамандықтардың пайда болуы. Мамандықтар классификаторына көз салсақ, кейбір мамандықтарға деген сұраныс азайып келеді. Мысалы, Алматының өзінде баяғыдағыдай таксопарктер жоқ, қонақүйлердің бәсекелестері көбейді, полиция қызметкерлері жұмысының біраз бөлігі бейнебақылау камераларымен ауыстырылды. Call-орталықтар жұмыс күші арзан елдерге, арзан қалаларға көшірілуде. Айта берсек, мысалдар көп. Осының барлығы жаңа технологиялардың арқасы. Демек, уақыт талабына сай, көшпен бірге ілгерілеуіміз керек. Заман ағымына ілесіп, бейімделе білсек оның пайдасын көреміз, бейімделе алмасақ жоғалтарымыз көп.
Білім саласында құндылығын жоғалтпай­тын бір нәрсе бар. Ол – ғылыми-зерттеулер жүргізу, зертханаларда сынақтар жасау. Зертханаларда сыналған өнім немесе қызмет түрлері ғана өміршең болмақ. Тек ізденіс бар жерде ғана даму болады.
– Бүгінде әлем елдерінің халықаралық қатынастары жөнінде ойыңыз қандай? Алдағы он жылда қандай өзгерістер болуы мүмкін?
– Бүгінгі әлем өте тұрақсыз. Көппо­лярлы әлемде қақтығыстар жиілеуде. Күтпеген жерден түрлі қауіп-қатерлер бой көрсетуде. Сол себепті халықаралық қатынастарда нық сенім­мен бір нәрсені айту өте қиын. Сандық технологиялар, интернеттің баршаға ортақтығы, әлеуметтік жүйелердің әрбір азаматтың өміріне кіруі де халықаралық саясатқа, халықаралық қатынастарға да әсерін тигізіп жатыр. Ақпараттың санаулы секундтарда әлемге тарауы­ бұрынғыдай көп нәрселерді жасыруға мүмкіндік бермейді. Бұл – жақсы жағы. Ал жағымсыз жағы – әлеуметтік желілердің теріс пиғылда, арам ойларын жүзеге асыру үшін қолданылуы да саясатта орын алып отыр.
Меніңше, виртуалды кеңістікте болса­ да араласып өмір сүру қақтығыстарды азайта­ түседі. Uber, Ebay, Alibaba адамдарды кәсіпкерлікке баулуда. Білім саласына келер болсақ, Google, Youtube арқылы білімімізді жетілдіруге болады. Осындай жетістіктердің арқасында халықтар арасындағы қатынас та жақсара түседі деген ойдамын. Қырғиқабақ соғыс немесе екі полярлы әлем кезіндегі басшылар саяси сахнадан кетісімен, жаңа ұрпақ келіп, мәдениетті түрде бәсекелестік, соғыссыз, қантөгіссіз заман орнайды деп сенемін. Келіспеушіліктен туындайтын қақтығыстар тек экономикалық қысым жасау арқылы ғана жасалуы мүмкін. Шынтуайтында бұл да қатты соққы, қырып-жоюсыз-ақ есеп айырысуға болады. Жаңа буын өкілдері заман талаптарына бейімді әрі ізденімпаз болғандықтан, жаңа, жақсы өзгерістерді тезірек жүзеге асыратындығына сенімім мол.
Алдағы он жылда роботизация, сандық технологиялардың дамуына орай мемлекеттер арасындағы қарым-қатынастарда да жағымды өзгерістер болады деп үміттенемін.

– Әр ұлттың өзіне тән ерекшеліктері болады ғой. Мысалы, «қазақ – қонақжай халық» дейміз. Америкалықтардың сізге әсер еткен қасиеті қандай? Олардан не үйренуге болады?
– Америкалықтардың да үйретері көп. ­Армандау, қиындықтарға мойымай, болашаққа сеніммен қарау, табандылық – маған ұнайтын қасиеттері. Қарап тұрсаңыз алуан түрлі ұлт, мәдениет өкілдері сыйысып, жақсы өмір сүретін қоғамда жағымды нәрселер көп. Америкалықтар – меңзегенін нақты айтады және сөзбен айтқанын іске асыра білетін халық. Оларға бейресмилік қасиет тән. Жұмыстағы басшыңыз кофеханада, дәмханада сізбен бірдей кезекте тұрады, өз кезегін күтеді, бірлесіп атқаратын шара болса, барлығымен бірдей араласып, өз қолымен жұмыс істейді. Кешкісін жұмыстан кейін сізбен бірге мейрамханаға барып, еркін әңгімелесіп қайта алады. Қатаң бір қатып қалған «басшылар бөлек, қызметкерлер бөлек» деген ұғым жоқ.
Тағы бір жақсы қасиеттері – олардың әділеттілікке деген көзқарасы. «Уәде – Құдай сөзі» деген қазақтың мақалын осы бізден гөрі америкалықтар мықтырақ ұстанатын сияқты. Мысалы, сіз заңгермен немесе дәрігермен кездесуге сағат 4-ке жазылсаңыз және сол уақытқа бір жоғары лауазымды біреу қоңырау шалып кездескісі келсе, жаңағы заңгер немесе дәрігер сіздің уақытыңызды оп-оңай өз бетінше ауыстыра алмайды немесе «басшылық шақырды» деп кетіп қалмайды. Кім болса да, жазылған уақытындағы кездесуге келеді. Кезек – барлығына бірдей. Заңға деген құрмет ерекше. Заңды бұзған шенеунік те, олигарх та, қарапайым адам да толықтай айыппұлын төлейді, жазасын алады. Еркін ойлауға, ойыңды ашық айтуға, жазуға, сауатты сын айтуға ешкім тыйым сала алмайды. Басқалардың құқын бұзбай, заң ­аясында ойыңмен бөлісуге, оны жүзеге асыруға мүмкіндік бар.
Меніңше, тек осындай құндылықтары бар елде ғана еркін ойлап, ойлаған жобаларыңды жүзеге асыруға болады. Осыдан кейін неге Google, Facebook, Uber, Amazon, т.с.с. компаниялар АҚШ-та дүниеге келді деген сұраққа жауап табуға болатын сияқты.
– Америкада білім алып, жұмыс істеп жүрген қазақ жастары көп. Олармен байланыс­тасыз ба? Америкалықтар қазақстандықтарды қалай қабылдайды?
– Жылдан-жылға түрлі гранттық жобамен, өз қаражатына оқуға немесе жұмыс істеуге, қыдыру үшін АҚШ-қа барып жатқан жастар көбеюде. Өзім 2013 жылдан бастап ағылшын және басқа да сұранысқа ие тілдерді оқытатын, IELTS, TOEFL тестерін тапсыруға дайындық курстарын өткізетін және аударма жасайтын орталық ашқанмын. Осы уақыт аралығында біраз студентім түрлі гранттарды иеленіп, қазір әлемнің әр тарабында білім алып жатыр. Байланысымызды үзбейміз, әрине.
Америкалықтар өте ашық, ақкөңіл халық. Олар басқа ел, басқа мәдениет өкілдеріне қызығушылықпен қарайды. Танысып, сөйлесе бастасаңыз, еліңіз, тіліңіз, жалпы мәдениетіңіз туралы білгісі келіп тұрады. Жасыратыны жоқ, басым бөлігі Қазақстан туралы көп біле бермейді, картадан көрсеткенде ғана жер аумағының үлкендігін көріп таңданады.
– Қазір немен айналысып жүрсіз?
– Қазіргі таңда кең қанат жая бастаған жақсы мамандықтардың бірі – фрилансермін. 1996 жылдан бері ермек еткен аударма жасауға деген қызығушылығым бар. Сол хоббиімнің арқасында ҚР тұңғыш Президенті туралы «Жұлдыздар тоғысқанда» (Так сложились звезды) атты көркем фильмде Елбасының жеке аудармашысының рөлін ойнадым. Бұл да ­өмі­рімде жарқын естеліктердің бірі болып қалды.
Аударма жасау да – өте қызық әрі танымды жұмыс. Білімің жетіледі, ой-өрісің кеңейеді. Көптеген адаммен танысып, достық қарым-қатынас орнатуға мүмкіндік береді. Енді күнделікті өмірге қажетті мобильдік қосымшалар тез арада қазақ тіліне аударылса деген арманым бар.

Сұхбаттасқан 
Әсел САРҚЫТ


Нақты қайнары: http://www.elarna.net/koru_kk.php?tur=6&id=1021831
Пікірлер

Көрші сілтемелер

Ең жаңа мақалалар