Еларна қолфон нұсқасына ену

Жүктеу-Албомым-Албомдар-Желі
Осы торды сақтаймын! | Осы торды бас бет етемін!

Біздің байланыс: elarna2012@gmail.com

Үш күнгы келушылер санағыКелген адам саны (IP)Көрілген бет саны (PWs)КомпйутерҚолфон
2019-10-161489390735 %65 %
2019-10-171587416432 %68 %
2019-10-1832196032 %68 %

Шетке мал сатуды шектеу керек



Тіркеліңіздер Кітапхана Қожалар торабы Албомдар Қазақтың 1001 ертегісі

Түрі: Ұлыт торабы

Жолданған уақыты: 18:20 - 2019/10/10


Малсыз қазақтың күні қараң. Әсіресе қазақтың басым бөлігі тұратын ауылдар үшін тіптен малдың орны тіптен бөлек. Ешкімге қол жаймай өз күнін өзі көріп, тіпті бірқатары мал басын өсіріп, біршама адамға жұмыс беріп отырғанын да білеміз. Десек те кез келген тауарға шығарылып сатылатын нарық керек. Әрине, ет жегіштігіміз жағынан салыстырмалы түрде кей елдерден алда тұрғанымызбен мал шаруашылығы үшін ішкі рынок тым тар. Сондықтан да алыс-жақын шетелге мал өнімдерін шығаруға талпынып, келісір шарттар жасалып та жүр. Әңгіме осы мал өнімдері дегеннен шығады. Біз расында сол шетелге мал өнімдерінен гөрі малдың өзін сату жағына қарай ойысып бара жатыр екенбіз. Дариға Назарбаеваның төрағалығымен өткен бүгінгі Сенат отырысында сенатор Әли Бектаев депутаттық сауалында осы мәселеге қатысты үлкен қайшылықтардың бетін ашып, Үкіметті сынға алды.

Сенатордың айтуынша, Қазақстанда малдың басын шетелге сату бойынша күрделі жағдай қалыптасып отыр. Көрші мемлекеттер, әсіресе Өзбекстан Республикасы мемлекетаралық сауда-саттық қарым-қатынастың оңтайлығын пайдалана отырып Қазақстандықтардан ірі қара мал мен уақ малдарды жаппай сатып алу саясатын жүргізуде. Мысалы, 2018 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстаннан тыс жерге 88 мыңға жуық мал сатылса, тек биылғы тоғыз айдың өзінде 333 мыңнан астам мал шығарылған. Бұл былтырғы жылмен салыстырғанда 3,8 есе көп. Сатылған ірі қараның саны 2 есе, ал уақ малдың саны 7 есеге өскен. Сыртқа сатылған мал басының 80 %-ын Өзбекстан Республикасының азаматтары сатып алған. Олар Қазақстанның шекара аумағында орналасқан Түркістан, Қызылорда облыстарынан ғана емес, Шығыс Қазақстан, Ақмола, Қарағанды, Алматы, Жамбыл облыстарынан да малдың сапалы бөлігін іріктеп алуда. Ең сорақысы шетке сатылған малдардың 50%-ға жуығы репродуктивті аналық бастар, яғни көршілес мемлекеттер Қазақстанның малдарын етке ғана емес, өз малдарының сапасын жақсартуға және мал басын көбейту үшін де сатып алуда.

Бұл, өз кезегінде, әлі де 1991 жылдың деңгейіне жете қоймаған Қазақстандағы мал басының өсуіне кері әсерін тигізеді деген сөз.

Әрине, нарық заманында әрбір фермер, болмаса ауыл тұрғыны өздері өсірген малдарын қайда және қай бағамен сатамын десе де өз еркі. Мемлекет тарапынан ол үшін оңтайлы жағдайлар да жасалынуы тиіс. Ауыл тұрғындарының бай, қуатты болғаны өздеріне де, мемлекетке де маңызды екендігін бәріміз де жақсы түсінеміз. Бірақ, шетелге мал шығарып, сатумен айналысып жүргендердің көпшілігі шаруалар емес, ортада жүрген делдалдар. Шекара аумағындағы базарлардан арзымайтын бағаға мал сатып алып, арғы бетте қымбат бағаға сатып жатқандар да, Қазақстанның түкпір-түкпірінен мал саудалап жүргендер де екі жақтың саудагерлері. Себебі нағыз шаруа, адал еңбек адамы, маңдай терін төгіп жүрген фермер ешқашанда малдың аналық басын шетке сатпайды. Малдың көбеюі үшін аналық бастың қаншалықты керек екендігін шаруа жақсы түсінеді. Нағыз фермер малдың қайсысын сақтау керек, қайсысын етке жіберуге, қай бөлігін сатуға болатынын жақсы біледі.

«Қазақстанда соңғы жылдары аграрлық секторды мемлекеттік қолдаудың арқасында мал шаруашылығының сапалық көрсеткіштері жақсара түсті. Малдың басы көбейді, сапасы мен өнімділігі артты. Бөлінген ауқымды қаржыға шетелден қаншама элиталық мал тұқымдары алынды, селекциялық жұмыстар жақсарды. Қазақстаннан жаппай мал сатып алушы шетел азаматтарының да осының бәрін көріп-біліп отырғандығы айдан анық. Осыны ескере отырып, Қазақстан Республикасы өкіметінің тарапынан мал экспортына қатысты ауқымды және ұтымды шаралар қабылдануы қажет деп есептейміз. Ауыл шаруашылығы министрлігінің шетке шығаратын малдардың аналық бастарын шектеу туралы қабылдаған шешімі жеткіліксіз деп ойлаймыз», - деді сенатор.

Сенат депутатының пікірінше, шекарадағы бекеттерден бөлек малды заңсыз өткізуге болатын өткелдер де аз емес. Сондықтан ветеринарлық қызметтен бөлек, кеден және кіріс, тағы да басқа құқық қорғау органдарының бұл бағыттағы жұмыстарын үйлестіретін Үкіметтің арнайы нормативтік құжаты қабылдануы керек. Бұл жерде нарық талабына сай өзге де механизмдерді пайдаланған тиімді болмақ.

Әсіресе жергілікті жерлерде малдарды сойып, етін қайта өңдейтін өндірісті жаппай дамыту маңызды. Шетелге тірі мал емес, ет және ет өнімдерін сату әлдеқайда тиімді болар еді.

Сенатор Әли Бектаев Үкімет басшысы А.Маминге арналған депутаттық сауалын түйіндей келе «Бұл бағытта мал бордақылау мен ет өндірісін субсидиялау саясатын да нақты қарап, пысықтау қажет», - деген талабын жеткізді. Сонымен бірге Сенат депутаты биылғы жылдың сегіз айында шет мемлекеттерге 4800 тонна қара мал мен қойдың еті сатылса, оның 300 мыңы тірі мал күйінде сатылғанына ерекше назар аудартты. Өйткені оны етке айналдырғанда 26 мың тоннадан асады екен, бұл мөлшерден 5,4 есе көп екен. «Біздің мемлекетте, астық өндірісі сияқты, экспортқа ет өнімдері емес, малдың өзін сату әдетке айналып барады. Бұдан біз жұмыс орындары мен қосымша табыс пен салық көздерін жоғалтатынымыз даусыз», - деді Ә.Бектаев.

Шынында да егер малды жан-жаққа осылай тірідей тарата беретін болсақ күндердің күнінде тігерге тұяқ қалмасына кім кепіл?

Әділбек Қаба

Нақты қайнары: http://www.elarna.net/koru_kk.php?tur=53&id=1058344
Пікірлер

Көрші сілтемелер