Еларна қолфон нұсқасына ену

Жүктеу-Албомым-Албомдар-Желі
Осы торды сақтаймын! | Осы торды бас бет етемін!

Біздің байланыс: elarna2012@gmail.com


«Хұсни зан», яғни, жақсы ойлау



Тіркеліңіздер Кітапхана Қожалар торабы Албомдар Қазақтың 1001 ертегісі

Түрі: Рухани ақпарат

Жолданған уақыты: 08:15 - 2021/01/13

Нақты Көзі: https://islam.kz/kk/articles/islam-jane-qogam/husni-zan-yagni-jaqsy-oilau-3354/


«Хұсни зан», яғни, жақсы ойлау

Хұсни зан жақсы ой ойлау, жақсы нәрселерді үміт ету, жақсыға балау және болымсыз, жаман ойлардан, күмәннан арылу деген мағыналарды білдіреді. Мұсылмандар  өз  араларында  бір-біріне  үнемі  жақсы  ойда жүретін болса, көптеген қателікке ұрынудан аман қалар еді. Аятта былай деп бұйырылады: «Ей,  иман  келтіргендер!  Ойдың  (күмәннің)  көбінен  сақтаныңдар. Өйткені,  ойдың  кейбірі  –  күнә.  Бір-бірлеріңнің  кемшіліктеріңді іздемеңдер.  Ешкім  ешкімді  артынан  шағыстырмасын.  Сендердің қайсы  біреулерің  өлген  бауырының  етін  жеуді  ұнатады  ма?  Одан жиіркенесіңдер  ғой.  Олай  болса,  Аллаһтан  қорқыңдар!  Күмәнсіз, Аллаһ  тәубелерді  қабыл  алушы  әрі  өте  мейірімді»  (Хұжұрат  сүресі, 12-аят). 

Хазірет Пайғамбарымыз былай дейді:(353)  

«(Жаман)  Ойдан  сақтаныңдар.  Өйткені,  ой  (орынсыз  айыптау) сөздердің  ішіндегі  ең  жаманы.  Басқалардың  сөздерін  тыңдамаңдар, кемшіліктерін  іздемеңдер,  бір-бірлеріңе  мақтанып,  өркөкіректік көрсетпеңдер,  бір-біріңді  қызғанбаңдар,  бір-біріңе  кек  сақтамаңдар, бір-біріңнен  жүздеріңді  теріс  бұрып  алмаңдар.  Ей,  Аллаһтың  құлдары! Аллаһтың  сендерге  бұйырғаны  сияқты  бір-біріңе  бауыр  болыңдар...». (Мүслим, Бирр 28-34). 

Пайғамбарымыз  (саллаллаһу  аләйһи  уә  сәлләм)  басқа  бір  хадис шәріпте былай дейді: 

«Сахабаларымнан  ешбіреуі  маған  бірде-бір  адамның  айыбын жеткізуші болмасын. Мен сендердің алдыларыңа сау жүрекпен шыққанды қалаймын» (Әбу Дәуіт, Әдеп 28/4860). 

Адамдар жайында жақсы ойда жүру пендеге ешқандай ауыртпалық әкелмейді. Керісінше, оны көптеген күнәлар мен пайдасыз тірліктерден құтқарады. Бұл туралы Хазірет Али (радиаллаһу анһу): 

«Аллаһтың  құлдары  жайында  жақсы  ойда  бол!  Егер  сондай  болсаң, көптеген ауыртпалықтардан құтыласың» деп өсиет еткен. Мүминдер дүниеден өткен мұсылман бауырлары жайында да жақсы ойда  болып,  олардың  кешірілетіндіктерін  үміт  етулері  керек.  Басқаша ойлаудың ешкімге де берер пайдасы жоқ. Адамдар және орын алған оқиғалар хақында (қажет болған жағдайда негізін  тексеру  шартымен)  әрдайым  жақсы  ойда  болып,  жақсылыққа жорамалдау  керек.  Егер  қандай  да  бір  мәселенің  ақиқаттығы  нақты білінбесе,  мұсылмандардың  бір-бірі  жайында  жақсы  ойда  болуы  –  ең негізгі  мәселе.  Өйткені,  адам  баласы  жаман  ойы  үшін  жауапқа  тар тылады.  Егер,  керісінше  жақсы  ойда  болып,  бірақ  қателескен  болса, ол  үшін  жауапқа  тартылмайды.  Тек  жақсы  ниетте  болғандығы  үшін жаңылысқан болып есептеледі. Алайда, бір адам жайында жаман ойлайтын болсақ, мұның жауабын Аллаһтың алдында беретін боламыз. 

ӨНЕГЕЛІ КӨРІНІСТЕР

Абдуллаһ  бин  Амрдың  (радиаллаһу  анһу)  айтуы  бойынша  Хазірет Пайғамбарымыз тауаф етіп жатып қағабаға былай деп үн қатқан екен: «Сен неткен пәк едің, исің неткен керемет! Сен қандай ұлысың, сенің құрметің  қандай  биік!  Мұхаммедтің  жанын  құдірет  қолымен  ұстаған Ұлы  Аллаһқа  ант  етейін,  мүминнің  Аллаһ  құзырындағы  қадірі  сенің қадіріңнен де артығырақ. Мүминнің малы мен жанының құрметтілігі де дәл сондай. Біз мұсылмандар жайында тек хұсни зан, яғни жақсы нәрсе ғана ойлаймыз» (ибн Мәжә, Фитән 2).

Жоғарыдағы хадис шәріптің мазмұны бойынша мүминдер жайында жақсы  ойда  болу  ислам  дініндегі  маңызы  зор  негіздердің  бірі  болып табылады. 

***

Мұнафықтардың  бүлік  шығаруларының  нәтижесінде  орын  алған ифк оқиғасында ұзақ уақыт бойы рухани азап шеккен Аллаһтың Елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) зайыбы Зейнеп бинти Жахш және бибі Айшаның қызметшісі Бәрирамен (радиаллаһу анһа) сөйлесіп, олардың Айша  анамыз  жайындағы  ойларын  сұрайды. (Бұхари, Шәһадат 16.)

Екеуі  де  ол  жайында жақсы  ойда  екендіктерін  айтады.  Бибі  Айша  (радиаллаһу  анһа)  бұл жайында өзі былай дейді:

«Расулуллаһ (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) оқиғаның анық-қанығын тексеру барысында Зейнеп бинти Жахштан мен жайындағы көзқарасын сұрап: 

– Зейнеп, бұл жайында не білесің, не көрдің? - деп сұрапты. Сонда ол: 

–  Уа,  Аллаһтың  Елшісі!  Құлағымды  естімеген  нәрселерден,  көзімді көрмеген  нәрселерден  үнемі  сақтап  жүремін.  Мен  Айша  жайында жақсылықтан басқа ешнәрсе білеймін, - депті. 

Зейнеп  Расулуллаһтың  (саллаллаһу  аләйһи  уә  сәлләм)  жұбайлары арасында кейбір артықшылығымен үнемі менімен бақталасып жүретін еді. (Қолында мүмкіншілік болып тұрғанда мені қаралап, Аллаһ Расуліне жақындығын бұрынғыдан да арттыра түсуіне болар еді.) Бірақ, Аллаһ Тағала  оны тақуалығы  мен  діндарлығының  арқасында  жалақорлардың қатарынан болудан сақтады» (Бұхари, Шәһадат 15, 30; Мүслим, Тәубе 56). 

Неткен керемет хұсни зан ед! Көптеген адамның пікірі оп-оңай өзгере салуы мүмкін сондай бір мезетте Зейнеп анамыз хұсни заннан ажырамай,  Айша  анамыз  жайында  жақсы  ой  білдірген.  Соның  нәтижесінде, жалақорлар хақында түскен иләһи сөгістен аман қалды. Аллаһ тарапынан Айша анамыздың арының тазалығы баян етілген аяттармен қатар, жалақорлар мен оларға алданып, хұсни занды тәрк еткендер жайында қатаң сөгіс келеді. Сондай-ақ, аятта егер Аллаһтың кешірімі болмағанда, барлықтарының өте ауыр азаппен құрып кететіндіктері баяндалған. Осы қатаң сөгістің бірнеше мәрте қайталануы – «су-и занның», яғни жаман ойда  болудың  қандай  жиіркенішті  екендігін  көрсетеді.  құран  Кәрімде былай делінеді: 

«Бұл  жаланы  естігендеріңде  мүмин  ерлер  мен  мүмин  әйелдердің өздері  жайында  жақсы  ойда  болып,  «бұл  ап-анық  жала»  деп  айту керек емес пе еді?» (Нұр сүресі, 12-аят). 

 «Егер дүниеде және ақыретте Аллаһтың сендерге деген кеңшілігі  мен  рақымы  болмағанда,  белшелеріңнен  батқан  жалаларың  үшін, әлбетте бастарыңа үлкен азап келер еді» (Нұр сүресі, 14-аят). 

***

Сол ифк оқиғасы орын алған күндердің бірінде Хазірет Әбу Айюб әл-Ансаридің зайыбы Үммү Айюб күйеуінен: 

–  Жұрттардың  Айша  жайында  не  айтып  жүргендерін  естідің  бе?  - деді.

Әбу Айюб:

–  Иә,  естідім.  Бірақ,  олардың  айтып  жүргендерінің  барлығы  өтірік пен жала ғана! - деді. 

Зайыбы:

–  Жоқ!  Уаллаһи,  мен  ешуақытта  мұндай  жамандық  істемес  едім!  - деді. 

Сонда Әбу Айюб әл-Ансари (радиаллаһу анһу):

– Сен мұндай болсаң, уаллаһи, Айша сенен мың есе қайырлы! - деді. (Ибн һишам ііі, 347; Уақиди іі, 434).

Міне бұл – сол бір тамаша буын өкілінен бізге жеткен керемет хұсни зан үлгісі. 

***

Ибн Масғуд (радиаллаһу анһу) былай дейді:

«Бауырларыңның  бір  күнә  істегенін  көрсеңдер,  «Раббымыз  оны масқара  қыл!  Аллаһым  оған  лағынет  жаудыр!»  деген  сөздер  айтып, оған қарсы шайтанға жәрдемші болмаңдар. Керісінше, «Раббымыз оны жарылқа! Оны тура жолға сал!» деп айтыңдар. Мұхаммедтің сахабалары ретінде біз ешкім жайында оның қай жолда өлгенін білмегенімізше, ешнәрсе  айтпайтынбыз.  Өмірі  жақсылықпен  аяқталса,  «Жақсылыққа қауышты» деп айтатынбыз. Егер жамандық жолында өлсе, ол жайында бірнәрсе айтудан қорқушы едік» (Әбу Нұғайым, Хилия іV, 205).

***

Әбу  Дужанә  (радиаллаһу  анһу)  науқастанып  жатқанда  зиярат  етіп келген  бір  кісі  оның  жүзінің  нұрланып  жарқырап  тұрғанын  көреді. Одан:

– Жүзіңіз неге мұншалықты жарқырап тұр? - деп сұрады. Ол былай деп жауап қайырды:

– Менің екі амалым бар:

1. Маған қатысы жоқ мәселелерде үндемеймін. 

2. Көңілімде мүминдер жайында жаман ой болмайды. Барлық мүмин жайында жақсы ойда жүремін (Ибн Сағд ііі, 557). 

***

Қорыта айтқанда, адамдар жайында жақсы ойда жүру, оларға жақсы сезімдермен жақын болу – жаратылғандарға Жаратушының назарымен қарау қасиетінің жемісі. Адамдардың жақсылығын тілеу және олардың жақсы  жақтарын  көру  –  Аллаһ  Тағаланың  разылығына,  құлдардың сүйіспеншілігіне бөлейтін керемет бір қасиет. 

"Өркениет шыңындағы жауһарлар" атты кітаптан.
Авторы: О.Н. Топпаш. 
Хикмет баспа үйі. 2010 ж.

Нақты қайнары: http://www.elarna.net/koru_kk.php?tur=52&id=1334462
Пікірлер

Көрші сілтемелер