Еларна қолфон нұсқасына ену

Жүктеу-Албомым-Албомдар-Желі
Осы торды сақтаймын! | Осы торды бас бет етемін!

Біздің байланыс: elarna2012@gmail.com


Падишах пен екі құл (ғибрат-хикая)



Тіркеліңіздер Кітапхана Қожалар торабы Албомдар Қазақтың 1001 ертегісі

Түрі: Рухани ақпарат

Жолданған уақыты: 08:00 - 2021/01/13

Нақты Көзі: https://islam.kz/kk/articles/gibrat-hikaya/padishah-pen-eki-qul-gibrat-hikaya-3355/


Падишах пен екі құл (ғибрат-хикая)

***

Хазірет  Мәулана  адамның  ішкі  жан  дүниесіндегі  «су-и  зан»,  яғни жаман  ой,  көре  алмаушылық,  қызғаныш  секілді  жаман  қасиеттерді бейнелі бір мысалға айналдыра отырып былай дейді: 

Бір  падишах  екі  құл  сатып  алады.  Падишах  олардың  қаншалықты ақылды және рухани дүниелері қай дәрежеде екендігін сынамақ болып, олармен сұхбаттаспақ болады. Падишах алғаш бірінші құлды әңгімеге тартты.  Ол  падишахтың  басқалар  ұзақ  уақыт  ойланып,  жауабын  әрең табатын сұрақтарына өте жылдам жауап беріп отырды. Падишах оның зерек  әрі  бал  тілді  екендігін  көріп  риза  болады.  Сосын  келесі  құлды жанына шақырды. 

Екінші құл падишахтың құзырына келді. Ол құл науқас болғандықтан аузынан  жағымсыз  иіс  шығып  тұрды  және  қараусыздықтан  тістері  де қап-қара  болып  кеткен  екен.  Падишахқа  бұл  құлдың  сыртқы  көрінісі ұнамаса да, ол жайында білмейтін нәрселерін және қандай ерекшеліктері мен сырлары бар екенін білмек болып, онымен сұқбаттаса бастады: 

–  Мына  түріңмен  және  аузыңның  жағымсыз  иісімен  сәл  ұзақтау жерде тұр. Бірақ, көп ұзап та кетпе! Алдымен аузыңның дертіне бір дауа табайық. Сен тартымды адамсың, ал біз ұста дәрігерміз. Сені қор көру немесе саған көңіл бөлмеу бізге жараспайды. Мына жерге отырып, бір-екі хикая айтып бер, ақылыңның деңгейін білейік, - деді. 

Падишах алғаш сөйлескен құлға бұрылып: 

– Қане! Сен моншаға бар да, жақсылап жуынып, тазалан, - деді. Ол  кеткен  соң  сөйлеспекші  болған  екінші  құлды  сынамақ  болып, оған былай деп үн қатты: 

– Сенен бұрын сөйлескен әлгі досың сен жайында жаман нәрселер айтты.  Байқап  тұрмын,  бірақ  сен  оның  айтқанындай  емес  сияқтысың. Ол қызғаншақ, енді болмағанда бізді сенен суытып жіберер еді. Досың сен жайында «ол ұрлықшы, дұрыс адам емес, нашар адамдармен бірге жүріп тұрады, арсыз» деп айтты. Сен ол жайында ен айтасың? - деді. Екінші құл осы сөздерден кейін падишахқа: 

– Жақсы ойлайтын, туралықты айтатын ол бауырымды жаман адам деп айта алмаймын. Керісінше, мен оның сөздерінен бойымда ол айтқан кемшіліктердің болуы мүмкін деген ой түйіп, жүріс-тұрысымды түзетуге тырысамын. Падишахым! Бәлкім, ол менің бойымнан өзім байқай алмай жүрген көптеген кемшіліктерімді көрген шығар, - деп жауап қайырды.

Падишах құлға:  

–  Оның  сенің  кемшіліктеріңді  айтқаны  сияқты,  сен  де  оның кемшіліктерін айт, - деді. Сонда құл: 

–  Падишахым!  Ол  шынымен  де  менің  өте  жақсы  досым.  Оның кемшіліктерін  айтуға  жан  дүнием  рұқсат  бермейді.  Сол  себептен, мен  тек  мыналарды  ғана  айта  аламын:  Оның  кемшілігі  менің  ойымша  кемшілік  емес,  артықшылық.  Ол  сүйіспеншіліктің,  опагерліктің және  адамгершіліктің  нағыз  үлгісі.  Оның  жүріс-тұрысы  –  туралық, ақылдылық  және  достық.  Оның  келесі  бір  қасиеті  –  жомарттық,  жоқ-жітіктерге  қол  ұшын  беру.  Оның  жомарттығы  соншалық,  қажет  болса жанын  да  беруге  дайын.  Тағдыр  жолықтырған  досымның  келесі  бір қасиеті  –  менмендігінің  болмауы.  Ол  барлық  адамға  жақсы,  тек  өз нәпсісіне ғана жаман, - деді. 

Падишах мұны естіген соң құлға: 

–  Досыңды  тым  асыра  мақтап  кетпе.  Оны  мақтап  жатып  та,  өзіңді мақтауға тырыспа. Өйткені, мен оны сынаққа алғанымда ұялып қалып жүрме! - деді. 

Сонда құл:

– Жоқ! Оны мақтауда шектен шықпадым. Ол досымның бүткіл жақсы мінездері  менің  айтқандарымнан  мың  есе  көп.  Тағдыр  жолықтырған досымның қасиеттері жайында білетіндерімді ғана айттым. Алайда, уа, мәртебелі  падишахым!  Айтқандарыма  сенбей  тұрсаңыз,  мен  не  істей аламын? Менің ішкі жан дүнием осылай айтуымды әмір етіп тұр, - деді.

Ана  құл  моншадан  оралғанда  падишах  оны  құзырына  шақыртып алып, оған: 

–  Жеңіл  буыңмен!  Түгеп-таусылмайтын  нығметтерге  қолың жетсін!  Бірақ,  мына  досың  айтқан  жаман  мінездер  сенде  болмағанда ғой, қандай жақсы болар еді. Сол кезде көрікті жүзіңді көрген кісінің іші жылып қуанар еді. Сені көрудің өзі дүниенің бар байлығына татырлық болар еді, - деді.

Сонда құл:

– Падишахым! Ол көргенсіздің мен жайлы айтқандарының біразын айтып беріңізші!.. - деді. 

Падишах:

–  Ол  алдымен  сенің  екі  жүзділігіңді,  сосын  сенің  сырт  көзге  дауа сияқты, шындап келгенде пәле екендігіңді айтты, - деді. 

Падишахтан осы сөздерді естігенде құлдың қатты ашуы келді, аузы көпіріп,  жүзі  қызарды.  Ол  құлдың  өз  досын  жамандауы  тым  шектен асып кетті. Былай дейді: 

– Ол бұрын менің досым болатын, бірақ аузы бұзық еді. Ашаршылықта қалған ит сияқты үнемі қоқырсық жеп жүретін. Әлгі құл досын падишахқа жамандаймын деп, ішкі әлеміндегі барлық лас  дүниелерді  ақырындап  шығара  бастады.  Сонда  падишах  «Жетер енді» деп қолымен құлдың аузын бекітіп, оған былай деді: 

– Осы сынақтың арқасында екеуіңнің араларыңдағы айырмашылықты байқадым. Ананың аузы тәніндегі аурудан сасиды екен. Ал сенің рухың сасып  кетіпті.  Ей,  рухы  сасыған  адам,  сен  ұзақта  тұр!  Досың  саған әмірші  болады,  сен  оның  әмірлерін  орындайсың.  Одан  әдептілікті, адамгершілік  пен  сөйлеуді  үйрен!  Оның  артықшылығынан  ғибрат  ал!  Су-и  зан  (жаман  ой)  мен  хасадты  (көре  алмаушылықты)  таста.  Сен мұндай жаман қасиеттеріңмен беліне тас байланған бейшара адамсың. Ол таспен жүзе де, жүре де алмайсың, - дейді патша.

Досы  жайында  хусни  занда,  яғни  жақсы  ойда  болған  құл  жоғары қасиеттерге  ие  болғаны  үшін  заттық  әрі  рухани  сый-сияпатқа  қол жеткізіп,  мерейі  үстем  болды. Істің  анық-қанығына  көз  жеткізбестен, жаман ойға беріліп, ашуға булыққан екінші құл болса, патшаның ілтипатын жоғалтып, қуылып, зиянға ұшырады.

Нақты қайнары: http://www.elarna.net/koru_kk.php?tur=52&id=1334453
Пікірлер

Көрші сілтемелер