Еларна қолфон нұсқасына ену

Жүктеу-Албомым-Албомдар-Желі
Осы торды сақтаймын! | Осы торды бас бет етемін!

Біздің байланыс: elarna2012@gmail.com


Менмендік және нәпсімізді сын тезіне салу



Тіркеліңіздер Кітапхана Қожалар торабы Албомдар Қазақтың 1001 ертегісі

Түрі: Рухани ақпарат

Жолданған уақыты: 18:15 - 2020/10/16

Нақты Көзі: https://islam.kz/kk/articles/islam-jane-qogam/menmendik-jane-napsimizdi-syn-tezine-salu-3271/


Менмендік және нәпсімізді сын тезіне салу

Адам баласының дүниеде де, ақыретте де өзіне пайдасы тиетін көркем мінез бен өзіндік жеке қасиетке ие болуы – адам тәрбиесіндегі ең басты мақсат. Себебі адам тек осылай ғана өзіндік қабілеті мен талпыныстарын нәпсіге жеңдірмейді әрі оларды Алла ризалығы үшін жұмсап, жоғары дәрежелерге қол жеткізе алады. Әйтпесе, нәпсісіндегі менмендік пен тәкәппарлықтың тұтқыны болып, екі дүниеде де опық жейді.

Сондықтан сахабалар тәрбие мәселесінде өзгелерден бұрын өзін тануға, қателігі мен дұрыстығын анықтап отыруға баса көңіл аударған. Яғни, олардың өмірлері - өздерін мұқият бақылау мен есепке алу арқылы тәрбиелеп, басқаларға теңдессіз үлгі бола білген ерекше керемет өмір мезгілдері болып табылады. Өз-өздерін есепке алу мәселесінде мұқият болғандары соншалықты, білдей Әзіреті Омардың өзі Әзіреті Хузайфадан:

«Уа, Хузайфа! Алла үшін айтшы, менде мұнафиқтың белгілері бар ма?» - деп сұраған.

Оның бұлай сұрауының екі себебі бар еді. Біріншісі – Әзіреті Хузайфаның мұнафиқтар жайында Пайғамбарымызбен (с.а.у.) сырлас болуы. Екіншісі, адам өзіне-өзі баға бергенде өз пайдасына қарай бұруы мүмкін. Себебі кінәлі адам өзін қорғап, ақтау үшін қолынан келгенін жасайды. Мәселен, қазының (соттың) өз-өзіне үкім шығара алмайтыны сол. Ол үшін басқа қазы үкім беруі керек. (Әзіреті Омар сырттан бір сахабаның өзі туралы ойын білгісі келді).

Адамның өзін-өзі танып, бағалай білуі үшін қажетті екі айна бар. Олар – Құран Кәрім мен Әзіреті Пайғамбардың сүннеттері. Сахабалардың ішкі жан дүниелерінің кемелдікке жетуінің сыры осында. Олар – Пайғамбардың тәрбиесімен үнемі өздерін дамытып, жетілдіріп отырған.

Пайғамбарымыз саллаллаһу алейһи уә сәлләмнің өмірінің соңғы кезеңіндегі мына әрекеті біз үшін қандай керемет тәрбие үлгісі:

«Сахабаларым! Егер біреудің бір затын (қателіпен) алған болсам, міне мал-мүлкім, келіп алсын. Кімнің арқасынан ұрған болсам, мін арқам, келіп ұрсын!»...

Шынында да адам кейде кімге қолы тиіп кеткенін аңғармай қалуы мүмкін. Тілімен кімді ренжітіп алғанын байқамауы мүмкін. Міне сондықтан ардақты Пайғамбарымыз (с.а.у.) істеген әрбір әрекеттен өз іс-әрекетімізді аңғарып, кешірім сұрауымызды қалаған. Осы орайда өзімізді тәрбиелеп, есепке алу ең басты шарт болмақ. Себебі, менмендік пен таухид бір жерде бола алмайды.

Менмендік пен таухид...

Расында да бір жүректе менмендік болатын болса, ол жерде таухидке қатысты ерекшеліктер жойылады. Яғни, менмендік таухитті әлсіретеді. Хақ Тағала қасиетті аятында былай деген:

«(Ей, Пайғамбар) Әуесқойлықтарын тәңір тұтып алғанды көрдің бе? Енді оған сен өкіл боласың ба?». («Фұрқан», 43).

Әуесқойлықтың ең қуаттысы әрі қауіптісі – адам бойындағы менмендік сезімі. Міне, сондықтан кәлимә таухид айтқанда «Лә иләһә» деп бастаймыз. Яғни, ең алдымен жүректен барлық құдайларды шығарып тастаймыз. Өйткені, жүректегі тәңірлер мен нәпсінің құмарлықтарын шығарып «иллаллаһ» деген кісі ғана Құдайдың жәмәлдық сипаттарының көріністеріне бөленіп, Алла Тағаламен жүрегі жай табады, тыныштыққа бөленеді.

Жүректен «мен» шықпай, Алла зікірі сол жерге орныға алмайды...

Менмендіктің ең басты ерекшелігі – басқаларды менсінбей кемсіту. Яғни, менмендік дертіне шалдыққан кісі басқалардың кемшіліктерін мінеп, өзін артық санайды. Ібіліс сияқты тәкәппарланып көкірек кереді. Өзін барлық қате кемшіліктерден адамын деп ойлап, Алланың ескерту бұйрықтарынан өзін жауаптымын деп санамайды. Иләһи әмірлердің өзіне де қатысты екендігін аңғара алмайды.

Менмендік – көзге ілінбейтін ерекшеліктері арқылы уысына түсірген адамды оңайлықпен жібере қоймайтын өте ауыр дерт. Адам қаншалықты жетілсе де ол оның жан дүниесінің бір бұрышында жасырынып жатады. Айлакер түлкі секілді аңдып, сәтін күтеді. Басқаша айтқанда менмендік – адам төсек тартып жатып қалмайынша, байқалмайтын беймәлім қант ауруы немесе жасырын қатерлі ісік секілді. Адам мән бермейінше емін-еркін өмір сүріп, сөйтіп шайтан мен нәпсі оны оп-оңай құрыққа түсіреді...

Ең үлкен жетістік...

Өміріміздегі ең үлкен жетістік – ешқашан нәпсіқұмарлыққа салынбау. Қысқасы бұл өмірде мәңгі қалатындай болып өмір сүрмеу. Яғни, фәнилік екеніңді естен шығармау.

Бір Алла досы, яғни, әулие кісі: «Дүниеден мәңгілікті сұрама. Саған беретіндей оның өзінде де мәңгілік жоқ», - деп керемет айтқан. Соңында бұл дүниенің өзі де жоқ болады.

Бұл жайында Фаһруддин Аттар да:

«Қанағаттан нәсібі жоқ адамды дүниелік мал-мүлік қалай байытады?» - деп дұрыс айтқан.

Демек ең үлкен байлық, ең үлкен сый – менмендіктен арылып, қанағатшыл бола отырып, Аллаға разы болу. Оның құзырына осындай пәк жүрекпен бару. Осы жайлы Ұлы Жаратушы қасиетті аятында:

«Ей, Иман келтіргендер! Алладан шынайы қорқыңдар және мұсылман болған күйі өліңдер!» - дейді. («Әли Имран» сүресі, 102).

Бұл иләһи пәрменді терең ойланып, оған ой жүгірту қажет. Біздің өміріміздің бір шегі бар, ол - ақтық дем келген уақыт. Ол бізге беймәлім. Олай болса сол сәтте өкініп қалмау үшін әрбір алған демімізде оған дайын болуымыз қажет. Сол уақытта Әзірейілмен қандай жағдайда кездесеміз? Сәждеде ме, жоқ әлде бұрыс жолда ма, ашу-ызамен немесе жамандықпен бе? Бізге беймәлім бұл кездесу қандай жағдайда, қай жерде жүзеге аспақ? Соңғы сөзіміз қандай болар екен? Пайғамбарымыз саллаллаһу алейһи уә сәлләмнің:

«Егер кімнің соңғы сөзі кәлимә таухид болатын болса, ол жәннәтқа кіреді»

- деген сүйінші хабарына лайық болар ма екенбіз?

Бұл сүйінші хабарға лайық болуды қалайтын болсақ, уақыт бар кезде «лә иләһәны» (құдайдан басқа тәңір жоқ дегенді) өзімізге өте көп насихаттауымыз қажет. Жүрегіміздегі бүкіл нәпсінің құмарлықтары мен қалауларын, менмендікті, тәңірлер мен пұттарды осы сөзбен жоюымыз керек. Алланың назары түскен жүрегімізді арылтып, тазартып, кіршіксіз әрі пәк қылып, мағнауият пен хикметке толтыруымыз қажет. Міне сонда барып Хақ Тағаланың көркем сипаттары көңілімізге өзгеше әсер етеді.

Бұл үшін әғузу билләһи минәш-шайтанир ражимді шынайы түсініп, әрбір сәтте бізге тұзақ құрып, торуылдап жүрген шайтанды аластатуымыз қажет. Не болса да, бұл мәселеде сәл ғана ғапылдыққа түспеуіміз шарт. Сонда барып періштелер құштар болған әсемдікке қол жеткіземіз. Әзіреті Пайғамбардың тәрбиесіндегі жалғыз әрі басты мақсат қашан да осы болатын.

Мына оқиға осы мәселеге тамаша мысал:

Расулаллаһ (с.а.у.) ардақты сахабаларымен бірге отырғанда бір кісі кіріп келіп, Әзіреті Әбу Бәкірге тіл тигізіп, оны ренжітеді. Бірақ Әбу Бәкір (р.а.) үндемей, әлгі адамға жауап қайтармайды. Ол адам екінші рет тағы да тіл тигізіп мазалайды. Әзіреті Әбу Бәкір тағы да үнсіз қалған еді. Пайғамбарымыз саллаллаһу алейһи уә сәлләм оның бұл әрекетіне риза болып, жүзіне күлімсіреп қарайды. Әлгі адам бұл әрекетін тағы да қайталап еді, Әзіреті Әбу Бәкір бұл жолы оған тиісті жауабын берді.

Сол уақытта Әзіреті Пайғамбарымыз (с.а.у.) дереу орнынан тұрып кетіп қалады. Әбу Бәкір да дереу соңынан барып:

-Уа, Расулаллаһ! Маған ренжідіңіз бе? – деп сұрайды.

Сонда Алла елшісі (саллаллаһу алейһи уә сәлләм):

-Жоқ, - дейді артынан сөзін былай жалғайды:

«Көктен бір періште түсіп, әлгі адамның саған айтқандарын өтірікке шығарып, сенің орныңа оған жауап беріп жатты. Сен жауап қайтарып, өшіңді алған соң періште кетіп, орнына шайтан келді. Мен шайтан келген жерде отырмаймын», - деп тұрып кетуінің себебін түсіндіріпті. («Әбу Дәуід», «Сүнән». Әдәп. №4896).

Осыған қатысты Әзіреті Мәуләна Руми:

«Надандардың қасында кітап секілді үнсіз бол!»

- деген.

Өйткені, Хақ Тағала мүміндердің осындай болуын қалайды және олардың ерекшеліктерін былай баяндайды:

«Рахманның құлдары жер бетінде сыпайылық сақтап жүреді. Надандар тіл тигізетін болса, оларға «Сәләм!» деп кете барады». («Фұрқан», 63 аят).

Демек, біздің дүниедегі һәм ақыреттегі өміріміздің берекелі болуы – менмендіктен құтылуымызға, өлместен бұрын өзімізді сұраққа тартуымызға байланысты екен...

«Махаббат және Мағрифат» кітабынан.
Авторы: О.Н.Топпаш.
(«Хикмет» баспа үйі).

(Ықшамдап алынды).

 

   

Нақты қайнары: http://www.elarna.net/koru_kk.php?tur=52&id=1281910
Пікірлер

Көрші сілтемелер