Еларна қолфон нұсқасына ену

Жүктеу-Албомым-Албомдар-Желі
Осы торды сақтаймын! | Осы торды бас бет етемін!

Біздің байланыс: elarna2012@gmail.com


Сарапшылар: Пневмониямен ауырды дегеннің бәрі коронавирустың асқынған түрі. Күзге болжам



Тіркеліңіздер Кітапхана Қожалар торабы Албомдар Қазақтың 1001 ертегісі

Түрі: Рухани ақпарат

Жолданған уақыты: 11:45 - 2020/06/30

Нақты Көзі: http://islam.kz/kk/news/madeniet/sarapshylar-pnevmoniyamen-auyrdy-degennin-bari-koronavirustyn-asqyngan-turi-kuzge-boljam-13781/


Сарапшылар: Пневмониямен ауырды дегеннің бәрі коронавирустың асқынған түрі. Күзге болжам

Елде коронавирус жұқтырғандар саны күрт артты. 2,3 мың медицина қызметкері вирусқа шалдыққан. Билік пен президент тәулігіне 28 мың тест жасалатынын айтқанымен, бұған күмәнмен қарайтын көпшіліктің қарасы қалың. Көктемдегі ТЖ режимі тоқтағаннан кейін вирустың таралуы 7 есеге өсті. Нақтырақ айтқанда, маусым айының соңында Шымкент қаласында пневмониямен ауырған науқастар саны 5,8 есеге, ЖРВИ дертіне шалдыққандар 2 есеге өскен. Ресми мәліметке сенсек, небәрі екі аймақта Маңғыстау және Ақтөбе облыстарында 1,5 мыңнан астам пневмония жағдайы, 150-ге тарта өлім анықталған. Бұл жайында qazaqtimes.com ақпарат көзінің материалында.

Министр Алексей Цойдың айтуынша, пневмония диагнозымен тіркелгендер жиілеп, өткен бір күннің өзінде 2,5 мың адам белгілі болған.  

Тоқаев дүйсенбі күнгі кеңес отырысында Мемлекеттік комиссия мен Үкіметке «ұзаққа созылатын коронавирус пандемиясына байланысты қазақстандықтардың өмірі мен денсаулығын қорғау жөніндегі орта мерзімді кезеңге арналған, жұрттың бәріне түсінікті Ұлттық жоспар әзірлеуді» тапсырды. Алды екі, арты бес күнде шектеу және індеттің екінші толқынына қамдану шаралары хабарлануы керек. Биылғы көрсеткіш айтарлықтай ауыр. ДСМ-ге қарасты

Қоғамдық денсаулық сақтау саясаты департаментінің дерегі бойынша, былтыр республика көлемінде ЖРВИ, тұмау және пневмониядан жалпы жиыны 4164 адам қайтыс болған. 2020 жылы эпидемия басталғалы бері жүздеген науқас құрбанға айналды. Дегенмен мамандар қазір белең алған пневмонияның шын мәнінде коронавирустың асқынған түрі екенін айтады. Ендеше бойында вирус бар науқастарды пневмонияның қатарына енгізу кімге керек? Тест терістегенді, КТ растай ма? Кімге сенген жөн?

«Primary Health Care» ұлттық қауымдастығының президенті, медицина ғылымдарының профессоры Төлебай Рақыпбеков және медицина ғылымдарының кандидаты, невролог-дәрігер Қайырғали Көнеев сияқты сарапшылардан жоғарыдағы сұрақтарға жауап алып көріп едік.

- Қазақстанда қазіргі таңда пневмония өршіп тұр. Мұның басты себебі неде?

Төлебай Рақыпбеков: – COVID маусымдық ауру емес. Үкімет карантинді уақытымен енгізді. Алайда, посткарантин уақытында халықтың жағдайы төмендеп кетті. Денсаулық сақтау министрлігі мен ел дайын болмай шықты. Біздің халық тәуекелмен өмір сүретіні бәрімізге белгілі. Қайтадан той-томалақ, карым-қатынас, ары-бері сабылып жүрген жұрт. Санитария-эпидемиялық ереже жайына қалды. Сақтық шарасын ұстап тұру үшін Еуропадағыдай елдің наразылығынан сескенбей, айыппұл жазасын енгізу керек еді. Тек мекемелерге ғана емес, әр адамға. Бұған әлі де кеш емес. Халықтың тілімен түсіндірсе, көпшілік қарсы келе қоймайды. Неге басбұзарлардың кесірінен жақындарымыз жапа шегуі керек? Осыны жеткізу керек.

Қайырғали Көнеев: – ПТР арқылы диагностикалаудың нәтижесі әрдайым шынайы бола бермейді.  Вирус табылмады, теріс деген нақты көрсеткіш емес. Бүгін өршіп тұрған пневмония коронавирустың байқалмай күшейіп кетуінің салдары. Скринингке арналған тесттің сапасы төмен, оның қорытындысы жалған болып шығуда. Жаппай тестілеуді баяулату арқылы министрлік індеттің шынайы жағдайын жасыруға тырысып отыр. Коронавирус пневмониясы болуы мүмкін. Жалған теріс нәтиже болуы ықтимал. КТ бойынша әріптестерімнің айтуынша, қазіргі таңда республикада еселеп өсіп жатқан пневмонияның  100% коронавирус екеніне КТ-ның көмегімен көз жеткізсе де, – ПТР тест теріс көрсетіп тұр.  Қазіргі пневмония дегеннің бәрі коронавирус. Әдетте губка тәрізді болып келетін өкпені коронавирус қабындырған кезде бұл қатая бастайды. Қарайып, қан ұюы мүмкін. Терге тілік түскендей қап-қатты боп, тыныс моторында ауаның айналымы қиындайды немесе мүлдем жүрмей қалады. Егер ағза вирустан жазылса, өкпе де уақыт өте өз қалпына келеді. Коронавирустың Sars-2=COVID-19 вирусы мен пневмонияның белгілері ұқсас.

- Мұның айырмашылығын қалай байқауға болады?

Қайырғали Көнеев: –  Коронавирустық пневмония көбінде КТ-да көрінеді. Облыстық ауруханада бір компьютерлік томография құрылғысы бар. Бұрын бұл жеткілікті еді, бірақ вирустың жаппай таралуынан пациенттер де көбейді. Қалың кезек пайда болуы себепті науқас оны бірер апта күтуге мәжбүр. Суық тигендегі пневмония кезінде ірің болады және дене қызуы 40-тан асып жатады. Ал коронавируста іріңнің орнына фиброз болады әрі жиі әлсіреп, тыныс алу бұзылады. Адам екеуінде де жөтеледі, кеуде тұсы ауырсынады. Симптомсыздарда қайта әлсіреп, ауру жасырын дамиды. Осыған мысал ретінде Қытайда дертінің инкубациялық 20-шы күні өкпесінде оттегі жолын тромбо бөгеп, мейірбике қайтыс болғанын айтуға болады. Өкпенің регенерациясына уақыт керек. Клиникалық белгілерінен құлан таза айығап, ауруы қойған соң да вирус кісінің бойында 1-2 аптадай сақталады. Жазылдым екен деп қарттар мен балаларға бірден жақындамау керек. Жұғуы мүмкін.

Төлебай Рақыпбеков: – Қазір вирусты бар-жоқ, табиғи-жасанды деп талғап жатудың қажеті жоқ. Бүгін жөтел, температура, қабыну бар. Коронавирус симптомдары байқалған бойда үйде не түзде, бастысы протокол негізінде емделуді бастау керек. Министрлік барлық науқасты қажетті дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге міндетті. Ал профилактика дегеніміз – иммунитетті нығайту. Мұның түрі көп. Және вирус өлімге үкім емес, алуан түрлі ақпарат халықты әбден үрейлендіріп қойды. Республика ауруханаларын лық толтырған науқастар пневмониямен ауырып жатыр деседі. Бұл дегеніміз COVID-19 инфекциясы болып шығуы мүмкін бе?

Қайырғали Көнеев: –  Қазір жүріп жатқан эпидемия жүз пайыз верификацияланбаған, зерттелмеген коронавирус. Тесттің сенімсіздігінен әрі вирус дамып өкпеге өтіп кеткендіктен оны пандемия деп атамай, жай пневмонияға жатқызып отыр.

Төлебай Рақыпбеков: – Карантинді енгізудегі негізгі мақсат – халықтың жаппай ауруына жол бермеу. Аурухана, емхана толып, көбі медициналық көмекке қолы жетпей қиналмасын деген сөз.  Ауруханалардың есепсіз толып қалуында министрліктің кемшілігі көп. Біріншіден, медицина кызметкерлерін қорғау керек еді. Қазірдің өзінде кейбір медициналық мекемелердің еңбек ұжымы 30%-ға дейін ауруға шалыққан. Ел үшін еңбектенетін, күн-түн көрмейтін кез. Атқамінерлер мен ақхалаттылардың кәсіби білігі, елдің сабыры сыналатын сәт. Ведомствоға келген жаңа команда мәселені шеше алады деген әлсіз ғана үмітіміз бар. Тағы ескерер жайт, ендігі тестіге қарамастан КТ көрсетпесімен емдеу қағидасына көшкен жөн. Қазақстандағы вирусқа қарсы тестілеу ісі біршама баяулағандай. 1,4 млн тесттің алғашқы миллионы мейілінше жылдам алынды. Тіпті, мұнда да біраз мәселенің беті ашыла бастады.

Қайырғали Көнеев: –  Билік тестілеуді жасанды жолмен ұстап отыр. Қазақстан қазынасының тестті тегін істеуге шамасы жететін еді. Жағдайдың шынайы бет-бейнесін жасыру үшін тежеп жатыр. Ең болмағанда, медициналық сақтандыру есебінен жүргізуі керек еді. Неге бұлай болғаны түсініксіз. Дер кезінде анықталмағандықтан, қазір екінің бірінде кездесетін пневмонияның тура атауы – әбден пісіп кеткен COVID-19 инфекциясы. Неге өркениетті елдердегідей кем дегенде әлеуметтік аз қамтылған топтарды жаппай тестілемеске? Қазақстанның экономикалық жағдайы мұндай қоғамдық скринингті көтере алады. Дәрі тапшылығын ешкім жоққа шығара алмайды. Ауруханада жатқандар С витаминін, аскорбинканы сатып алып жатыр. Тестілеу-емдеу құқығын басқа клиникаларға да беру керек, мұнда лобби түріндегі мүдде, монополия байқалады. Шын мәнінде, тесттің өзіндік құны небәрі – 2,5 мың теңге тұрады.  Неге екені белгісіз тап қазір 9500-ден 18 мың теңгеге дейін сатылып жатыр.

Төлебай Рақыпбеков: – Тесттің 50%-ы жалған, жартысы дұрыс. Тек КТ арқылы 100% вирустық пневомияны анықтауға болады. Мына пневмония неден, тест теріс дегені түкке тұрмайды, пневмония – анық COVID. Сондықтан ажиотаж жасап, кезек күтіп, тест тапсырудың қажеті жоқ. Денсаулық саласының мекемелеріндегі жағдай өте мүшкіл, кадрлар жетсіпейді, оның үстіне жартысы ауруға шалдыққан, қалғаны қауіптеніп жұмысқа шықпауда. Ертең келем деген дәрігерді не 6 сағат күтуге мәжбүр жедел жәрдемге қарамай-ақ, ауру білінгеннен бастап үйде өз мүмкіндігіңізше емделе беру керек. 26 маусым күні ДДСҰ бас директорының стратегиялық бастамалар жөніндегі орынбасары Раньери Герра өткен ғасырдағы Испан тұмауы мен COVID-19 екеуі бірдей өрбіп жатқанын мәлімдеді. Сондай-ақ, пандемияның әлемдегі екінші толқынында миллиондаған адам қайтыс болуы мүмкіндігін ескертті. Аталған індетті алдағы уақытта қандай сценарий күтіп тұр?

Қайырғали Көнеев: –  Алғашында болжам бойынша жер жұртшылығының 30%-ы ауырады делінген еді. Ақпанда неміс ғалымдары жазға қарай індеттің беталысы бәсеңдейді деп еді. Ал вирустың таралғанына жарты жылдан асса да әлі күнге дейін беті қайтпай жатыр. Жағдайы ауыр науқастардың саны мен өлім саны Испан тұмауына қарағанда 4 есеге артық. Шамасы 2021 жылы вирустың шарықтау шегін өткереміз. Желтоқсанда күн суығанда жағдай тіпті ушығып, өлім фактісі өсуі мүмкін. Қысқа қарай тұмаумен араласып, бір адам бірнеше диагнозбен ауруы ықтимал. Қарттардың арасында қант диабетімен, гипертонивті аурулармен ауыратындар көп. 60-тан асқан әр он адамның үш-төртеуінің ғана дені сау. Вирус пайда болғанда қарттарды дереу оқшаулау қажет. Егде жастағы ересектерге кішкентай балаларды жолатпау қажет. Олар тасымалдаушы ретінде бет сүйіп, құшақтағанда тез жұқтырады. Осы қауіпті қаперге алсақ, қарттарды жоғалтып алу тәуекелі жоғары. Вакцинаның алғашқы үлгілері нәтиже бермейді. Ең ұзақ жол – ұжымдық иммунитетті қалыптастыру. Халықтың жаппай ауруы денсаулық сақтау саласына күшті салмақ түсіреді. Кадр, ресурс тапшылығы зор қиын шақта 100 адам бір кезде ауырғанша, үш айда бөліп ауырғаны әлдеқайда тиімді. Есесіне көп жағынан ұтамыз, кісі шығынын болдырмауға сеп. Дәріханадағы дефицит, тест тапшылығы, ауруханадағы орын жетіспеушілігі, үйден емделушілердің көптігі, сақтық шарасына бейжай қарау т.б. сыни жағдай жалғаса берсе, жыл соңына дейін кейстер саны 1 миллионға дейін ұлғайып, он мыңдай адам қайтыс болуы мүмкін.

Төлебай Рақыпбеков: – Әзірге министрліктің А,Б, С, Д жоспары бар шығар. Үкімет ең ауыр сценарийге де дайын болуы керек. Менің ұсынысым – билік республиканың әртүрлі деңгейінде тұрақты штаты бар Төтенше жағдай комиссияларын құруы шарт. Бар ауыртпалықты, бүтін елдің тағдырын тек бір ғана министрлікке жүктеу – қылмыс. Жағдайдың ушығуын тоспай, бірден қара күзге дейін материалдық және қорғаныш құралдарын, қосымша орындардың қорын жасақтауға кірісу керек. Ештеңеден аянбау міндет. Бұған жергілікті бюджеттен де қаражат жұмсалсын. Емханаларға косымша жасанды фильтрлер, изоляторлық және интенсив ем палатасы бар бөлімдер құру қажет.  Үкімет халық пен медицина мамандарын тыңдағаны жөн!

КАРТИНА: Қазақстанда ауру белгісі байқалмайтын «тасымалдаушыларды» қоса есептегенде 40 мыңға (39 461) жуық адамнан коронавирус анықталған. Сарапшылардың сөзінше, пневмония мен еш жерге жүгінбей үйде ауырып жатқандардың жиынтық есебін қосқанда шынайы науқастар саны 200 мыңға жақындауы ықтимал. | Материалды көшіріп бассаңыз https://qazaqtimes.com/article/78219 сайтының гиперсілтемесін міндетті түрде қойыңыз. Авторлық құқықты сақтаңыз.

Нақты қайнары: http://www.elarna.net/koru_kk.php?tur=52&id=1210843
Пікірлер

Көрші сілтемелер