Еларна қолфон нұсқасына ену

Жүктеу-Албомым-Албомдар-Желі
Осы торды сақтаймын! | Осы торды бас бет етемін!

Біздің байланыс: elarna2012@gmail.com


Өмірбек Текебаев - Қырғыздың Ұлттық лидері!



Тіркеліңіздер Кітапхана Қожалар торабы Албомдар Қазақтың 1001 ертегісі

Түрі: Абай ақпарат

Жолданған уақыты: 20:40 - 2020/10/17

Нақты Көзі: http://www.abai.kz/post/122499



Бүгін Қырғыз Республикасы Жогорку Кеңешінің кезектен тыс жиналысында сөйлеген сөзі арқылы Қырғыз халқының аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, Ұлттық лидері Өмүрбек Текебаевтың қырғыз медиясы мен әлуметтік желіні жарып жібере жаздап тұрған шағы.

Бұрынғы президент Алмазбек Атамбаевтың тұсында қуғынға ұшыраған Өмүрбек Текебаев сегіз жылға сотталып, қамаққа алынған болатын. Кінәсі дәлелденбегеніне қарамастан, кейінгі президент Сооронбай Жээнбеков кезінде де ол қамақтан босатылған жоқ. Тек, қамау мерзімі бітуіне байланысты, үй қамағына шығарылды.

Қырғыз Жоғарғы соты аудандық, қалалық соттың шешімін күшінен қалдырғанымен, қайта бастан тергеу жүріп, толық ақталып шықпаған болатын.

Атамбаев кезінде аптаның бес күнінде сот отырысы болса, Жээнбеков тұсында ол сот отырысы айына екі немесе бір айда бір рет болып, Текебаев ісі ащы ішекше созылғаны белгілі.

Қысқасы, С. Жээнбеков Өмүрбек Текебаевты бірден ақтап, бостандыққа шығарып жіберуге онша құлықты болған жоқ. Көкжал саясатшыдан ыққаны, қауіптенгені бесенеден белгілі болып тұрды.

Сооронбай Жээнбеков Өмүрбек Текебаевты ғана емес, Атамбаевтың текпісімен сотталған бүгінгі премьер-министр әрі президенттің міндетін атқарушы болып тағайындалған Садыр Жапаровты да түрмеден босатуға ден қойған емес...

Дүние бір-ақ күнде өзгеріп шыға келді. Кешегі ат үстіндегі Сооронбай Жээнбеков тақтан түсіп, орнына түрмеде отырған Садыр Жапаров жайғасты.

Басынан қара бұлт айықпаған Өмүрбек Текебаев депутаттық мандатын қайтадан алып, Жогорку Кеңешке оралды.

Келе салып, бірінші болып, тарихи сөз сөйледі. Не деді дейсіз ғой?

«Ұтылған дұшпанға да жігітше, мәрт мәміле қылу керек!... Мен қырғызстандықтарға айтқым келеді. Қызметтен кеткен президентті, Сооронбай Жээнбековті қорлауға жол бермейік! Ол өз ісі үшін тарих алдында, Заң алдында жауап берер», - деді Жогорку Кеңештің биік мінбесінен қасқайып тұрып.

Тағы да тарихи сөз айтты.

«Құрметті Сооронбай Шарипович, президенттік таққа отыра салып, Садыр Жапаров екеуімізді ақтап, түрмеден босатып жібергеніңізде, Сізге мұндай бәле жоқ еді...», - деуіне әбден болатын еді.

Жоқ! Өмүрбек Черкешевич ондай қадамға бармады! Керісінше, амалсыздан мерзімінен бұрын қызыметтен кетіп бара жатқан Президентке қырғыз жұртынан араша сұрап, адамгершілік танытты. Сөйтіп, бүкіл қырғыз еліне кешірімділік пен мәрттіктің жарқын үлгісін көрсетті.

Міне, азаматтық деп, осыны айт!

Қырғыз саясатында жүріп отыз жылдық өмірін сарп еткен, бес кезек Жогорку Кеңештин депутаты, бір мәрте Төрағасы болған, «Баш Мизамның атасы», көзінің тірі кезінде-ақ «Ұлттық лидер» атанған тұлға Өмүрбек Текебаевтың кешірілмес бір кемшілігі бар.

Ол - 2010 жылы Құрманбек Бакиевті президенттіктен кетірген соң, оның орнына президент болудан бас тартқандығы.

Егер, бүкіл Қырғызстанды уысында ұстай білген, тіпті түрмеде отырып ықпалын жүргізіп отырған Өмүрбек Текебаев президент болғанда, Қырғыз Республикасы мұндай тұңғиыққа тап болмас еді деп ойлаймын.

Себебі, Өмүрбек Черкешевич қамаққа алынған соң, Қырғыз Жогорку Кеңешінің сыйқы кетіп, «Маңқа парламент» атанды.

Ал, бүгін бұрынғы қызмет орнына қайта оралып, Жогорку Кеңештің мінбесінен сөйлеп еді, бәрін орнына қойды. Жогорку Кеңештің бағыты қайтадан 180°-қа бұрылып, әрі кіріп, жайнап шыға келді. Басқарусыз қалған мемлекет Өмүрбек Текебаев жасаған Конституцияға жүгініп, тұрақтылық орнатты.

Мен оның Алмазбек Атамбаевпен айқасып жатқан шағында, ерлігіне сүйінгенім соншалық, «Мандатсыз президент» деген поэма жазып, жарияладым. Президент Сооронбай Жээнбековтың атына хат жазып, араша сұрадым. Өлең де арнадым.

Түрмеде жатқан жерінен екі рет барып кездесіп, 2010 жылы Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев қабылдауында болғаны туралы әңгімесін ет құлағыммен естідім. Қазақстан, оның президенті Нұрсұлтан Әбішұлы туралы сүйіне отырып айтқан әділетті бағасын тыңдадым.

Сол кездесулерден «Қолда барда алтынның қадірі жоқ» деген рас екен ғой. Әттең, Қырғыз елі Өмүрбек Текебаевтың сөзін тыңдап, Көшбасшы етіп тағайындаса, жаман болмас еді-ау!», - деген ой түйіп қайтқаным есімде...

Осы жерде мен Қазақтың аса көрнекті жазушы, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Қабдеш Жұмаділовтың қайраткер туралы айтқан сөзін қырғыз туысқандарыма да ескерте кеткенді жөн көрдім.

«Қайраткер – жалпы ұлттық, мемлекеттік, керек десеңіз, әлемдік деңгейде ойлай алатын, өзіндік көзқарасы бар, дара тұлға. Ол қызмет орнына, лауазымға тәуелді емес, оны мәнсабынан алып тастасаң да, тіпті қапасқа қамап қойсаң да, қайраткер болып қала береді. Қайраткер өзінің қарақан басынан халықтың, мемлекеттің мүдесін жоғары қоятындықтан, күні үшін ешкімге жалтақтамайды, қай орында, қандай жағдайда жүрсе де, әділетті жақтап, шындықты бетке айтады. Бұл жағынан алғанда, қайраткердің өмір жолы тым жеңіл болмауы да мүмкін. Ол қай қызметке қойсаң да бас тартпай сүйретіліп жүре беретін шенеунік емес, басшымен көзқарасы үйлеспесе, өз пікірі өтпесе, кез келген уақытта отставкаға кетуден тайынбайды. Ел қамын ойлаған аса бір ақылды басшы болмаса, көп ұлықтар қайраткерді бақталасым деп біледі де, оларды өз маңына жолатпай, одан гөрі бір өңкей сұрғылт шенеуніктер фонында жарқырап көрінгенді артық санайды». (Қ. Жұмаділовтың «Қайраткерлер қайдан шығады» мақаласынан алынды, «Таңдамалылар шығармалар жинағы», 12-том, 152-бет).

Жазушы Қабдеш Жұмаділовтың бұл сөзі Өмүрбек Текебаевқа да дәл келетіні сөзсіз.

Демек, Қырғыз ағайындардың президентті көйлек ауыстырғандай алмастыра беретіндігінің бір себебі, Өмүрбек Текебаевтай нағыз тұлғасын, қайраткерін танымай, таныса да мойындағысы келмей жүргендігінде болса керек деп ойлаймын!

Үш реткі төңкеріс мемлекетке бір лайықты лидер таңдауға жарамаса, онда оның төңкеріс болып жарытпағаны деп білген жөн!

Бұл - менің жеке пікірім!

Ауыт Мұқибек

Abai.kz

Нақты қайнары: http://www.elarna.net/koru_kk.php?tur=51&id=1282485
Пікірлер

Көрші сілтемелер