Еларна қолфон нұсқасына ену

Жүктеу-Албомым-Албомдар-Желі
Осы торды сақтаймын! | Осы торды бас бет етемін!

Біздің байланыс: elarna2012@gmail.com

Үш күнгы келушылер санағыКелген адам саны (IP)Көрілген бет саны (PWs)КомпйутерҚолфон
2019-09-191340442541 %59 %
2019-09-2010832600477 %23 %
2019-09-2119464745 %55 %

Айгүл Жұбаныш. Қасқатай



Тіркеліңіздер Кітапхана Қожалар торабы Албомдар Қазақтың 1001 ертегісі

Түрі: Абай ақпарат

Жолданған уақыты: 14:40 - 2019/09/10



(Әңгіме)

Атамды соңғы көргенімде қабағы сынық екен. Қолындағы күрегіне сүйеніп, ауыл шетіндегі қырдан жанарын алмай, қарап тұр. Сол қырдағы қаз-қатар орналасқан «аруақтар» ауылында елу жылға жуық отасқан кемпірі суық топырақты көрпе етіп жамылып, қалың ұйқыда жатыр. Бәйбішесінен айырылғалы жылдар өтсе де атам жиі көз тігіп, кемпірі қол былғайтындай сол қырға жиі мойын бұрады. Мен бейбақ атамның тілім-тілім болып, қан жылап жүрген жүрегін сәл де болса емдегім келіп, кемсеңдеген жүзіне күлкі үйіріп, көңілін көтеруге тырысамын-ау. Бірақ бұл жолы оңбай қателестім. Сол қателігім үшін өкінемін...

Атам қой аузынан шөп алмас момын әрі балажан еді. Балаларының ешбіріне де қабақ шытып, ешқайсысының көңілін қалдырған емес. Бала десе бауыр етін үзіп беруге дайын. Ал, балаларынан көрген немерелері үшін барын да, жанын да беретін жан. Оның үстіне малжанды болатын. Қардай аппақ көңіліне, мақтадай таза ниетіне қарай Жаратқан ие ырыс-дәулетін мол етіп, мал-жанды қылды. Дегенмен сол момындығынан, сәбидей сенгіш аңқаулығынан көп опық жеп қалатын. Ауылдастарының бірінен асау бие сатып алып, аяғынан айырылды. Құрық салынып көрмеген асау бие атамды жазым етті. Жалғыз аяқпен қалса да шаңырағымыздың бәйтерегі жасымады. «Е, Алла, абырой бере гөр» деп қолынан келер кәсібімен айналысып, несібесін тапты. Ағаш аяқпен жүріп, үйірлеп жылқы, отарлап қой, табындап сиыр ұстады. Сол асау аттан тараған жылқылардың ішінен ата мен әжем қасқатайды ерекше жақсы көрді. Ала шұбар боз бие құлындағаннан кейін өліп кетті. Көзі жәутеңдеп қалған құлыншақты атам мен әжем аяп, баладай баптады. Құлын оңалып, жем жеген сайын атам күрсініп: «Сені үйірге қосып жіберсем, арманым болмас еді» дейтін.

Қасқатай  құлын кезінен өзі сондай сүйкімді болды. Маңдайында аппақ жүрекше бар еді. Атам сол таңбасына қарап, құлынды қасқатай атады. Ұл-қыздан ерген немерелерін жаздыкүні ерте оятып алып, қасқатайға шақпақ қант бергізетін. Әжеміздің көзін ала бере атам бастаған «ұры топ» ас үйден қант ұрлаймыз. Әрекетімізді әжем көрсе, ұрыса жөнелетін. Пейіште нұры шалқығыр, ол кісі даусын сәл көтеріп, ұрысыңқырағанымен, жүзінен мейірімділіктің шуағы шашылып тұратын. Атамның қыр басына жиі мойын бұрып, жанарын жасқа малатыны шүйкедей қара кемпірін сағынып, іштей мұң шағуы мейірімділікті аңсауы еді. ...Күн көкке көтеріліп, айналаға жылуын төккен сайын атам мен әжемді еске аламын...

...Қасқатай тай болып, құлындайтын жылы әжем мәңгілік мекенге кетіп қалды. Әжемді ақтық сапарға аттандырғанда аты мал демесек, Қасқатай да көзінен жас парлатты. Кілемге оралған мүрдені үйдің табалдырығынан шығармай жатып, Қасқатай арқанға оратылып, шөп салатын науаға құлап, ішіндегі құлынын өлтіріп алды. Сол күннен кейін Қасқатайды да көңілсіздік басты. Атам бұрынғыдай қант бермек түгілі, жалынан сипап еркелетуді де қойды. Ойын баласы біз де ұмыттық. Кейін Қасқатай ізім-ғайым жоғалып кетті. Жылқыны қанша іздегенімен, таба алмадық. Біз оны не қасқырға таланды, болмаса ұрылар қолды қылды деп шештік...

... Сол жылдың Жаңа жылын тойлау үшін ауылдан қалаға аттандым. Пойызға мінбес бұрын атамның үйіне келдім. Сол жылы қар қалың жауды. Атам үй артының қарын күреп жүр екен. Ағаш аяғы алыстан «әндетіп», сықырлап жүр.

- Ата, неге демалмайсыз? Қанша күрегеніңізбен қазір қайта қар жауып, еңбегіңіз зая кетеді.

Аузым бұртиып, өзімше ақылымды айта бастадым. Көзін сығырайта күлген атам:

- Ә, мен жатсам ауырып қаламын, сосын мені кім бағады? - деді.

Үстіне купәйкі кигенімен, мойны ашық екен. Қозғалып жүргендіктен бе, азынаған желдің суықтығын елер емес.

- Ата, тоңдыңыз ғой - дедім аяп.

- Жоға, жұмыс қызған кезде қыстың суығы ұмыт қалады, - деді тағы балаша ыржиып.

Көзім көйлегінің жағасына түсті. Жаным ауырып кетті. Көптен жуылмаған көйлектің кірі бес батпан.

- Ата, үйге кіріп, басқа көйлек киіңіз. Қаладан келген соң көйлегіңізді жуып беремін, - дедім, дауысымды қатайтып.

- Үйге осы көйлек жарайды. Қанша жуғанымен, сіңіп қалған кір кетпейді. Оның үстіне кірленген киім тоңдырмайды, - деді.

- Ендеше қаладан жаңа үлгіде шыққан көйлек әкеліп беремін.

- Е-е, мен немене, кемпір алғалы жүр дейсің бе?

Ызаланып кеттім де аяғыммен қарды теуіп кеп қалдым.

- Жарайды, қазір үйге кіріп ауыстырамын. Өзің қайда бара жатырсың? - деді.

- Қалаға барамын. Жаңа жылды достарыммен қарсы алайын деп едім...

- Өзің қалада оқисың ғой, биылғы жылда менің қасымда бол. Бұл менің...

- Түй, ата, ауылда түк қызық жоқ. Оның үстіне... - Айтып жатырмын, айтып жатырмын. Атам менің сөзіме мән бермей тағы кемпірі жатқан қырдағы қорымға көз тікті.

- Ата, Қасқатайды күтіп тұрсыз ба? - дедім.

- Жоқ, қызым, мен қасқатайды күте алмаймын...

Мен бұл жолы алақандай жүрегінің тілім-тілім болып, қан жылап тұрғанын сезсем де, еш жұбаныш сөз айта алмадым.

Пойыз уақыты таяп қалған еді.

Жаңа жылды қарсы алып, достарыммен думандатып жүргенімде, атам жаңа көйлек киместен «ұйықтап» кетіпті.

Қасқатай менен әлдеқайда ақылды болып шықты. Адам айтса, сенгісіз, біз ұшты-күйлі жоғалтып алған Қасқатай атам бақилық болған күні қайдан келгені белгісіз, үйге оралыпты. Қораға кіріп, өзі тұратын орынға барып, жем салғышын ақырғы рет иіскепті. Үйдегілер жылқы малының тектілігіне күні бүгінге дейін таң қалады. Сірә, атам да сезсе керек, «Қасқатай жол тауып үйге келсе, жаназама сойыңдар» деген көрінеді. Әулеттің үлкендері ақылдасып, марқұмның ақтық сапарына айтқан тілегін орындады. Қасқатай осылай сүйікті атамның жаназасына сойылды.

Ал, мен ол кезде атама көйлек алуды ұмытып кеткен едім... Атамды бір қуанта алмай кеткенім, мәңгілік өкінішіме айналатынын сезгенім жоқ...

Айгүл Жұбаныш

Abai.kz

Нақты қайнары: http://www.elarna.net/koru_kk.php?tur=51&id=1046125
Пікірлер

Көрші сілтемелер