Еларна қолфон нұсқасына ену

Жүктеу-Албомым-Албомдар-Желі
Осы торды сақтаймын! | Осы торды бас бет етемін!

Біздің байланыс: elarna2012@gmail.com

Үш күнгы келушылер санағыКелген адам саны (IP)Көрілген бет саны (PWs)КомпйутерҚолфон
2019-07-18518216236 %64 %
2019-07-19552224339 %61 %
2019-07-20360161838 %62 %

Онлайн базардың болашағы қандай? | "Айқын" газеті



Тіркеліңіздер Кітапхана Қожалар торабы Албомдар Қазақтың 1001 ертегісі

Түрі: Айқын газеті

Жолданған уақыты: 09:50 - 2019/04/27


Былтыр электронды сауда айналымының көлемі 2017 жылмен салыстырғанда, 2 есеге ұлғайды.
Бұл дегеніңіз – отандастарымыз электронды сауданы ептеп меңгеріп келеді деген сөз. Интернет арқылы сатып алушылардың саны артып, заманауи сауда-саттық қызметін қазір 2 миллионнан аса адам тұрақты түрде пайдаланады. Нарықта 1700-ден астам интернет дүкен жұмыс істейді.

Интернеттегі бизнестің артықшылықтары көп. Кемшілігі де жоқ емес. Әр затты көзбен көріп, қолмен ұстап үйренген тұтынушының бұл үрдіске үрке қарайтыны заңдылық. Оған алыпсатарға деген сенімсіздікті қосыңыз. Интернет сауда елімізге кеш келгендіктен ондағы ішкі тетіктердің әлі де толық дами алмағандығы да бар. Бұл жерде тағы кежегесі кері тартып тұрған кедергінің біріне психо­логиялық аспектіні қосуға болады. Көпшілік электронды саудаға сенімсіздік танытып, дәстүрлі сауданы қауіпсіз санайды. Халықтың 20 пайызы электронды сауданы қиын деп есептейді.
Интернет сауда негізінен Қытай, АҚШ, Ұлыбритания, Оңтүстік Корея, Жапония, Германия, Франция, Бразилия, Оңтүстік Канада, Ресей сынды елдерде жақсы дамыған. Әлемдегі ондық топқа осы елдерді қосамыз. Тіпті алғашқы үштігінде онлайн-сауда оф­лайннан асып кеткен. Оның ең негізгі себебі бұл елдерде интернет қолданушылары басым. Ал бізде әзірге онлайн-сауда әр жылы 20-25 пайызға ғана өсіп отыр.
Біздің елде онлайн-сауданың дамуын тежеп тұрған бірнеше мәселе бар. Негізгі мәселе тауарды иесіне дер кезінде жеткізу болса, одан кейінгісі салық мәселесіне келіп тіреледі. Қытайда, АҚШ-та интернет саудагерлері салықтан босатылған. Біздегі жағдай басқа.
«Қытайдан тауар тапсырдыңыз, оны ол саудагер шекара асырып, бізге салады. Бірақ оған ешқандай салық төлемейді. Ол бізге пошта арқылы жетеді. Осының орнынан өзіміздегі интернет дүкенді қойып көрейік, біздегілер қарамағына қызметкерлер ұстайды, олардың жалақысынан салық төлейді. Арнайы ғимарат жалдайды. Осы үшін қосымша құн, табыс салығын төлейді. Міне, мұның барлығы оның кәсібін өркендетуге кедергі келтіреді. Олар салық төлемеген соң тауарлары арзан, қолжетімді болады», – дейді Қазақстан интернет сауда қауымдастығының төрағасы Константин Горажанкин.
Бүгінде қазақстандықтардың 7 проценті интернет сауданың белсенді қатысушылары саналады. Бұлар ай сайын бір немесе бірнеше рет онлайн жүйеде тауар сатып алатындар. Халықтың 25 пайызы бір айда бір рет немесе одан сирек онлайн-сауда жасайды. 32 пайыз ер-азаматтар онлайн-саудаға жүгінеді. Олардың бәрін белсенді деп айтуға келмейді. Ең қызық жайтты қараңыз, онлайн-сауда жасайтын адамдардың әрбір үшіншісі ауылдық жерлерде тұрады екен.
«Онлайн-саудадағы ең үлкен қауіп – алаяқтық. Интернет дүкендері алдайды деген күдік әлі де сейілген жоқ. Екіншіден, елдің бәрі тұрақты интернетпен қамтылмаған. Үшіншіден, сізге тауар ұнамаған жағдайда оны қайтару ұзақ уақыт алады», – дейді қо­ғамдық пікір және нарықты кәсіби зерт­теушілердің қазақстандық қауымдастығының президенті Наталья Оспанова.
Қазақстандықтар интернет дүкендері арқылы көбіне киім, сусабын, кірем және иіссулар сатып алады екен. Ыдыс-аяққа да сұраныс көп. Қуыршақ, құрастырғыш ойыншықтар да жиі өтеді. Интернет ресурсы арқылы құрылыс материалдары сатылады. Одан соң тұрмыстық техникаларға сұраныс жоғары.
– Дәл қазір Нұр-Сұлтандағы бірнеше базарда, тіпті, мынау сол жағалауда орналасқан «мен» деген дүкендердің денінде интернет дүкендердегі киімдер тұр. Біздегісі қымбат, ал сайттың өзіне тапсырыс берсең, екі есеге арзан. Асықпайтын уақытта тек ғаламтор арқылы сауда жасаймын. Біз отбасымызбен 80 пайыз онлайн дүкендерден киінеміз. 6 жыл болды. Осы аралықта қай дүкеннің өлшемдері маған немесе балама дәл келеді, қандай брендтердің сапасы сын көтереді деген бірнеше сауалдарыма жауап алып, нақтылап үлгергенмін. Жанымдағы құрбыларыма қолымнан келгенше, кеңес беремін. Қазір адамдарда уақыт аз. Қаланың бір бұрышынан екінші бір жағына барып қайтуға арнайы уақыт бөлу керек. Ал тапсырыс алушылар сенің затыңды үйіңе әкеп береді. Мұндай дүкендердің артық­шылықтары өте көп, – дейді қала тұрғыны Аяжан Сәби.
Иә, тауар дүкенге көптеген делдал арқылы жетеді, баға да қолдан қолға өткен сайын қымбаттайды. Ал интернет арқылы тапсырыс берсеңіз, тауар тікелей қойманың өзінен жеткізіледі де, үстеме баға тек жеткізу қыз­метіне ғана қосылады.
Өткен жылы қазақстандықтарға әлемнің түкпір-түкпірінен 18 миллионнан астам интернет сәлемдемелер келіпті. Оларды қабылдап алу, сақтау және иелеріне жеткізіп беру жұмыстары «Қазпоштада» жүргізіледі. Ондағы қызметкерлер күн сайын кем дегенде 47 мың шетелдік интернет сәлемдемелерін қабылдайды. Дәл қазір орталықта 50-ден ас­там интернет дүкенінің тауарлары сақталады. Мамандардың айтуынша, қазақстан­дықтардың дені Қытай, Ұлыбританияда және Ресейден тапсырыс жасайды.
Ал ғаламтор арқылы ең көп сауда жасай­тын алматылықтар екен. Өйткені интернет дүкендер мен қоймалардың көбі Алматыда орналасқан. Оның үстіне ол қаланың Қытай­мен шекаралас жатуы да әсер етсе керек.
«Жақында Хоргос шекара маңындағы халықаралық орталығында бонт-қойма ашайын деп отырмыз. Ол жерден Қытайдағы онлайн компаниялар бұрын тек Қытай поштасы арқылы ғана жіберсе, қазір «Қазпоштаның» көмегімен Орталық Азия және Еуропа елдеріне жібере алады. Бұл не береді? Біріншіден, жеткізілу уақыты қысқарады. Авиа бойынша 4-5 күнде, жердегі автотранспорт бойынша шамамен 7-10 күнде тұтынушы затын ала алады. Ал бұл мерзім бұрын бұдан ұзақтау еді», – дейді «Қазпошта» АҚ-тың бизнес жөніндегі басқарушы директоры Бауыржан Айнабеков.
2020 жылға қарай Қытайдан Ресейге жылына – 576 млн, Еуропаға – 250 млн, ал Еуропадан Қытайға 800 млн сәлемдеме жіберілетін болады. Бұл тапсырысты теңіз жолымен жеткізу тым ұзақ уақытты алады. Ұшақпен қымбатқа түседі. Ал Қазақстан арқылы өтетін теміржол ең қысқа әрі ең тиімдісі боп тұр.
Соңғы жылдары онлайн-сауда дамығалы алаяқтықтың да жаңа түрі пайда болды. Мәселен, жақында түркістандық тұрғын интернет арқылы 60 мың теңгенің ұялы телефонына тапсырыс беріп, орнына ештеңе ала алмаған. Тіпті шекара асып келетін интернет тапсырыстардың арасынан түкке тұрғысыз заттар шығатын кез де болады екен. Алдын ала 100 пайыз төлемін жасап тапсырыс берген киімін көріп, өз көзіне өзі сенбей қалатындар да жиі кездеседі.
Заң бойынша мұндай тауарды 14 күн ішінде қайтарып жіберуге болады. Бірақ кейде қорапта көрсетілген мекенжай жалған боп шығады. Осыған орай, «Қазпошта» ин­тернет саудамен айналысатын компания­лардың тізімін дайындап жатыр. Сондай-ақ тауарды қабылдап алудың да тиімді жүйесіне көшті.
«Тауар келеді, біздің қызметкер оны қолыңызға береді. Сіз ашасыз, көресіз, керек болса өлшейсіз. Сапасын қарайсыз,ұнап-ұнамағанын анықтайсыз. Содан кейін ғана ақшасын төлейсіз. Ол сатып алушыларға да ыңғайлы, сатушыларға да ыңғайлы. Алаяқтың алдын алу үшін осы жол ғана тиімді», – дейді Бауыржан Айнабеков.
Ал осыдан екі жыл бұрын «GoСауда» жобасының жетекшісі Айбек Жартыбаев бастаған бір топ кәсіпкер тұтынушы мүддесін бірінші орынға қоятын мобильді қосымша ойлап тапты. Отандық электронды сауда нарығында «GoСауда» атты онлайн алаңды іске қосты. Мұнда тек сатушылардың ғана емес сатып алушылардың да өтінімі қабыл­данады. «GoСауда» арқылы қазір автокөлік, жылжымайтын мүлік, азық-түлік, тіпті, соғымға да тапсырыс беретіндер бар екен.
«GoСауда» сауда алаңының ерекшелі­гі – ол біріншіден, отандық өнім, оны қуана айта аламыз. Екіншіден, ол ең алғашқы мобильді қосымша әрі қазақ тілінде, латын тілінде жазылған. Үшіншіден, ТМД мемлекет­терін қамтитын, байланыстыратын сауда алаңы боп тұр. Ол жерден зат сатып ала ала­сыз және затыңызды да сата аласыз.
Қалай десек те, онлайн-сауда – жаңа трендтердің бірі. Ауқымының күн санап артуы оның қоғамға қаншалықты қажет екенін айғақтайды. Бүгінде әуе, теміржол билеттерінің 99 пайызы онлайн-сауда арқылы сатып алынады. Болашақта базар атаулының барлығы да онлайн режимге көшеді деген болжам бар.

Ләйла РУСЛАН

Нақты қайнары: http://www.elarna.net/koru_kk.php?tur=5&id=987682
Пікірлер

Көрші сілтемелер