Еларна қолфон нұсқасына ену

Жүктеу-Албомым-Албомдар-Желі
Осы торды сақтаймын! | Осы торды бас бет етемін!

Біздің байланыс: elarna2012@gmail.com


Карантин маскүнемдікке соқтырмады - Aikyn.kz



Тіркеліңіздер Кітапхана Қожалар торабы Албомдар Қазақтың 1001 ертегісі

Түрі: Айқын газеті

Жолданған уақыты: 20:00 - 2020/06/23

Нақты Көзі: https://aikyn.kz/karantin-maskuenemdikke-soqtyrmady/


«Жұмыссыз әрі еріккен ел енді ішкілікке салынады» деп бал ашты білгіштер. Осындай жорамалдарға «елу грамды тартып жіберсең, коронавирус ене алмайды» деген фейк кеңестер де дем берді. Артынша мас жүргізушілер блок-бекеттерге «лап» қоя берді.

Бірақ қазақстандықтардың саналылық танытқаны, маскү­нем­дікке жаппай бой ұрмағаны енді статистика жүзінде белгілі болды. Ұлттық экономика ми­нистрлігінің Статистика коми­тетінің дерегінше, 2020 жылғы қаңтар-мамыр аралығында алко­гольді ішімдіктер өндірісі барлық дерлік түрі бойынша төмендеген. Тек арақ 3,5%-ға ұлғайып, 8,3 млн литрге дейін жетіпті (2019 жылғы ұқсас кезеңде 8,05 млн литрі жасалған).

Биыл 1,2 миллион литр арақ шетелге экспортталды. Соны­мен бірге жыл басталғалы шетел­ден осынша көлемде 1,2 млн литр арақ импортталды. Бұл былтырғыдан 36,6 пайызға кем. 2019 жылғы 5 айда Ресей, Украина және басқа да шет мемлекеттер 1 миллион 923,8 мың литр өнімін қазақстандық араққұмарларға өткізе алған болатын. Демек, «ащы суды» тұтыну бәрібір төмен­дегені байқалады.

Коньяк шығару 4,3%-ға не­месе 4,6 млн литрге дейін кеміді. 2019 жылы 4,8 млн литр болған.

Табиғи жүзімнен жасалған шарап өндірісі де «минусқа» кетті: өткен жылға қарағанда 26%-ға азайып, 17 миллион 977,5 мың литрі ғана сөреге жол тартты (былтырғы көрсеткіші – 24 млн 307,1 мың литр).

Сыра өндірісі 0,6%-ға төмен­деп, 261,5 млн литрмен шектелді (2019 жылы – 263 млн). Ликёр және өзге де спиртті ішімдіктер 2 есе құлдырады: 383,7 мың литрі тұтынылыпты (өткен жылы – 760,4 мың литр).

Energyprom сарапшыларының дерегінше, арақ өндірісі бойынша Ақмола облысы алда: жалпы көлемнің 34,8%-ы соның ен­ші­сінде. Көшбасшыдан теріскейдегі тағы бір өңір – Солтүстік Қа­зақстан облысы қалыспады: оған 22,7% үлес тиесілі. Үштікті 22,1% көрсеткішімен Алматы облысы тұйықтайды.

Алматы ликер-арақ комби­натында 1967 жылы 3, 4 және 5 жұлдызды «Қазақстан» коньягін шығару жолға қойылды. Со­дан бері бұл салада Алатау бөк­те­ріндегі алып мегаполис алды­на қара салмай келеді. Бүкіл нарық­тың жартысын – 44,5%-ын өзі олжалады. Алматы облысы үзеңгі қағыстыруға жақын қалды: 36,6%. 14,1% коньякты Шымкент жасайды.

Шарап өндірісінің алпауыты – Алматы облысы: биыл Қа­зақстанда өндірілген 5,9 млн литр шараптың 77,8%-ы соның еншісінде.

Сыра өндірісінің алыбы – Ал­маты: жалпы көлемнің 48,5%-ын иеленіп, сөрелер мен сыраханаларға 126,7 млн литр көпіршікті ішімдік жеткізді. Одан кейін Алматы (21,2%), Қарағанды (13,8%) облыстары келе жатыр.

Биыл қазақстандық компа­ниялар экспортқа шығу сыртында арақ пен ликер бойынша ішкі сұраныстың 81,6%-ын, сыра бойынша 93,7%-ын өздері өтеді. Шараптың ауқымды бөлігі – 30,3%-ы сырттан тасылыпты. Ал коньяк импорты бір жыл ішінде 8 есеге шарықтап шыға келді. Шетелдік коньяктың ішкі нарықтағы үлесі бүгінде 51%-ға жетті. Былтырғы І тоқсанда 89,2% үлес отандық компаниялар қанжығасында болатын.

 

Елдос СЕНБАЙ

 

 

 
Нақты қайнары: http://www.elarna.net/koru_kk.php?tur=5&id=1206620
Пікірлер

Көрші сілтемелер