Еларна қолфон нұсқасына ену

Жүктеу-Албомым-Албомдар-Желі
Осы торды сақтаймын! | Осы торды бас бет етемін!

Біздің байланыс: elarna2012@gmail.com


Коронавирус індеті ауыздықтауға көнбей тұр



Тіркеліңіздер Кітапхана Қожалар торабы Албомдар Қазақтың 1001 ертегісі

Түрі: Егемен торы

Жолданған уақыты: 08:00 - 2020/07/01

Нақты Көзі: https://egemen.kz/article/240957-koronavirus-indeti-auyzdyqtaugha-konbey-tur


Әсіресе Солтүстік Америка және Ла­тын Америкасы құрлықтарында індеттің таралу қарқыны қатты. Бүгінде науқастар саны жағынан бірінші орында АҚШ тұр. Осы елде коронавирус жұқтырғандар саны 2,6 миллион адамнан асқан. Сондай-ақ 128 мыңнан астамы көз жұмды.

Құрама Штаттарының бірнеше шта­ты пандемияға байланысты салынған ка­рантиндік шектеулерді жеңілдетуді жоспарлаған еді. Алайда кейінгі бірнеше күнде COVID-19 жұқтырғандардың қайта көбеюі салдарынан бұдан бас тартуға тура келді. Әсіресе Лос-Анджелесте науқастар саны күрт артқан. Мәселен, осы дүйсенбіде 7418 адамның қауіпті дертті жұқтырғаны анықталды. Осыған байланысты бірқатар штат жағажайларды, мейрамханаларды, жаттығу залдарын, түнгі клубтар мен кинотеатрларды жабуға шешім қабылдады.

Тағы бір солтүстікамерикалық мем­лекет Мексикада да жағдай мәз емес. Бү­гінде мұнда вирус жұқтырғандар саны 216 мыңнан асқан. 27 мың адам бұл пәнимен қоштасты. Ел билігінің айтуынша, нау­қастар саны бұдан әлдеқайда көп болуы әбден мүмкін. Өйткені жеткілікті дең­гейде тестілеу жүргізуге мүмкіндік жоқ. Оның үстіне, тұрғындар карантиндік ша­ра­ларды сақтауға құлықсыз. «Жы­ғыл­ғанға жұдырық» демекші, елде дәрі-дәрмек жағы тапшы. Соған байланысты COVID-19-бен ауыратын жүздеген адам күн сайын АҚШ-Мексика шекарасы­нан өтіп, көрші елден қажетті дәрі-дәр­мек әкелуге ағылады. Мұның бәрі көр­ші жатқан мемлекеттердегі жағдайды тұрақ­тандыруға қиындық туғызып отыр, Латын Америкасында да ахуал күрде­лі. Джонс Хопкинс университетінің дерек­теріне сәйкес, Латын Америкасы және Кариб бассейні елдерінде коронавирустан қайтыс болғандар саны 100 мыңнан асып жығылды.

Бразилияда 1,4 миллионға жуық  адам­ға вирус жұққан. 58 мыңнан аса адам індеттен көз жұмды. Оған қоса, Бразилияда ел президенті Жаир Болсанарудың жүргізген саясатына қарсы наразылық акциясы басылар емес. Шерушілер президенттің орнынан кетуін талап етіп отыр. Өткен жексенбіде елдегі үлкен қалалар мен әлемнің 20-ға жуық мемлекетінде бразилиялықтар Болсанарудың тағын босатуды сұрап, көшеге шықты. Бұған Жаир Болсанарудың өзі кінәлі. Ол бұған дейін COVID-19-ды «жай ғана тұмау» деп айтып қалып, сынға ұшыраған еді. Бразилия да Мексика секілді қатаң карантиндік шараларды енгізбеген-ді.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Бразилия билігінің коронавирус ін­детімен күрестегі шараларын сынға алып, жағдайды тұрақтандыруға шақырды.

Ұйым сарапшыларының айтуынша, Бразилия пандемиямен күресті жүйелі жүргізіп, федеральдық және штаттық деңгейде шешімдер қабылдауы тиіс. Сондай-ақ ұйым тарапы Бразилия ден­саулық сақтау министрлігінің науқастарды емдеуге қолдану үшін алдырған дәрілердің пайдасыз екенін алға тартады.

Сондай-ақ Перу мен Чилиде де науқастар саны артып барады. Соңғы деректер бойынша Перуде 282 мыңнан аса адам ауырса, он мыңға жуық тұрғын індеттің салдарынан бақиға аттанды. Чилиде 276 мыңға жуық адам COVID -19 құрығына іліккен. Бұл елде өмірден өткендер саны 5,5 мыңға жетіп отыр. Сарапшылардың пайымдауынша, аталған елдердің кейбірі пандемияның шарықтау шегінен әлі өткен жоқ.

Үшінші орында тұрған Ресейде 651 мыңға жуық адамға коронавирус диагнозы қойылған. Бүгінге дейін бақилық болғандар саны 9 мыңнан асты. Өткен тәулікте 6 719 адамның вирус жұқтырғаны анықталып, 104 науқас қайтыс болды. Дегенмен Ресейдегі статистиканың күмәнді тұсы көп. Мәселен, ел билігі ресми статистикаға COVID-19 диагнозы бар бүкіл қайтыс болған науқастардың бәрін енгізбейді. Қайтыс болуына инфекция әсер етті деген шешім шығарылса ғана тізімге енгізіледі. Оған қоса, Федералдық штаб статистикасы мен аймақтық статистика арасында айырмашылық бар. Штаб пен Росстат, аймақ мәліметі де бір-бірінен алшақ. Жауапты мекеме қызметкерлері мұны есептеу барысында түрлі әдіс қолданатындығымен түсіндіреді.

Үндістан да коронавирусты ауыз­дықтай алар емес.  Осы елде 567 мыңға жуық науқас тіркелген. Дәрігерлер вирустың әлі де өрши түсетінін, шілденің соңына қарай науқастың саны миллионға жететінін айтады. Үндістан астанасы Делиде жағдай қиын. Өткен тәулікте ел аумағында 18 мыңнан аса адам қауіпті дерттің тырнағына ілінгені анықталса, Делиде 4 мыңға жуық адам вирус жұқ­тырған. Бұл – пандемия басталғалы бергі ең жоғары көрсеткіш. Делиде барлығы 66 мыңға тарта адам індетке шалдыққан.

Сырқаттану өсімі күн санап артып келеді. Билік өкілдері адамдардың жүріп-тұруын және байланыста болғандарды анықтауды жіті бақылауға алатынына уәде еткен. Бірақ ауруханалардың аузы-мұрнына шығып толуына байланысты елдегі қонақүйлер де науқастар қабыл­дауға мәжбүр. Сонымен қатар кей жер­лерде коронавирус тестінің нәтижесі қате беріліп, елдегі науқастардың нақты саны жасырылып отыр деген күдік бар. Жуырда Үндістан карантин шараларын жеңілдеткен, алайда вирустың таралу қарқыны өршімесе, басылар емес.

Бірқатар елдегі жағдайдың ушық­қанына қарамастан, кей мемлекеттер вирустың таралу ауқымын бәсеңдетті. Соның нәтижесінде карантиндік шаралар жеңілдетіліп жатыр. Еуропалық одақ 1 шілдеден бастап шекараны ашуды жоспарға енгізді. Әйтсе де, коронавирус бойынша ахуал күрделі елдермен шекара жабық күйінде қалады. Атап айтқанда, АҚШ пен Ресейден келетін туристер әзірге кіргізілмейді.

Брюссель билігі коронавирустан ада, «қауіпсіз» елдер тізімін түзді. Оған Алжир, Аустралия, Канада, Грузия, Жа­пония, Черногория, Марокко, Жаңа Зелан­дия, Руанда, Сербия, Оңтүстік Корея, Таиланд, Тунис және Уругвай енген. Бұған өзгеріс енгізілуі мүмкін. Тізім екі апта сайын қайта жаңаланып отырады.

Мальдив аралдары туристерді қа­был­дауға дайын. Ел президенті Ибрагим Солих туристерді 15 шілдеден бастап қабылдайтынын мәлімдеді. Бұл ретте, шетелден келген меймандар тест нәти­жесін көрсетуі қажет емес. Жалпы, Маль­див аралдары туризмнен табыс тауып отырған мемлекет. Сондықтан алыстан ат терлетіп келген меймандарға жеңілдік жасауы да осыған байланысты.

Жаңа Зеландия 9 маусымда вирус жұқтырған науқастардың қалмағанын, COVID -19-дан таза ел екенін мәлімдеген. Мұндай жағымды жаңалықтан кейін ел билігі Жаңа Зеландияда барлық шектеу шарасы алынатынын хабарлады. Дегенмен әлі де ел шекарасы жабық.

Жаңа Зеландия коронавирустан құтыл­ғанын жариялағанымен, тестілеу шара­ларын тоқтатқан жоқ. Мәселен, шека­радан өткен кез келген адам екі апта бойы бақылауға алынып, одан осы аралықта екі рет тест алынады. Жал­пы, шекара қызметіндегі барлық адам тестілеуден өтуі керек. Дегенмен шетел­дерден Жаңа Зеландия азаматтары қайта оралуына байланысты олардан тест алынып, нәтижесінде бүгінге дейін 22 адамның вирус жұқтырғаны анықталды. Ел премьер-министрі Джасинда Ардерн науқастар саны аз болғанына қарамастан, 25 наурызда шекараны жабуға шешім қабылдады. Жаңа Зеландияда барлығы 1 504 адам вирус жұқтырып, 22 науқас қайтыс болды.

Нақты қайнары: http://www.elarna.net/koru_kk.php?tur=4&id=1211435
Пікірлер

Көрші сілтемелер