Еларна қолфон нұсқасына ену

Жүктеу-Албомым-Албомдар-Желі
Осы торды сақтаймын! | Осы торды бас бет етемін!

Біздің байланыс: elarna2012@gmail.com


Қазақстан Президенті «Абай-Шәкәрім» мемориалдық кешенін аралап көрді



Тіркеліңіздер Кітапхана Қожалар торабы Албомдар Қазақтың 1001 ертегісі

Түрі: Хабар арнасы

Жолданған уақыты: 21:51 - 2020/10/15

Нақты Көзі: https://khabar.kz/kk/news/kogam/item/128483-kazakstan-prezidenti-abaj-shakarim-memorialdyk-keshenin-aralap-kordi


Қазақстан Президенті «Абай-Шәкәрім» мемориалдық кешенін аралап көрді

Абайдың 175 жылдық мерейтойы аясында еліміздегі ақын ескерткіштерінің қатары тағы бір мүсінмен толықты.

Семей қаласында «Ұлы ақын Абай ұлдарымен» атты ескерткіш ашылды. Бұған дейінгі ескерткіштерде Абайдың жалғыз өзін бейнеленсе, бұл жолы қос ұлы Ақылбай және Тұрағұлмен тұрған сәті тасқа қашалған. Салтанатты шараға Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзі қатысып, шымылдығын ашып берді.

Биыл атаулы жылдың аясында өңірде ақынның атын ұлықтайтын бұдан да өзге бастамалар жүзеге асырылған. Абай еңбектері он тілге аударылып, әлемнің белді кітапханаларына таратылды. Шетелдегі елшіліктер жанынан Абай орталықтары ашылды. Сондай-ақ бұдан былай ЖОО-ларда «Абайтану» курсы оқытылып, Абай мектептері ашылуы мүмкін.

Бұл – Абайдай ойшылдың соңғы он жыл өмірі өткен әйгілі Жидебай жері. Алыстан көзге шалынатын қос мұнарада Абай мен Шәкәрім, інісі Оспан, әжесі Зере мен анасы Ұлжанның сүйегі жатыр. Кесене айналасындағы қазіргі көріністі былтырғы бейнесімен мүлде салыстыруға келмейді. Алты ай ішінде адам танымастай өзгеріпті. Абай тойының арқасында жол да төселген, ағаш та егілген, мұражайдың да іші бастан-аяқ жаңартылыпты.

Шынар Асанқызы, тілші:

- Жидебайдағы Абайдың мына мұражайы ақын қыстауының орнында бой көтерген. Мұндағы бөлмелерге дейін өзі жобалап, ең мықты деген ұсталарды шақырып, қалалық стильде салдырған екен. Абай өмірінің соңғы он жылын дәл осы үйде өткізген. Яғни соңғы он жылда тұтынған бүкіл құнды жәдігер осында сақталған. Мынау жұмыс бөлмесі, оның 76 өлеңі, екі әні және 45 қара сөзінің 27-сі осы бөлмеде туған. Мына тұрған жазу үстелі, орындық, сиясауыт – соның куәсі.

Қонақүй, ас бөлме, сүйектен жасалған төсек қаз-қалпында тұр. Абай қолының табы бар бұйымдар да сол күйінде сақталған. Батыс-Сібір губернаторынан сыйға алған мылтығы, қабырға сағаты мен Мағауияға жазған хаты, сәби күнінде шомылған жез легені бәрі орнында. Бірақ Абай жоқ, Абай өмір сүрген орта да келмеске кеткен. Ұлылар мәңгілік тыныс тапқан жерге Мемлекет басшысы бастаған топ тәу ете келді.

Мұрағатта Абайдың көзі тірісінде түскен екі-ақ фотосуреті сақталған. Есесіне ескерткішін әрбір өңір, әрбір аудан, тіпті әлем картасынан таба аласыз. Солардың қатары тағы толықты. Бірақ бұл жолғысының жөні бөлек. Ескерткіш 1986 жылы Семейдегі Кузнецов есімді фотосуретшінің салонында түсірілген түпнұсқа фотоның негізінде жасалған.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Мына еңселі ескерткіш жас ұрпаққа тағылымды ой салуы тиіс. Абай және оның сөзі мен ісін жалғаған парасатты перзенттері – Абай мен Тұрағұл елге үлгі боларлық перзенттер. Мұнда ұрпақ сабақтастығы, әке мен баланың сыйластығы бейнеленген. Бұл – Құнанбай әулетінің тектілігін танытатын туынды. Абай шаңырағындағы тағылымы – ұлт қалыптастыратын факторлардың бірі.

Ескерткіш Семейдегі Абай мұражайының алдына орнатылған. Биыл ғимараттың іші де толық жаңартылыпты. Бұрын қонақтар тек жәдігерлерді тамашаласа, енді мультимедиялық экрандар арқылы ақынның әндерін, Зере әжесінің ертегілерін де тыңдай алады.

Мейрамгүл Қайрамбаева, Абай музейі директорының орынбасары:

- Инсталяциясын жасауға негіз болған біздің қорымызда сақтаулы Волочук атты суретшінің «Бала Абай әжесі Зеремен Байкөкше ақынды тыңдауда» деген картинасы негіз болған. Мұндағы басты мақсат – бала Абайдың қалыптасуына қазақ ауыз әдебиетінің, қазақ ақындарының ықпал етуін көрсету.

Президент аралап шыққан бұл көрме де ақын заманынан сыр шертеді. Ақын суреттері облыстық өнер мұражайында ұзақ жылдар бойы сақталып келе жатқан жәдігерлер.Сөредегі сирек кітаптар Абай кітапханасының қорынан жеткізілген. Біле білгенге Абай ілімінде қазаққа қажет нәрсенің бәрі бар. Нарық та, демократия да, ел басқару да, бәсекелестік те, ғылым-білім де. Заманынан озық туған деп осындайда айтса керек.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Ол өз шығармалары арқылы ел еңсесін тіктеуге зор үлес қосты. Ұлы ақын ұлтты ұйыстырып, әділетті қоғам құруға үндейді. Біз ұсынған «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы дәл осы ұстаныммен сабақтас. Түйткілді мәселені мемлекет пен қоғам өкілдерінің бірлесе талқылауы – өркениетті қоғамның белгісі. Мұндай пікір алмасу халықтың билікке деген сенімін арттырады. Тұрақтылықты нығайтады. Билік пен бұқараны жақындастыратын осы идеяның бастауында ұлы Абай тұр деп сеніммен айта аламыз.

Қасым-Жомарт Тоқаев тұлғаның «Толық адам» тұжырымдамасын қайта зерделеуді бұған дейін де көтерген-ді. Өйткені табысқа, бақытқа жету үшін әрбір адам Абайдың осы ілімін игеруі қажет. Президент абайтанушылармен кездесу кезінде тағы айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Абай аңсаған қоғам – ойы озық, санасы сергек, толық адамның толыққанды қоғамы. «Толық адам» дегеніміз – сол замандағы инновациялық философия үрдісі. Турасын айтсақ, Абай өз заманынан озып шықты деген сөз. Себебі орыс тілінде «Цельная натура» я болмаса ағылшын тілінде «A person of integrity» деген түсініктер әлдеқайда кеш пайда болды. Біз ақын мұрасына және зиялылардың әлеуетіне сүйеніп, осындай қоғам орнатуымыз керек. Ол қоғамның ұлттық идеясы білім мен ілімге жетелейтін ағартушылық ұстаным болуға тиіс.

Биыл атаулы жылдың аясында өңірде ақынның атын ұлықтайтын бірнеше бастама жүзеге асырылды. Семейдегі әуежайға Абайдың аты берілді. Шетелдегі елшіліктер жанынан Абай орталықтары құрылып, Семей қаласына тарихи орталық статусы берілді. Ал елордадағы ЕҰУ жанынан Абай академиясы ашылды. Бұдан былай ЖОО-ларда «Абайтану» курсын оқыту қолға алынады.

Абай туралы жазбаларда оның 18 жыл билікте болғаны айтылады. Яғни 12 жыл болыс, алты жыл би болған адам. Абайтанушылар: «Ақын заманында адал бидің салтын сақтағандар сирек болды», – деп жазады. Би атағын сатып беру белең алады. Ақынның: «Бас басына би болған өңкей қиқым», – деп қынжылатыны да содан болса керек. Бірақ бітім іздеген жандар: «Абайдың алдына барсақ, арызымызды Абай қараса», – деп тілейді екен.

Әсет Мырзақасым, абайтанушы:

- Абай болыс болғанда заманына қарай патшаның ұлықтарына мойынсұнып, басын ие берген адам емес. Өзінің заманында балаларды оқыту үшін Семейдегі интернаттардағы қазақ-орыс мектептеріне өзінің болысынан балаларды оқытып тәрбиелуге көндірген. Абайдың кезінде халықты тұрақтандыруға жол салған. Бақанас, Байқошқардағы жерде өзенді бөгеп, арық қазып, бидай шығаратын дәрежеге жеткен.

Абайдың аталас туысы Манатай қарияның да айтары мол. Ақынның көзін көрмеген, бірақ «Абай жолы» шығармасы көз алдында жазылыпты. Әкесі Балтақайдың жақын досы болып келетін Мұхтар Әуезов бала күнінде өзімен бірге қалаға алып кетеді. Эпопея жазылып жатқан тұста Әуезовтің үйінде жатып оқыған екен.

Манатай Балтақайұлы, Абай ауданының құрметті азаматы:

- Ол кезде «Абай жолының» бірінші кітабы шыққан. Екіншісі де сол жерде шықты-ау деймін. Бір данасын жазып, біздің әкейге жіберген. Абайдың киносына алып барып, «Абай» әні ең бірінші шыққанда Мұхтармен бірге барғанмын. «Не ұқтың?» деген сұрағына жауап бергенімде мені жақсы көріп, бауырына басатын.

Президент сапар кезінде Абай еңбегін насихаттауға үлес қосқан жандарды арнайы марапаттады. Сосын Семей жұртшылығымен де жүздесуге уақыт тапты.

Бұл – ескі Семейдің орталығынан бой көтерген Қарағайлы деп аталатын жаңа аудан. Көпқабатты 22 үй бар. Таяу арада 125 көпбалалы отбасы қоныс тойын тойламақшы.

Ал бұл – осы шағын ауданда орналасқан «Арена» спорттық кешені. Бес мыңнан аса адам сияды. «Мұндай орталық тіпті облыс орталығында да болмаған», – дейді спортшылар. Құрылысы аяқталғанына да жылға жуықтап қалды. Ішінде жаттығу залдары, бассейннің түр-түрі бар. Президент нысанды бастан-аяқ аралап көрді. Жаттықтырушылар болашақта Семейде де суға жүзудің хас шеберлерін, тіпті Олимпиада чемпиондарын даярлап шығуға уәде берді.

Абзал Толқынбаев, суға жүзуден аға жаттықтырушы:

- Бір топта 30-35 бала жаттығады. 70-80% бір апта ішінде қабілеттерін көрсетіп жатыр. Мақсатымыз – балаларды Олимпиада чемпионы қылу.

Міржақып Дулатовтың 1914 жылы «Қазақ газетіне» былай деп жазғаны бар екен: «Абайдың өлген күнінен қанша алыстасақ, рухына сонша жақындармыз. Абай құрметі күннен күнге артылар. «Бірінші ақынымыз» деп қабірін халқы жиі-жиі зиярат етер. Ол күндерді біз көрмеспіз, бірақ біздің рухымыз сезер, қуанар». Міржақып айтқандай, Абай мұрасын бұрынғыдан да тереңірек зерделер кез осы болса керек.

Авторлары: Шынар Асанқызы, Азамат Саметов, Айдос Ентебеков

Нақты қайнары: http://www.elarna.net/koru_kk.php?tur=31&id=1281198
Пікірлер

Көрші сілтемелер