Еларна қолфон нұсқасына ену

Жүктеу-Албомым-Албомдар-Желі
Осы торды сақтаймын! | Осы торды бас бет етемін!

Біздің байланыс: elarna2012@gmail.com


Құтқарушылар ер немесе әйел деп бөлінбейді, бәрінікі бір қызмет - подполковник Гүлнар Атығаева



Тіркеліңіздер Кітапхана Қожалар торабы Албомдар Қазақтың 1001 ертегісі

Түрі: Қазақпарат

Жолданған уақыты: 17:33 - 2020/10/18

Нақты Көзі: https://www.inform.kz/kz/kutkarushylar-er-nemese-ayel-dep-bolinbeydi-bariniki-bir-kyzmet-podpolkovnik-gulnar-atygaeva_a3707540


Құтқарушылар ер немесе әйел деп бөлінбейді, бәрінікі бір қызмет - подполковник Гүлнар Атығаева

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – 19 қазан – Төтенше жағдайлар қызметінің құрылған күні. Жүректілер мен білектілердің басын тоғыстырған өрт сөндіру қызметінде негізінен ер адамдар еңбек еткенімен, бұл салада жоғары жетістіктерге жеткен қыз-келіншектер де баршылық. Соның бірі - Солтүстік Қазақстан облысы төтенше жағдайлар департаменті «Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі» ММ күш-құралдарды жедел басқару орталығы бастығының орынбасары Гүлнар Атығаева. Кәсіби мереке қарсаңында ҚазАқпарат тілшісі азаматтық қорғау подполковнигі Гүлнар Оралбекқызымен сұхбаттасқан еді.

Ұқсас жаңалықтар
Жыл басынан бері Алматының құтқару қызметіне 125 мың қоңырау түскен

- Өзіңіз жайында айтсаңыз, қай жердің тумасысыз, қандай оқу орнын бітірдіңіз, мамандығыңыз, еңбек өтіліңіз қандай?

- Ақмола облысында дүниеге келгем. 1999 жылы Ш. Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетін инженер-экономист мамандығы бойынша бітірдім. Сол жылы тағдырдың айдауымен Көкшетау техникалық институтына жұмысқа тұрып, еңбек жолымды қаржы бөлімінің бас маманы болып бастадым.

Кейін штаттың ұлғаюымен жарты жылдан кейін біліктілікті арттыру факультетіне өртке қарсы қызметтің есеп бойынша технигі болып ауыстым. Алғашқы офицерлік лауазымды екі жылдан кейін алдым.

Он жылдан артық өрт сөндіру қауіпсіздігі бойынша осы салада маман дайындайтын еліміздегі жалғыз жоғары оқу орнында Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген жастарға экономика, менеджмент, маркетинг негіздерінен дәріс оқыдым. Тіршілік қауіпсіздігі негіздері – бұл менің екінші мамандығым.

Бүгінде бұл салада 20 жылдық еңбек өтілім бар, азаматтық қорғау подполковнигімін. Жеті жылдан бері Петропавлда еңбек етіп жатырмын. «Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі» ММ күш-құралдарды жедел басқару орталығы бастығының орынбасары және топ штабының бас маманымын.

- Сіздің қазіргі жұмысыңыздың маңызы неде, немен айналысасыз, неге жауап бересіз?

- Менің қазіргі жұмысым негізінен құжаттармен байланысты. Жоғарыдан келетін тапсырмалардың жылдам әрі сапалы орындалуына жауап беремін. Барлық ақпарат, түрлі баяндамалар алдымнан өтеді.

- Өрт сөндіру қызметі саласына келуге не түрткі болды? Осы саланы таңдағаныңызға өкінген кезіңіз болды ма?

- Бұл салаға ойда-жоқта келдім. Жоғары оқу орнын бітіргеннен кейін хабарландыруды көрдім. Келіп, құжаттарымды тапсырып, еш қиындықсыз орналастым.

Бізді әке-шешеміз қатаңдықта тәрбиеледі. Отбасымызда адамгершілікті жоғары қойып, жауапкершілік, тәртіп бірінші орында болды. Содан да болар, ағаларым құқық қорғау органдарында жұмыс істейді. Мен де қайсар мінезімнің арқасында осы салада жемісті еңбек етіп келе жатырмын.

Әрине, әр жұмыстың өз қиындығы бар ғой. Мұнда да солай. Ант қабылдағаннан кейін бұйрықты бұлжытпай орындауға міндеттісің. Бірінші кезекте тәртіп тұрады. Бірақ осы мамандықты таңдағаныма өкінген кезім болған жоқ. Тіпті, басқа жұмысқа ауысамын, тастаймын деп ойламаппын да.

Есіме түсіп отыр, жас кезім, ол кезде әлі лейтенантпын, маған және әріптестерім Динара Берденова мен Саида Сәдуақасоваға тез арада штаттық ұйымдастырудағы өзгерістерді теріп, басу міндеті қойылды. Сол құжаттарды біз екі тәулікке жуық орнымыздан тұрмай тердік. Бізге ішетін тамағымызды әкеліп беріп тұрды.

Погон таққан қызметте әйел, ер деп бөлмейді. Жұмысты бәрімен бірдей атқарасың. Жұмыстың көптігінен түнгі сағат 00.00-ге дейін істейтін кездер болды.

Өрт сөндіру бөлімшелеріне немесе жоғары оқу орнының зертханалық корпусына, жатақханасына тәуліктік кезекшілікке түсетінбіз. Бірнеше айлап демалысты көрмей жұмыс істеген кездер болды.


- Әйел – шаңырақтың ұйытқысы. Бала тәрбиесі, одан қалды үй тірлігі бар. Бәріне қалай үлгересіз?

- Жолдасым Нұрлан Бауыржанұлы - менің әріптесім. Ол СҚО ТЖД бастығының орынбасары. Екі қыз өсіріп, тәрбиелеп отырмыз. Әрине, уақыттың көп бөлігі жұмыста өтеді. Сол себепті әр демалысты отбасымызбен бірге, қызықты, әрі есте қалатындай етіп өткізуге тырысамыз. Мен тамақ пісіргенді жақсы көремін. Хоббиім десем де болады. Өте қонақжаймын. Үйдің берекелі болуы, жанға жайлы атмосфераның қалыптасуы – бәрі әйелге байланысты.

- Қыздарыңыз сіздердің жолыңызды қуып, өрт сөндіру қызметін таңдаса қарсы болмайсыз ба?

- Бұл қызметте мықты мінез керек. Екінің бірі шыдай бермейді. Үлкен қызым шығармашылыққа жақын. Кіші қызымның мінезі жұмсақ. Мен оларды басқа мамандықта көргім келеді.

- Кәсіби мереке қарсаңында әріптестеріңізге не тілер едіңіз?

- Өрт сөндірушілердің арасында «Жеңдерің құрғақ болсын» деген бір жақсы тілек бар. Күнде өлім мен өмірдің арасында арпалысып, әрдайым тілсіз жаумен бетпе-бет келуге дайын әріптестеріме сәттілік тілеймін.

- Әңгімеңізге рахмет!


Нақты қайнары: http://www.elarna.net/koru_kk.php?tur=3&id=1282761
Пікірлер

Көрші сілтемелер