Еларна қолфон нұсқасына ену

Жүктеу-Албомым-Албомдар-Желі
Осы торды сақтаймын! | Осы торды бас бет етемін!

Біздің байланыс: elarna2012@gmail.com


Күпірлікпен айыптау - Sunna.kz



Тіркеліңіздер Кітапхана Қожалар торабы Албомдар Қазақтың 1001 ертегісі

Түрі: Қазақстан сұннет

Жолданған уақыты: 09:50 - 2021/01/11

Нақты Көзі: https://sunna.kz/2021/01/11/11012101/


Күпірлікпен айыптау - Sunna.kz

Мұсылман қоғамын әлсіретіп, құрдымға апарар себептің бірі бірін-бірі күпірлікпен айыптау әдеті.

Күпірлік – Аллаға және Пайғамбарларына сенбеу, діннің әмірі мен тыйымдарына қарсы келу, жаратылыс ақиқатын мойындамау. Аллаға, Пайғамбарына сенбеумен ғана емес, діни үкімдердің қандай да біреуіне қарсы келумен де орын алады[1].

«Куфр» көптеген араб сөздіктерінде, соның ішінде Ибн Манзурдың[2] «Лисәнул Араб» сөздігінде «жабу», «мойындамау» немесе «жасыру» деген мағыналарды білдіреді. Құран Кәрімде:

وَبِنِعْمَتِ اللَّهِ هُمْ يَكْفُرُونَ

«Алланың нығметіне шүкірсіздік (мойындамау) ете ме?»[3].

Күпірліктің екі түрі бар:

Бірінші түрі: Үлкен күпірлік. Ол ислам дінінен шығарады. Оның бес түрі бар:

Жалғанға шығару. Аллаға сенбей, қарсылық білдіріп, Пайғамбарға (Алланың салауаты мен сәлемі болсын) және оған уахи етілген Құранды өтірікке шығару. Тек өзі ғана адасып қоймай жүрген жерінде басқаларға да осы сөзін жайып жүретін адамдар. Алла Тағала ондай адамдарды ең зұлым адамдар қатарына кіргізеді:

وَمَنْ أَظْلَمُ مِمَّنِ افْتَرَىٰ عَلَى اللَّهِ كَذِبًا أَوْ كَذَّبَ بِالْحَقِّ لَمَّا جَاءَهُ ۚ أَلَيْسَ فِي جَهَنَّمَ مَثْوًى لِلْكَافِرِينَ

«Аллаға жасанды жала жапқаннан немесе келген шындыққа қарсы болғаннан залым бар ма? Кәпірлердің орны тозақ емес пе?»[4].

Тәкәппарлықтан болған күпірлік. Енді бір адамдардың күпірлік жасауының себебі – бойындағы тәкәппарлығынан арыла алмауы. Өзіне берілген азды-көпті билікке, білімге, байлыққа масаттанып, Аллаға иман келтіріп, құлшылық қылғандардан өзін жоғары ұстауында жатыр. Алла Құран Кәрімде Ібілістің Алланың рақымынан алыс болуының басты себебі – тәкәппарлығынан екенін былайша суреттейді:

وَإِذْ قُلْنَا لِلْمَلَائِكَةِ اسْجُدُوا لِآدَمَ فَسَجَدُوا إِلَّا إِبْلِيسَ أَبَىٰ وَاسْتَكْبَرَ وَكَانَ مِنَ الْكَافِرِينَ

«Сол уақытта періштелерге: «Адамға сәжде қылыңдар» дедік. Сонда олар дереу сәжде қылды. Бірақ Ібіліс бас тартып, дандайсып қарсы келушілерден болды»[5].

Күмәннан туған күпірлік. Бұлтартпас дәлелдермен келген хабарларға күмәнмен қарайды. Ол үшін қияметтің орын алу, барлық адамдардың хашыр алаңында жиналуы, әр адамнан Алланың жеке-жеке есеп алуы күмәнді нәрсе. Оған осындай хабарлар жеткізілсе: «Жоқ, мүмкін емес, ақылға сыйымсыз, діндарлардың қарапайым адамдарды қорқыту үшін ойлап шығарған айласы», – деп басын шайқайды. Алла Тағала Құран Кәрімде:

وَدَخَلَ جَنَّتَهُ وَهُوَ ظَالِمٌ لِّنَفْسِهِ قَالَ مَا أَظُنُّ أَن تَبِيدَ هَـٰذِهِ أَبَدًا ﴿٣٥﴾ وَمَا أَظُنُّ السَّاعَةَ قَائِمَةً وَلَئِن رُّدِدتُّ إِلَىٰ رَبِّي لَأَجِدَنَّ خَيْرًا مِّنْهَا مُنقَلَبًا ﴿٣٦﴾ قَالَ لَهُ صَاحِبُهُ وَهُوَ يُحَاوِرُهُ أَكَفَرْتَ بِالَّذِي خَلَقَكَ مِن تُرَابٍ ثُمَّ مِن نُّطْفَةٍ ثُمَّ سَوَّاكَ رَجُلًا ﴿٣٧﴾ لَّـٰكِنَّا هُوَ اللَّهُ رَبِّي وَلَا أُشْرِكُ بِرَبِّي أَحَدًاً

«Ол өзіне зұлымдық еткен түрде бақшасына кірді де: “Тіпті бұны жоқ болады деп ойламаймын” деді.(36) “Әрі қияметтің болатындығын да ойламаймын деді. Мүбада Раббыма қайтарылсам, әрине бұдан да орын табамын” (деді).(37) Жолдасы оған сөйлесіп тұрып: “Сені топырақтан, сонан кейін бір тамшы судан жаратып, сонан соң Адам еткен Аллаға қарсы келесің бе?” (деді).(38) “Бірақ, менің Раббым, Ол Алла; Раббыма ешбіреуді серік қоспаймын»[6].

Қарсы келу арқылы күпірлік жасау. Аллаға иман келтіру, Оның адам баласына көрсеткен қағидаттарымен жүру – оның табиғатына, өміріне салтына қайшы, тіпті ол үшін материалдық тұрғыда тиімсіз де болуы мүмкін. Мекке мүшріктерінің сансыз пұттарын тастап бір Аллаға құлшылық қылмауының бір себебі – әр рудың пайда көзі болған пұттарды бір Аллаға айырбастау олар үшін материалдық тұрғыда тиімсіз болды. Алла Тағала Құран Кәрімде:

وَالَّذِينَ كَفَرُوا عَمَّا أُنذِرُوا مُعْرِضُونَ

«Ал сондай қарсы болғандар ескертілген нәрседен жалтаруда»[7].

Екіжүзділіктен болатын күпірлік. Енді бір адамдар бар жағдайға байланысты біресе мұсылман бетпердесін кисе, ахуалдар өзгерген кезде, мұсылмандардан күш кете бастағанда дінсіздің бетпердесін киіп шыға келеді. Бұндай адамдар қоғамымызда да кездесіп жатады. Алла Тағала:

ذَٰلِكَ بِأَنَّهُمْ آمَنُوا ثُمَّ كَفَرُوا فَطُبِعَ عَلَىٰ قُلُوبِهِمْ فَهُمْ لَا يَفْقَهُونَ

«Міне расында олар иман келтіріп, кейін қарсы келгендіктерінің салдарынан жүректері бітелген. Енді олар түсінбейді»[8].

Екінші түрі; Кіші күпірлік. Мұндай сипаттағы адамдар діннен шықпайды. Ол Құранда, хадистерде келген діннен шығармайтын күнәлар. Мысалы қуаты төмендеу дәлелдермен келген хабарларға иланбауы. Ақырет күніне иман келтірмеу діннен шығарса, ақыреттегі болатын әлсіздеу хабарлармен келген кейбір оқиғаларға сенбеу діннен шығармаса да кіші күпірлік жасаған болады.

 Құран кейбір аятында «куфр» сөзі Алланың нығметтерін жоққа шығарған адамдар хақында келген:

وَضَرَبَ اللَّهُ مَثَلًا قَرْيَةً كَانَتْ آمِنَةً مُّطْمَئِنَّةً يَأْتِيهَا رِزْقُهَا رَغَدًا مِّن كُلِّ مَكَانٍ فَكَفَرَتْ بِأَنْعُمِ اللَّهِ فَأَذَاقَهَا اللَّهُ لِبَاسَ الْجُوعِ وَالْخَوْفِ بِمَا كَانُوا يَصْنَعُونَ

«Алла сендерге бейбітшіліктегі жайбарақат бір кентті мысал берді: Оған әр тараптан мол ризық келуші еді. Ақырында, Алланың нығметіне қарсы келді. Сондықтан Алла оларға қылықтарының салдарынан ашаршылық және қауіп-қатердің тонын кидіріп жапа тарттырды» [9].

Сол секілді Пайғамбарымыздың (Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадисінде келгендей:

سَبّابُ الْمُسْلِمِ فُسُوقٌ وَقَتَّالُهُ كُفْرٌ

«Мұсылманды балағаттаушы пасық, өлтірушісі залым»[10], – деген.

Бұл жерде «куфр» сөзі залым, Алланың ашуына ұшыраған адам ретінде келтіріледі, өйткені оған Құран Кәрімнің мына аяты дәлел:

يَا أَيُّها الَّذِينَ آمَنُوا كُتِبَ عَلَيْكُمْ الْقَصَاصَ فِي الْقَتْلَى

«Әй, мүміндер! Сендерге қысас (есе қайтару) парыз етілді»[11].

Алла тағала кісі өлтіруші күнәһарды мүмін санатына жатқызған. Өйткені Құранда «Ей, мүміндер» деп келеді.

Үлкен күпірлік пен кіші күпірлік арасында айырмашылық бар:

  • Үлкен күпірлік жасаған адам ислам дінінен шығады, кіші күпірлік діннен шығармайды.
  • Үлкен күпірлік жасау мәңгі тозақта қалуға жетелесе, кіші күпірлік жасаған адам мәңгі тозақта қалмайды.
  • Үлкен күпірлік барлық амалдың сауабын жояды, ал кіші күпірлік сол күпірлікке қатысы бар амалды ғана жояды.

Қазіргі кезде шариғат шарттарын ескермей бір адамның шариғатқа қайшы әрекет жасағаны үшін кәпір деп үкім бере салудан тартынбайтын топтар пайда болуда. Пайғамбарымыз (Алланың салауаты мен сәлемі болсын)  өзінің мүбарак хадисінде:

        وَمَنْ رَمَى مُسْلِمًا بِكُفْرٍ فَهُوَ كَقَتْلِهِ

«Кімде-кім мұсылманды күпірлікпен айыптаса, ол оны өлтіргенмен тең»[12] – деген. Бұлай айыптауға шариғат рұқсат бермейді.

Алла Тағала Құран аятында:

يَا أَيُّهَا الَّذِينَ آمَنُوا إِذَا ضَرَبْتُمْ فِي سَبِيلِ اللَّهِ فَتَبَيَّنُوا وَلَا تَقُولُوا لِمَنْ أَلْقَىٰ إِلَيْكُمُ السَّلَامَ لَسْتَ مُؤْمِنًا تَبْتَغُونَ عَرَضَ الْحَيَاةِ الدُّنْيَا فَعِندَ اللَّهِ مَغَانِمُ كَثِيرَةٌ ۚ

«Әй, мүміндер! Алла жолында жорыққа шыққанда, әрбір жағдайдың байыбына баруға тырысыңдар (яғни кімнің мүмін және кімнің кәпір екенін анықтаңдар, әр нәрсеге жіті қарап, әр мәселенің қыр-сырына әбден қанығыңдар). Өздеріңе бейбітшілік тілеп, мұсылманша сәлем бергенге дүние тіршілігінің өткінші игілігіне (олжаға) қызығып: «Сен мүмін емессің» деп, айтпаңдар. Біліп қойыңдар Алланың құзырында мол әрі сан алуан олжалар бар»[13] – деді.

Олай болса, біреуді күпірлікке шығарардың алдында ол адамның не үшін күнәлі әрекетті жасағанын зерделеу керек. Мысалы адам ислам негіздерін дұрыс білмегендіктен Алланы лайықты емес заттармен сипаттауы мүмкін. Сол секілді адам қателесуі немесе ондай амалды істеуге мәжбүр болуы мүмкін. «Кәпір» деп үкім беруші адам мұның барлығын ескере білетін шариғатты терең меңгерген адам болуы ләзім.

Заманымызда бұл шарттардың ешбірін ескерместен бірден күпірлікпен айыптайтын тәкфир ағымы бар. Олар өздерінің діни ұстанымдарын хауариждерден алады[14]. Яғни, адамды үлкен күнә жасағаны үшін күпірлікпен айыптап, оны өлтіруге малын талан-таражға салуға, ар-намысын таптауға  рұқсат береді. Такфир жайында ғалымдардың айтқан сөздеріне тоқталып өтейік:

Имам әл-Қуртуби былай деген: «Такфир – оның алдына көптеген адамдар келіп, сүрінген қауіпті есік, ол есіктің алдында таңдаулылар ғана тоқтап, құтылды. Ал құтылумен қандай нәрсе теңесе алады!»[15].

Имам Ибн ‘Абидин былай дейтін: «Күпірлік – қауіпті нәрсе! Әрі егер мен мүміннің күпірлікке түспейтініне бір ғана ақтау тапсам, оны күпірлікте айыптамаймын»[16].

Ибн Таймия былай деген: «Күпірлікте айыптау нақты тұлғаның кейіпіне (жағдайына) байланысты ерекшеленуі мүмкін, өйткені қателік жасаған адамның әрбірі бидғатшы немесе надан бола бермейді және кез келген адасушы да кәпір, бұзақы (фәсиқ) тіпті жай күнәһар да болмауы мүмкін»[17]. Тәкфир сенімене бой алдырған жан барлық үлкен күнә жасаған мұсылмандарды кәпір деп санайды. Мәселен арақ ішкен, зина жасаушы, кісі өлтіруші, ата-анаға зұлымдық жасаушы, яғни барлық үлкен күнә жасаушы мұсылмандар кіреді. Алайда көпшілік ғұламалардың  пікірі бойынша, адам ондай үлкен күнәларды істеуімен діннен шықпайды, діннен тек қана мұны адал деп таныса ғана шығады. Мысалы, арақ ішкен діннен шықпайды, бірақ оны адал деп таныса, діннен шығады. Өйткені Пайғамбарымыз (Алланың салауаты мен сәлемі болсын)  адамды негізсіз күпірлікпен айыптауға қатаң тиым салған:

«Егер адам өзінің  бауырына: «Әй кәпір» десе, бұл сөз өзіне қайтып оралады ол (адам) туралы айтқаны шын болса, (ол соған лайықты) құтылады, керісінше ол кәпір болмай мұсылман болса айтқан нәрсесі өзіне қайтады»[18] – деген.

Усама ибн Зайд бір жорықта мүшрікті өлтірмек болып қылышын көтергенде әлгі мүшрік қорыққанынан кәлимә (Лә Иләһә илла Алла Мухаммадар русулулла) сөзін айтқан болатын. Соған қарамастан өлтіріп жібереді. Бұл хабар Пайғамбарымызға (Алланың салауаты мен сәлемі болсын)  жеткенде Усама ибн Зайдты шақырып алып сұраған кезде ол оның өлімнен құтылу үшін ғана айтқанын жеткізді. Сонда Пайғамбарымыз (Алланың салауаты мен сәлемі болсын)  жауап ретінде:

أَفَلَا شَقَقْتَ عَنْ قَلْبِهِ حَتَّى تَعْلَمَ أَقَالَهَا أَمْ لَا

 «Сен оның жүрегін жарып ашып көрдің бе?»[19] – деп, кейіс білдіреді.

Күпірлікпен бір адамды айыптау арқылы бұзақылар үшін олардың ар-намыстарын қорлауға, мал-мүліктерін талан-таражға салуға жол ашып береді. Пайғамбарымыз (Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бұл әрекеттердің барлығын харамға шығарған:

فَإِنَّ دِمَاءَكُمْ وَأَمْوَالَكُمْ وَأَعْرَاضَكُمْ حَرَامٌ عَلَيْكُمْ كَحُرْمَةِ يَوْمِكُمْ هَذَا ، فِي شَهْرِكُمْ هَذَا ، فِي بَلَدِكُمْ هَذَا

«Сендердің біреулеріңнің қандарың, мал-мүліктерің, ар-намыстарың бұл күн, бұл ай, бұл қала харам (қасиетті) болған секілді екінші біреулеріңе харам», – деді. Содан кейін сахабаларына (Алла олардан разы болсын): «Сендер куәсіңдер ме?» – деді. Сахабалар бірауыздан : «Куәміз», – деді. Пайғамбарымыз (Алланың салауаты мен сәлемі болсын):   «Уа, Алла, куә бол, уа, Алла куә бол» – деді[20]. Иә, бұл Пайғамбарымыздың (Алланың салауаты мен сәлемі болсын) ең соңғы өсиеттерінің бірі еді. Одан кейін көп ұзамай мәңгі мекеніне қайтты.

Сөзімізді қорытындылай келе, атақты имам Әбу Ханифаның басынан өткен оқиғамен аяқтағым келіп отыр[21]. Куфа қаласының бір мешітінде сабақ жүргізіп жатқан кезінде бір топ хауариждер[22] келіп Әбу Ханифадан:

– Мынау мешіттің алдындағы екі жаназа: біреуі арақ ішіп өлген еркек, екіншісі зина жасап бала көтеріп, жұрттың сөзінен қорқып, өзіне қол жұмсаған әйел. Бұл күнәһарларға кім деп үкім бересіз», – деп  үкім сұрайды. Сол кезде Әбу Ханифа; «Бұлар яхудилерден бе?» – дейді, олар: «Жоқ», – дейді. «Бұлар христиандардан ба?» – дейді, олар: «Жоқ» – дейді. Әйгілі имам тағы да: «Әлде бұлар пұтқа табынушылардан ба?», дегенде. олар тағы да: «Жоқ» – деп жауап береді.

Әбу Ханифа: «Егер үшеуінен де болмаса онда қай үмметтен болды?», – дейді. Олар: «Өздерін лә иләһа илла Алла Мухаммадар расуллулла деген үмметтен» деген жауап айтады. Әбу Ханифа: «Онда маған мынаны айтыңдаршы: лә иләһа илла Алла Мухаммадар расуллулла» деп куәлік еткен  қауым иманның неше бөлігін орындады? Үштен бірі ме? Төрттен бірі ме? Әлде бестен бірі ме?» – дейді. Хауариждер тұрып: «Иман үшке, төртке, беске бөлінбейді ғой» – дегенде, ұлық ғалым: «Онда бұлардың иманы иманның неше бөлігі деп айтасыңдар?» деген сұрақ қояды. Сонда әлгілер: «Иман үшке, төртке, беске бөлінбейді ғой, иман біртұтас», – деп жауап береді. Имам Ағзам: «Бұл екі адамның жағдайы жайында міне өздерің жауап беріп тұрсыңдар», – деді.

Олар: «Онда бұлар жәннаттық па әлде тозақтық па?» деді. Ол: «Бұдан да ауыр күнә жасаған қауым үшін Ибраһим пайғамбар Раббысына былай деді:

رَبِّ إِنَّهُنَّ أَضْلَلْنَ كَثِيرًا مِّنَ النَّاسِ ۖ فَمَن تَبِعَنِي فَإِنَّهُ مِنِّي ۖ وَمَنْ عَصَانِي فَإِنَّكَ غَفُورٌ رَّحِيمٌ

«Уа, Раббым! Ол пұттар көптеген адамдарды тура жолдан тайдырды. Бұдан былай кім маған ерсе, ол – менің үмметім. Ал кімде-кім маған қарсылық білдірсе, Сен өте кешірімді, ерекше мейірімдісің»[23].

Ол сөзін жалғастырып: «Бұдан да ауыр күнә жасаған қауым үшін Иса пайғамбар Раббысына былай деді:

                                إِن تُعَذِّبْهُمْ فَإِنَّهُمْ عِبَادُكَ ۖ وَإِن تَغْفِرْ لَهُمْ فَإِنَّكَ أَنتَ الْعَزِيزُ الْحَكِيمُ

«Егер оларды азаптаймын десең, шүбәсіз олар Сенің құлдарың. Ал егер оларды кешірсең, Сен ұлысың, бәрінен үстемсің һәм (әр ісің мен әрбір үкіміңде талай хикмет болған) асқан даналық иесісің», деп жауап береді»[24].

Ол: «Бұдан да ауыр күнә жасаған қауым үшін Нұх пайғамбар Раббысына былай деді:

                            قَالُوا أَنُؤْمِنُ لَكَ وَاتَّبَعَكَ الْأَرْذَلُونَ* قَالَ وَمَا عِلْمِي بِمَا كَانُوا يَعْمَلُونَ * إِنْ حِسَابُهُمْ إِلَّا عَلَىٰ رَبِّي ۖ لَوْ تَشْعُرُونَ

«Қауымы: «Сонда сенің соңыңнан өңшең жаман жәутіктердің ергенін көріп тұрып, саған иман етеміз бе? – деді. Нұх: «Олардың (ниетін), бұрын-соңды не істеп, не қойғанын білмеймін. «Саналарың (түйсіктерің) болса, оларды жауапқа тарту Раббымның ғана құзырында екенін білер едіңдер»[25] – деген аятты оқып береді.

Айтылған уәжді қабылдаудан басқа амал қалмағандықтан хауариждер тарасып, жөндеріне кетеді. Ұлы имам Әбу Ханифаға Жаратушы Алла осындай даналық берген екен.

Хамзат Әділбеков

«Сәдуақас қажы Ғылмани» мешітінің бас имамы

[1] Смайыл Сейтбеков «Иман негіздері» 102-бет

[2] Жәмалудди́н Абу́ль-Фадль Муха́ммад ибн Му́крим әл-Анса́ри ар-Руа́йфии, Ибн Манзу́р деген атпен танымал (1232, —1311,) — мұсылмандардың атақты ғалымы, фиқһ, араб тілінің маманы, жиырма томдық араб сөздігінің «Лисәнул араб» авторы

[3] «Нәхл» сүресі, 72 -аят

[4] «Анкабут» сүресі, 68-аят

[5] «Бақара» сүресі, 34-аят

[6] «Кәһф» сүресі, 36-38 аяттар

[7] «Ахқаф» сүресі, 3-аят

[8] «Мунафиқун» сүресі, 3-аят

[9] «Нәхл» сүресі, 112-аят

[10] «Муслим» хадистер жинағы

[11] «Бақара» сүресі, 178-аят

[12] Фатху әл-Бари шарх сахих әл-Бухари № 6277

[13] «Ниса» сұресі, 94-аят

[14] Хауариждер – бұл мұсылман басшыларына сөзбен және қарумен қарсы шығатын, әрі мұсылмандарды үлкен күнәсі үшін күпірлікте айыптайтын ежелгі ағымдардың бірі. Олардың пайда болатыны туралы пайғамбарымыздың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) өзі көптеген хадистерінде хабар берген. Хафиз Ибн Кәсир айтады: «Хауариждер туралы кейбір салиқалы сәләфтардың айтқанынан артық не бар десеңші, олар мына аяттағы адамдар – хауариждер деп түсіндірген: «Айт: “Сендерге амалдары бойынша зиянға ұшыраушылардың хабарын берейін бе?” Олар дүниедегі еңбектері зая кеткендер. Өздері болса: “Рас жақсы іс істедік” деп ойлайды» (әл-Кәһф сүресі, 103-104-аяттар)”. Қараңыз: “әл-Бидайә уә-ннихая” 7/228.
Имам Әбул-‘Алия айтады: “Мен Пайғамбарымыздың (с.ғ.у) өлімінен кейін он жыл бойы мағынасы ашық аят пен хадисті оқып жүрдім, сонда Алла Тағала маған екі нығмет берді, алайда оның қайсысы жақсырақ екенін білмеймін: біріншісі, Ислам жолына салғаны; екіншісі, мені хауариж қылмағаны!” Қараңыз: “әт-Табәқат әл-кубра” 7/113.

[15] “әл-Муфхим” 3/111

[16] “Фатауа-ссуғра” 4/224

[17] “Минһажу-Ссунна” 5/250

[18] Әл-Бұхари хадистер жинағы, №6104

[19] Муслим хадистер жинағы

[20] Бұхари хадистер жинағы №1741

[21] Манақиб Әбу Ханифа.

[22] Жоғарыда сілтемеде айтылған болатын

[23] «Ибраһим» сүресі, 36-аят.

[24] «Мәида» сүресі, 118-аят.

[25] «Шұғара» сүресі, 111-113 аяттар.

Нақты қайнары: http://www.elarna.net/koru_kk.php?tur=18&id=1333060
Пікірлер

Көрші сілтемелер