Еларна қолфон нұсқасына ену

Жүктеу-Албомым-Албомдар-Желі
Осы торды сақтаймын! | Осы торды бас бет етемін!

Біздің байланыс: elarna2012@gmail.com


Қара сөз қара өлеңге айналғанда... #17



Тіркеліңіздер Кітапхана Қожалар торабы Албомдар Қазақтың 1001 ертегісі

Түрі: Өркенйет газеті

Жолданған уақыты: 20:00 - 2020/10/13

Нақты Көзі: https://azan.kz/kz/maqalat/read/qara-soz-qara-olenge-aynalganda-17-11453


ОН ЖЕТІНШІ СӨЗ

 

Қайрат, ақыл, жүрек үшеуі өнерлерін айтысып, таласып келіп, ғылымға жүгініпті. Қайрат айтыпты: «Ей, ғылым, өзің де білесің ғой, дүниеде ешнәрсе менсіз кәмелетке жетпейтұғынын; әуелі, өзіңді білуге ерінбей-жалықпай үйрену керек, ол – менің ісім. Құдайға лайықты ғибадат қылып, ерінбей-жалықпай орнына келтірмек те – менің ісім. Дүниеге лайықты өнер, мал тауып, абұйыр мансапты еңбексіз табуға болмайды. Орынсыз, болымсыз нәрсеге үйір қылмай, бойды таза сақтайтұғын, күнәкәрліктен, көрсеқызар жеңілдіктен, нәфсі шайтанның азғыруынан құтқаратұғын, адасқан жолға бара жатқан бойды қайта жиғызып алатұғын мен емес пе? Осы екеуі маған қалай таласады?» – депті.

 

Ақыл айтыпты: «Не дүниеге, не ахиретке не пайдалы болса, не залалды болса, білетұғын – мен, сенің сөзіңді ұғатұғын – мен, менсіз пайданы іздей алмайды екен, залалдан қаша алмайды екен, ғылымды ұғып үйрене алмайды екен, осы екеуі маған қалай таласады? Менсіз өздері неге жарайды?» – депті.

 

Онан соң жүрек айтыпты: «Мен – адамның денесінің патшасымын, қан менен тарайды, жан менде мекен қылады, менсіз тірлік жоқ. Жұмсақ төсекте, жылы үйде тамағы тоқ жатқан кісіге төсексіз кедейдің, тоңып жүрген киімсіздің, тамақсыз аштың күй-жәйі қандай болып жатыр екен деп ойлатып, жанын ашытып, ұйқысын ашылтып, төсегінде дөңбекшітетұғын – мен. Үлкеннен ұят сақтап, кішіге рақым қылдыратұғын – мен, бірақ мені таза сақтай алмайды, ақырында қор болады. Мен таза болсам, адам баласын алаламаймын: жақсылыққа елжіреп еритұғын – мен, жаманшылықтан жиреніп тулап кететұғын – мен, әділет, нысап, ұят, рақым, мейірбаншылық дейтұғын нәрселердің бәрі менен шығады, менсіз осылардың көрген күні не? Осы екеуі маған қалай таласады?» – депті.

 

Сонда ғылым бұл үшеуінің сөзін тыңдап болып, айтыпты:

 

– Ей, қайрат, сенің айтқаныңның бәрі де рас. Ол айтқандарыңнан басқа да көп өнерлеріңнің бары рас, сенсіз ешнәрсенің болмайтұғыны да рас, бірақ қаруыңа қарай қаттылығың да мол, пайдаң да мол, бірақ залалың да мол, кейде жақсылықты берік ұстап, кейде жамандықты берік ұстап кетесің, соның жаман, – депті.

 

-Ей, ақыл! Сенің айтқандарыңның бәрі де рас. Сенсіз ешнәрсе табылмайтұғыны да рас. Жаратқан тәңіріні де сен танытасың, жаралған екі дүниенің жайын да сен білесің. Бірақ сонымен тұрмайсың, амал да, айла да – бәрі сенен шығады. Жақсының, жаманның екеуінің де сүйенгені, сенгені – сен; екеуінің іздегенін тауып беріп жүрсің, соның жаман, – депті. – Сен үшеуіңнің басыңды қоспақ – менің ісім, – депті. Бірақ сонда билеуші, әмірші жүрек болса жарайды. Ақыл, сенің қырың көп, жүрек сенің ол көп қырыңа жүрмейді. Жақсылық айтқаныңа жаны-діні құмар болады. Көнбек түгіл қуанады. Жаманшылық айтқаныңа ермейді. Ермек түгіл жиреніп, үйден қуып шығарады.

 

– Қайрат, сенің қаруың көп, күшің мол, сенің де еркіңе жібермейді. Орынды іске күшіңді аятпайды. Орынсыз жерге қолыңды босатпайды. Осы үшеуің басыңды қос, бәрін де жүрекке билет, – деп ұқтырып айтушының аты ғылым екен. Осы үшеуің бір кісіде менің айтқанымдай табылсаңдар, табанының топырағы көзге сүртерлік қасиетті адам – сол. Үшеуің ала болсаң, мен жүректі жақтадым. Құдайшылық сонда, қалпыңды таза сақта, құдай тағала қалпыңа әрдайым қарайды деп кітаптың айтқаны осы, — депті.

 

Абай Құнанбайұлы.

 

ОН ЖЕТІНШІ ӨЛЕҢ

 

Кім айтар ақиқатты аласа деп,

Қосайын бұл ойыма жаңаша леп.

Айтысып ақыл, қайрат, жұмыр жүрек,

Ғылымға жүгініпті таласа кеп.

 

Қарайтын былайғы кез сынай көпті,

Жүзінен үшеуінің шырай кетті.

Сөздерін асықпастан тыңдап алып,

Сабырмен ғылым сонда былай депті:

 

«Ей, қайрат, айтқаныңның бәрі де рас,

Пайдаң мен залалыңның бары да рас.

Сен кейде жақсылықты берік ұстап,

Етпейсің жамандықты жаныңа қас.

 

Ей, ақыл, жаратқанға сендіресің,

Жайын да дүниенің сен білесің.

Айла мен амалдарды серік қылып,

Жақсыға, жаманға да көндіресің.

 

Жинаған өн бойына бар асылды,

Әмірші жүрек болса жарасымды.

Дос қылмақ үшеуіңді менің ісім,

Доғарған ләзім болмақ таласуды.

 

Жығатын жан иесін орға ғана,

Жалғыздық – жөні түзу жол таба ма?

Үшеуің бір кісіден табылсаңдар,

Орнайды құдайшылық сонда ғана»!

 

Әлібек Шегебай.

ДЕРЕККӨЗІ Azan.kz

Ислам ақпараттық-ағарту порталы 


Нақты қайнары: http://www.elarna.net/koru_kk.php?tur=17&id=1279586
Пікірлер

Көрші сілтемелер