Еларна қолфон нұсқасына ену

Жүктеу-Албомым-Албомдар-Желі
Осы торды сақтаймын! | Осы торды бас бет етемін!

Біздің байланыс: elarna2012@gmail.com


Араб елдерінің деструктивті ағымдары: Дін және саясат​



Тіркеліңіздер Кітапхана Қожалар торабы Албомдар Қазақтың 1001 ертегісі

Түрі: Өркенйет газеті

Жолданған уақыты: 20:00 - 2020/06/24

Нақты Көзі: https://azan.kz/kz/maqalat/read/arab-elderinin-destruktivti-agyimdaryi-din-zhane-sayasat-11381


Кілт сөздер:​ дін, конфессия, деструктивті ағым, саясат, терроризм, экстремизим, мемлекет, заң, қоғам, құндылық.

 

Қазіргі таңда деструктивті ағымдардың саясиланып, жекелеген елдердегі саяси үдерістерге белсене араласа бастауы дінтану саласының өзекті мәселесіне айналып отыр. Ол әсіресе «араб көктемі» атауымен болып өткен революциялар толқынынан кейін барынша зерттеушілер тарапынан қызығушылық тудырды. Дәл осы оқиғалар желісінен кейін ғылыми айналымда «саяси ислам» сынды түсініктер жиі қолданылып, тиісті зерттеу әдістері де қалыптасып жатыр.​ Сонымен қатар ғылыми әдебиеттерде «саяси дін», «дін және саясат» деген ұғымдар кеңінен таралып үлгерді. Сондықтан осы саланың мамандары үшін алдымен «дін», «саясат» және «саясилану» ұғымдарының мән-мағынасын ашып алудың қажеттілігі туындайды. Әрине дін Жаратушының барына деген сенім деген ұғымнан тұрса, саясат деп тұлғалар мен әлеуметтік топтардың мемлекеттік билік пен мемлекеттік құрылысқа деген көзқарасына байланысты пайда болып жатады. Осы «саясилану» ұғымының өзіндік ерекшеліктері бар. Мысалы, саясилану ұғымы алдымен жекелеген әлеуметтік топтар мен тұлғалардың​ саясатқа араласуға деген қызығушылығының артқандығын білдіреді. Демек саясилану ұғымы мәдени әрі экономикалық мәселелердің саяси сипатқа ие болуымен тығыз байланысты. Сөзсіз жекелеген мәселелер саяси биліктің күшімен ғана шешіледі. Ал әлеуметтік топтардың саясатқа тартылуы саяси күреске ұласпауы тиіс. Тек әлеуметтік дағдарыс пен қоғамдағы саяси жүйенің өзгерісі жағдайында әлеуметтік топтардың барынша саясиланып, шиеленісті қарым-қатынастардың негізін қалайды.​

 

Адамдар арасындағы көзқарас пен идеялардың қарама-қайшылығы болуы заңды құбылыс. Ол алдымен тұлғаның психологиялық, тарихи, діни әрі әлеуметтік тегіне қатысты орын алуы әбден мүмкін. Осындай көзқарастар мен идеядағы айырмашылық немесе өзара ұқсастық араб елдерін жайлаған деструктивті ағымдарға да тән.​ Біздің пікірімізше бүгінгі күні ұлттық белгіден гөрі діни белгі адам баласын көп бөлшектеп отыр.​

 

Сөзсіз деструктивті ағымдар тек қана ислам дініне қатысты ғана түсінік болмауы тиіс. Кез келген әлемдік дін өз ішінде ағымдар мен секталардың өмір сүруімен ерекшеленеді.​ Мұны көп жағдайда дінмен байланысты емес,​ тек барынша саясилана түскен үрдіс ретінде қарастырған абзал.​ Осы тұрғыдан келгенде араб елдеріндегі деструктивті ағымдарға сипаттама бере отырып, алдымен олардың пайда болу ерекшеліктеріне ерекше мән беру қажет. Белгілісі сол араб елдеріндегі деструктивті ағымдардың пайда болуына көп жағдайда саяси фактор әсер етсе, ендігі бір ағымдар діни түсініктің немесе дінді түсінудегі көзқарастардың өзгешелігіне сай пайда болған деп айтуға негіз бар.​

 

Араб елдері орналасуы әрі лингвистикалық, мәдени және діни көзқарастар тұрғысынан өзіндік ұқсастықтарға ие. Бүгінгі таңда​ араб елдері солтүстік Африка мен Батыс Азия жеріндегі​ 14​ млн шаршы км жерді алып жатыр. Бұл елдердің қатарында ұзын саны​ 22​ мемлекет мүше болып табылады. Атап айтқанда Алжир, Бахрейн, Джибути, Египет, Иордания, Ирак, Иемен, Катар, Комор аралдары, Кувейт, Ливан, Мавритания, Марокко, Біріккен араб әмірлігі, Оман, Сауд Арабиясы, Сирия, Сомали, Судан, Тунис және Палестина сынды мемлекеттер араб лигасының мүшелері болып табылады [1, с.​ 1]. ​ Араб елдеріне тән ортақ қасиет –​ мемлекетте авторитарлық жүйенің орнауы және араб елдерінің түгел дерлік ұйымдастыра алатын аймақтағы көшбасшы мемлекеттің жоқтығы. Бүгінгі таңда жекелеген араб елдерінде орын алып жатқан келеңсіздіктер салдарынан халықаралық саяси аренада аймақты шиеленісті деп қабылдау санада берік орын алғаны да жасырын емес. Өйткені осы аймақта орналасқан жекелеген елдердің халықаралық беделіне саясиланған деструктивті ағымдар үлкен нұқсан келтірген.​ Әскери қақтығыстар, терроризм, діни экстремизм, әлеуметтік-экономикалық артта қалушылық, жемқорлық пен азаматтық құқық талаптарының сақталмауы дәл осы аймақтағы негізгі мәселеге айналған.​

 

Араб елдеріндегі саясиланған деструктивті ағымдардың күшеюіне белгілі дәрежеде «араб​ көктемі»​ деген​ атпен болып өткен революция толқындары өз әсерін тигізді. Тарих сахнасынан М. Каддафи, Х. Мубарак сынды тұлғалардың кетуі белгілі дәрежеде саясиланған деструктивті ағымдар мен ұйымдардың күшеюіне жол ашты.​ Орталықтанған биліктің әлсірегенін пайдаланған ағым мүшелері саясатқа белсенді түрде атсалысып, мемлекеттік билікті де өз қолдарына алуға тырысты және көп жағдайда өз жоспарларын сәтті іске асырып та жатты. Мысалы,​ 2012​ жылы Х. Мубарактың қызметтен кетуінен кейін Халықтық жиналысқа болып өткен сайлау қорытындысы бойынша​ 2/3​ депутаттық орын Бахрейн, Египет, Ресей, Сирия, Сауд Арабия мен Бірікке араб әмірліктерінде террористтік деп танылған «Мұсылман бауырлар» қозғалысы мен​ салафиттік «Ан-Нұр» партиясына тиесілі болып шыққан болатын [2,​ с. 44].​ Сонымен қатар орталықтанған биліктің әлсіреуі салдарынан халықаралық Әл-Каида ұйымы тек Египет қана емес, сонымен қатар Тунис, Египет, Ливия мен Сирия елдеріндегі өздерінің бөлімшелерін жандандырып, көшбасшысы аз-Завахири тұрғындарға үндеу тастаған болатын. Үндеуге сай египеттіктер Сириядағы, Йемендегі және Ливиядағы дүмпулерге қолдау білдіріп, Ислам мемлекетін құруға атсалысуы тиіс саналды​ [3, с.​ 40].​

 

Саясиланған деструктивті ағымдардың мемлекеттік деңгейде танымал болып, қоғамда еркін саяси қызметін жүргізіп отырған араб елдерінің бірі – Йемен болып табылады.​ Ширек ғасырдан астам уақыт көлемінде ел басқарған Салехтің биліктен кетуі билік үшін таластың жаңа кезеңін тудырып, елдегі деструктивті ағым өкілдерінің белсенділігіне жол ашты. Аталған араб елінде «Аден мен Абьянды азат ету әскері», «Йемендік джихад» ағымдарымен қатар халықаралық сипаты басым «Аль-Каида» ұйымдары ашық жұмыс жасауда. Сарапшылардың пікірінше алдағы уақытта Йемен халықаралық терроризмнің ошағына айналуы да ғажап емес. Бұл болжам уақыт өте ақиқатқа айналып, бүгінде Йемендік деструктивті ағым өкілдері ғалам болып теріс деп тапқан​ «Ислам мемлекетіне» бірігу әрекеті байқалуда.      ​

 

М. Каддафидің биліктен кетуі Ливиядағы да саясиланған деструктивті топ мүшелерінің белсенді қызмет етуіне жағдай жасады. Елде біз жоғарыда атап өткен «Мұсылман бауырлар» атты деструктивті қозғалысымен қатар, «Ливия исламдық жауынгерлік тобы» да елдегі дүрбелеңнің орын алуына түрткі болып отыр. Олардың пікірінше қоғамда ислам идеяларының салтанат құруына қол жеткізудегі басты құрал – жихад болып табылады.​ Сондай-ақ Сириядағы үкімет әскеріне қарсы әскери әрекеттерді ұйымдастырып отырғандар да теріс пиғылдағы ағым мүшелері болып табылады. Сирияның шығыс бөлігінде саясиланған деструктивті ағым мүшелерінің діни әкімшілік кеңес жұмыс жасап, полиция мен сот органдарының қызметін толық қадағалауға алған​ [2, c. 45].​ Сөзсіз мұндай деструктивті ағымдардың әрекеті қазіргі таңдағы араб елдері арасындағы өзара бірлік мәселесінің өзектілігін жойып отыр. Ең бастысы араб елдеріндегі деструктивті ағым өкілдерінің теріс әрекеттері күллі мұсылман қауымын әлем алдында жеккөрінішті етуде. А. Сагадеевтің пікірінше «кей еуропалықтар үшін мұсылмандар өз сенімдеріне қарсы келгендерді өлтіруге​ дайын фанатиктер» болып табылады [4, с. 18]. Мұндай көзқарас қазіргі таңда мүлдем күшейе түсуі де әбден ықтимал.​

 

Саясиланған деструктивті ағымдардың қазіргі таңдағы араб елдеріндегі қызметі мен іс-әрекеті сан қырлы әрі кең көлемді жүргізіледі. Ең бастысы өз жұмыстарын ұйымдастыруда мұндай ағымдар заң шеңберінде және одан тыс әрекеттерге сенімді барады. Сондықтан болар А.А. Игнатенко өзінің «Исламские секты в ожидании судного дня (новый взгляд со старых позиций)» атты зерттеу жұмысында мұндай деструктивті ағымдарды секта деп атаған [5, с. 2].​

 

Міне осындай жағымсыз әрі гуманисттік көзқарастар теріске шығаратын деструктивті ағымдар араб елдерін кең жайлады. Оларды мақсаты мен әрекеті, ұрандарына қарай отырып ұлттық мәселе шеңберіндегі ағымдар, аймақтық, халықаралық деп бөлуге болады. Мысалы, ұлттық деңгейдегі ағымдар қатарына Фатх, Хамас, Талибан сынды ұйымдарды жатқызсақ, аймақтық сипаты басым ұйымдар қатарына «Мұсылман бауырлар», Хизабалла, Әл-Гамма әл-Исламия жатады. Ал халықаралық ұйымдар қатарына Әл-Каида мен Хизб​ ут-Тахрир сынды ұйымдар араб елдеріндегі саяси үдерістерге белсене араласып отыр. Белгілісі сол араб елдеріндегі деструктивті ағымдардың саяси үдерістерге белсене араласуы қалыпты жағдайға айналып отыр. Деструктивті ағымдар саяси үдерістердің белсенді субьектісіне айналды. Ал «араб көктемі» деп аталып кеткен революциялар толқынына дейін теріс ағым өкілдерінің саяси үдерістерге белсене араласуы тек Иран мен Судан елдеріне ғана тән еді [6, с.​ 48]. Ал қалған араб елдеріндегі деструктивті ағымдар​ ашық емес, тек​ заңсыз​ түрде ғана ұйымдастырып келген болатын.  ​    

 

Демек араб елдерінің жекелеген мемлекеттерінде деструктивті ағым өкілдерінің басын қосқан жаңа саяси элита қалыптасуда деп айтуға негіз бар. Бұл өз кезегінде бейбіт түрде ғана емес, ашық террор арқылы да жүзеге асуы жаңа дағдарыс толқындарының бастауына жол ашты. Атап айтқанда қақтығысты аймақтардан бейбіт халық үдере көшіп, анағұрлым тыныш саналатын аймақтарға қоныс аудара бастады.​ Олардың арасында деструктивті ағым өкілдерінің жоқ екендігіне ешкім кепілдік бере алмайтындығы анық. Бұл дегеніміз босқындар жайлаған елдердің ұлттық қауіпсіздік саласындағы мәселелерін күн тәртібіне қоюына алып келіп отыр.​

 

Пайдаланылған әдебиеттер мен сілтемелер тізімі:

1.​ Демченко А.В. Внутренние факторы формирования внешней политики стран арабского востока // Вестник МГИМО университета. – Москва, 2010. – 287 стр.

2.​ Крылов А.В. Роль религиозного фактора в арабской весне // Вестник МГИМО университета.​ –Москва, 2013. –​ №​ 4. ​

3.​ Горбатова В.В. Радикальные исламские организации в условиях​ «ренессанса» политического ислама в странах арабского востока //​ Вестник Томского государственного университета. – Томск, 2012. 227 стр

4.​ Сагадеев А. Джихад // Наука и религия. – Москва, 1986. –​ №​ 6

5.​ Игнатенко А.А. Исламские секты в ожидании судного дня (новый взгляд со старых позиций) // Электронды ресурс:​ https://centrasia.org/newsA.php?st=1070259000

6.​ Добаев И.П. Исламский радикализм:​ генезис, эволюция, практика. – Ростов, 2002. – 198 с.​

​ Қанатали ТАКИРОВ,

«Әли-Мұхаммед» мешітінің бас имамы

ДЕРЕККӨЗІ Azan.kz

Ислам ақпараттық-ағарту порталы 


Нақты қайнары: http://www.elarna.net/koru_kk.php?tur=17&id=1207374
Пікірлер

Көрші сілтемелер