Еларна қолфон нұсқасына ену

Жүктеу-Албомым-Албомдар-Желі
Осы торды сақтаймын! | Осы торды бас бет етемін!

Біздің байланыс: elarna2012@gmail.com

Үш күнгы келушылер санағыКелген адам саны (IP)Көрілген бет саны (PWs)КомпйутерҚолфон
2019-10-171587416432 %68 %
2019-10-181098330835 %65 %
2019-10-19000 %100 %

Сауаттылық өмір салтына айналуы керек | «Жас Өркен» танымдық порталына қош келдіңіздер!



Тіркеліңіздер Кітапхана Қожалар торабы Албомдар Қазақтың 1001 ертегісі

Түрі: Жас-өркен торабы

Жолданған уақыты: 13:01 - 2019/02/21



Ғылым дегенде көз алдыңа том-том кітап, қарапайым адамдарға түсініксіз ғылыми
еңбектер, көзілдірік таққан профессор мен түрлі формулалар елестей ме? Ғылымды осындай бейнеде көретін кез келген адам одан мейлінше аулақ жүргісі келеді. Көпшілік ғылымды тек ғалымдарға тəн деп біледі. Өзіне қатысы жоқ деп есептейді. Алайда, біз ғылыммен күн сайын, сағат сайын, сəт сайын бетпе-бет келеміз. Тек мұның ғылым екенін байқамаймыз. Мысалы, əлеуметтік желіде «Қытайдан келген бананнан ВИЧ жұғады, оны жеуге болмайды» деген хабарлама жиі кездеседі. «Коланың» құрамы туралы да аңызға бергісіз əңгіме көп. Екпенің зияны туралы қауесет естісек, үрке қараймыз. Осындай ақпараттардың ақ-қарасын ажыратпай жатып өзгелерге жаңалық ашқандай жеткізетініміз тағы бар.

Мемлекеттің əл-ауқаты, беделі, экономикасы мен деңгейі халқының сауатына қарап бағаланады. Кез келген саланың дамуы тек білікті маманға ғана емес, сауатты адамға да байланысты. Сондықтан əлемнің көптеген елінде халықтың ғылыми сауаттылығын көтеруге, нақты ақпарат беруге, көзқарасын қалыптастыруға бағытталған түрлі шара өткізіледі. Ол жыл сайын өтетін «Ашық зертхана» сағаты. Ғылыми сауаттылықты тексеруге арналған бұл халықаралық ағартушылық науқанға Германия, Франция, Чехия, Қытай сияқты 20-дан астам мемлекеттің тұрғындары қатысады. Қазақстанда да жыл сайын ұйымдастырылады.

Бала күнімізде бəріміз «Жер домалақ болса, неге бізге тегіс болып көрінеді?», «Компастың тілі солтүстікті көрсетсе, оның бағытымен Солтүстік полюске баруға бола ма?», «Неге адамдар жануарға қарағанда ақылдырақ?» сияқты сансыз сауалға мардымды жауап ала алмай жүретін едік қой. «Ашық зертханада» осындай миға қонымсыз сауалдардың да жауабын табуға болады.

«Ұланның» тілшілері «Ашық зертханадан» қалған емес. Биыл үшінші жыл қатысып отырмыз. Жыл сайын білмейтін, естімеген, тіпті ойланбаған қызық ақпараттарға қанық боламыз. «Ашық зертхана» акциясы мектеп бағдарламасынан алған біліміңді тексеруге, танымыңды еселеуге мүмкіндік береді. «Ашық зертхана» – əлем жайлы түсінігіңді физикалық, химиялық жəне биологиялық біліміңе сүйене отырып тексеру. Акция қатысушыларын «зертханашы» деп атайды. Оларды қызық та күрделі 25 сұрақ күтеді. Биыл сұрақтардың көпшілігі БҰҰ жыл символы деп жариялаған Менделеевтің периодтық кестесіне арналды. Алғашында ойға кіріп-шықпайтын күрделі сұрақтарды көріп қорқып кеттік.

«Сауатсыз адам жалған ғылыми үрейлер мен манипуляцияның құрбанына айналуы мүмкін. «Ашық зертхана» сіздің қоршаған əлем туралы біліміңіз заманауи ғылыми түсініктерге қаншалықты сай келетінін тексеруге мүмкіндік береді. Бұл емтихан емес. Қателік жіберсеңіз – дұрысын үйренесіз», – деді OYLA
журналының ғылыми редакторы, «Ашық зертхана» зертхана жетекшісі Алмас
Ордабаев.

OYLA – ғылыми тақырыпта жазатын, əлемнің көптеген еліне тарайтын балаларға арналған алғашқы қазақ тіліндегі журнал. Редакторының айтуынша, алғашында қазақ тіліндегі мұндай журнал қаншалықты өтімді болады екен деп уайымдаған көрінеді. Тіпті, журналдың тиражы азайып, жабылып қалған кездері де болған. Бірақ, қазақ тіліндегі ғылымды дамыту үлкен миссия болғандықтан, демеушілер іздеп, қазір көпшілікке арналған ғылыми журналға айналған.

«Ашық зертхана» орыс жəне қазақ тілдерінде өтті. Дегенмен, орыстілді аудиторияның басым болғанын жасыра алмаймыз. Тіпті, өзіміз танитын қазақтілділер де «Лабаны» орысша тапсыруға келіпті. «Орыс тілінде тапсыру түсініктірек, қазақ тілінде əлі ғылыми терминдер қалыптаса қойған жоқ. Аудармалары қате», – дейді себебін сұрасақ. Алғашында біз де орыс бөліміне кіріп, атмосферасын сезініп шықтық. Дəл зертханалық жұмыс жазатын кезде қазақтілді бөлімге бардық. Шағын ғана оқу кабинетінде отырып, бір жарым сағатымызды қызықты ақпараттарға арнадық.

Алмас Ордабаев: «Қазақ тіліндегі сапалы ғылыми материалдар орыс тіліндегіден əлдеқайда аз, əсіресе, ауқымды аудитория үшін толықтай түсінікті болатыны кемде-кем. Сондықтан қазақтілді аудитория үшін бұл ерекше маңызды оқиға», – деп атап өтті. Сонымен бірге, ғылыми білім мен түсінік қарапайым тіршілік барысында, мысалы азық-түлікті немесе дəрілерді сатып алғанда, я болмаса тұрмыстағы жұмыстарды атқарғанда немесе шешім қабылдағанда өмірімізді əлдеқайда жеңілдетіп, жақсарта түсетінін айтты.

Шара соңында сауаттылық өмір салтына айналуы керек деген шешімге келдік. Сен ғылыммен айналыспасаң, ғылым сенімен айналысады.

Мейірім
БАҚЫТБЕКҚЫЗЫ

«Ұлан» газеті, №8
19 ақпан 2019 жыл

Нақты қайнары: http://www.elarna.net/koru_kk.php?tur=10&id=954584
Пікірлер

Көрші сілтемелер