Еларна қолфон нұсқасына ену

Жүктеу-Албомым-Албомдар-Желі
Осы торды сақтаймын! | Осы торды бас бет етемін!

Біздің байланыс: elarna2012@gmail.com

Үш күнгы келушылер санағыКелген адам саны (IP)Көрілген бет саны (PWs)КомпйутерҚолфон
2019-09-151110375335 %65 %
2019-09-161515454335 %65 %
2019-09-1713149249 %51 %

Бізге биіктен қараған бала | «Жас Өркен» танымдық порталына қош келдіңіздер!



Тіркеліңіздер Кітапхана Қожалар торабы Албомдар Қазақтың 1001 ертегісі

Түрі: Жас-өркен торабы

Жолданған уақыты: 12:00 - 2019/02/15



«Ұландық» дос, мектептің дəлізінде ілулі тұрған əлемдегі ең биік жеті шыңның картинасын көрсең, не істер едің? Сүйсінерсің, досыңа көрсетерсің, апайыңнан кеңірек сұрарсың, болмаса өзің интернеттен қарайтын шығарсың, тіпті жай ғана танымыңды кеңейткеніңе қанағаттанарсың. Бірақ мұнымен тоқтап қалуға бола ма? Оның жауабы өзіңе ғана маңызды. Ал менің кезекті кейіпкерім сол картинадан көрген шыңның бəрін де бағындыруды мақсат еткен.

ДЖОРДАН РОМЕРО (Jordan Romero):
10 жасында 5892 метрлік Килиманжаро (Kilimanjaro) шыңына шыққан;
13 жастан 10 ай 10 күн асқанда Эверестке табаны тиген;
15 жасында дүниежүзіндегі ең биік жеті шыңды бағындырған əлемдегі ең жас альпинист.

Ол 1996 жылы 12 шілдеде Калифорния штатының Биг-Беар-Лейк қаласында туған. Міне, оның Эвересті бағындырған сəті. Өз елінің туын желбіретіп тұр. Ол осы сəттен кейін бірден таныла түседі. www.theguardian.com сайты кейіпкеріміз туралы: «Джордан Ромероның Калифорниядағы басқа балалардан айырмасы жоқ, бірақ əлемдегі 13 жасар жасөспірімдерден артықшылығы бар, ол –дүниежүзіндегі ең кіші Эвересті бағындырушы болуға талпынғаны», – деп жазады. Мен үшін оның өзгешелігі – уəдесін орындағаны.

Джорданды көпшілік 13 жасынан біледі, алайда оның бұған дейінгі бірнеше жылдық еңбегі орасан. Америкалық Си-Би-Эс (CBS) телеарнасы жасаған сюжетте Джорданның биік мақсатына қол жеткізу үшін қаншалықты еңбектенгені көрсетіледі. 9 жыл бұрынғы таңғы бағдарламада журналист Джорданның бір күндік өмірін түсірген. Ол жетістікке жету жолында жатпай-тұрмай жаттығады, ауыр сөмкесін арқалап, оған қоса жүк көлігінің доңғалағын сүйретіп жүгіреді, кедергілерден секіріп өтуге талпынады. Ол осының бəрін мектептегі сабағымен бірге алып жүрді, соған үлгерді. Бүгінде 22 жасар альпинист өзі туған қалада тұрады. Айтпақшы, Джордан туралы екі кітап жазылған, бірі (кітаптың аты: The Boy Who Conquered Everest: The Jordan Romero Story) əлемнің ең биік шыңына шыққанда, екіншісі (кітаптың аты: No summit out of sight) өзіне берген уəдесін
толық орындап, бүкіл биікті бағындырғанда жарық көрген.

Бұл жолы кейіпкерді мен «сөйлетпеймін», өзі сөйлейді. Тамаша мүмкіндіктің нəтижесінде Джорданмен болған сұқбатты «ұландықтарға» ұсынамын. Бір айта кететін жайт, Джорданның өмірі мен жетістіктерін оқыған 1-2 айдың көлемінде оқырман ретінде əкесіне алғыс айттым, өйткені баласының арманын аласартпай, демеу көрсетіп, оған өзі бас-көз болып, арнайы команда құрып, өмірін арнағандықтан осындай жетістікке жеткен. Əкесі Паулдың АВС-ге берген сұқбатында: «Балам мектептен шығып, көлікке отыра бере өзінің арманын айтты. Ол əлемнің ең биік жеті шыңын түгел бағындыруды қалайды екен. Сол сəтте мен оны сөзсіз қолдадым. Өйткені балама сенемін!» – дегенінен осы ойды айқын аңғаруға болады. Мұхтар Шахановтың «Мəңгі лаулап жану үшін ғаламда, үлкен арман керек екен адамға» дейтіні бар ғой, əлбетте, асқақ арман, биік мақсаттың жолында табандылық танытқан Джорданның ерік-жігері болмаса, арман орындалмас па еді. Əйтсе де, əкесінің шапағатын біз де көрдік, ол кісінің белсенді болғанының арқасында осы сұқбат алынды. Мархабат!

– Мен сенің жетістіктерің туралы оқыдым. Сенің өмірлік тəжірибең біздің балаң оқырманға өте қызық. Мұның бəрі қалай басталды?

– Менің «өмірлік саяхатым» АҚШ-тың оңтүстік-шығыс аймағынан, нақтырақ айтсам, Калифорниядан басталды. Тау-шаңғы курортына тиіп тұрған жерде өстім жəне үйге жақын жерде, таза ауада қызықты нəрселермен айналысуға тамаша мүмкіндік болды. Мені көбіне шаңғы тебу, тау велосипеді, байдарка (жіңішке, жеңіл спорттық қайық), уейкборд (wake – су, board – тақтайша), жүгіретін жол еліктірді.

Үш жасымда алғаш рет саяхаттадым, бұл бір əкем ұйымдастырған Бразилиядағы шытырман оқиғалы жарыс болды. Əкем мен өгей шешем Кареннің жəне олар қатысқан жарыс түріндегі экспедициялардың арқасында өмірімдегі көп саяхат жасалды. Сондықтан оларға əлемдегі ең биік жеті шыңды бағындыру туралы арманымды айтқанымда, бірден қолдай кетті. Қаншама елді аралау менің танымымды кеңейтіп, сан қилы мəдениет, тағамның түр-түрімен таныстым жəне ештеңеге айырбастамайтын тəжірибе жинадым.

– Арман-мақсаттарың туралы білгенде ата-анаң қалай қарады?

– Олар өзінің қажыр-қайраты жеткенше көмектесуді қалады. Мейлі əкем болсын, мені жаттықтыратын Карен болсын, мейлі анам болсын, олар мен үшін жолда нақты бағыт беріп, жол көрсеткен, өмірімдегі мен білетін ең ғажап адамдар. Ата-анам менің тауға өрмелеуге соншалықты есім кеткенін көргенде болашақ бақытым осы екенін ұғынды.

– Ата-анаң туралы айтып берсең, олар сені қалай тəрбиеледі?

– Ата-анам сəби кезімнен жасөспірім күніме дейін өздері қайда барса, сонда ертіп жүретін, маған философиялық тұрғыдан тəрбие беруге тырысты. Осыдан да болар, өзімнің бейімделгіш адам екенімді сеземін, айталық, таныс емес жерде кездейсоқ түнеуден қорықпаймын, жасқанбаймын. Саяхат пен тəжірибе екеуі де дүниені иеленуден гөрі жоғары бағаланады, сондықтан олар бұл идеяның маған берілуін, осы жолға түсуімді қалады.

– Неге дəл альпинизм (биік тауға өрмелеу өнері) қызықтырды?

– Альпілік альпинизм бəрінен артық қызықтырды, өйткені өзімді тани түстім, кез келген нəрсені ақылмен жасай алатынымды білдім. Альпілік альпинизмнің ауа райы құбылыстары жоғары бейімділікті жəне сенімді команда мүшелерінің арасында ақылға салып шешім шығаруды талап етеді.

– Жетістікке жəне мақсатқа қол жеткізу үшін адамға не керек?

– Бұл сіздің жетістікті қалай түсінетініңізге байланысты. Əр таңда төсектен тұруға
итермелейтін хобби, спорт немесе мамандық түрін тапқан адам қалайда бар мүмкіндікті пайдаланады жəне өз саласында жетістікке жетеді.

– ХХІ ғасырда балаларды қалай тəрбиелеу керек деп ойлайсың?

– ХХІ ғасыр осыдан 20 жыл бұрын болмаған бала тəрбиесіндегі түрлі мəселенің туындауына себеп болды. Көптеген дамыған елде балаларға смартфон кішкентай кезінен-ақ қолжетімді жəне əлем туралы ақпарат олардың қолында. Балалардың психологиялық қауіпсіз атмосферада өсіп, тəрбиеленуіне сенімді болу үшін біздің бүгініміз жасампаздықты талап етеді.

Ақыл-ойдың дұрыстығы, психиканың бұзылмауы мыңжылдықтан бері əлі де өзекті тақырып болып тұр, əсіресе жасөспірімдердің əлеуметтік желіні қолданатын уақыты артқан кезде. Алайда, əрине, интернет құралдары өзгелерге ықпал ету үшін аса тиімді жəне саяси, əлеуметтік əрі қоршаған ортадағы жағдайлардан хабардар болуға керек.

– Сен үшін формалды білім алу маңызды ма, əлде өз бетінше білім алу ма?

– Əрдайым өз бетінше білім алу мен формалды оқудың арасын ажыратып жүрдім. Анам мұғалім болып жұмыс істеген, осы арқылы университеттегі тəжірибе білімге көзқарасыңды қалыптастыру үшін мəселені сыни талдауға мəжбүрлейтінін түсіндім. Бір жағынан əкемнің білімі – өз бетінше ізденістің нəтижесі жəне мен бұның өнертапқыш, шығармашыл адам болып қалыптасуына қаншалықты көмектескеніне куəмін. Өзің туралы білуге шабыттандыратын тəжірибе өте құнды. Əр адам соңында осы жолмен болсын немесе басқа жолмен болсын табысты болуға əлеуеті жетеді.

– Болашақтағы жоспарыңмен бөліссең…

– 22 жаста болашақтағы жоспарымды айқындау қиын. Университетке түспей тұрғанда бəрі түсінікті деп ойладым, бірақ жалпы алғанда мен əлем аралауды мүмкіндігінше əрі қарай жалғастыратыныма, жер шарының жақсы, дені сау азаматы болып қалуға үміттімін. Шын мəнінде, табиғат саласы жəне тұрақтылық – менің алаңдаушылығым, қорқынышым, мен соның бір бөлігі болғым келеді. Осыған дейінгі экспедициялардағы саяхаттарым жаңалықтардағы сирек берілетін жəне өзім ортасында жүрген экологиялық проблемаларды жеткізуге тамаша мүмкіндік берді.

– Қазақстан туралы не білесің?

– Қазақстан өте əдемі ел көрінеді жəне мен жақын болашақта онда барамын деп үміттенемін.

– Өмірден түйгеніңмен, білгеніңмен бөліскеніңе рақмет!

– Сондай жақсы сұрақтар болды. Жұмысыңыз жемісті болсын!

Əзірлеген
Айдана ШОТБАЙҚЫЗЫ
Ескерту: сұқбат
ағылшын тілінде жүрді.

«Ұлан» газеті, №7
12 ақпан 2019 жыл

Нақты қайнары: http://www.elarna.net/koru_kk.php?tur=10&id=950964
Пікірлер

Көрші сілтемелер